---
title: "«ЕСІРТКІСІЗ БОЛАШАҚ» ЖЫЛЫ ШЕҢБЕРІНДЕ ОҚУШЫЛАРҒА «ҚАСІРЕТ» СПЕКТАКЛІ КӨРСЕТІЛДІ"
description: "Қасіретке толы оқиғаны петропавлдық жасөспірімдерге Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театр..."
author: "dvd_sko"
published: "2019-03-21T02:59:27+00:00"
modified: "2019-03-21T02:59:27+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/esirtkisiz-bolasha-zhyly-she-berinde-o-ushylar-a-asiret-spektakli-k-rsetildi-828718"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/esirtkisiz-bolasha-zhyly-she-berinde-o-ushylar-a-asiret-spektakli-k-rsetildi-828718/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «ЕСІРТКІСІЗ БОЛАШАҚ» ЖЫЛЫ ШЕҢБЕРІНДЕ ОҚУШЫЛАРҒА «ҚАСІРЕТ» СПЕКТАКЛІ КӨРСЕТІЛДІ

> Қасіретке толы оқиғаны петропавлдық жасөспірімдерге Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театр...

Қасіретке толы оқиғаны петропавлдық жасөспірімдерге Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актерлері «Қасірет» спектаклі арқылы жеткізді.

Осы қойлымды көрсетуге облыстық Полиция департаменті Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері бастамашылық етті. Олар оқушыларға билет алып, қайырымдылық көрсетілім ұйымдастырды. Театрға Петропавл қаласындағы 11 мектептің және бірнеше колледждің оқушылары шақырылды. Қызығушылық танытқан оқушылардың көптігі сондай, 200 орынға шақталған залға қосымша орындықтар қойылды.

Спектакль басында: «Биылғы жыл республикамызда «Жастар жылы» болып жарияланды. Осы орайда, солтүстікқазақстандық полицейлер «Есірткісіз болашақ» ұранымен іс-шаралар өткізуде. Қай елде болмасын есірткі таратушылар үшін қоғамның ең осал бөлігі – жастар болып табылады. Сондықтан, біз сіздерді осы қойылымға жинап, бүгінгі күннің дерті – нашақорлықтың зиянын, оның қасіретін көрсетпекпіз», - деді СҚО ПД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы полиция подполковнигі Жандос Басыбаев.

Қойылым басталмас бұрын «Жастар ресурстық орталығының» белсенділері оқушылармен бірге би билеп, жаттығу жасап, спектакльдің ауыр желісін жеңілдеткендей болды. Оқиғаның басты кейіпкері жарқын болашағы бар дені сау жігіт әп-сәтте есірткінің құрбаны болып шыға келеді.

Жас режиссер Фархат Молдағалидың бұл қойылымын оқушылар ерекше қабылдады. Шымылдық жабылған соң көрермендер қазақ театрының актерлеріне орындарынан тұрып, қошемет білдірді.

«Спектакль өте ұнады. Қойылым эмоцияға толы, терең мазмұнды, түсінікті болды. Бүгінгі күннің дерті – есірткіге құмарлықтан хабардармын. Спектакль барысында адамға ой салатын өнегелі сөздер айтылды. Өзім салауатты өмір салтын ұстанамын. Құрдастарымды, достарымды есірткіден аулақ болуға шақырамын», - деді Спортта дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы Руслан Сәкенов.

Осы сынды профилактикалық жұмыстар полиция қызметкерлерімен ұдайы жүргізіліп тұрады. Олар әсерлі болуы үшін, сондай-ақ есірткі қолданудың салдарын, зиянын жастарға жеткізу үшін полицейлер іс-шараларды түрлі форматта қызықты етіп өткізіп келеді. Сонымен қатар, оқушылармен және олардың ата-аналарымен кездесіп әңгімелеседі, дәрістер оқиды.

Оқушылардың айтуларынша, «Қасірет» спектаклінің қайырымдылық көрсетілімі нашақорлыққа қарсы бағдарламаны іске асыру аясында өткізілген акциялардың ең ерекшесі болды.

![«ЕСІРТКІСІЗ БОЛАШАҚ» ЖЫЛЫ ШЕҢБЕРІНДЕ ОҚУШЫЛАРҒА «ҚАСІРЕТ» СПЕКТАКЛІ КӨРСЕТІЛДІ](https://storage.yvision.kz/images/user/238400/ff3c3a67543b02be55c1a7c3f020fb.jpg)

![«ЕСІРТКІСІЗ БОЛАШАҚ» ЖЫЛЫ ШЕҢБЕРІНДЕ ОҚУШЫЛАРҒА «ҚАСІРЕТ» СПЕКТАКЛІ КӨРСЕТІЛДІ](https://storage.yvision.kz/images/user/238400/8e3af6f74063ef769d0b85e9649169.jpg)

СҚО ПД баспасөз қызметі

http://mvd.gov.kz/portal/page/portal/sko/MAIN

---

Source: [https://yvision.kz/post/esirtkisiz-bolasha-zhyly-she-berinde-o-ushylar-a-asiret-spektakli-k-rsetildi-828718](https://yvision.kz/post/esirtkisiz-bolasha-zhyly-she-berinde-o-ushylar-a-asiret-spektakli-k-rsetildi-828718)