---
title: "ЕР ДӘУІТ АТА ӘУЛИЕ ӘПСАНАЛАРЫ"
description: "1. Ер Дәуіт Ата – қасиеті мол, ұлық әулиеОңтүстік өңіріндегі Түркістан облысының Сарыағаш ауданында,..."
author: "usergoogle106294550379445617414"
published: "2022-08-27T05:15:16+00:00"
modified: "2022-08-27T11:18:36+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/er-d-uit-ata-ulie-psanalary-973760"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/er-d-uit-ata-ulie-psanalary-973760/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# ЕР ДӘУІТ АТА ӘУЛИЕ ӘПСАНАЛАРЫ

> 1. Ер Дәуіт Ата – қасиеті мол, ұлық әулиеОңтүстік өңіріндегі Түркістан облысының Сарыағаш ауданында,...

1. Ер Дәуіт Ата – қасиеті мол, ұлық әулие

Оңтүстік өңіріндегі Түркістан облысының Сарыағаш ауданында, Дарбаза ауылы округінің Сандық тау шоқысында орналасқан Ер Дәуіт Ата әулие ұсталықтың және темірдің пірі болған. Шын мәніне келгенде, оның қай ғасырда жасағаны белгісіз. Ешкім де оны дөп басып айта алмайды. Сонау ғасырлар қойнауында, ертеде ғұмыр кешкен Дәуіт пайғамбардың да өз кезінде ұсталық, теміршілік өнермен атақ даңқы шыққаны белгілі. Анығы осы, содан қаншама уақыт, сан ғасырдан кейін Ер Дәуіт Ата да сол кәсіп пен жолды иеленіпті.

Елдің айтуына қарағанда, Ер Дәуіт Ата – төрт тарапта жатқан бүкіл әулиелердің ішінде ең қасиеті мол, ең кереметі күшті, ең ұлығы, ең сабырлысы екен. Тіпті Жаратушы Аллаһтан үкім болып, уақыт сағаты жетіп, төрт мұқарап періштенің бірі Ғәзірейіл жанын алайын деп келгенде, жарықтық әулие: «Әлхамдуллаһ Рабил Әләмин. Құдайға шүкір, тоба», – деген екен. Міне, осындай пәни жалғанда ажал уақыты соққанда да ешбір саспай, сабырлық танытқан жоғары қасиетіне сүйсініп қалған Аллаһ оған тағы да қайтадан бір адамның ғұмырындай өмір беріпті. Сөйтіп, ол ұзақ жасаған екен.

(Айтушылары: Хадиша Ысмайылқызы Қамбаркеліні және Гүлнар Жантөреқызы. Жазып алушысы: Құралбек Ергөбеков).

2. Дәуіттің ең алғаш темірші болған баяны

Дәуіттің ең алғаш теміршілік өнерге мойын бұрғанын баян ететін аңыз әпсананың өзі қызық. Негізінде ол жасы алпыстан асып қалған, ақ сақалды, үлкен қария болған екен. Соған дейін Дәуіт ешқандай қара танымаған, ілім-білім алмаған, ұстаздың алдын көрмеген, мүлдем оқымаған көрінеді. Нағыз өзінің дер шағында, жас кезінде ол ешқандай кәсіпті меңгермеген, абырой атаққа, жоғары дәрежеге жетпеген. Керемет қасиетінің ашылып, даңқы шығып, ұсталық пен темірдің пірі болатын уақыты – сол алпыстан асқан кезі.

Дәуіт қария адырда, құладүз сары даладағы бір қырда кетіп бара жатса, алдынан тал шығыпты. Ол сол талдың түбіндегі саяға дем алайын деп отырыпты. Талдың қабығы тым жалтыр болыпты. Саяда дем алып отырған қарияның көзі бір шымалға түсіпті. Ол шымал талға өрмелеп, биік төбесіне шығамын деп әрекет жасағанмен, жартысына барғанда әлгі жалтырдан сырғанап құлайды екен. Тал қабығының жалтырлығы соншалық, қаншама рет қайта-қайта әрекет етсе де, жартысынан әрі қарай еш шыға алмапты. Дәуіт шал: «Бұл әрекеттің ақыры не болар екен?!» – деп оған қызығып, қарап отырыпты. Соңында кешкісін, күн ұясына батайын деп жатқанда, шымал талдың төбесіне көтеріліп, өз биігіне жетіпті.

