---
title: "ХИМИЯ МҰҒАЛІМІ: ОҚУШЫ БІЛІМІН КРИТЕРИАЛДЫ БАҒАЛАУДЫҢ ЕСКІ ЖҮЙЕДЕН АРТЫҚШЫЛЫҒЫ НЕДЕ?"
description: "Оқушыларды бағалаудың жаңа критериалды жүйесімен жұмыс істеп жатқан педагогтармен таныстыруды жалғас..."
author: "MON_RK"
published: "2017-09-21T01:17:13+00:00"
modified: "2017-09-21T01:29:22+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/himiya-m-alimi-o-ushy-bilimin-kriterialdy-ba-alaudy-eski-zh-yeden-arty-shyly-y-nede-779381"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/himiya-m-alimi-o-ushy-bilimin-kriterialdy-ba-alaudy-eski-zh-yeden-arty-shyly-y-nede-779381/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# ХИМИЯ МҰҒАЛІМІ: ОҚУШЫ БІЛІМІН КРИТЕРИАЛДЫ БАҒАЛАУДЫҢ ЕСКІ ЖҮЙЕДЕН АРТЫҚШЫЛЫҒЫ НЕДЕ?

> Оқушыларды бағалаудың жаңа критериалды жүйесімен жұмыс істеп жатқан педагогтармен таныстыруды жалғас...

Оқушыларды бағалаудың жаңа критериалды жүйесімен жұмыс істеп жатқан педагогтармен таныстыруды жалғастырамыз. Естеріңізге сала кетейік, бағалаудың бұл үлгісі кезең-кезеңімен 2015 жылы басталған: 2016-2017 жылдары жаңартылған мазмұн бойынша 30 пилоттық мектептегі 1-сынып оқушылары оқыды. Ал 2019-2020 жылдарға қарай еліміздің барлық мектептеріндегі 1-12 сынып оқушыларын осы жаңа жүйеге көшіру жоспарланған.

Критериалды бағалаудың негізгі пайдасы – оқушылар бағаның соңына түспей, оқу мақсатына қол жеткізуге, білім алуға, бірдеңені игеруге ұмтылады ([https://yvision.kz/post/777584](https://yvision.kz/post/777584)). Сонымен қатар, жаңа жүйе бағалау процесі ашық әрі объективті болуы үшін де қабылданғанын айта кеткен жөн. Бұл туралы осы әдістеме авторларының бірі, педагогика ғылымдарының кандидаты, “Назарбаев зияткерлік мектептері” (НЗМ) автономды білім беру ұйымы Педагогикалық өлшем орталығының директоры Айдана Шилибекова айтып берген болатын. Жаңа жүйе осы орталықта жасалып, 6 жыл сынақтан өткізілген ([https://yvision.kz/post/776884](https://yvision.kz/post/776884)).

Біз жүйені тікелей пайдаланушылардың пікіріне құлақ асқанды жөн көрдік. Гаухар Жанболатованың 12 жылдық еңбек өтілі бар, Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы НЗМ химия пәнінің мұғалімі. Ол бізге бір жыл бойы оқушыларын жаңа жүйе бойынша қалай бағалағанын айтып берген еді.

С.: Критериалды бағалау балаларға не береді?

Г.: Ең маңыздысы – оқушылар күнделікті сабақта қателесуден қорықпайды, шығармашылық қабілеттері шыңдалады, өз бетінше әрекет етуі артады. 7-сынып оқушыларына химиядан өтетін бір сабақтың мысалында түсіндіріп көрейін. “Жану реакциясы” деген тақырыпты алайық. Сабақ соңында оқушылар ауаның құрамын және заттар жанған уақытта ауа құрамына кіретін оттегі шығындалатынын білуі керек. Олардың алдында бірқатар міндет бар: кішігірім зерттеу жасау (тәжірибелік жұмыс), байқаған дүниесін қорыту, сұрақтарға жауап беру және қорытынды шығару. Осының бәрін орындағаннан кейін балалар сабақтың көздеген мақсатына қол жеткізеді және әр тапсырма бойынша қалыптастырушы баға (комментарий) алады.

Мұндай оқу форматында балалар белсенді шығармашылықпен айналысады: бұрын ашылып қойған жаңалықтарға өз қырынан келеді, оны зерттеу бағытында біраз жұмыс атқарады. Бала өз-өзін дамытуға талпынып, білгенін тәжірибе жүзінде пайдаланудан қорықпаса, өмірге де тез бейімделеді.

