---
title: "Есенберлиннің үш ерлігі"
description: "Сарыарқаның төсіндегі Атбасар қаласы заманында ұланғайыр өлкенің орталығы болған. Жаңылмасам, тіпті алыстағы Ұлытау өңіріндегі кеніште..."
author: "Fvfylsr"
published: "2025-01-15T09:12:45+00:00"
modified: "2025-01-15T09:12:45+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/esenberlinnin-ush-erligi-1011852"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/esenberlinnin-ush-erligi-1011852/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Есенберлиннің үш ерлігі

> Сарыарқаның төсіндегі Атбасар қаласы заманында ұланғайыр өлкенің орталығы болған. Жаңылмасам, тіпті алыстағы Ұлытау өңіріндегі кеніште...

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/17e0892a5bfbaef0ef9bfb3d32aa358e.jpg?width=400&height=250)

Сарыарқаның төсіндегі Атбасар қаласы заманында ұланғайыр өлкенің орталығы болған. Жаңылмасам, тіпті алыстағы Ұлытау өңіріндегі кеніштер Атбасардан басқарылып тұрған. Ол жөнінде Қаныш Имантайұлының өмірбаянымен танысқанда оқыған едім. Мұнда заманында Атбасар жәрмеңкесі өткізіліп, бекініс қала мәртебесіне ие болған еді.

Атабасар қазіргі күні шамамен 30 мың халқы бар қала, Ақмола облысындағы аудан орталығы. Айтқандай, Атбасар шаһарында белгілі қазақ жазушысы Ілияс Есенберлиннің музейі бар. Қанша барсам да, туған жерге Атбасар арқылы өтсем де музейге кіруге бір реті келмепті. Сәті түсер деп жүрмін. Осы Атбасар қаласында қазақтың біртуар ұлы Ілияс Есенберлин туған еді.

Ілияс Есенберлиннің үш ерлігі туралы айтпас бұрын, оның өмір жолына тоқтала кетейік.

1915 жылы туған оның балалық, жастық шағы ашаршылық, қуғын-сүргін уақытына сәйкес келді. Бес жасында тұл жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленеді. Ілиястың шығармашылығы да сол кезде басталған сияқты, ол алғашқы өлеңдерін балалар үйінде жаза бастайды.

Жалпы көзіқарақты оқырман оның өмір жолымен таныс деп санаймын, дегенмен, тағы да айта кеткен жөн. Кейін, бастауыш білім алғаннан кейін Есенберлин Қызылордадағы интернатта оқуын жалғастырады және Қарсақбай қаласында аудандық атқару комитетіне жұмысқа орналасады. Одан соң Алматы қаласындағы Тау-кен металлургия институтына оқуға түседі. 1937 жылы Қазақстанның 1-ші Төтенше съездінің делегаты болып сайланады. 1940 жылы Қазақ тау-кен металлургия институтын тәмамдаған Есенберлин Жезқазғанға жұмысқа жіберіледі, ал, сол жылдың күзінде әскер қатарына алынады. Рига қаласындағы әскери-саяси училищеде оқуын жалғастырады. Майданға кетіп, 1942 жылдың қаңтарында Старая Русса түбінде аяғынан ауыр жараланады. Костромада госпитальда жатып, 1943 жылы мүгедектігіне байланысты елге қайтарылады. 1947 жылға дейін Қазақстан Компартиясы ОК аппаратында нұсқаушы болып қызмет етеді.

Бірақ, тән жарақатынан бұрын жан жарақаты ауыр болғанға ұқсайды. Соғыстың соңында 1937 жылы респрессияға ұшырап, атылған Әділет халық комиссары Хамза Жүсіпбековтың қызына үйленіп, Ақмола түбіндегі АЛЖИР-ден (Отанын сатқандардың әйелдерінің Ақмола лагері) енесін алып келеді. Сөйтіп, НКВД-ның "көзіне" түседі. 1949 жылы қамауға алынып, 10 жылға сотталып кете барады. Қарақұм каналының құрылысында жұмыс істеп, жазасының жартысын өтеп туған еліне қайтып келеді. Жазадан босаған соң Қазақ КСР Геология министрлігінде жұмыс істеп, одан соң Берсүгір шахта басқармасының бастығы болады.

1955-1957 жылдары Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының аға редакторы; 1958-1967 жылдары «Қазақфильм» киностудиясының аға редакторы, сценарий редколлегиясының мүшесі; 1967-1971 жылдары «Жазушы» баспасының директоры; 1971-1975 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 2-хатшысы болып қызмет атқарады.

1975 жылдан бастап таза шығармашылыққа кетеді. Нәтижесінде 15 роман дүниеге келеді.

Енді, оның үш ерлігі дегенге тоқтала кетсем. Бірінші, жастай жетім қалған бала өзінің білімімен, ақылымен адам қатарына қосылады. Екінші, репрессия құрбанының қызын алып, енесін түрмеден шығарып алады. Бәлкім, жастайынын көрген қиындықтары оны әділеттіке, шынайы болуға үйреткен болар. Ал, оның балалық шағы өткен Атбасар Кенесары заманының куәсі болды десек артық айтқандық болмас, сол себептен қазақ жазушыларының ішінен әрісі Алтынорда дәуірінен бергі тарихымызға алғашқылардың бірі болып қалам тартады. Бұл үшінші ерлігі еді.

---

Source: [https://yvision.kz/post/esenberlinnin-ush-erligi-1011852](https://yvision.kz/post/esenberlinnin-ush-erligi-1011852)