Осы хикметтен тәлім алған Дәуіт қария: «Құдайым, бұл шымалдың ғажайып әрекетінен мен үлкен сабақ алдым. Енді жақсы түсіндім, адамның да алдына мақсат қойып, әрекет жасауы, арманға қол жеткізуі, мерейінің үстем болуы – оның шыдамдылығы мен еңбекқорлығына байланысты екеніне көңілім сенгендей. Қанша жасқа келіп, қариялыққа жетсең де, білім алуға, өнерді меңгеруге уақыт кеш емес екен. Алдыма мақсат қоя біліп, оған жетуге талпынып, еңбекқорлықпен ерінбей әрекет жасасам, ой-ниет пен арман орындалып, мерейімнің үстем болатынына көзім жеткендей», – деп түйін жасапты. Сөйтіп, алпыс жастан кейін барып ұстаздың алдын көріп, сауат ашып, қара танып, жан-жақты оқып, ілім-білім алу жолына түсіпті.

Дәуіт қария теміршілік, ұсталық жолды ұстанып, осы кәсіпті меңгеруге қажымай-талмай еңбектеніп, ақырында үлкен ілім-білімге, ғылымға ие болыпты. Ұсталықтың қыр-сырын жан-жақты үйреніп, темірден түйін түйіпті. Жаратушы Аллаһ та оның жақсы ой-ниетін қолдап, бақ қондырып, бұрынғы өткен Дәуіт пайғамбардың өнерін бойына дарытыпты. Содан бұл да ұсталық пен темірдің пірі – Ер Дәуіт атанып, атақ даңқы шығыпты.

(Айтушысы: Ержан Алданұлы. Бұл кісі осы баян етілген аңыз әңгімені әкесі Алдан қажы Қасымбекұлынан есітіп, ұғып алыпты. Ал Алдан қажы оны өз әкесі Қасымбектің айтуынан естіген көрінеді. Жазып алушысы: Құралбек Жолдасұлы).

3. Ер Дәуіт Ата мен шайтан туралы хикаят

Ер Дәуіт Ата дүкеншілік құрып, ұстаханасында көмірді жағып, қау-көрігін бақылдатып, балға-төсін шақылдатып, қызған шоққа темірді балқытып, қуатты қолымен ұрып-ұрып жайып, тұрмысқа қажетті бұйымдар, темірқазық, орақ, қысқаш, кетпен, күрек тәрізді заттар мен найза, қылыш, қалқан секілді суық қару-жарақ соғып жатыпты. Сол кезде оған шайтан келіп:

– Дәуіт, мені дүкеніңе, ұстаханаңа серік қыласың ба? – деп сұрапты.

– Қой, аулақ жүр, – десе, еш көнбепті. Сұрау өтінішін жалғастыра беріпті. Алайда Ер Дәуіт Ата оны өзіне еш дарытпаған екен. Ақырында шайтан:

– Онда саған қоятын бір шартым бар. Менің мұрнымнан қатты сығымдап ұстағын. Егерде мұрнымды қолыңнан шығарып алсам, дүкеніңе серік қыласың. Шығара алмасам, ұстаханаңа енді қайтып жоламаймын, – депті.

Ер Дәуіт Ата шайтанның мұрнынан жалаң қолымен, бар күшімен сығымдап ұстаса, шайтан амалын тауып, мұрнын шығарып алып кетіпті. «Шайтан енді дүкеншілікке, ұстаханаға серік болса, өз бойымдағы керемет қасиеттің, теңдесі жоқ өнердің ешбір мәні қалмайды-ау» деп ақыл-парасатпен сезініп үлгерген Ата көрегендік танытып, лезде бір шешімге келіп:

– Мен қолыммен ұстағаным жоқ, – деп жең ұшына қысқашты жасырып алып барып, шайтанның мұрнын сол қысқашпен аямай қысыпты. Содан шайтан ұста дүкеніне, Ер Дәуітке сол күйі жоламай кетіпті.

