---
title: "Дауылды күндер мен түндер"
description: "Бақытты балалылығымнан жасөспірім кезеңге аяқ басып келе жатқан шағым еді. Отбасының еркесі, сонымен..."
author: "AynRand"
published: "2016-07-25T08:50:17+00:00"
modified: "2016-07-25T08:50:17+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/dauyldy-k-nder-men-t-nder-703908"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/dauyldy-k-nder-men-t-nder-703908/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Дауылды күндер мен түндер

> Бақытты балалылығымнан жасөспірім кезеңге аяқ басып келе жатқан шағым еді. Отбасының еркесі, сонымен...

Бақытты балалылығымнан жасөспірім кезеңге аяқ басып келе жатқан шағым еді. Отбасының еркесі, сонымен қатар, тұғырын ұстар тіреуі болатынмын. Жасыма қарамастан өзімді ересек адамдай сезінетінмін. Менімен сөйлесіп отырған адам көп уақыт өтпей-ақ менің бала екенімді ұмытып кететін. Еркелетуге көне бермейтін, өзін ересек санайтын бала болғам. Еркелеп баратыным тек ағам. Ол маған әке орнына әке болып, мені төбесіне көтеріп жүретін. Әрдайым менің қиындықтарымды шешуге көмектесетін болады деп сенетінмін. Ол өмірден өтеді деген ой ешқашан келмейтін, тіпті күндердің бір күні қартаяды дегенде ой болмайтын. Аңқау бала болған екенмін. Өмірдің қаталдығын білмейтін, тек махаббаттан тұратын ғажайып әлемге сенетін қиялшыл қыз. Ағамның аяқ асты опат болуы, мені өмірдің шындығымен бетпе-бет соқтыртты. Сонда жасым небәрі он бірде. Он бір жасар бала не түсінеді? Иә, барлық адамның ең бірінші ойы осындай. Ал, менің ойым мүлде бөлек болатын. Ағамның келмеске кеткенін естігенде, өмірім тоқтап қалғандай болды. Көз алдымда ағамның бейнесі, құлағымда оның ерекше күлкісінің дауысы. “Жоқ! Ол мүмкін емес! Ағам тым жас, оның кішкене ұлы, сүйікті әйелі бар. Оның қаза болуы мүмкін емес! Бұл әділетсіздік! Неге ол?! Ол сондай мейірімді!” - осы іспеттес ойлардың жетегінде тұрып, көзімнен жас өзендей ағыла берді. Қанша сағат жылағанымды білмеймін. Бірнеше күн сабаққа бармадым. Барып жүргенде де жылаумен өткізетінмін әр күнімді. Бұл өте ауыр сын болды. Әлі де қиын. Ол ұмытылмақ емес. Ағамдай адамдар мәңгі есте. Оны ұмыту мүмкін емес. Одан бері бірнеше жыл өтті. Қазір жеңілірек. Бірақ ол тек осы жылы ғана. Еңсемізді көтеріп, бар мұң-зарымызды өткенге қалдырып, шынайы өмірімізге қайта оралғанымыз осы жылы ғана. Көрген қиындығымыз тек ағамның өлімі ғана емес. Бұл бар қиналыстың тек бас ғана болып шықты. Сол жылы күзде менің он екіге толу туылған күнімде, анам жадынан айырылды. Өз туылған күнімде анам өз бауырын танымай оянды. Мені және апамды таныды. Тура туылған күнімде. Өзге күні емес. Ініңнен айырылу ол өте ауыр. Сенің көз алдыңда дүниеге келіп, еркелеп өскен балдырған ініңнің жастайынан қаза табуына көндігу оңай емес. Бірақ ол күндерден де өттік. Кіші ағама да көндігу жеңіл болған жоқ. Қолдаушысы, тіреуі болған еді. Сенері де ағасы. Оның үстіне жұмысынан да айырылды. Өзі студент. Жақсы адам болғандықтан ағамның ерте өліміне ешкім сенбейтін. Оған қарамастан Алла Тағала оны бізден алып қойды. Төзе алмайтын қиындықты бермейді екен. Қандай қиналыс берсе, соған лайық төзім де береді екен. Оған көзім жетті. Одан кейін 2012 жылы үлкен қуаныш болды. Кіші ағам үйленді. Оның үстіне жеңгемнің аяғы ауыр болды. Енді өмірдің қара жолақтарынан ақ жолаққа ауыстық дегенімізде, бар үміттің күл-талқаны шықты. Жеңгем ерте босанды. Өте ауыр өтті. Бала жетілмеген, бұл өмірге дайын болмады. Бірнеше айлар бойы арнайы күтіммен қарап, баптап келеді. Қазір тәп-тәтті қыз. Үшке келді. Оның өзімен де қиындықтар біте қоймады. Бұл кезде ағамның сыннан өтер шағы келген екен. Тығырыққа тіреліп, одан шығар жол таптым дегенінде, екінші қиындық алдынан күтіп тұрды. Көлігі жиі бұзыла берді. Өздері жалдамалы пәтерде тұрды. Ақша тапшылығы. Жол қозғалысы кезінде келеңсіз жағдай орын алып, өзге жүргізуші тараптан зәбір шегіп қалды. Бірнеше ай бойы ем алып жүрді. Ол да ұмтылды. Бірақ ол жағдайдан кейін көлігі өртеніп кетті. Жалғыз қуанышы болған еді. Көлік те жоқ. Көліксіз өмірдің дәмін татып қалды.Уақыт өте көлік сатып алды. Ақырындап өмірі өз орнына келе бастады.

---

Source: [https://yvision.kz/post/dauyldy-k-nder-men-t-nder-703908](https://yvision.kz/post/dauyldy-k-nder-men-t-nder-703908)