---
title: "Должно ли Рождество быть государственным праздником?"
description: "Кеше христиандар өздерінің мерекесін тойлады деп түсіндім. Жаңа фэйсбукқа кірсем, Мұхтар Тайжан хрис..."
author: "mahambet2017"
published: "2015-01-07T13:45:32+00:00"
modified: "2015-01-07T13:49:28+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/dolzhno-li-rozhdestvo-byt-gosudarstvennym-prazdnikom-457291"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/dolzhno-li-rozhdestvo-byt-gosudarstvennym-prazdnikom-457291/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Должно ли Рождество быть государственным праздником?

> Кеше христиандар өздерінің мерекесін тойлады деп түсіндім. Жаңа фэйсбукқа кірсем, Мұхтар Тайжан хрис...

Кеше христиандар өздерінің мерекесін тойлады деп түсіндім. Жаңа фэйсбукқа кірсем, Мұхтар Тайжан христиандар мерекесі бізге ондай мемлекеттік мереке керек пе деп сұрақ қойып жатыр. Мен бұл тақырыптан қалыс қалмай, бірнеше ай бұрын осы тақырыпқа жақын сұрақты Дін істері жөніндегі агенттігіне қойдым, алайда жауап алмадым. Кейін Мұқашев мырза интернетте конференция өткізіп, бұл сұрағыма жауап берді.

Сол интернет-конференциядағы сұрақтарыма берген жауаптары жайлы материал жазып, жорналға жіберген болатынмын, алайда ол мақала жарыққа шықпады. Ювижнде басайын деп шештім. Оқыңыздар, пікірлеріңізді қалдырыңыздар, жолдастар мен мырзалар, ханымдар.

 

**АМАНБЕК МҰҚАШЕВ:** **«ШЫН ТАЗА ДІНДАР АЗАМАТТАР, ҚАЙ ДІНДІ ҰСТАНБАСЫН** **ОТАНШЫЛ КЕЛЕДІ, МЕМЛЕКЕТКЕ ҚҰРМЕТПЕН ҚАРАЙДЫ»**

![Должно ли Рождество быть государственным праздником?](https://storage.yvision.kz/images/user/mahambet2017/5loLxAN2U43n8a207N3GPr95VGQnDr.jpg)

Әлеуметтік желілерді пайдалану қазіргі заманның талабы екенін түсінген мемлекеттік органдар соларды пайдалана бастаған сияқты. Бұрын фэйсбукты «дәстүрлі емес» дін өкілдері ғана пайдаланса, биыл осы желіге дін істері жөніндегі мемлекеттік ұйымдар да келе бастады. Жақында фэйсбукта «Қазақстан дінтанушылары» тобы ашылып, топта көбіне ислам мәселесін зерттейтін дінтанушылардың пікірлері шаға бастады. Алғаш рет осы топта дін мәселесіне байланысты интернет- конференция да өтті. Орысша мен қазақша қойылған сұрақтарға жауап жедел берілмеді. Алайда уақыт өтсе де, барлық сұрақтарға жауап келді. Біз ұзақ уақыт бойы Дін агенттігінің басшыларынан сұһбат ала алмай, кейін агенттіктің баспасөз қызметінен сұрақтарымызға жауап алсақ та, жауаптардың иесі болмағасын, жорналымызға ақпаратты шағармаймыз деп шештік. Бірақ интернет-конференцияға қатысып, барлық сұрағымызға жауап берген Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының бас сарапшысы Аманбек МҰҚАШЕВ ағамыздың пікірі оқырманымызға қызық болады деп, интернет-сұһбатымызды басып отырмыз. Қазақстанда 10 астам дәстүрлі дін бар, екеуінің рухани орны мойындалады

**- Аманбек Мұқашұлы, Қазақстанның дәстүрлі діндері ханафит** **мазһабындағы сунниттік ислам және Орыс православие шіркеуі деген** **екі дін саналады. Қандай критерийлер бойынша дәл осы екі дін дәстүрлі** **болып саналатын болды? Неге мемлекет құрушы титулдық этнос** **қазақтың діні ислам ғана дәстүрлі дін деп танылмады? Байырғы** **этностардың діні католицизм немесе басқа да діндер неге дәстүрлі деп танылмады?**

