---
title: "Хоббит: Күтпеген саяхат"
description: "«Келер күннен жақын жоқ, өткен күннен алыс жоқ» деген сөздің растығы тағы дәлелденді – кеше ғана қо..."
author: "aliziyadin"
published: "2012-12-19T09:01:43+00:00"
modified: "2012-12-19T15:43:34+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/hobbit-k-tpegen-sayahat-309524"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/hobbit-k-tpegen-sayahat-309524/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Хоббит: Күтпеген саяхат

> «Келер күннен жақын жоқ, өткен күннен алыс жоқ» деген сөздің растығы тағы дәлелденді – кеше ғана қо...

![Хоббит: Күтпеген саяхат](https://storage.yvision.kz/images/user/aliziyadin/52Z76vfFmW0urg84Y7rTeGoYE8wiFH.jpg)

«Келер күннен жақын жоқ, өткен күннен алыс жоқ» деген сөздің растығы тағы дәлелденді – кеше ғана қол жеткізбестей болып көрінген «[Хоббит: күтпеген саяхат](http://kinostan.kz/film/view?id=92)» бүгін (тура мағынасында, яғни 2012 жылдың 19 желтоқсанында) ел экрандарына жол тартты. Осы аптада қасына қара ілестірмей (басқа бірде-бір жаңа туынды жоқ) премьераға жалғыз шыққан [фильм](http://kinostan.kz/film/view?id=92) туралы [Киностан](http://kinostan.kz) тарқатып бергелі отыр.

«Сақиналар әміршісі» трилогиясын түсірген Питер Джексон пайда табуды көздеген киноиндустрияның алыптарына да (жекелеп алғанда New Line Cinema мен Metro-Goldwyn-Mayer), Дж. Р. Р. Толкиннің кітаптарын жата-жастана оқып, көздеріне елестетіп, көңіл экранында көріп жүрген фэнтези фанаттарына да және жақсы фильм көріп қайтсақ деген ниеті бар жалпақ жұртқа да ұнайды деп сендіріп отырған «Хоббит: күтпеген саяхат» ә дегеннен-ақ 2012-нің ең үлкен премьераларының бірі һәм бірегейі болып белгіленді.

![Хоббит: Күтпеген саяхат](https://storage.yvision.kz/images/user/aliziyadin/iu5fJw28uhvgSeM443o82jx7ELT3jG.jpg)

«[Сақиналар әміршісі: Сақина бауырластығы](http://kinostan.kz/film/view?id=97)», «[Сақиналар әміршісі: Екі қамал](http://kinostan.kz/film/view?id=98)», «[Сақиналар әміршісі: Корольдің оралуы](http://kinostan.kz/film/view?id=99)» естеріңізде шығар. 1954-1955 жылдары баспа бетін көрген «Сақиналар әміршісі» кітабінің бұл дүниеге келуіне сонау 1937 жылы шыққан «Хоббит, немесе ол жаққа бару және оралу» атты шағын шығарма себепші болған-ды.

Міне, алдымен Гильермо дель Торо, артынан [Питер Джексон](http://kinostan.kz/people/view?id=790) шығармашылық жетекші болған жоба да сол ізден таймай отыр: «[Хоббит: күтпеген саяхат](http://kinostan.kz/film/view?id=92)» та, оның 2013 және 2014 жылдары шығатын, екі фильмнен тұратын жалғасы да «Сақиналар әміршісі» трилогиясының приквелі (яғни дейін болған оқиғаларды көрсету) болып саналуда.

![Хоббит: Күтпеген саяхат](https://storage.yvision.kz/images/user/aliziyadin/cJ0Cet4XAC11501q8Pcgri0Mnl1t1D.jpg)

Әрине, сюжеттік желіде ауытқулар болады (жұқа ғана кітапты үш фильмге созып, трилогия жасау оңай дейсіз бе), алайда біз экранда бірқатар көзге таныс, көңілге ыстық кейіпкерлерді кездестіреміз.

Мұнда Бильбо Бэггинстің қарттығы ([Иэн Холм](http://kinostan.kz/people/view?id=801)) көрсетіледі, Сұр Гэндальф ([Иэн МакКеллен](http://kinostan.kz/people/view?id=795)) сақалы желбіреп, асатаяғын ұстап зұлымдыққа қарсы күреседі, Эльфтар патшасы Элронд ([Хьюго Уивинг](http://kinostan.kz/people/view?id=220)) ақыл-кеңесін аямайды, кемеңгер Галадриэль ([Кейт Бланшетт](http://kinostan.kz/people/view?id=799)) ақ тілегін тілеп қала береді, садағын созып Леголас ([Орландо Блум](http://kinostan.kz/people/view?id=809)) жүреді, Сақинаның құлына айналған Голлум ([Энди Серкис](http://kinostan.kz/people/view?id=273)) қараңғы түнектен шығады…

![Хоббит: Күтпеген саяхат](https://storage.yvision.kz/images/user/aliziyadin/b4lrZnvP0VCPH00h5R1eeBsiUUPlU2.jpg)

Сонымен қатар, бұрын көрмеген жаңа бейнелер пайда болды: жас Бильбо Бэггинс ([Мартин Фриман](http://kinostan.kz/people/view?id=794)) бас қаһарманға айналады, гномдардың ержүрек басшысы Еменқалқанды Торинмен ([Ричард Армитэдж](http://kinostan.kz/people/view?id=796)), шақар Гимлидің әкесі Глоинмен (Питер Хэмблтон), айдаһар Смогпен ([Бенедикт Камбербэтч](http://kinostan.kz/people/view?id=802)) және көңілді, досына адал, жауына қатал он бір гноммен танысамыз.

