---
title: "М-ДА, САХНА КИЕСІ ДЕҢДЕР..."
description: "Алқаш әкеден туса да, кедей отбасыдан шықса да, әлемге абыройлы болғанына ырза болса керек, 2008 жы..."
author: "Orken_Kenzhebek"
published: "2018-02-10T17:59:04+00:00"
modified: "2018-02-10T17:59:04+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/m-da-sahna-kiesi-de-der-796171"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/m-da-sahna-kiesi-de-der-796171/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# М-ДА, САХНА КИЕСІ ДЕҢДЕР...

> Алқаш әкеден туса да, кедей отбасыдан шықса да, әлемге абыройлы болғанына ырза болса керек, 2008 жы...

Алқаш әкеден туса да, кедей отбасыдан шықса да, әлемге абыройлы болғанына ырза болса керек, 2008 жылдан бері 22 ақпанда халық боп «Рианна күнін» тойлайды. Оның туған күнінен кейінгі екінші күнді алған ғой, тойлағанда кәдімгідей көшені толтырып, әніне билеп, суретін алып шығып дегендей. Не деген құрмет деймін...

Мадонна деген әнші бар. Қартайса да, тақымы босар емес. Соның 1990 жылы концертіне Жан Поль Готье тігіп берген конус пішіндес төстартқышпен шығуының феминизмге ықпалын ғалымдар әлі зерттеп келеді. Не деген ықпал деймін..

Мүсілім Магомаев деген әнші өткен. Кеңестер Одағында, өткен ғасырдың 60-80 жылдары оның атақ-дәрежесіне маңайлай алатын ешкім болмаған. Бір жолы концерті стадионда болады да, Магомаевты алып кету үшін қара «Волганы» жақындатып қояды. Қыз-келіншектер бұл көлікке қазір Магомаевтың өзі отыратынын білген соң, не істеген, кәне, не істеген? Әлгі «Волганы» жан-жақтан сүйіп тастаған ғой. Сонда қап-қара «Волга» көз алдымызда қып-қызыл боп кетті дейді көзкөргендер. Сондай соблазн бола тұра артынан бір сөз ертпей кетті-ей, сабазың. Не деген ұстамдылық деймін...

Неге бұндай әңгіменің тиегі ағытылып кетті? Өзіміздің өнер әлемінде (әлем деген де сол қу әсіре ғой) не боп жатыр екен деп Бауыржан Ибрагимовтың Ляйла Султанкызы (Lyaila Sultankyzy) әпкеме берген сұхбатын көріп қалдым. Мына үзігінде Төреғали Төреәлінің әлгі шуына байланысты пікір айтып отыр. «Сахна киесі бар. Оның құдыреттілігі соншалық, әртістеріміз мешітке бара алмай қалып жатса, любой театрдың сахнасына барып, табынып, басын иіп, Құранын оқып кетсе де қабыл болады» деп лағады. Лағудың да шегі бар шығар..

Егер Бауыржан айтқандай, сахнада кие болса, «Құдағи, бір партия» деп құда мен құдағидың арасын систематически азғырғаны үшін «последний патрон» иесінің шалбары түсіп кетер еді, әйтеуір бір күні. Егер сахнада кие болса, соған шөп шегіп, арақ ішіп, түрсиінің алды сары, арты қоңыр боп шыға салатын әншілердің жағы ажырап кетер еді. Сахналық көйлегі қолтық жүні қырқылмаған жезөкшенің көншегіндей салдақы тектестерге бірдеңе болар еді. Ән ұрлаған, дауысын компьютермен зорайтқандар ше?

Сахнаға қатысты ырымдар бар, иә. Бір актриса бар еді, театрдың сахнасына адам сияқты амандасатын. Біреу оған тек оң жағынан шығу керек дейді, біреу сол жағынан – сонда қадамым сәтті болады дейді. Жарайды, ол. Бірақ, мен білетін сахнада кие жоқ. Сахнаның мәдениеті бар. Ал ол мәдениет әркімнің жеке мәдениетінің деңгейі. Басқа ештеңе де емес. Иә, осы сұхбаттың үзігі мынау

https://www.youtube.com/watch?v=pJSyrjJMGrE

Ақпарат көзі

---

Source: [https://yvision.kz/post/m-da-sahna-kiesi-de-der-796171](https://yvision.kz/post/m-da-sahna-kiesi-de-der-796171)