- Махамбет мырза, біріншіден, Сіздің бірден дін туралы сұрақтарды жаудырғаныңызға ризашылығымды білдіремін. Көп рахмет. Әрине, бірден 8 сұраққа жауап беру маған көптеу болып отыр, дегенмен, қысқаша жауап беруге тырысамын. Екіншіден, менің еліміздегі дін саласында біраз сұрақтар мен мәселелерді білетінім рас, бірақ, «менің білетінім - бір тоғыз, білмейтінім –тоқсан тоғыз» - дегендей, өте күрделі де нәзік сала дін саласындағы сұрақтарға қысқаша, ықшамдап жауап беруге дайынмын. Ең алдымен, Сіз айтқандай «Қазақстанның дәстүрлі діндері - екі дін» деп, саналмайды. Қазақстанда оннан астам дәстүрлі діндер бар: Мұсылмандардың дәстүрлі діні – ислам, орыс, беларус, украин халықтарының дәстүрлі діні – орыс православ шіркеуі, поляк, италиян халықтарының және көптеген европадағы ұлттардың дәстүрлі діні - католиктік дін, еврей халықтарының дәстүрлі діні – иудайзм, кәріс, қытай халықтарының діні – буддизм, даосизм және т.б. Бір сөзбен айтқанда, әр ұлт өкілдерінің өзіне тән, дәстүрлі діні болады. Біздің жаңа діни заңымызда көрсетілгендей, Қазақстанда «Ешбір дін мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбеген». Дегенмен, дін туралы Заңның кіріспесінде ханафи суниттері және православ христандарының рухани орны мойындалады.

***Хиджаб киюге тыйым салынбаған, бірақ ол қазақтың киімі емес***

**- Елімізде білім ұйымдарында хиджаб киюге тыйым салынды** **деген хабарлар бірнеше рет мәлім болған. Мектептерде, жоғары білім** **орындарында, мемлекеттік қызметте хиджаб киюге тыйым бар ма? Бар** **болса, конституциялық құқықтар шектеліп тұрған жоқ па?**

- Меніңше, қазіргі таңда елімізде хиджаб кию, ия кимеу туралы сұрақтар ашық, толық анықталған сияқты. Қазақстанда хиджаб киюге тыйым салынбаған. Ал хиджаб қазақ әйелдерінің, қазақ қыздарының ұлттық киімі емес қой. Хиджаб – араб мұсылман әйелдерінің ұлттық киімі. Араб елдерінің әйелдері «абайя» деген түрін киеді, Иран елінің қыз келіншектері «чадор» деген үлгісін бастарына киінеді. Ал біздегі етектеріне аяқтары шалынып, қара орамалмен тұмшаланған жас келіншектер, кейбір студент қыздар қандай ағымның жетегінде жүр екен, ия болмаса жәй «мода» деп, қара киініп жүр ме? Қазіргі кезде осыған көпшілік назар аудармайды, жарасымсыз, дәстүрімізге де қайшы. Қара киінсең кие бер дегендей, салғырттықпен қарайды. Жүрегінде иманын сақтап жүрсе, қазақтың орамалы да жетпей ме?

***Орыс епархияларынан қауіп жоқ***

**- Қазақстанда тұратын православиеліктер Мәскеу патриархатынан** **басқарылатыны мәлім. Украиналық Қырымды басып алуды қолдаған** **Мәскеу патриархатына қарайтын еліміздегі епархиялар Қазақстанның** **ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді дегенге не айта аласыз?**

- Қазақстандағы исламдық діни бірлестіктерден басқа, барлық діни бірлестіктердің орталықтары шет мемлекеттерде орналасқан. Дегенмен, олардың бәрінің мүшелері – қазақстандықтар, сондықтан олар қазақстандық діни бірлестіктер. Елімізде халықтың 23%-ы христиан дінін ұстанады. «Орыс епархияларынан қауіп төнеді» деген сөзге нануға болмайды, ондай әңгімені қою керек қой. Есіңізде болсын, шын таза діндар азаматтар, қай дінді ұстанбасын отаншыл келеді, мемлекетке құрметпен қарайды, билікке мойынсұнады. Меніңше, дінге терең, берік сенген адамның ойы түзу, сөзі түзу, ісі түзу болады

***«Сөздің көркі – мақал, ердің көркі – сақал»***

**- Ұзын сақал өсіріп жүретін азаматтарымызға министрліктің пікірі қандай?**

- Мен министрліктің атынан ешнәрсе айта алмаймын. Мен Сізге өзімнің пікірімді, білетінімді айтамын. Меніңше, әр жігіттің өз еркі – сақал өсіре ме, жоқ па? Иә, бүгінде мешіттер маңында ұзын қара сақал өсіріп, балағы шолтиған шалбар киген, өздерін нағыз «мұсылман – батыр», өзгені – «кәпір» санайтын жастар бар. Әрине, діни экстремистердің белгісі – тек сақал деп тануға болмайды. Біз «сөздің көркі - мақал, ердің көркі - сақал» деп, таныған қазақпыз ғой. Жігіттің сақалы өзіне жарасып тұрса дұрыс-ақ қой! Менде сақал жоқ