(Айтушысы: Орынтай (Орынбек) Жамалұлы. Жазып алушысы: Құралбек Қожаннемересі).

4. Ер Дәуіт Ата ұста шеберлігінің мінсіздік шыңы

Ер Дәуіт Ата әулие ұсталық өнерімен, шеберлігімен үлкен дәрежеге көтеріліп, төрт тарапқа әйгіленіпті. Оның кезінде техника өте шарықтап дамыған көрінеді. Аспанда ұшатын тарелкалар сол кезде пайда болыпты.

Ер Дәуіт Ата ұста шеберлігінің мінсіздігі соншалық, ол кәдімгі қолға ұстауға да келмейтін бүргеге кісен салған дейді.

(Айтушысы: Ержан Алданұлы. Бұл кісі осы айтылған мәліметті әкесі Алдан қажы Қасымбекұлынан есітіп, ұғып алыпты. Ал Алдан қажы оны өз әкесі Қасымбектің айтуынан естіген көрінеді. Жазып алушысы: Құралбек Ергөбеков).

5. Ер Дәуіт Ата үңгірінің сыры

Ер Дәуіт Ата мен Шәймерден әулиенің қабірлері Сарыағаш ауданында, көне Дарбазаның шығысындағы Жаушоқы төбесінің (қазір ел Тақия төбе дейді) маңайында, ескі қорымда орналасқан. Осы арада Ер Дәуіт Ата әулиенің үңгірі бар. Бұл үңгірде үш атты адам қатар сиып жүретін, бұрынғы Отырар қаласымен байланыстыратын жерасты жолы болыпты. Ер Дәуіт Ата кезінде үңгірді үй-жай ретінде пайдаланып, паналаған екен. Бертінгерек уақытта, ХХ ғасырдың басында Егемберді деген шырақшы оның алдынан намаз оқуға мешіт салыпты.

Негізінде Ер Дәуіт Ата әулие ұзақ өмір сүріпті. Моңғолдар келгенге дейін Отырардың бірнеше ханы онымен байланысып, теміршілік өнеріне тәнті болып, алдына барып, батасын алып отырыпты. Шыңғыс ханның уақытында ол қару-жарақ соғып, садақ, найза, қылыш, қалқан жасап, үңгір арқылы Отырарды қорғаушы халыққа болысып, барынша қамтамасыз етіп отырыпты.

Отырар қаласы ойрандалғанда, сондағы қандастарымыз: «Бізден де үрім ұрпақ қалсын», – деп бір баланы жасырып, қашырып жіберіпті. Ол бала Ер Дәуіт Ата үңгірімен жүріп отырып, моңғолдардан құтылып кетіпті. Кейін сол бала үңгірді әр жерінен бекітіп, сол күйі ашылмай қалыпты.

(Айтушысы: Хадиша Ысмайылқызы Қамбаркеліні. Жазып алушысы: Құралбек Жолдасұлы).

6. Ер Дәуіт Ата бұлақ көздері

Ер Дәуіт Ата әулиенің керемет қасиеті өте жоғары болыпты. Оның кезінде тіфайы кереметінен құдыққа ұқсас Дәретбұлақ, Көзбұлақ және Айнабұлақ атты су көздері ашылыпты. Зиярат етушілер тұла бойым таза болсын деген ниетпен Дәретбұлаққа шомылып жатады. Көзі ауырғандар Көзбұлақтың суына жуса, жақсы әсер етеді.

Айнабұлақтың бір кереметі, өзі биік төбеде орналасқан. Бұлақ жанында үлкен Айнатасы және дөңгелек айнасы бар. Зиярат етушілер суын ішеді, жүзім айнадай ашық болсын деп тілейді.

