---
title: "МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – МЕРЕЙІМ"
description: "Мемлекеттік тіл Тəуелсіз елдің негізгі рəміздерінің бірі. Кез келген өркениетті елдің Туы, Елтаңбасы..."
author: "Taraz_3"
published: "2017-10-02T22:44:42+00:00"
modified: "2017-10-02T22:44:42+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/memlekettik-til-mereyim-780447"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/memlekettik-til-mereyim-780447/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – МЕРЕЙІМ

> Мемлекеттік тіл Тəуелсіз елдің негізгі рəміздерінің бірі. Кез келген өркениетті елдің Туы, Елтаңбасы...

Мемлекеттік тіл Тəуелсіз елдің негізгі рəміздерінің бірі. Кез келген өркениетті елдің Туы, Елтаңбасы, Əнұраны, шекарасы болатыны секілді мемлекеттік тілі де болады. Демек, мемлекеттік тіл – мемлекеттігіміздің негізгі атрибуттарының бірі. Біздің Ата Заңымызда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп жазылған. Ал, орыс тілін – ресми тіл жəне мемлекеттік тілмен бірдей қолданылады деп айтылған. Біз Конституция талаптарын мүлтіксіз орындауға міндеттіміз. Тіл адамдардың қарым-қатынас құралы болғандықтан, ол сөйлеу əрекетінің арқауы болып табылады. Тіл ұлт пен ұлтты жақындастыратын өзгеше қатынас құралы. Адам тіл арқылы бір-бірімен қатынаса алады. Қазіргі таңда еліміз өз егемендігін алып, дербес мемлекет ретінде танылуда. Елбасымыз айтқандай, «Тілге деген көзқарас, шындап келгенде елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бейжай қарамаймыз. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мəнінде мемлекеттік тіл мəртебесіне көтерілгенде, елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз» деген болатын. Мемлекеттік тіл тəуелсіздігіміздің жырын жырлап, бұғанасын қатайтты. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нəрсенің ең қуаттысы – тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қасиетті қағидасына сүйенсек, Ата заң аясында бақ-берекетіміздің сақталып отырғаны тіл саясатының дұрыс жүргізіліп отырғанының айғағы. Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны. Тілдің мəселесі – ұлттың мəселесі. Туған тіліміздің мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз. Тіл меңгеруде ата-ананың рөлі ерекше. Əр отбасы уыз шағынан балаға қазақ тілін үйретуді қолға алса, туған тіліміздің мəртебесі асқақтай түсетіні түсінікті жайт. «Ана тілін білмеген, анасын да сыйламас» демекші, өз ана тілін білмеген жаннан анасын сыйлайтын жанның шығуы неғайбыл. М.Шахановша айтатын болсам, қазіргі таңда өз тілін өгейсітіп, «мəңгүрттеніп» жүргендер көп. Шынында, қазақ пен қазақтың, əке мен баланың, əріптестердің жұмыста қазақ тілінде сөйлеспеуі көңілге қонымсыз-ақ. Бірақ қазақ тілі – тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік тіл – ортақ тіліміз. Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін азаматтардың тілі. Елбасымыз айтқандай, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде». Ендеше, тілімізді, ұлтымызды, отбасымызды қадірлегендей қадірлейік!

---

Source: [https://yvision.kz/post/memlekettik-til-mereyim-780447](https://yvision.kz/post/memlekettik-til-mereyim-780447)