---
title: "Әлеуметтік хабарлардың көтеретін жүгі"
description: "Еңсесі биік елдің экономикалық дамуы тұрақты болса, сәйкесінше әлеуметтік жағдайы да анағұрлым жоғары дәрежеде болары сөзсіз. Қоғам бар жерде оның әлеуметтік шиеленіскен түйіткілді мәселері болары хақ. Сол мәселенің мәнін ашып, тігісін тіктеп,..."
author: "Aitolkyn04"
published: "2024-04-18T06:10:48+00:00"
modified: "2024-04-18T06:10:48+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/leumettik-habarlardy-k-teretin-zh-gi-1003620"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/leumettik-habarlardy-k-teretin-zh-gi-1003620/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Әлеуметтік хабарлардың көтеретін жүгі

> Еңсесі биік елдің экономикалық дамуы тұрақты болса, сәйкесінше әлеуметтік жағдайы да анағұрлым жоғары дәрежеде болары сөзсіз. Қоғам бар жерде оның әлеуметтік шиеленіскен түйіткілді мәселері болары хақ. Сол мәселенің мәнін ашып, тігісін тіктеп,...

Еңсесі биік елдің экономикалық дамуы тұрақты болса, сәйкесінше әлеуметтік жағдайы да анағұрлым жоғары дәрежеде болары сөзсіз. Қоғам бар жерде оның әлеуметтік шиеленіскен түйіткілді мәселері болары хақ. Сол мәселенің мәнін ашып, тігісін тіктеп, жай-жапсарын халыққа түсінікті тілмен, ұғынықты үнмен, жанды дауыспен тіл қататын жүйе, әрине, әлеуметтік хабарлар деуге болады. Әлеуметтік хабарлардың негізгі мақсаты – халықты, ел-жұртты әлеуметтік жағдайдың көрінісімен құлағдар ету, мәселен, жұмыскерлердің айлық-табысы, тұрмыс-тіршілігі, өмір сүру дағдысы, тұрғындардың сапалы өмір сүруі, киім-кешекпен қамтамасыз етілуі, тамағы т.б. секілді тұрмыстық-әлеуметтік мәселелерді жатқызуға болады. Әлеуметтік хабарлардың негізгі міндеті – халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, әлеуметтік теңсіздіктің алдын алу, жан бағу көрсеткішінің жоғарылауына түрткі болу. Халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына жағдай жасай білу, өмірге деген құлшынысын арттыру.

Қандай дәуір өтсе де, әлеуметтік теңсіздік мәселесі өте өзекті саналады. Сондықтан да бүгінгі таңда халықтың әлеуметтік хал-ахуалын көрсететін хабарлардың, бағдарламалар мен ток-шоулардың санының артқанын байқап жүрміз. Отандық телеарналарда көрсетілетін Хабар арнасындағы «Айналайын» хабары, Еуразия №1 арнасындағы «Көреміз» әлеуметтік ток-шоуы, КТК арнасындағы «Астарлы ақиқат» әлеуметтік бағдарламасы, т.с.с. Демек халықтың әлеуметтік жағдайының көрсеткішін білу өте маңызды. Әлеуметтік осал топтардағы жандардың жағдайының тұрақталуына, мүмкіндіктерінің санынының артуына тікелей әсер ететін де дәл осы әлеуметтік хабарлар. Сол себептен әлеуметтік хабарлардың көтерер жүгі өте ауыр. Себебі, әлеуметтік мәселе тікелей халықтың жұмысымен, күн-көріс көрсеткішімен, денсаулығымен, баспанасымен байланысты. Әлеуметтік хабарларда көбінде тұрмыс-тіршілік деңгейі жақсы деуге келмес жандар кейіпкер ретінде алынып және сол жандарға ұқсас адамдардың өмірі көрсетіледі. Біріншіден, оның ішкі психологиясына әсер етеді. Екіншіден, әлеуметтік хабарлардың кейіпкерлерін кемсітушілік секілді өз-өзін қоғамнан шеттетуден сақтауын өте мұқият қадағалаған жөн. Үшіншіден, әлеуметтік хабар ел-жұртты өзінің әлеуметтік тұрмыс-тіршілігіне ықпал ететін құнды әрі керек ақпараттарды дер кезінде біле алу мүмкіндігіне ие. Сол себептен де әлеуметтің әлеуетін көтеру үшін түсірілетін хабарлардың көтерер салмағы өте ауыр. Әлеуметтік хабарлар сонымен қатар әлеуметтік желідегі буллинг, жастар арасындағы келіспеушіліктер, басына пана таппай төрткөл дүниеге алақан жайып жүрген кембағал жандардың да ауыр тағдырын, халықтың жан-айқайын көзі қарақты көрерменге баян етеді. Иә, әлеуметтік жағдай өз кезегінде сол халықтың әл-ауқатынтанытатыны белгілі. Тілсіз ұлттың жоғалатыны рас болса, әлеуметтік тұрақтылықсыз қаңтарылып, елді тастап, босқындар қатарына еніп кетуі де өтірік емес. Бұлай дейтін себебіміз, халық әлеуметтік жақтан бәсі мықтырақ десек, демек, ол елдің ғылым-білімі де, мәдениеті, рухани құндылықтары да ақсамайтыны бек мүмкін.