***Елімізде 19 экстремистік діни ұйымға тыйым салынды***

**- Қазақстанда қандай діндерге, діни ұйымдарға тыйым салынған?**

- Қазақстанда, Сіз айтқандай, ешқандай діндерге тыйым салынбаған. Ал экстремистік, террористік діни бағыттағы ұйымдарға, діни бірлестіктерге тыйым салынған. Қазіргі таңда, елімізде тыйым салынған ұйымдардың саны 19-ға жетті. Мысалы, 2004 жылы 15 қаңтарда және 2005 жылы 15 наурызда Жоғары сот шешімдерімен 11 террористік, экстремистік ұйымдарға тыйым салынды. Олардың ішінде – «Аль-Кайда», «Шығыс Түркістан», «Өзбекстанның исламдық қозғалыстары», «Талибан», «Боз гурд» сияқты Мысалы, «Боз гурд» («Сұр қасқыр») ұйымының мақсаты – Тұран ойпатында түркі халықтарының біртұтас мемлекетін құру. Кезінде, әлем жұртшылығын алаңдатқан, Рим Папасы Иоанн Павел екіншіге талтүсте оқ атқан Али Агджа – «Боз гурдтың» мүшесі болатын. Қазақстанда ашылып, жұмыс жасаған «Хизб-ут-Тахрир», «Халифат сарбаздары», «Таблиғи жамағат» секілді теріс ағымдағы ұйымдарға қазіргі таңда сот шешімімен тыйым салынған. Мысалы, «Сенім. Білім. Өмір» қоғамдық бірлестігі Қазақстан аумағында 10 жылға жуық ашық жұмыс жүргізген. Зікіршілердің «тақсыры», көсем – пірі Ысматулла Мақсұм мен белсенді ұстазы, Қазақ ұлттық техникалық университетінің бұрынғы профессоры Саят Ыбраев болған. 2011 жылы зікіршілердің 8 басшысын Алматы қалалық соты 2 жыл мен 14 жыл аралығында соттады.

**- Азаматтарымыздың шетелдік әскери дауларға қатысуын алдын** **алу үшін министрлік жағынан қандай қызмет атқарылуда?**

- Бұл сұрағыңызды Қорғаныс министрлігіне бергеніңіз жөн. Дін істері комитеті бұл мәселемен тікелей айналыспайды ғой.

***Зайырлы мемлекет белгілі бір дінге қолдау білдірмейді***

**- "Зайырлы мемлекет", "зайырлы қоғам", "зайырлылық" деген** **ұғымдарды қалай түсінуге болады?**

- Біздің Конституциямыздың 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады,...» - деп анық айтылған. Зайырлы мемлекет белгілі бір дінге қолдау білдірмейді, себебі дін мемлекеттен бөлек. Ал біздің бұрынғы 70 жыл жасаған Кеңестік мемлекетіміз – атеистік мемлекет, дінге қарсы, дінсіз мемлекет болды. Халықтың тарихи, рухани өмірінің негізіне айналған дәстүрлі діннің зайырлы мемлекеттің дамуына өлшеусіз үлес қосары анық. Өркениетті елдердің бәрі дінді құрметтейді. «Біздің мемлекетіміздің зайырлылық сипаты – бұл Қазақстанның табысты дамуының басты негізі. Осыны бүгін және келешек Қазақстандық саясаткерлер және барша Қазақстандықтар жете түсінгені абзал» - деді Президент Н.Ә. Назарбаев. Біздің «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңымыздың 3-бабында мемлекеттің зайырлылық сипаты толық көрсетілген.

- Жуырдағы үкіметтің реорганизациясының Дін істері агенттігіне салдары қандай болды?

- Ия, Президент Н. Ә. Назарбаевтың Жарлығымен Дін істері агенттігі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитеті болып қайта құрылды. Комитет төрағасы болып Шойкин Ғалым Нұрмағамбетұлы

Сұрақ қойған Махамбет АБЖАН

---

Source: [https://yvision.kz/post/dolzhno-li-rozhdestvo-byt-gosudarstvennym-prazdnikom-457291](https://yvision.kz/post/dolzhno-li-rozhdestvo-byt-gosudarstvennym-prazdnikom-457291)