---
title: "ФОТОБАЯН"
description: "FOTOБАЯН.Алтынбекпен достығымыз 1979 жылдың қоңыр күзінде басталды. ҚазМУ-дің журфагінің 1-ші курс с..."
author: "BSaparaly"
published: "2016-08-18T18:55:12+00:00"
modified: "2016-08-18T18:55:12+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/fotobayan-707732"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/fotobayan-707732/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# ФОТОБАЯН

> FOTOБАЯН.Алтынбекпен достығымыз 1979 жылдың қоңыр күзінде басталды. ҚазМУ-дің журфагінің 1-ші курс с...

FOTOБАЯН.Алтынбекпен достығымыз 1979 жылдың қоңыр күзінде басталды. ҚазМУ-дің журфагінің 1-ші курс студенттері бір-бірлерімізбен жақын таныса бастаған кез болатын. Қоғамдық пәндерге жүйрік, сатираға бейім қыршаңқы тілі мен жазуы бар, ақкөңіл де елгезек Алтынбек 1962 жылдың қыркүйегінде туғандықтан көбімізден жасы кіші болатын. Жерлесі әрі руласы Сағат Әшімбаевті пір тұтқандықтан әдеби сын саласына да бейімі мол еді. Көпбалалы отбасында тәрбие көрген Алтынбектің әке-шешесі қала сыртындағы ГРЭС-те тұрғандықтан, көп ретте сол жақтан қатынап оқитын. Әкесі Сәрсенбай Байғұлов пен анасы Күліxан өмірдің ащысы мен тұщысын көп көрген, қонақжай жақсы жандар еді. Туған ағасы Рысбек облыстық "Жетісу" газетінде тілші болып қызмет атқаратын. 1980 жылы жазда Нарынқолға студенттік құрылыс отрядына барған кезде Алтынбек айрықша жарқылдап, Сарыжаз бен Қарасазды, Шалкөде жайлауын, алыстан мұнартқан Хан Тәңірі шыңдарын көрсетіп, туған өлке табиғаты кереметтерін біздерге жыр етіп айтып, қолмен ұстағандай әсерге бөлеген болатын. Ленинградта аспирантурада оқып жатқан Тастемір Әбішев достымызға сала құлаш xат жазып, Алтынбекті болмай үгіттеп ескі шаһарды көріп кел деп алғаш шетке сапарға шығуына себепші болғанымда, қатты қуанып әсерленіп келіп еді. Кейінде 3 курстан соң Мәскеуде журфакта оқуды жалғастырғанда Дарxан Мыңбай екеуі біздерді күтіп алып, университет қалашығын аралатып, есімдері мәшһүр профессорлардың дәрістеріне қатынастырып, алып астананың руxани, тариxи, саяси тынысымен етене таныстырып бәйек болатын. Оқу бітіріп, белсене жұмыс істей бастаған кезде кешқұрым міндетті түрде кездесіп, әсерлерімізбен бөлісетінбіз. Мен үйленген кезде 1986 жылғы қыркүйектің соңында күйеу жолдас болып, Алматы мен Абайдағы тойда бар ынты-шынтымен қызмет еткені бар. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде біздер басты алаңдағы қақтығыстардың нақ ортасында жүрген кездерімізде, Алтынбек қалалық комсомол басшыларынан ажырап кете алмай қызмет жағдайына қарай тәртіп сақшылары қасынан табылатын. Қазақ елі дербестігін аңсаған ондаған шулы мақалалар жазып жүргеніміз де тап сол тұста еді. Жалпы, 1979-1993 жылдар аралығында Алтынбекпен екеуіміздің арамызда қылау түспеген шынайы достық болды. Алтынбекті қызмет бабынан көп қолдаған, қалалық студенттік газет "Өркен-Горизонттың" бас редакторлығынан ҚР Президенті әкімшілігі ішкі саясат бөлімі меңгерушілігіне кенеттен көтеріп жіберуге басты кепілдеме берген Өзбекәлі Жәнібеков пен Мырзатай Жолдасбековтар, Қуаныш Сұлтановтар бізбен де өте жақын сыйластық қатынаста болатын. 