Өздеріңізге мәлім, критериалды бағалау (КБ) жиынтық және қалыптастырушы бағалаудан тұрады. Алғашқысы оқушының белгілі бір кезеңде (тарау, тоқсан, жыл) не меңгергенін анықтап, бағалайды. Екіншісі мұғалім мен оқушы арасындағы кері байланыс іспетті, ол оқу процесіндегі жағымды және жағымсыз жайттарды анықтауға мүмкіндік береді.

Қалыптастырушы бағалау тұрақты түрде жүргізіледі және оған ешқандай баға қойылмайды. Сондықтан да балалар күнделікті сабақта қате жіберуден қорықпайды, алаңдауға, мазасыздануға да негіз жоқ, керісінше, шығармашылық қабілеттері мен өздерін көрсете білуі дамиды.

Сабақ кезінде қалыптастырушы бағалаудың түрлі тәсілін қолданамыз, ол оқушылардың өз бетінше әрекет етуіне көмектеседі, топпен жұмыс істеуге баулиды және бір-біріне көмектесуге тәрбиелейді. Жаңа әдістеме бойынша оқушылар өзін ғана емес, бір-бірін де бағалайтынын айта кеткен жөн. Сыныптастарының бағалауы ұсыныс сияқты болады, бұл сынды дұрыс қабылдауға үйретеді. Мұғаліммен кері байланыс балалардың орындаған тапсырмасын талдауына, оқу барысындағы түйткілді тұстарын білуіне, оны жеңу жолдарын табуына көмектеседі.

С.: Бағалаудың жаңа жүйесін оқушылар мен ата-аналар қалай қабылдады?

Г.: Бастапқыда жаңа бағалау жүйесіне оқушыларым қызығып қана қоймай, қауіптене де қарады. Олар бес балдық жүйемен сабақ соңында баға алуға үйреніп қалған. Алғашқы сабақтарда балалардың айран-асыр болып қалғанын байқадым, бірақ балалар біртіндеп жаңа әдістің жай ғана баға қойылатын кесте емес екенін, өз мүдделері үшін пайдалы екенін түсінді. Қазір оларға өз еңбегін бағалауға қатысу қатты ұнайды. Оқушылар өздерінің орны бар екенін сезінеді, ал бұл білімге деген қарым-қатынастың жауапты болуына ықпал етеді.

С.: Оқушыларыңызды қалай бағалайсыз? Жеке тәжірибеңізден мысал келтіріңізші.

Г.: Барлық сабақ белгілі бір мақсатқа қол жеткізуге бағытталған. Сондықтан әр сабақтың соңында оқушымен кері байланыс болады. Егер зертханалық жұмысты орындау сияқты күрделі міндеттер бағаланатын болса, кері байланыс келесі сабақта жүзеге асады.

КБ бойынша тапсырма берген уақытта мұғалім олардың орындалуын егжей-тегжейлі түсіндіреді, оқушының әр қадамын айтады (дескрипторлар), бұл көздеген мақсатқа жетуге көмектеседі. Өзара бағалау кезінде мұғалім бағалауға қойылатын талаптарды оқушымен бірге жасағаны дұрыс, бұл балалар сыныптастарын объективті бағалауы үшін керек.

Барлық тапсырма негізінен дәптерде болады. Егер тапсырма жеке парақта орындалса, ол да дәптерге жапсырылады. Ол парақтарда кері байланыс пен мұғалімнің ұсыныстары бар, онда мұғалім оқушыға қай бағытта жұмыс істеу керектігін, білімін жетілдіріп, жиынтық бағалауда табысты болуы үшін не істеу керектігін көрсетеді. Күнделікке тараулар бойынша жиынтық бағалаудан кейінгі жетістіктерін түсіремін: балл түрінде және үлгерімнің пайыздық көрсеткіші түрінде.

