---
title: "ЕҢ БАСТЫСЫ — БАЛАНЫҢ ЖАЙЫ"
description: "Бала үшін барлық жағдай жасалуы керек. Бұл – ағылшын тілін баса оқытатын екі бірдей жекеменшік балаб..."
author: "MON_RK"
published: "2017-07-11T13:43:54+00:00"
modified: "2017-07-11T13:43:54+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/e-bastysy-balany-zhayy-772736"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/e-bastysy-balany-zhayy-772736/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# ЕҢ БАСТЫСЫ — БАЛАНЫҢ ЖАЙЫ

> Бала үшін барлық жағдай жасалуы керек. Бұл – ағылшын тілін баса оқытатын екі бірдей жекеменшік балаб...

Бала үшін барлық жағдай жасалуы керек. Бұл – ағылшын тілін баса оқытатын екі бірдей жекеменшік балабақша ашқан Гүлнара Ғалиасқарованың пікірі.Еліміздің барлық балаларына мектепке дейінгі білімді қолжетімді ету – біздің министрліктің алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Осыған орай, 2020 жылға дейін 230 мың орынға арнап 2,2 мың балабақша ашу керек. Жекеменшік кәсіпкерлер мемлекетке қолдау көрсетіп отырады, олардың жетістіктері жайлы блогымыздың парақшасында жүйелі түрде жазып отырамыз ([https://yvision.kz/post/725390](https://yvision.kz/post/725390)). «Балапан» мемлекеттік бағдарламасының арқасында баланы жекеменшік бақшаға беру – қарапайым халық үшін қазір арман емес. Біздің кейіпкеріміз Гүлнара Шаймұратқызы мемлекеттік балалар бақшасында 25 жыл меңгеруші болып еңбек еткен. 10 жыл бұрын, 2007 жылы алғашқы балалар бақшасын ашқан ол, 2014 жылы екінші мекемесінің есігінен сәбилерді күтіп алды. «Болашақ» балабақшалары лингвистикалық бағытта білім береді. Екеуі де Астанада орын тепкен. Екеуінде де 6 топтан 140 бала тәрбиеленеді. Балалардың барлығы бұл жерге «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы арқылы орналасқан.

С.: Сіздің балабақшаңыздың ерекшелігі – ағылшын тіліне баса мән беретіндігінде. Бұл ой сізге қалай келді? Неге дәл лингвистикалық бағытты таңдадыңыздар?

Г.: Мен мемлекеттік балабақшада меңгеруші болып жұмыс істеп жүрген кезімде-ақ мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне ағылшын тілін енгізуге тырысқанмын. Бұл баяғыда еді. Бұл арманыма тек жекеменшік балабақша ашқан соң ғана қол жеткіздім. Үш тілде білім беру бағдарламасының енгізілуі де түрткі болды. Оның үстіне мен ата-аналарды қызықтырудың тың әдісін табуым керек еді. Себебі ол кезде көпшілік жекеменшік балабақшаға аса сенім білдіре қоймайтын.

Мен саналы ғұмырымды балабақша тәрбиесіне арнаған адаммын. Білім беру ісінің үздігімін. Яғни тұла бойым, миым, жүрегім түгел мектепке дейінгі білім мекемесінің өміріне «сіңіп» кеткен. Сабақтардың дені қазақ тілінде өтеді. Ал күнделікті түстен кейін мектепке дейінгі білім беру әдістемесін білетін ағылшын тілінің мұғалімі жұмысына кіріседі.

С.: Қызметкерлерді қалай таңдайсыз, жұмысқа тұрам деушілерге қоятын қандай да бір талаптарыңыз бар ма?

Г.: Менімен қызметтес болған мамандардың көпшілігі бұрын мемлекеттік балабақшада бірге істеген әріптестерім. Қазіргі кезде бізде 30 адам жұмыс істейді. Атап айтқанда: хореограф, музыка маманы, арнайы білімі бар тәрбиешілер немесе дәл осы мектепке дейінгі білім беру саласы бойынша курстан өткен мамандар. Негізінен бірінші немесе жоғары санатты қызметкерлер істейді. Тіпті ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалімдердің өзі міндетті түрде тәрбиешілер курсынан өтеді. Егер алдыма келген адам балажан екенін, балаларды жақсы көретін, әрі талантты екенін байқасам – жұмысқа алу керектігін ұғамын.

С.: Сіздің бақшаларыңыз мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Мемлекет тарапынан тапсырыс бойынша жұмыс істеу идеясы сіздің қолайыңызға жаға ма?

Г.: Бұл бағдарлама жүзеге асырыла бастаған алғашқы күннен бастап осы «Балапан» аясында жұмыс істеп келеміз. Әр бақшада 70 баладан бар. Олардың барлығы мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Ата-аналар айына 20 800 теңге төлейді, мемлекет 23 000 теңгесін құяды. «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы аясында тапсырыс алу идеясы жақсы жолға қойылған. Толық ақыны ата-аналардан алатын болсақ – екінің бірінің қалтасы көтере алмас еді. Ал қазір мемлекеттік тапсырысты алып тастар болсақ, бірталай жекеменшік балабақшалар жабылып қалар еді.

