---
title: "Қараөткел, Ақмола, Астана тарихы туралы"
description: "Ақмола, бұрынғы Қараөткел, яғни қазіргі Астана тарихы көпшілікке қызықты болар деп ойлаймын.Әңгімені әріден бастасақ, 1822 жылы «Сібір қаз?..."
author: "Fvfylsr"
published: "2025-12-05T06:57:19+00:00"
modified: "2025-12-05T06:57:19+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/karaotkel-akmola-astana-tarihy-turaly-1018821"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/karaotkel-akmola-astana-tarihy-turaly-1018821/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қараөткел, Ақмола, Астана тарихы туралы

> Ақмола, бұрынғы Қараөткел, яғни қазіргі Астана тарихы көпшілікке қызықты болар деп ойлаймын.Әңгімені әріден бастасақ, 1822 жылы «Сібір қаз?...

Ақмола, бұрынғы Қараөткел, яғни қазіргі Астана тарихы көпшілікке қызықты болар деп ойлаймын.Әңгімені әріден бастасақ, 1822 жылы «Сібір қазақтарын басқару туралы жарғы» шыққаны мәлім, бұл Ресей империясының қазақ даласындағы хандық билікті жойып, сахарамызға қамал-бекіністерін көбірек сала бастаған заманы еді. Оның бірі – Ақмола бекінісі, әрине, тарихымызды қарасақ, дәл Ақмола жерінде, қазіргі Астана шаһары орнында археологтар қола дәуіріне, ерте темір ғасырына және орта ғасырларға жататын артефактілер тапқан болатын. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Ақмола арқылы керуен жолдары өтіп, бірі Ібір-Сібірге бағыт алса, енді бірі батысқа жол тартты, ал, оңтүстіктен тоқтаусыз сапарлаушылар одан әрі саяхаттады, шығысқа ат басын бұрушылармен қатар, өңірге жаулары да көз алартты. Қалай десек те өңір аумағынан 2001 және 2005 жылдары Күйгенжар атты қола және ерте темір ғасырларының қорымдары табылған. Жалпы атауы да айтып тұрғандай, бұл бәлкім қорған жарлары болуы мүмкін. Күйгенжар, Қызылжар дегендей. Бұл менің болжамым ғана, дегенмен, профессор Ж.Артықбаев Ақмола жерінде қазақ хандарының жазғы ставкалары болды дейді. Ал, 2007 жылы Астананың Тәуелсіздік Сарайы маңынан, яғни Сығанақ көшесінен (2011 жылдан бастап Ш.Қалдаяқов көшесі) патша қорғаны табылып, ішінара зерттелді. Астананың әкімшілік аумағы кеңейген соң оның іргесіндегі (қала орталығынан 11 шақырым жерде ғана) Бозоқ қалашығы тарихы да талайдың қызығушылығын тудырды. Қазір білуімше, онда ашық аспан астындағы музей жасалып, бағзы замандағы қала үлгісін көре аламыз, құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Жалпы, Бозоқтың бір қызығы мұнда қоныстанғандардың жер емшегін емгендердің мекені болғанын дәлелдейді. 30 га аумақта арық қалдықтарының іздері бар. Бозоқ тұрғындары VII—VIII ғасырларда қоныс теуіп, кейін белгісіз себептермен тұрғындарының тастап шыққаны байқалады. Дегенмен, мұнда қоныс орны X—XI ғасырларда жалғасып, кейін, тұрғындары тағы кетіп, XII—XIV ғасырларды тіршілік қайта басталғанын көреміз. Яғни, басты айтпақ ойым, Ақмола әуелден тіршілігі қайнап жатқан өлке еді, екінші, аймақ тұрғындары мал шаруашылығымен қатар, ауыл шаруашылығымен айналысқанын байқаймыз. Тіршілік Астана іргесіндегі қазақ ауылдарында да тоқтамады. Қазіргі Талдыкөл маңындағы қазақ ауылдары Ашаршылық жылдары қалың ну мен қамыс-су арасында құстар аулап, нәпақасын тауып еді. Тіршіліктің мұнда әу бастан үздіксіздігінің тағы бір себебі қала ішіндегі зираттар, ескі қорымдар дәлелдей түседі. Бізге белгілісі жерленгендер 1609 жылдан бар Қараөткел қорымы. Қараөткел тақырыбына қайта ораламыз, ал, мұнда азаттық үшін жандарын берген ұлтымыздың 300 шақты сарбазы жерленген. Олар Кенесары-Наурызбай көтерілісіне қатысушылар болатын. Бұл қорымда жалпы саны 10 мың адам жерленген екен, оның ішінде, қазақ ханы Сәмеке де осында мәңгілікке тыныштық тауыпты. Атақшы қазақ кәсіпкері Баймұхамбет Қосшығұлов та, Балуан Шолақтың махаббаты Ғалия да Қараөткел қорымында жерленген.