---
title: "МҮЙІЗТҰМСЫҚ АУЛАУ"
description: "Келгендердің көптігі арқасында жаңа жертөленің тіреулерін қою ширек сағатта ғана бітті. Жертөле төбе..."
author: "kitap28"
published: "2016-04-07T00:37:29+00:00"
modified: "2016-04-14T13:42:08+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/m-yizt-msy-aulau-687920"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/m-yizt-msy-aulau-687920/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# МҮЙІЗТҰМСЫҚ АУЛАУ

> Келгендердің көптігі арқасында жаңа жертөленің тіреулерін қою ширек сағатта ғана бітті. Жертөле төбе...

Келгендердің көптігі арқасында жаңа жертөленің тіреулерін қою ширек сағатта ғана бітті. Жертөле төбесін шыммен жабуды әйелдерге қалдырып, Амнундактың бастауымен жиналған жауынгерлер жатжерліктердің алдында ғана кездестіретін бір үйір мүйізтұмсығы жүрген шығыс жаққа аңға шықты. Жиналған жүз шамалы адам орманды жиектеп, мүйізтұмсықтар жайылып жатқан тайшаптырым алаңқайды қоршап ала қойды. Көсем мен жиһангездер аң айдалмақ сүрлеуге жақындап кеп тұрды.

Барлығы орын-орнына тұрып болған соң Амнундактын берген белгісімен онкилондар ағашты шоқпармен қағып, әскери жырларының айғай сүреңіне басып кеп жөнелді. Қаннен-қатерсіз жүрген мүйізтұмсықтар қапелімде қайда барарын білмей, алаңқайдың бірде ана шетіне, бірде мына шетіне атылып, қайда барса қарсы алған ызы-шу, ысқырықтан тайқып шыға берді. Ақыры аңшылар күзеті тұрған жерге тақап барды. Төрт мылтық гүрс етті. Еркек мүйізтұмсықтың тізесі бүгіліп барып атып тұрды да орманға жете беріп сылқ түсті. Қарсы бетке ұмтылған ұрғашысы мен баласы мылтық атылған соң шоқтан шыққан окилондардың қоршауына кезікті. Дұшпанын енді көрген ол айғай-сүрең мен жауға жебеге қарамай қарсы келген онкилонның бірін мүйізімен аспанға атып тастап, қоршауды жарып орманға кіріп жоқ болды. Сірә, туғанына көп болмаған баласын екі шаптан тістеп, иттер ұстап қалды. Жүгіріп жеткен онкилондар оны найзалатып өлтірмегенде, иттерге де оңай соқпайды екен.

Мүйізтұмсықты соғып алу небәрі ширек сағатқа ғана созылды, тек бір адамның ғана аяғы сынды, бірақ бұл сәтті аңшылықтың салтанатына көлеңке түсіре алған жоқ. Жаралыны жас мүйізтұмсықтың заматта сыпырылған терісіне салып, екі сырықпен бақсыға әкетті, осында ем жасайтын жалғыз тәуіп те сол екен. Қалғандары мүйізтұмсықты союға кірісті. Жарты сағатта алып жануардың қаңқасы мен ішек-қарнындағы қан-жыны ғана қалды, басқасын пышақ үстінен үлесіп, бәрі мекендеріне алып тартты.

Түске тармаса келген жиһангездер жаңа баспанасының бітіп қалғанын бір-ақ көрді: жетпей тұрғаны – тек төсеніш терілер мен ақжаулық қана. Төсеніштерді Амнундак өз жиғанынан берді, ал ақжаулық таңдау енді үш күннен кейін болатын көктем тойына қалдырылды. Оған дейінгі уақытты пайдаланып, жиһангездер күртікте қалған базасына барып, Никифоровтың хал-ахуалын біліп қайтуға бел буды. Үлкен жасауылсыз екі-ақ жауынгермен жібер деп Амнундакты көндіру үшін үгіт көп керек болды.

Ертеңіне ертемен жақынырақ танысу үшін жолды ойпаттың батыс беткейінен таңдап ап жиһангездер жүріп кетті. Сан тарау бұғы сүрлеуі түскен поляр қайыңы шоғының жиегін жағалап жүріп келеді. Тас қырқа мен қамысты құрақ арасындағы мүкті алқапта бақташылары бар Амнундак тұқымының бұғылары жайылып жүр.

Солтүстік бұғылары – онкилондардың сүт пен ет, тері алатын бірден-бір үй малы. Аң мен құс және балық аулау малынан түсетін азық-түлікке азын-аулақ үстемесі ғана, ал көлден алатын су жаңғағы мен әйелдер алаңқайдан қазып ап жүретін бадана тамырлары оларға өсімдік дәмін алу үшін керек. Вампулардың беймаза көршілігі ғана заты бейбіт бұл жұртты жауынгер етіп қойған. Әйтпесе вампулар аулап, құртып бара жатқан жабайы жануарларды бұлар қорғап жүреді, сондықтан қуғын-сүргіні шамалы ойпаттың түстігінде хайуанаттар көбірек сақталған. Вампулар болса, аң қуып, онкилондар жеріне басып кіріп, үй бұғыларын да қырып кетеді. Онкилондардың вампуларға өшпенділігін өршітіп, жаугершілік өмір салтын қалыптастырған басты себептердің бірі де осы.Оның үстіне вампулар қолайы келсе-ақ, онкилондардың қыз-келіншектерін ұрлап алып қашады. Әйел байғұстар қашып құтыла алмаса, алғашқы қауымның ауыр тұрмысына төзе алмай, жабайылардың дөрекілін көтере алмай құса болып өледі. Әрине, бұл жағдай онкилондар мен вампулардың арасында келісімге орын қалдырмай, бітіспес жаулыққа ұласты да, екеуінің де соғыссыз отырған күні болған жоқ.

