---
title: "\"МӘДЕНИ ТЫНЫҒУ\""
description: "«Қас-қағым» метафизикалық трагедиясынан түйгенім. https://www.kaznu.kz (Басты рөлде: Азамат Сатыбалды мен Зарина Кәрмен) Қорқынышты дыбыстар, жарық эффектілері мен тосын жайттар арқылы шынайы эмоцияға қанық қойылым болды. Кейіпкердің махаббат пен..."
author: "Nurbibim"
published: "2024-03-26T01:37:11+00:00"
modified: "2024-03-26T01:39:26+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/m-deni-tyny-u-1002622"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/m-deni-tyny-u-1002622/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# "МӘДЕНИ ТЫНЫҒУ"

> «Қас-қағым» метафизикалық трагедиясынан түйгенім. https://www.kaznu.kz (Басты рөлде: Азамат Сатыбалды мен Зарина Кәрмен) Қорқынышты дыбыстар, жарық эффектілері мен тосын жайттар арқылы шынайы эмоцияға қанық қойылым болды. Кейіпкердің махаббат пен...

«Қас-қағым» метафизикалық трагедиясынан түйгенім. [https://www.kaznu.kz](https://www.kaznu.kz)

![undefined](https://storage.yvision.kz/images/user/579140/21293d5ff03d281e6268798383905a.jpg)

(Басты рөлде: Азамат Сатыбалды мен Зарина Кәрмен) Қорқынышты дыбыстар, жарық эффектілері мен тосын жайттар арқылы шынайы эмоцияға қанық қойылым болды. Кейіпкердің махаббат пен адалдық жолындағы жанкешті әрекетіне қарай ойша болжамым мүлде басқа арнаға ауысты. Басты ерекшелігі де осы, көрермен күтпеген сюжеттерді арқау етіа, негізгі ойды жеткізу. Адамның ішкі әлеміндегі шым-шытырық арпалысын айқын көрсетті. Жаны тыныштық таппаған бойжеткеннің теперішке толы тағдыры балалық шағымен байланысты. Сол арқылы «ата-аналар ескеруі қажет» орамды ойларды ортаға салды. Абыройсыз атақты жан қалауынан артық санайтындардың қате көзқарасы мен теріс ұстанымы өз өміріне ғана емес, жақынының да өміріне зиянын тигізді. Межесіз мансап жолында бейкүнә қыз мерт болды. Қалай дейсіз ғой, былай⬇️

Әкесі қызын құнсыздандырып, қалауына құлақ түрместен тұрмысқа береді. Мені қызда таңдау құқығының жоқтығы қынжылтты. Өйткені қызға тек өз тағдыр жолының жауапкершілігі жүктелген. Демек, жолында кезіккен таңдау еркі қыздың еншісінде қалуы қажет. Ессіз есеп пен байлықтың жетегінде кеткен қатыгез әке туған перзентіне қиянат жасағанын ақыры түсінбеді. Осыдан соң қоғамда «байлық бар жерде – адамгершілік жоқ» деген қате түсінік қалыптасады. Адамдықтан аттау бай, кедейге бөлінбейді. Ал анасы ше? Отбасыда әйелдің пікірі еш елеусіз. Десе де, анасы шыдамы таусылған шақта батыл қадам жасады. Енді үміт оты жанған сәтте соңы өліммен аяқталды. Өйткені анасы тым кеш әрекет етті. Қызының жан жарасын түсінсе де, шарасыз күйде болған еді. Адамды жан қалауынан айыру – азаптау ғой.((( Ал шын сүйген махаббатынан ажырату ше?! «Азғындық пен адамдық» күресінде адамдықтың туы құлады. Ал адалдықтың жалауын желбіреткен жан жығылды (дәрігер). Өкінішті... Қойылымның соңын «Остров проклятых» фильміне ұқсаттым. Міндетті түрде қойылымды көріңіздер. Сонда сөзімнің мәнін толық түсінесіздер.

**Алчинова Нұрбибі Айтбайқызы,**

**ҚазҰУ, Журналистика факультетінің студенті **

---

Source: [https://yvision.kz/post/m-deni-tyny-u-1002622](https://yvision.kz/post/m-deni-tyny-u-1002622)