Енді, неліктен біз Қараөткел мен Ақмола атауларын қатар атаймыз, оқырмандарға осыны түсіндіре кету керек болар.Сонымен, жоғарыда жазғанымдай патша билігі қазақ даласына шептерін көбейтіп, бекіністерін жалғастырып, отарлау саясатын жүргізді. Ағаш қамыт бірте бірте қылғындыра бастады. Абылай ханның үлкен ұлы Уәли хан тұсында патша билігі қазақтардың арасына «бөліп ал да билей бер саясатын» жүргізіп, іріткі салады. Хан билігін әлсіретті. Кенесары-Наурызбай көтерілісіне дейін Ғұбайдолла хан көтеріліс жасап, патша билігіне қарсы шықты, алайда, оның өзін Сібірдегі Березов қаласына жер аударып жібереді. Тек 1840 жылы Кенесарының ұсынымымен қазақ даласына қайтарылды. Болат сұлтан да патша бақылауында болды. Қоқандықтардың қолынан жауыздықпен өлтірілген Саржан мен Қасымның тағдыры белгілі. Ал, Кенесарының басында патша билігімен келісімге келермін деген үміті болды. Айналып келгенде, Ақмола өлкесі Кенесарының ата-баба жері еді.Бекініске қатысты айтатын болсақ, әуел баста қамал Нияз би кесенесі маңында, Нұра мен Есілдің тоғысқан жерінде салынбақшы болды, құрылысы да басталыпты деседі. Алайда, көктем сайын су үлкен аумақты алып, жерді шайып кетеді екен. Сондықтан, Ақмола бекінісі Қараөткелге көшірілді, ол өткел болашақ қалының екі бөлігін бөліп тұрған болатын. Қараөткел яғни, қаланың Оң жағалауы мен Сол жағалауын байланыстырып тұрды. Бұл (өткел) болашақ бекініске жақын тұс. Ал, Ақмола бекінісі Желтоқсан көшесі тұсынан Қажымұқан Мұңайтпасов стадионы аралығына салынады. Кейін форпост маңына басқа жұрттар қоныстана бастады, мына жағы жатақтар мекені.Кейінгі тағдыры белгілі, 1830 жылы салына бастаған бекіністі 1836 жылы Кенесары-Наурызбай қолы 6 күн бойы шабуыл жасап, қамалды өртеп жібереді.Кенесары-Наурызбай көтерілісінің жайы белгілі ғой, дегенмен, кейін қамал мен оның іргесіндегі жұртшылық арасында оларға іштарту болған сияқты, сондықтан, патша билігі сауда-экономикалық мәселелерді алға шығарып, сауданы қолға алады, шаһарда бір емес екі жәрмеңке болған деседі. Қаланың қазақ тұрғындары қымызханаларын ашып, нан базары жұмыс істеген. Ақмоланың көшелері мен жәрмеңкелерінде Балуан Шолақ, Иманжүсіп, Қажымұқан өнерлерін көрсетіп, думандатып жатар еді. Әзірге әңгімемізді осымен тоқтата тұрайық, келесі тақырып, Ақмоладағы театр, оның ішінде, қазақ театрының жайы туралы болмақ. Ал, шаһар туралы тереңірек білгіңіз келсе, менің экскурсияма қосылыңыз! [#Ақмола](https://www.facebook.com/hashtag/%D0%B0%D2%9B%D0%BC%D0%BE%D0%BB%D0%B0?__eep__=6&__cft__[0]=AZWLcEQGADSIztY_Dx3BVI3SiqqDaduGv3L4cZ3Z_efTbHubbFRJZPox2uEce5JLa-c6GjpHFOct9LbcxNsoSDYnpY0f3TzEnpfPfRlDMso7EO1-s3A1UOz9VpSA9ZNm2yX3WSYYDRcvfTGLsot3jgfh19zohIU1fzIXn4Ld_4Dso57_DyJQmokKQ5xX32nGwS0&__tn__=*NK-R)#Қараөткел#Астана#CапарLike#Экскурсия#[Amandyq Amirkhamzin](https://www.facebook.com/amandiq.amirkhamzin?__cft__[0]=AZWLcEQGADSIztY_Dx3BVI3SiqqDaduGv3L4cZ3Z_efTbHubbFRJZPox2uEce5JLa-c6GjpHFOct9LbcxNsoSDYnpY0f3TzEnpfPfRlDMso7EO1-s3A1UOz9VpSA9ZNm2yX3WSYYDRcvfTGLsot3jgfh19zohIU1fzIXn4Ld_4Dso57_DyJQmokKQ5xX32nGwS0&__tn__=-]K-R)

---

Source: [https://yvision.kz/post/karaotkel-akmola-astana-tarihy-turaly-1018821](https://yvision.kz/post/karaotkel-akmola-astana-tarihy-turaly-1018821)