---
title: "ӘКЕНІҢ ТАРТУ КҮШІ"
description: "Шешеміз өмірден ертерек кетті де, ауылда әкеміз болды. Ақсу өзенінің бойындағы Қызылтаң ауылына ай а..."
author: "Duisembekovalyazat"
published: "2016-11-26T12:12:44+00:00"
modified: "2017-02-05T10:12:27+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/keni-tartu-k-shi-730627"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/keni-tartu-k-shi-730627/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# ӘКЕНІҢ ТАРТУ КҮШІ

> Шешеміз өмірден ертерек кетті де, ауылда әкеміз болды. Ақсу өзенінің бойындағы Қызылтаң ауылына ай а...

Шешеміз өмірден ертерек кетті де, ауылда әкеміз болды. Ақсу өзенінің бойындағы Қызылтаң ауылына ай аралатпай барып тұрамыз. Сылтау көп, бір ағайын келін түсіріп жатыр екен деп барамыз, бір ағайын қызын ұзатқалы жатыр екен деп барамыз, бір ағайынның баласы мектеп бітіріп жатыр екен деп барамыз, біреудің туған күні деп барамыз, балаларды ауылға апару керек деп барамыз, баларды ауылдан алып қайту керек деп барамыз, бір заттарды ауылға апарып тастау керек деп барамыз, бір заттарды ауылдан алып келу керек деп барамыз, әйтеуір бара береміз. Қақаған қыста да барамыз, батпақ езіліп жатқан көктемде де барамыз, жаздың аптап ыстығында да барамыз. Ол бір алаңсыз, бақытты шақ екен. Кейін әкеміз қайтыс болған соң ауылға баруды сирете бастадық. Кейін тіпті «Жол алыс, уақыт жоқ, жол жаман» - деп сылтаурататын болдық. Бірақ жол алыс болатын ауыл ары таман көшіп кеткен жоқ, сол жерде тұр, уақыт та өзгерген жоқ бір тәулікте сол 24 сағат, бір жылда сол 12 ай, жол да сол, жақсарған да жоқ, мүлдем жүруге жарамсыз болып та қалған жоқ. Тек әкеміз жоқ. Сол кезде бізді ауылға тартып тұратын әкеміздің магниті екен ғой.

Бүгін Төлеген Айбергеновтің өлеңінен:

«Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем, Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен.

Сұлу әлем, әлем сұлу сен жаратқан адаммен,

Көк жолының қарсылығын қағып тастап барам мен.

Сендік қуат болар, бәлкім, басын иді көк маған,

Әр кез сенен туғанымды есіме алсам тоқтаман.»

- деген жолдарды оқып, сол кез, әке мейірімі, әке махаббаты есіме түсіп отыр.

![ӘКЕНІҢ ТАРТУ КҮШІ](https://storage.yvision.kz/images/user/duisembekovalyazat/UPQ9SsNfrml1e00sW3Plr3PufXndpt.jpg)

Мына суретті әкем шамамен 1970-1975-жылдары түскен болу керек. Жаратқанның құдіретінің күштілігін қарасаңызшы, өзімнің де тура суреттегі әкем сияқты кейде басымды бір жағыма қисайтып алатын әдетімнің бар екенін соңғы кезде байқап жүрмін. Тіпті біраз суретке тура осылай түсіппін.

---

Source: [https://yvision.kz/post/keni-tartu-k-shi-730627](https://yvision.kz/post/keni-tartu-k-shi-730627)