Әр тоқсанға 2-3 тарау оқылады. Тоқсан соңында сол тоқсанның жиынтық бағалауы қойылады (тоқсандық қорытынды бақылау ретінде), онда барлық өткен тараулар қамтылады. Жиынтық бағалаудан кейін мұғалім әр оқушының жұмысына жеке-жеке талдау жасайды. Бұл өткен тарауды меңгеру деңгейі мен сапасын анықтауға, даму динамикасын бақылауға, сонымен қатар, егер оқушымен жеке жұмыс істеу қажет болса, оны қалай ұйымдастырған дұрыс екенін түсінуге мүмкіндік береді. Жиынтық бағалаудың қорытынды талдауы арқылы балалар өздерінің қай тұста үлгермей жатқанын біліп қана қоймай, тоқсандық бағасына да болжам жасай алады. Яғни, балалардың қатемен жұмыс істеп, келесі жиынтық бақылауға мұқият дайындалуына және тоқсанды жақсы нәтижемен аяқтауына мүмкіндік береді.

Жиынтық жұмыстың нәтижесі журналға қойылады. Жұмыстың жеңілдей түскенін айта кеткен жөн: мен тарау және тоқсан бойынша әр жиынтық жұмыстың балын ғана енгіземін, ал қорытынды тоқсандық бағаны электронды журнал өзі шығарып береді.

С.: Бағалаудың жаңа жүйесімен жұмыс істей бастағаннан бері қандай артықшылықтарды байқадыңыз?

Г.: Оқушыларымның нәтижесі жақсы жағына қарай өзгеріп келе жатқанына қуанамын. Мәселен, 7 “С” сынып оқушылары арасында бірінші тоқсанда бір ғана бала “өте жақсы” деген бағаға бітірсе, екінші тоқсанда үздіктердің саны 5-ке жетті, ал оқу жылының соңын сыныптың тең жартысы өте жақсы нәтижемен аяқтады. Бұл, бірінші кезекте, оқуға деген ынтаны арттырудың нәтижесі, әр баланың өзінің қандай міндеті бар екенін, нендей кемшілігі бар екенін біліп, соны түзеуді түсінуінің нәтижесі дер едім. Химия сияқты ең күрделі пәннің өзін игеру кезінде де балалардың өз бетінше әрекет ету қабілеті қатты дамығанын байқаймын.

С.: Жаңа жүйемен қашаннан бері жұмыс істеп жатырсыз? Сұрақтар туындап жатса, кімнен көмек сұрайсыз?

Г.: Алғашқы жылдары бағдарламаға сәйкес біздің мектеп бағалаудың дәстүрлі жүйесін пайдаланды. Сосын жаңа жүйені енгізу кестесіне сай, толық критериалды бағалауға көшті. Бізді Педагогикалық өлшем орталығының қызметкерлері оқытты, олар өткізген семинарларда жаңа әдістеменің теориялық және тәжірибелік тұсын меңгердік. Сондай-ақ, мектепішілік семинарлар да ұйымдастырып, КБ жүйесін енгізу мәселесі бойынша әдістемелік сұрақтар төңірегінде мұғалімдермен тәжірибе алмастық. Каникул кезінде шетелдік мамандар шақырылып, қалыптастырушы бағалау бойынша тренингтер, семинарлар өткізілді. Басқа Зияткерлік мектептердегі әріптестеріміздің де көмегі зор болды, олардың ақыл-кеңесі де біз үшін аса маңызды.

Педагогикалық өлшем орталығы мұғалімдерге үнемі қолдау білдіріп отырады, кері байланыс жақсы жолға қойылған. Мәселен, анкета сұрақтарына жауап беру кезінде КБ бойынша мұғалімдердің алдынан шығатын қиындықтар белгілі болды. Келесі семинарлар мен тренингтерді ұйымдастыру кезінде олар ескерілді.

Тақырыпқа қатысты өзге де материалдар:

42 жылдық еңбек өтілі бар педагог Елена Юмашева жаңа жүйемен бағалау бойынша тәжірибесімен бөлісті [https://yvision.kz/post/778907](https://yvision.kz/post/778907).

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/FAQ3cQs98N4Vujdk9t5h2qL3m87C32.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/biWS8debpvkkJFFLY1I7AnnP89F8Q6.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/G8525P2MiPO3HKj7rOXYCtfb6zhL25.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/nKLAUn7Il7QS49u2TA8D799Y4f3a9Y.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/post/himiya-m-alimi-o-ushy-bilimin-kriterialdy-ba-alaudy-eski-zh-yeden-arty-shyly-y-nede-779381](https://yvision.kz/post/himiya-m-alimi-o-ushy-bilimin-kriterialdy-ba-alaudy-eski-zh-yeden-arty-shyly-y-nede-779381)