---
title: "Елімізде жасанды интеллект арқылы оқыту жүйесіне 100 грант бөлінді"
description: "Еліміздің студенттері енді Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университетінде жасанды интеллект арқылы Қызылордада отырып оқи алады...."
author: "orazali"
published: "2024-07-10T06:31:58+00:00"
modified: "2024-07-10T06:31:58+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/elimizde-zhasandy-intellekt-ar-yly-o-ytu-zh-yesine-100-grant-b-lindi-1006351"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/elimizde-zhasandy-intellekt-ar-yly-o-ytu-zh-yesine-100-grant-b-lindi-1006351/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Елімізде жасанды интеллект арқылы оқыту жүйесіне 100 грант бөлінді

> Еліміздің студенттері енді Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университетінде жасанды интеллект арқылы Қызылордада отырып оқи алады....

*Еліміздің студенттері енді Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университетінде жасанды интеллект арқылы Қызылордада отырып оқи алады. Бұл үшін Қорқыт Ата университеті аталған оңтүстіккореялық оқу орнымен бірлесіп Жасанды интеллект институтын құрды.*

![](https://storage.yvision.kz/images/user/577776/2cdf1293fd60f83b1c0812d51f5cf118.jpg?width=1280&height=853)

Қазір онда информатика, ақпараттық жүйелер, киберқауіпсіздік, компьютерлік бағдарламалау бағыттары бойынша қабылдау жүріп жатыр. Ғылым және жоғары білім министрлігі осы мақсатқа 100 грант бөлген.

«Бұл өз кезегінде біздің білім алушыларымызға Сеул ұлттық ғылым және технология университетінің ең мықты деген жасанды интеллект бағдарламалары арқылы мықты профессорлардан тәлім алуына мүмкіндік береді», – дейді Жасанды интеллект институтының директоры Нұрлан Құлмырзаев [Jibek Joly](https://jjtv.kz/kk) телеарнасына берген сұхбатында.

Бұл институтқа түскісі келетіндер қазірден-ақ талаптануға көшкен.

«Мен биыл мектеп бітірдім. Математика, информатика пәндерін таңдаған едім. Қорқыт ата университетінің жанынан құрылған Жасанды интеллект институтына оқуға түскім келеді. ІТ саласының болашағы зор. Сондықтан осы мамандықты таңдадым», – дейді талапкер Тимур Жусаруб.

Енді қызылордалық ЖОО оқытушылары жасанды интеллект арқылы оқыту әдістерін де меңгеріп жатыр. Олар аталған иниститутта біліктіліктерін арттыруда.

Айта кетейік, мұндай мүмкіндікке Корея Республикасының президенті Юн Сок Ёльдің өткен айдағы Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген еді. Сол кезде Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университеті мен Қызылорда университеті арасында арнайы келісім бекітілді.

**Дереккөз: **[Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті](https://www.facebook.com/QorqytAta/)

---

Source: [https://yvision.kz/post/elimizde-zhasandy-intellekt-ar-yly-o-ytu-zh-yesine-100-grant-b-lindi-1006351](https://yvision.kz/post/elimizde-zhasandy-intellekt-ar-yly-o-ytu-zh-yesine-100-grant-b-lindi-1006351)