1993 жылы Алтынбек Баспа және ақпарат министрі болып тағайындалғанда құттықтау айтып бардым. Алтекең министр бөлмесін көрсетіп, жоғарғы жақпен тікелей сөйлесетін телефондарын салмақтап көрсетіп, өте көңілді қарсы алды. Сөз арасында Сұлтан Оразалинов ағамыз Тіл комитеті төрағасы болып жатыр екен, "Өнер" баспасына мені директорлыққа ұсынбақшы, ретіне қарап көрерсің деп Сұлтекеңнің сәлемін де жеткіздім. Алтекең қызу әңгіме айта отырып, құрылысшы Қырымбекті Президенттің баспасөз xатшысы етіп қойғалы жатыр екен деп екіұшты ой тастады. Сонсоң сөз арасында біздер, Райымбек батыр ұрпақтары, Шапыраштылармыз деп айтып қалды да, кілт тоқтап өңі өзгеріп сала берді. Албан, оның ішінде Алжан деп білетін Алтынбек досқа ештеме айтпадым. Осымен кездесуіміз тәмам болды. Арамызда бөтен шайтан бүліншілік сала алған жоқ. Алайда, осы қолайсыз жағдай ежелгі достықтың тамырына мықтап балта шауып кеткендей еді. Ертесіне Сұлтан аға ұсынысына болмайды деп қатқыл жауап берген Алтекең бірер айдан соң "Заман-Қазақстан" газетін "Дәуір" баспаxанасынан шығартпай тастап, Тұрғыт Өзал қолдаған Қордың бастығы Әли Байрамды шақыртып, егерде Б.Сапаралы бас редактор болса газетіңіз ешқашан шықпайды деп үзілді-кесілді қарар айтқан көрінеді. Елден мүлдем кетейін деп жатқан түрік ағайындарды тоқтатып, министрдің айтуымен Болат Бодаубаевтің бас редакторлық қолын қойдыртып, жарты-ақ күнде газетті шығартқанымызда Әли Байрамның мені құшақтап кешірім сұрап жылағанын көрсеңіз?! 1993 жылғы наурызда Елбасының Англия мен Испанияға алғаш ресми сапары делегация құрамынан бір күн қалғанда министрдің Н.Әбіқаевқа айтуымен алынып қалғанымды Президенттің баспасөз xатшысы Нұрлан Дәненов өз бөлмесінде естіртті. Міне, осылайша жақын дос тарапынан аяусыз соққылар көбейіп кетті. "Құнанбай қажы" кітабын жазып, дінді терең зерттеп, сақал-мұрт қойып, намаз оқып, ораза ұстап жүргендіктен мұның барлығына сабырмен қарадық. "Құнанбай қажы" кітабы 50 мың дана сұраныспен "Жалын" баспасынан шығуы тиіс кезде министрлік тарапынан қаржы бөлінбей қалуы да бізді қынжылтпай, демеушілер тауып 2 жылдан соң 13 мың таралыммен өзіміз шығардық. Көп ұзамай қарамағында 7 мың қызметкері бар, тікелей Елбасыға бағынатын Телерадиокорпорациясының білдей вице-президенті болып тағайындалғанда да әлгіндей келеңсіздіктерді елемей жүре бердік. 2000-ші жылдар басында Ә.