Елдің әлеуметтік жағдайына алаңдау білдіріп, еңбек етудің баспалдақтарының бірі осы хабар жүргізу. Халыққа қолжетімді ақпарат беру, әлеуметтік әлсіз топтар қатарына жататын соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар, толық емес отбасы, тұрмыстық жағдайы төмендеу, ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылар, жетімдер, т.б. жандардың әлеуметтік әлсіздігінің алдын алып, қатарына қарай сүйреу, теңестіру оңай шаруа емес. Ел ішіндегі тұрақтылық оның әлеуметтік жағынан мықты болуымен байланысты. Сол себептен де сонау ХХ ғасырың бас кезінде-ақ елдің әлеуметтік жағдайына уайымап, ел игілігі үшін қызмет еткен ұлт жанашырлары Ә.Бөкейханұлы, М.Дулатұлы, А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, М.Жұмабаев сынды тұлғалардың жазған мақалаларының өзі хабар іспетті саналатын. Мәселен, елдің әлеуметтік жағдайын баяндаған Ә.Бөкейханұлының 1915 жылы «Қазақ» газетінде жарық көрген «Қыр баласы. Игілік іс» атты мақаласы, М.Дулатұлының «Сибирские вопросы» басылымында (1910 ж.) жарық көрген «Апат төнгелі тұр» атты мақаласында қазақ елінің сол кезеңдегі шарушалық жайы, экономикалық сипаты, әлеуметтік жағдайынан хабар берсе, А.Байтұрсынұлының 1915 жылдан бастап «Қазақ» газетінде басылып шыға бастаған «Шаруашылық өзгерісі» атты көлемді еңбегінің өзі елдің әлеуметтік ахуалын сипаттайтын бірден-бір құралдар деуге келеді. Сол заманнан бүгінге дейін цифрлық технологияның дамуы себепті трансформацияланып хабарлар, ток-шоу, бағдарламаларға ұласты. Күнделікті жаңалықтарда ең өзекті саналатын жаңалықтар қатарына да осы әлеуметтік тақырыптарды жатқызуға болады.

Әлеуметтік көмек көрсету мақсатында тіптен платформа, сайт, әлеуметтік желілердің де іске қосылғанын анық байқаймыз. Мәселен, «Egov» сайтының өзінде әлеуметтік мәселені шешуге арналған бірнеше тетікшелері қарастырылған әрі соған қатысты хабарлар да халыққа жаңалық түрінде бірден шығып отырады. Әлеуметтік хабарлар арқылы қарапайым халыққа керекті әлеуметтік қорлардың мекен-жайын алуға, рухани дағдарыс немесе оңалту орталықтарының мекен-жайын білуге болады.

Біз дамушы елдер қатарында болғандықтан экономикалық-әлеуметтік жағымыздан да дамып отырмасақ өзге де мемлекеттермен тереземіз тең болмайтыны рас. Соған орай ақпараттық даму министрлігі де әлеуметтік хабарлардың көп болғандығын құптайды. Елдің әлеуметін арттырып, тұрмыстық өмір сүру деңгейін көтеру, сауаттандыру, азық-түлікпен қамтамасыз етуге қатысты кең тұрғыда хабарларда ақпараттар ұсынылады.

Әлеуметтік хабарлардың көтерер жүгі қаншалықты ауыр болса, оның тіптен жүргізушісінің өзініңде көтерер жүгі жеңіл деуге келмейді. Әлеуметтік хабар тілшісі әрбір кейіпкерге сауатты сұрақ қойып, шынайы ақпараттармен таныстыру керек. Психологиясына да зиян келтірмей, кемсітушілік немесе соған ұқсас өзін қоғамнан алшақтатқан жандардың хабарларда қысылмай, ашық түрде сұхбат беруіне сауатты тілшінің де әсері мол деп ойлаймын.

Қорыта келгенде, әлеуметтік сұраныстан туған хабарлардың көтерер жүгі әлеуметтік тұрақтылықты қалыптастыру, өмірі үндес жандардың әлеуметтік мәселелерін оңтайлы шеше білу, ел-жұрттың әлеуметтік деңгейінің артуына тікелей ықпал ету. Ел ертеңі тікелей онда өмір сүретін қарапайым халықтың әлеуметтік мәселелерімен тығыз байланысты.

ҚазҰУ журналистика 3 курс студенті Жуанқан Айтолқын

Жетекшісі: Н.Б. Рушанова, аға оқытушы

![undefined](https://storage.yvision.kz/images/user/579308/adfe24579902d916957aba7927a5e1.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/post/leumettik-habarlardy-k-teretin-zh-gi-1003620](https://yvision.kz/post/leumettik-habarlardy-k-teretin-zh-gi-1003620)