Ойпаттың бұл шеті төбеден төніп тұрған жақпар базальт жар екен, адам тіпті шығамын деп ойламастай. Құз қабаттары көпіршіген, кейде қоқсыған базальтпен алмаса отырып, әредік қалың, болмаса алты қыры бар тас бағандар дөңкиіп, таутекелерге баспана болған үңгірлер қарауытады. Шамасы, бағзы заманда Санников жерін түгел алып жатқан жанартау жан-жағына лава шашып, ұзақ тұрған тәрізді. Әсіресе, сөніп бара жанартаудың ақтық тынысы сияқты ыстық арасандар атқылап тұрған ойпаттың орта тұсы қатты бүлінгенге ұқсайды. Лава тасқынының кейбір тұсы ақ, қызыл ақық халцедон тәрізді түрлі-түсті моншақ тастармен өрілген. Ол тұсқа келгенде жатжерліктерді ертіп жүрген онкилондар мынау түрлі-түсті тастардан қыз-келіншектердің алқасы тізілетінін, ал ірі кесектерінен найза мен жебенің ұшы жасалатынын айтты. Бірақ бұның жұмысы көп, сондықтан олар пышақ пен найза ұшын көбінесе сүйектен жасайды.

Сіле қатырған ұзақ жүріс те шумақталып, күннің ұясына кеш қонғанының әрі ұзақтығының арқасында күртік түбіндегі базаға да жетті-ау. Никифоров от басында шыжғырып, ет пісіріп отыр екен. Ол жолдастарымен еріп келген екі онкилонға таңырқай қарап, көз алар емес. Ал олар болса, қар апанға тіккен шатырға, жасыл орманның арасынан қардың ортасында тұруды артық көрген адамға таңырқайды. Оларды ит қамаған үңгір де қызықтырды. Мұзбен жүретін көлігін айтып қоймасын деп нарталар мен байдарканы бұлар жасырып қалды. Онкилондар ақ адамдар бар ғұмырын қардың ортасында өткізіп, иттерді жүк артатын көлік ретінде пайдаланады екен деген ойда қалды.

Түнге қарай онкилондар орманды алқапқа кетті де, жиһангездер шатырға қонды. Таң рауандай кірер ауызда жатқан иттер арсылдап қоя берді. Никифоров қарап жіберіп, алпамсадай аюдың сүлдесін көрді. Ол артқы аяғымен шабаланған иттерді жасқап, алдыңғы аяғымен тері мен бас сүйек және сақтық ет салынған қойманың аузындағы тақта мұзды құлатып жатыр. Казак жолдастарын оятып, мылтық алып сыртқа ата шықты. Әдеттегідей қалың тұман ойпатты құндақтап тастаған, оқ тиіп кетпес үшін иттерді шақырып алуға тура келді. Адам даусын ести сала аю артқы аяғымен тік тұрып бұларға бетеді. Елең-алаңда, тұман арасынан ол тіпті зор болып көрінді. Шатырмен арасы екі-үш қадам қалғанда екі оқ аюдың кеудесіне қадалды. Теңселе беріп гүр етті де, аю тура күркенің аузына құлады. Никифоров бір жаққа жалт беріп әрең үлгерді, ал Горюнов қараңғыда Горохов пен Ордин мылтығына оқ іздеп жатқан шатырдың түкпіріне тайқып кетті. Жандалбасалаған жыртқыштың аяғымен мұз жақпарлар жан-жаққа ұшып жатыр, иттер ұлып, оларға үңгірден тағы отыз дауыс қосылды. Шатырдағы жағдай қыл үстінде, аю сәл ілгері жылжыса, енді барар жері жоқ адамдарды түкпірден аяғымен тартып алады. Бақтарына қарай Никифоров абдыраған жоқ, мылтығына жарқыншақ оқты патрон салып, оңтайлы бір сәтте азулы аңды басып қалды. Аяғын бірер серіпті де аю жантәсілім етті.

Ызы-шу мен мылтық даусына қолына алау ұстаған екі онкилон да жүгіріп жетті. Бәрі жабылып күркенің аузынан аюды сүйреп алды. Жыртқыш тіпті алпамсадай екен, онкилондарды қайран қалдырды. Олар аю аулауға үлкен жасақпен ғана шығатын, соның өзінде бірер адам өліп, иә жараланып қайтатын. Сондықтан да оларда аю азуы жоғары бағаланып, көп аңшылар оны алқасына тізеді.

Таң ағара бастады, ұйқы бұзылды, бәрі аюдың терісін сыпырып, етін бұзуға кірісті. Никифоров иттеріне көп ет жинап, аю терісін жаңа жайына төсеу үшін жиһангезден алып кетпек болды. Сондықтан олар артынан іле барамыз деп онкилондарды үгіттеп, мұны тура көсемнің үйіне жеткізуді өтінді. Ондағысы жасауылдардан бір күн бөлек жүріп, вампулар мекенін барлау еді. Оларды Амнундак ұсынғандай, соғыс жағдайында емес, жай бір көруге құмартты.

---

Source: [https://yvision.kz/post/m-yizt-msy-aulau-687920](https://yvision.kz/post/m-yizt-msy-aulau-687920)