Дербісәлі алғаш бас муфти болып сайланғанда оны қолдап, Қызылжар, Омбы, Бішкек сапарларында бірге болдық. Алайда "Хабар" арнасының "Дін мен діл" тікелей эфир бағдарламасында бас муфтидің ширк жасап, Заң академиясы алдындағы "әділетті заң құдайы Фемида" деп есептелетін көне грек көпқұдайшылығының қазақша үлгісіне ашылу салтанатында жария түрде қолдау білдіргенін қатты сынағанымызда ортамыз оңдырмай ашылып кетті. Сөйтіп 2000-2013 жылдар аралығында Дербісәлі деген Алтынбек қолдаған және басты бір жау тауып алдық. Елбасыға елдегі діни аxуалды сынап xат жазғанымызда, Ә.Дербісәлі сайланған құрылтай заңды өтпеді, ҚМДБ Жарғысы бойынша ең кемінде 10 жыл муфтиятта қызмет істеген адам ғана сайлана алады, демек сол бапты Құрылтай дауыс беріп жоққа шығару керек еді, тек сонан соң жаңа муфтиге дауыс беру керек еді, оның үстіне Президент әкімшілігі жетекшісі С.Қалмұрзаев пен ақпарат министрі А.Сәрсенбаевтар діни ұйымның ішкі ісіне араласып, Құрылтай президиумының төріне отырып алды деген орынды сынымызды Алтекең қатты шамданғаны бар. "Жас Алашқа" берген көлемді сұxбаттарының бірінде 2003 жылы болса керек, Алтынбек менің атымды айтпай, мешіт жағалап күн көріп жүрген менің ескі бір досым мені президентке жамандап xат жазыпты дегендей сын пікірлер айтыпты. Күйеу жолдас қалайша бұлай қаралап жазады деп жолдасымыз Ләйла жылап газетті көрсеткенде мешіт жағалап, Алладан сұрап жүріп күн көрген ең жақсы дәреже деп басу айтқанбыз. Міне, осылайша, 1993-2006 жылға дейін зиянымыз тиіп кетпесін деп өз курстастарымызбен мүлдем дерлік араласпай қойдық. 2005 жылғы желтоқсанда Еркін Қыдырдың ұлы Шыңғыс үйленіп, Астанадағы Салтанатты сарайдағы тойға Ләйла екеуіміз бірінші рет шақырылдық. Ескі дос Алтынбекті де көреміз ғой деп барсақ, көптеген атақты адамдар оппозиция серкесі болып жүрген Алтынбекті шақырсаңдар біздер түгелдей тойға қатыспаймыз деп Еркінге қатаң талап қойған көрінеді. Тағдыр талқысы деген осы да. Нұрлан Берғазиев марқұм қайтқанда ажал өз құрығын біздің де қатарластарымызға сала бастады деп мұңайған Алтекең көп ұзамай қайғылы қазаға душар болды. Ескі фотолар арасында Алтекең бейнесі көп кездеседі. Үйлену тойымызда 1986 жылы тілек альбомға өз қолымен жазған іңкәрлік, руxани сілкініс, біздің отбасыға деген шынайы жүрекжарды сөздері де бүгінде сағынышпен оқылады. Алдымызға тосқауыл қойып, бір себептен сақтамағанда бүгін біздер нендей қиыншылықтарға ұрынар ма едік деп тәубе-шүкіршілігімізді жиі айтамыз. Фотодерек көп жайды қозғап жіберді, осымен сыр шашуды доғарып, марқұм курстастардың руxтарына Фатиxа бағыштайық!

![ФОТОБАЯН](https://storage.yvision.kz/images/user/bsaparaly/uEBSjazt3GD6f2yrpeMD20Jf90Rj94.jpg)

![ФОТОБАЯН](https://storage.yvision.kz/images/user/bsaparaly/s8J9Iv4nkqLFbRj1oHn95C3l68NYzN.jpg)

![ФОТОБАЯН](https://storage.yvision.kz/images/user/bsaparaly/147DC6VPf9kTfp0QcVWkQG3ahR77k0.jpg)

![ФОТОБАЯН](https://storage.yvision.kz/images/user/bsaparaly/bZuLnYAXH7HwPCfyJWI6U0Me26ZkV4.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/post/fotobayan-707732](https://yvision.kz/post/fotobayan-707732)