(Айтушысы: Сейсенбай Ахметұлы Егембердиев. Жазып алушысы: Құралбек Қожаннемересі).

ЕР ДӘУІТ АТА ҚАДАМЖАЙ ОРНЫНА

ҚАТЫСТЫ АҢЫЗ ӘҢГІМЕЛЕР, МӘЛІМЕТТЕР

1. Ер Дәуіт Атаның Қалпақ тасы

Түркістан (Оңтүстік Қазақстан) облысы, Сарыағаш ауданы, Дарбаза ауылы округіндегі Сандық тау шоқысының қия беткейінде орын тепкен Ер Дәуіт Ата қадамжайында ең алғаш оның Қалпақ тасы кездеседі. Бір қарағанда, расымен де үлкен тасқа адамның бас қалпағы үлкен шеберлікпен ойылып түскендей әсер қалдырады. Кейбір кісілердің айтуынша, оны Иықтас деп те атайды. Әрине, адамның қалпақ киетін басынан кейін иығы келетіні бұл жерде де айқын көрініп тұр.

Аңыздың айтуынша, Һәзірет Дәуіт Ата кәпірлермен бірнеше рет ұрысқа түсіпті. Бір жаугершілік болғанда, Ата олардан қашып келіп, Сандық тау шоқысындағы осы тасқа паналапты. Сонда ол: «Е-е, Құдайым, өзің мәдеткер болып, жәрдем бере гөр», – деп мүнәжат етіпті. Ер Дәуіттің қалпағын, басын, иығын жаудың көзіне түсірмеу үшін Жаратушы иенің өзі жәрдем беріпті. Тас өз-өзінен ерігендей ойылып, Ер Дәуіт Ата оған жауырынын беріп отырып, кәпірлерден құтылып, аман қалыпты. Сол себептен де халық Қалпақ тасты паналау тасы деп те атайды.

2. Ер Дәуіт Атаның үш Қорған тасы

Ер Дәуіт Ата қадамжайына зиярат еткен жан Қалпақ тастан кейін оның жоғарғы биігіндегі қатар тұрған Үлкен Қорған, Ортаңғы Қорған және Ішкі Қорған деген үш үлкен-үлкен жақпар тастарға келеді. Бұл тастардың да өзіндік құпия-сырлары бары анық. Содан соң сәл жоғарыға көтерілсең, Ер Дәуіт Атаның киелі Бедел тасы көзге шалынады. Бұл тас – алпыс жастан асқанша қарапайым ғана ғұмыр кешкен Атаның кейінгі уақытта ғана ілім-білім жолына түсіп, жоғары керемет қасиеттерге жетіп, кемелденгенін, беделінің көтерілгенін еске салып тұрғандай. Жалпы Ер Дәуіт Ата екі адамның ғұмырындай, 200 жылдан аса ғұмыр кешкен екен.

3. Ер Дәуіт Атаның Тесік тасы

Түркістан (Оңтүстік) өңірінде ұлық әзіз әулиелер қоныс тұрағы еткен жайлардың бірқатарында киелі Тесік тас әулие бар. Ер Дәуіт Атаның қасиетті қадамжайында да зиярат етушілер өтетін Тесік тас кездеседі. Одан өтуге ниет еткен жан бір сәт өзінің өткен өміріне сын көзбен қарап, кімге жақсылық, кімге жаманшылық жасағанын ой сүзгісінен өткізіп, сараптап алады. Жасаған күнәлі істері үшін іштей Аллаһ Табарака уа Тағаладан кешірім сұрайды. Осылай шүкіршілік еткен, тобаға келген адамзат баласы Тесік тас әулиеден еркін түрде жеп-жеңіл, оңай өтіп кетеді екен. Ал жасаған жаманшылық істерін іштей мойындамаған, Құдайдан кешірім сұрамаған, шүкіршілік жасамаған жан Тесік тастың қуысына келгенде өз-өзінен қысылатын көрінеді. Әулие тас оны қысып қалғандай әсер қалдырады. Халық арасында осындай түсінік, наным-сенім бар.