С.: Сіздердің балабақшаларыңыз тұрғын үйлердің астыңғы қабаттарында орналасқан. Осыған байланысты санитарлық талаптар бойынша ешқандай кедергі болған жоқ па?

Г.: Санитарлық нормалар талабы жекеменшік балабақшалардың барлығына қатысты. Себебі талап мемлекеттік балабақшалармен бірдей қойылады. Дей тұрғанмен, бізге тек арнайы салынған ғимаратқа ғана емес, осындай тұрғын үйлердің бірінші қабаттарынан ашылуға да рұқсат берілген. Сондықтан да жатын бөлме аумағы жайлы талап бойынша бізге жиі айыппұл салады. Орын тарлау болатыны рас. Арнайы талап бар. Ол орындалуы керек. Мен мұнымен келісемін. Дегенмен, кейде сол талапқа сай келу үшін аз ғана шаршы метр жетпей қалып жатады. Осындайда тексерушілерге балалар түгелдей бір мезгілде бақшаға келмейтіндігін, барлығының басы қосылатын шақ тек жаңа жыл мен 8 наурыз мерекесінде ғана екендігін түсіндіруге тырысасың. Осындай шағымдарымызды тыңдағанда «иә, ескереміз»,- дейді. Бірақ талаптың өзгерер түрі көрінбейді.

С.: Сіздер e-astana электронды жүйесімен жұмыс істейсіздер. Сайт арқылы жазылу ерекшелігі туралы не айтасыз?

Г.: Жалпы, менің балабақшамда орын толмай қалу болып көрмеген. Біздің қалай жұмыс істейтінімізді жұрт біліп отыр. Е-astana сайты арқылы электронды кілтпен кіріп, менің балабақшама жолдама алады. Барлығы электронды түрде, жариялы. Қалай дегенмен де, егер бақша іздеп, таңдап жүрген болсаңыз, алдымен келіп, көзбен көру керек деп ойлаймын.

С.: Мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру саласында тексерулер көп деп есептемейсіз бе?

Г.: Менің ойымша, қанша тексеру болса да артық емес. Себебі бұл - сәбилермен жұмыс істейтін сала. Мені мемлекеттік дотацияға өтінім берген балалар бақшасы жобасын тексеруге арналған комиссия құрамына жиі шақырады. Мысалы, өткен жылы 10 балабақша өтінім берсе, оның тең жартысы тиісті талаптарды сақтай алмай отырғанын көрдім.

С.: Өзінің жекеменшік балалар бақшасын ашпақ болған кәсіпкерлерге қандай ақыл айтар едіңіз?

Г.: Барлық болашақ кәсіпкерлерге айтарым – санитарлық жағдайға баса назар аударып, маман таңдауға мән беріңіздер. Білесіз бе, бұл жұмыстың ерекшелігін білмей жатып, мектепке дейінгі тәрбие мекемесін ашатын адамдар болады. Мені бұл қатты қынжылтады. Себебі бұл бизнес – өте күрделі де жауапты іс. Біздің қолымызда балалардың өмірі мен денсаулығы десек те болады.

С.: Жұмысыңыздың қиындығы неде дер едіңіз?

Г.: Алғашқы екі жылда ақы-пұлсыз жұмыс істегенімізді жасырмаймын. Бар тапқанымды бақшаға қайта әкеп салатынмын. Сүйген кәсібімді пайданың көзіне айналдыруға дәтім жетпей жүрді. Тіпті түнімен жастығымды жасқа шылап, бұл саладан кетуге бел буған күндерім де болды. Ондай кездерде менен кәсіпкер шықпайды деген ойға келетінмін.

Қазір де мен үшін нағыз кәсіпкерше ойлау - қиынның қиыны. Мысалы мен жақсы жұмыс істеген жанды қосымша ақымен көтермелеп отырғанды жақсы көремін. Тек осылайша ғана жақсы маманды ұстап қалуға болады. Шамасы мен пайданы бірінші орынға қоятын бизнестің ханшайымына айнала алмағанмын-ау. Алдымда жұмыс істеп жүрген жандардың обал-сауабы мойнымда деп түсінемін.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/4zG92jfO75mUBRIbnGBabrLbG5M14m.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/ABzEgw79447fB6esN9zIT0OB8loeOZ.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/59BQ54C1VhIvBBM2jM6vPXl2kVfyHo.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/8S456pcLjbXc5o1j4XiqyF18ujv14S.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/J5i3z95ly0sL1SqVX7YchM47Y4OD5x.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/01H3uTv0sDwl6F863DxtNTgBh6HVn9.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/MJLvEuSq43Osb1FKlFZWN9DPeNUMOq.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/C92APRUK0ClH3GoO68ea5eP7771k3d.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/post/e-bastysy-balany-zhayy-772736](https://yvision.kz/post/e-bastysy-balany-zhayy-772736)