![Хоббит: Күтпеген саяхат](https://storage.yvision.kz/images/user/aliziyadin/S58yIN3cyfgxL5Dou291daw5b2A4O7.jpg)

Бұл әрине бер жағы, бүтіндей бір аймақтың басынан өткен, «Бес әскердің шайқасына» алғышарт болған оқиғаларда алды көз бақырайтып, жақ аштыратын, арты деміңді тарылтып, «мә-мә, мен дәл осылай елестеткем кітап оқығанымда» деп жаныңды алатын кадрлар мен кейіпкерлер жеткілікті болар деп сеніп отырмыз.

Кадр демекші, «[Хоббит: күтпеген саяхат](http://kinostan.kz/film/view?id=92)» - секундына 48 кадр жиілігімен түсірілген алғашқы фильм, басқаша айтсақ революционер. Алайда аса сапалы, бейненің ұңғыл-шұңғылын алақанға салып алдыңа тартуы тиіс бұл технология әлем кинотеатрларының басым көпшілігінің құрал-жабдық тұрғысынан дайын болмауына байланысты кейінге ысырылып, туынды қалыпты форматта көрсетіледі. Тек шектеулі адамдар тобы ғана RED Epic камерасының «өнерін» көре алатын болды. Бірақ үміт үзілмек емес, атам заманғы «[Сұлу мен құбыжықты](http://kinostan.kz/film/view?id=78)» 3D-да көргенде, бұл деген не тәйірі, бәрі уақыт еншісінде.

![Хоббит: Күтпеген саяхат](https://storage.yvision.kz/images/user/aliziyadin/RpH7T0rdQRYsQC6eWdz3VK1Zk01qo3.jpg)

Алдын-ала жарық көрген рецензияларға қарасақ, Толкин шығармашылығына таң-тамаша болып, таңдай қағып жүргендер «[Хоббит: күтпеген саяхатты](http://kinostan.kz/film/view?id=92)» ұнатып, өзге жұрт «өй» деп, тіпті кейбірі залды тастап шығып кетіп жатыр екен. «[Сақиналар әміршісі: Сақина бауырластығы](http://kinostan.kz/film/view?id=97)» да кезінде осындай қарсылыққа ұшыраған-ды. Бұл заңды, себебі сюжеттік желі соған әкеліп тіреп отыр: Бильбо Бэггинстің де, Фродо Бэггинстің де ([Элайджа Вуд](http://kinostan.kz/people/view?id=800)) басынан кешкендері бір фильммен шектелмейді, шешуші сәт, кульминация, ақырғы соғыс кейінгі жобаларға қалды. Сондықтан, шыдам танытып, ертегінің әлқисса-бөлімін, алғашқы туындысын көріп қайтайық. Жемісін кейінгі екі фильмнен көрерміз.

![Хоббит: Күтпеген саяхат](https://storage.yvision.kz/images/user/aliziyadin/6dEnO23BsE3zi6wz0H9hh6ozbwGpf1.jpg)

Дж. Р. Р. Толкин мен [Питер Джексонның](http://kinostan.kz/people/view?id=790) ғажайып әлемі көрерменге есігін қайтадан айқара ашты. Қалай дегенде де техникалық тұрғыдан болсын, шығармашылық шеберлік тұрғысынан болсын шынайы түсірілген, қиялдың қанатын кергізіп, көкке шырқатып жіберетін, ақыл-ойды бір сәт Жерортасына баруды аңсататын кәсіби фильм дүниеге келген секілді.

P.S. Киностаннан фильмнің [жеке бетіндегі](http://kinostan.kz/film/view?id=92) трейлерлермен қатар берілген түрлі қызықты видеоларды, сонымен қатар [түсіру алаңынан кадрларды](http://kinostan.kz/photorep/view?id=6) көруді ұсынамыз.

![Хоббит: Күтпеген саяхат](https://storage.yvision.kz/images/user/aliziyadin/6L9b9h1g5fL8PLYOkKS085oUKyhJ7X.jpg)

*Құрметті киносүйерлер!*

*[Киностан](http://kinostan.kz)** алдын-ала хабарланған, бірақ дер кезінде прокатқа шықпай қалған туындылар үшін жауап бермейді.*

*Шолу **[Киностан](http://kinostan.kz)** сайтында жарияланған мәліметтер негізінде дайындалды.*

[Киностан](http://kinostan.kz)*[ның](http://kinostan.kz) фильмдерге арналған ақпарат бетінен сіздердің пікірлеріңізді қуана-қуана оқимыз және қызықты фильмдер көруді тілейміз!*

*Дінмұхамед Зиядин*

---

Source: [https://yvision.kz/post/hobbit-k-tpegen-sayahat-309524](https://yvision.kz/post/hobbit-k-tpegen-sayahat-309524)