4. Ер Дәуіт Атаның Бесік тасы

Ер Дәуіт Атаның Бесік тасының өзіндік керемет қасиеті бар. Оған жантайсаң, тұрғың келмей балбырап рахат күй кешесің. Жалған дүниеде жасаған күнәларыңның барлығы төгілгендей, ауырлығыңның бәрін алып қалғандай жеңіл сезінесің. Оған жатқан адамда бел ауру, аяқ ауру болмайды. Бел ауруың да, аяқ ауруың да қояды екен. Халық Бесік тастың осындай кереметі күшті деп әспеттейді.

Қасиетті қадамжайдағы тастан табиғи түрде жасалған Бесікке көбінесе бала көтермеген, перзенті шетінеген әйелдер зиярат етеді. Олар Аллаһтан шапағат тілеп, бала беруін сұрап келеді.

Зиярат етушілер арасында үрім ұрпағының, бала-шағасының амандығын, өркендеп өсіп-өнгенін тілейтіндер де бар. Ер Дәуіт Атаның қасиеті мол, оның қадамжайына қандай ниетпен, не мақсатпен келсең, соған жетесің екен.

5. Ер Дәуіт Атаның Ұстахана үңгірі

Ер Дәуіт Атаның темір өңдейтін Ұстаханасы тастан ойып жасалған үңгірге ұқсайды. Һәзірет Ата кезінде осы арада балға мен төсін сайлап, мұсылман әскерлерінің қару-жарақтарын соққан екен. Қазір бұл үңгір зиярат етушілердің шырақ жағатын, тілек айтатын орынына айналыпты. Шектен тыс үлкен оттың жанған әсері болар, Ұстахана үңгірінің қабырғалары қап-қара күйе-күйе болып тұр.

Негізінде Һәзірет Дәуіт кәпірлермен көп ұрысқа түскен. Ер Дәуіт атанғанының бір сыры, оның ерлік, батырлық қасиеті танылған, жаужүрек ісі орын алған оқиғасы көп болса керек. Қарсыласының өте үлкен алып адамымен айқасып, оны шүбәсіз жеңгендіктен Ер атаныпты деген әңгіме де бар.

Бір жаугершілік болғанда, мұсылмандардың көпшілігі қырылып, опат тауыпты. Дәуіт Атаны кәпірлер қуып келе жатқанда, Сандық тау шоқысындағы осы үңгірге жасырынып, аман қалыпты. Содан көп уақыт бойы осы араны паналап жүріпті. Кейін үңгір оның Ұстаханасына айналыпты.

6. Ер Дәуіт Атаның Тақ орыны

Ер Дәуіт Ата Ұстаханасының алдында Тағы, дем алатын орыны бар. Һәзіреттің өзі кезінде сол Тағына жайғасып алып, жан-жаққа қарап отырыпты. Кәпірлерді Сандық тау шоқысының осы биіктеу қия беткейінен бақылапты. Бір жағында, сәл ұзақтау жерде Нұһ пайғамбардың кемесі қалған делінетін қасиетті Қазығұрт тауы кешеніне қатысы бар, соның жеті серігінің бірі болып саналатын Қыңырақ шоқысы және екінші жағында ғасырлар қойнауындағы тарихи оқиғаларға куә, аңыз әпсаналарға арқау болған Жаушоқы төбесі (Тақия төбе) таяу маңайында орын тепкен, осы екеуінің аралығында көзге шалынған Сандық тау шоқысының сырын әбден алып, осында мәңгі тұрақтаған Ер Дәуіт Ата құладүз далада қаншама рет жейтін тамақ болмай аш қалса да, жоқшылықтың азабын тартса да, кәпірлерге еш сыр бермепті. Аллаһға аманатын тапсыруға, қашан болса да жанын алғанына дайын болып, тек оған мақтаулы мадақ сөзін айтып, бар ауырлық пен қиыншылыққа шыдамдылықпен төзіпті. Тақ орнында тапжылмай нық отырыпты.

