---
title: "ЕЛДЕГІ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ МЕ?"
description: "«Хабар» арнасында жақында ғана өткен Bilim ток-шоуында еліміздегі жоғары оқу орындарының бәсекеге қа..."
author: "MON_RK"
published: "2017-11-17T03:09:00+00:00"
modified: "2017-11-17T03:09:36+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/eldegi-zho-ary-o-u-oryndary-b-sekege-abiletti-me-782104"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/eldegi-zho-ary-o-u-oryndary-b-sekege-abiletti-me-782104/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# ЕЛДЕГІ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ МЕ?

> «Хабар» арнасында жақында ғана өткен Bilim ток-шоуында еліміздегі жоғары оқу орындарының бәсекеге қа...

«Хабар» арнасында жақында ғана өткен Bilim ток-шоуында еліміздегі жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігі жайлы сөз болды.

«Тірі болсам халқыма қызмет етпей қоймаймын», – дегенді өткен ғасырдың басында Алаш қозғалысының жетекшісі, қоғам қайраткері, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов айтып кеткен. Елдің болашағы үшін президент Нұрсұлтан Назарбаев та аз еңбек сіңіріп жатқан жоқ. Елбасы болашақтың кілті бәсекеге қабілетті, сапалы білімде екенін үнемі айтып келеді. «Қазір білекке сенетін емес, білімге сенетін заман», – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұл бәсекеде оқу орындарының алар орны жоғары. Біздің университеттер заманауи, жаһанданған әлемнің талаптарына сай білімді түлек дайындай алады ма? Осы сауалға Bilim ток-шоуына қатысқан қонақтар мен сарапшылар жауап іздеп көрді.

**САН АРТЫ. САПА ШЕ?**

Біздің қоғамда жоғары білімге деген көзқарас әрқилы. Бір жағынан, мәртебесі жоғары. Мектепті үздік бітірген бозбалалар мен бойжеткендер жоғары оқу орнына түсуге талпынады. Екінші жағынан, көпшіліктің арасында диплом – жоғары оқуға түсудегі басты мақсат қана. «Көкқағазды» көрген жұмыс беруші түлекке құшағын айқара ашатындай көрінеді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап 2,7 миллион қазақстандық жоғары білімге қол жеткізіпті. 1991 жылы біздің жоғары оқу орындарымыздың дипломы 42 мың студентке тапсырылса, 25 жыл өткен соң 2015 жылы бұл көрсеткіш 142 мыңға дейін өскен.

**ДИПЛОМЫ БАР. БІРАҚ, ЖҰМЫССЫЗ**

Жоғары білімге сұраныстың төмендеуін еңбек нарығына көз жүгіртіп түсінуге болады. 448 мың жұмыссыздың 30 мыңы – жоғары оқу орнының дипломына қол жеткізген жас мамандар.

Жұмыс берушілер тәжірибесі жоқ, сапалы білім алмағаны да көрініп тұрған жас маманды қызметке қабылдағысы келмейді. Сарапшылардың айтуынша, еліміз 2010 жылы қосылған Болон процесі жоғары білім сапасын жайлап болса да көтеруге септесіп келеді. Бұл процесс Еуропа жоғары оқу орындарын жақындатып, оларды жалпыға ортақ стандартқа түсіруді көздейді. Студенттердің тәжірибе жинау жайы сөз болғанда, болашақта бұл мәселені дуальды білім беру жүйесі шешеді деген сенім бар. Бірақ әзірге ЖОО түлектерінің білім сапасы көңіл көншітерлік емес. «Дипломды заңгер мен экономист көп. Бірақ олардың ішінде біліктісін шаммен іздеп таба алмайсың», – дейді ток-шоуға қатысқан Жангелді Шымшықов.

Елімізде шамамен 130 ЖОО болса, оның тоғызына ұлттық деген мәртебе берілген. Оның ішінде елуі ғана мемлекеттік. Сонымен қатар жекеменшік жоғары оқу орнында да мемлекеттік грантпен білім алуға болады. Біздің министрліктің мәліметі бойынша, негізінен жаратылыстану бағытындағы пәндер қаржыландырылады.

**ШЕТ ЕЛДЕ ОҚУ ЖАЙЛЫ**

Елдегі осы жағдай жастарды шет елден білім іздеуге итермелейді. «Болшақ» бағдарламасының түлегі Тұрсынгүл Қабиева да дәл осы жолды таңдаған. Бакалавр дәрежесіне Қазақстанда қол жеткізген соң магистратураны шет елде жалғастырмақ болды. Шет елде білім алуға бел буу себебі көп. Ол тек білім сапасына ғана қатысты емес. Ток-шоуға келгендердің айтуынша, дамыған елдерде студенттің ғылыммен емін-еркін айналысуына барлық жағдай жасалған. Ол жақта күнімді қайтып көремін деген ойға бас қатырмайды. Егер шет елде сапалы білім алған маман қайтып оралып, ел үшін қызмет етсе құба-құп. Бірақ «тауда жүріп таста өскендердің» көпшілігі жат жердің ғылымына үлес қосып, тұрақтап қалатыны жасырын емес.

Бір жағынан, 2011-2014 жылдар аралығында біздің елде білім алған шет елдік студенттер саны өсіп, 10 мыңға дейін жеткен. Көпшілігі Корея, Ауған, Иран мен Қытай елінен келгендер. Оларға біздің елдің білім сапасы ұнайды. Сондай-ақ, елдегі оқу ақысының төмендігі де қызықтыруы мүмкін. Bilim ток-шоуының эфирінде Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің докторантурасында оқитын корей қызы Чу Ян Минг еліміздегі білім саласы туралы оң пікір білдірді. Тіпті тілдік кедергі де жоқ. Бірнеше жылдың ішінде бойжеткен қазақша жақсы түсінісіп, тілдесетін деңгейге жеткен.

Жоғары оқу орнының бәсекеге қабілеттілігі түрлі критерийлер жиынтығынан тұрады. АҚШ үшін маңызды көрсеткіш – студенттің диплом алғаннан кейінгі 5 жыл ішіндегі жалақысы. Маман қаншалықты жоғары жалақы алса, бітірген оқу орнының да деңгейі соншалықты жоғары саналады. Ендеше, біздің елдегі білім саласы бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеу үшін түлектердің табысы шет елдік әріптестерімен теңесуі керек. Ал бұл жолда қазақстандық жоғары оқу орындарына соңғы жылдағы жетістіктеріне қарамастан, әлі де үйренер тұс көп.

---

Source: [https://yvision.kz/post/eldegi-zho-ary-o-u-oryndary-b-sekege-abiletti-me-782104](https://yvision.kz/post/eldegi-zho-ary-o-u-oryndary-b-sekege-abiletti-me-782104)