---
title: "ЕЛБАСЫНЫҢ ЖАСТАРҒА ДЕГЕН СЕНІМІ - БІЗДІ ЖІГЕРЛЕНДІРЕДІ!"
description: "Ашықтық пен есептілік қағидаттарын басшылықта ұстаған съезге партияның орталық және жергілікті орган..."
author: "userfacebook435403300954964"
published: "2020-11-27T03:21:34+00:00"
modified: "2020-11-27T03:21:34+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/elbasyny-zhastar-a-degen-senimi-bizdi-zhigerlendiredi-880443"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/elbasyny-zhastar-a-degen-senimi-bizdi-zhigerlendiredi-880443/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# ЕЛБАСЫНЫҢ ЖАСТАРҒА ДЕГЕН СЕНІМІ - БІЗДІ ЖІГЕРЛЕНДІРЕДІ!

> Ашықтық пен есептілік қағидаттарын басшылықта ұстаған съезге партияның орталық және жергілікті орган...

Ашықтық пен есептілік қағидаттарын басшылықта ұстаған съезге партияның орталық және жергілікті органдарының басшылары, депутаттар, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мен журналистер қатысты.

"Партияның кезектен тыс XX съезін ашық деп жариялаймын. Қазақта жүре берсең, көре бересің деген сөз бар. Мінеки, съезді қашықтан өткізуге мәжбүр болып отырмыз. Осындай заманға тап келдік. Бұл да өміріміздің бір саласы, есте қалады. Аманшылық болса, талай бірге кездесіп, шүйіркелесіп, жүздесіп, құшақтасатын боламыз. Сол күнге тезірек жеткізсін", – деді Назарбаев съездің ашылуында. Иә, расымен, жаңа Парламентті өте күрделі кезде жұмыс істейтін уақыт күтіп тұр. Коронавирустық дағдарыс бүкіл әлемдегі экономикалық проблемаларды ушықтырды. Тіпті алпауыт елдер де азаматтардың табысын төмендету және жұмыссыздықтың өсуі бойынша елеулі қиындықтарға тап болды. Әйтсе де, пандемия мен күрделі экономикалық ахуалға қарамастан, партия белсенді жұмыс жүргізе отырып, өзінің барлық әлеуметтік сайлауалды міндеттемелерін орындады және сайлаушылардың сенімін нығайта білді.

Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет өткізілген праймериз аға буын мен жас толқынның санасына қозғау салды. "Nur Otan" партиясының ішкі іріктеуіне 4981 мүшесі бар Сарыағаш ауданы да белсенді қатысты. Праймеризге қатысуға 104 адам өтініш білдіріп, отбасылық және денсаулығына байланысты 9 үміткер қатысудан бас тартты. Жалпы 95 үміткер бағын сынады. Олар бастауыш партия ұйымдарында өздерінің сайлау алды бағдарламаларын таныстырып, әр ауылдық округтерінде 19 топқа бөлінді. Жария пікір сайысқа қатысты, сақтық шараларын сақтай отырып үгіт-насихат жұмыстарын өткізді.

Айта кетсек, 10-17 қараша аралығында аудандық, қалалық, облыстық конференцияларда барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына партиялық тізім бекітіліп, тиісті бағдарламалар қабылданды.

Партия уәде еткен жүйелі жаңғыруды жүргізді. Ол сайлауға дайындықпен, жаңа тұлғаларды қосып, нақты бағдарламасын әзірлеп қатысады. Бізде сайлаушыларға еліміз бен аймақтарды дамыту бойынша нақты ұсыныстар бар. Алғаш рет әрбір аудан, қала, облыс үшін жекеленген 216 бағдарлама әзірленді.

Осы орайда елбасының жастарға сенім артатыны кеудемде қуаныш ұялатады. Елбасымыздың: «Мен сіздер, бүгінгі жастар ерекше ұрпақ екендеріңізді қайталаудан жалықпаймын. Сіздер тәуелсіз Қазақстанда өмірге келдіңіздер және сонда ержетіп келесіздер. Сіздердің жастық шақтарыңыздың уақыты – біздің еліміздің көтерілу және гүлдену уақыты. Сіздер осы жетістіктер рухын және табысқа деген ұмтылушылықты бойларыңызға сіңірдіңдер», - деген сөзі мемлекет пен ұлт болашағы жастар болашағымен тікелей байланысты екендігін айқындайды.

Алдағы уақытта тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыру - біздің қолымызда, яғни болашағымыз - жастардың жауапкершілігінде. Сондықтан жастар қауымы уақыттың кез - келген сынағына дайын болып, бәсекеге төтеп беруі керек. Санасы сергек, замандық технологияларды меңгерген жастарымыздың нағыз патриоттары ғана осындай сынақтардан сүрінбей өте алады деген ойдамын.

Қанат ИМАТОВ,

Праймериз жеңімпазы,

"Жастар ресурстық орталығы" КММ басшысы.

---

Source: [https://yvision.kz/post/elbasyny-zhastar-a-degen-senimi-bizdi-zhigerlendiredi-880443](https://yvision.kz/post/elbasyny-zhastar-a-degen-senimi-bizdi-zhigerlendiredi-880443)