7. Ер Дәуіт Атаның Түйе тасы мен Ботасы

Ер Дәуіт Атаның Ұстаханасы мен Тағынан сәл төмен түскенде Түйе тасы мен Ботасына кезігесің.

Өзінің уақытында Һәзіреттің желмаядай желіп жүретін түйесі болыпты. Бұл жерлерде жарықтық Ата сол түйесіне мініп жүрген екен. Бір күндері түйесі боталапты. Содан Сандық тау шоқысынан ешқайда шыға алмай, жіпсіз байланыпты. Құладүз далада жейтін тамақ таусылып, аш қалыпты. Ақырында өзінің бақилыққа аттанатын күні таяу қалғанын анық сезіпті. Содан: «Е-е, Құдайым, бұдан гөрі, мені бұлай қор қылғанша ала қойсаң болмай ма? Тас болып қатып қалайын, өз құзырыңа барайын, бар тілегім осы», – деп мойынсұныпты. Шын тілеген соң Құдай Табарака уа Тағала оның жанын алыпты. Сөйтіп, өзі де, түйесі де, ботасы да тас болып қатып қалыпты.

8. Ер Дәуіт Атаның Жауырын тасы мен Төсі

Сандық тау шоқысының қия беткейіндегі қасиетті қадамжайда сәл әрігеректе Ер Дәуіт Атаның Жауырын тасы қыбылаға қарап тұр. Оған зиярат етушілер өз жауырындарын төсейді. Тастың емдік қасиеті бар делінеді.

Жауырын тасқа жақын жерде Ер Дәуіт Атаның темірді өңдейтін, тасқа айналып қалған киелі Төсі жатыр.

Ер Дәуіт Атаның бір кереметі, ол от жақпай-ақ темірді пісіреді екен. Қып-қызыл болып піскен темірді жалаңаш қолымен ұстап ие берген көрінеді. Жоғары дәрежедегі ыстыққа, қызған темірге алақаны еш күймепті.

Қазақ шаңырақтарының көпшілігінде ертеректе қазіргі кішкене балғаға лайықты шағын ғана темір төс болатын. Кейбір үйлерде ол әлі де кездеседі. Ер Дәуіт Атаның балғасы сондай алып, әрі салмақты болыпты, ал Төсі қара мал торпағының көлеміндей үлкен болғаны көрініп тұр.

9. Ер Дәуіт Ата қадамжайындағы соңғы орын

Сандық тау шоқысындағы қасиетті қадамжайдың ең соңы – Ер Дәуіт Атаның дем алатын орынымен тәмамдалады. Тасқа айналып қалған орындық көз алдыңа қазіргі креслоны елестетеді. Бірақ көлемі бір емес, екі-үш креслоның көлеміндей үлкен екені байқалады.

Орындық тастан соң автокөліктің түрлі темір-терсегіне кезігесің. Бұл жерде қазақ атамның ырым-жоралғылары орын алған. Темірдің пірі – Һәзірет Дәуітті естен шығармаған көлік жүргізушілер шүкіршілік жасап, бәлекеттен қақпайлап жүрсін деген ниетпен осында бір затын қалдырып кетеді. Көлігі жоқ кісілер ырымдап сол заттардың бірін алады: «Мен де көлікті болайын», – деген тілекпен.

Кейбір жүргізушілер бір затын тастап, осындағы басқа бір затты алып кетіп жатады. Көлікке аяқ артқан әрбір адамзат баласы жолын адал ұстағаны, ұсталық пен темірдің пірі – Ер Дәуіт Атаны ұмытпағаны ләзім.

(Айтушылары: Ұлбосын Көшімқызы, Гүлнар Жантөреқызы және Сейсенбай Ахметұлы Егембердиев. Ер Дәуіт Ата қадамжай орнына қатысты аңыз әңгімелерді, мәліметтерді хатқа түсірген: Құралбек Ергөбеков)

---

Source: [https://yvision.kz/post/er-d-uit-ata-ulie-psanalary-973760](https://yvision.kz/post/er-d-uit-ata-ulie-psanalary-973760)