---
title: "“Дала уалаятының газеті” және ұлттық сананың оянуы"
description: "ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамындағы рухани және әлеуметтік өзгерістерді зерттегенде, баспасөз феномені туралы айтпай кетуге болм?..."
author: "amantaikyzyadeliya "
published: "2025-10-01T14:30:38+00:00"
modified: "2025-10-01T14:30:38+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/dala-ualayatynyn-gazeti-zhane-ulttyk-sananyn-oyanuy-1017574"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/dala-ualayatynyn-gazeti-zhane-ulttyk-sananyn-oyanuy-1017574/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# “Дала уалаятының газеті” және ұлттық сананың оянуы

> ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамындағы рухани және әлеуметтік өзгерістерді зерттегенде, баспасөз феномені туралы айтпай кетуге болм?...

ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамындағы рухани және әлеуметтік өзгерістерді зерттегенде, баспасөз феномені туралы айтпай кетуге болмайды. Қазақ қоғамының қоғамдық сана деңгейінің көтерілуі, өз мәдениеті мен тілінің қадірін тануы — көп жағдайда мерзімді басылымдардың арқасында жүзеге асты. Солардың бірі — Омбыда 1888–1902 жылдары шыққан «Дала уәлаятының газеті», қазақ зиялылары мен қара халық арасындағы рухани көпірге айналған басылым. Бұл мақалада «Дала уәлаятының газеті» қалай құрылды, оның мазмұны мен рөлі қандай болды, және ол ұлттық сана қозғалысына қалай ықпал етті — осы мәселелер туралы айтылатын болады. «Дала уәлаятының газеті» туралы зерттеу жүргізудің өзектілігі – оның қазақ халқының ұлттық санасының қалыптасуына ықпалын айқындап, бүгінгі қоғамдық-мәдени дамуымызға тарихи сабақ бола алатынын көз жеткізу. Осы тақырыпты таңдаудағы мақсатым - газеттің ұлттық сананың қалыптасуына қосқан үлесін көрсету. «Дала уалаятының газеті» ресми басылым ретінде орыс тіліндегі «Акмолинские областные ведомости» газетінің қосымшасы түрінде жарық көрді. Оның басты мақсаты – патшалық үкіметтің саясатын насихаттау болса да, уақыт өте келе ол қазақ қоғамының мәдени-ағартушылық мінберіне айналды. Қазақша нұсқасының редакторлары Ешмұхамед Абылайханов пен Дінмұхамед Сұлтанғазин болды. Алғашында газет жарты баспа табақ көлемінде, 4 бет болып шығарылса, 8-нөмірден бастап толық бір баспа табақ көлемінде, 8 бет болып жарық көрді. Газеттің бейресми бөлімінде Ыбырай Алтынсарин мен Шоқан Уәлиханов жайлы материалдар жарияланды. Сондай-ақ Абай, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлихан Бөкейхан, Барлыбек Сыртанов, Отыныш Әлжанов, Садуақас Шорманов, Жағыпар Айманов, Асылқожа Құрманбаев, Қорабай Жапанов, Мұхамеджан Сералин, Жақып Ақбаев, Әмре Айтбақин және т.б. шығармалары, хаттары мен мақалалары жарияланды. «Дала уәлаятының газеті» беттерінде қазақ қоғамының ең өзекті мәселелері кеңінен қозғалды. Олардың ішінде жер дауы, отаршылдық саясаттың салдары, ағарту ісі, әдебиет пен мәдениет, халықтың күнделікті тұрмысы секілді тақырыптар ерекше орын алды. Әсіресе, жер мәселесі өткір талқыланды. Ресей империясының отарлау саясаты нәтижесінде қазақ халқы ата қонысынан айырыла бастағандықтан, газет бетінде жерді тиімді пайдалану жөнінде түрлі ұсыныстар берілді. Білім мен ағарту тақырыбы да басылымда басты назарда болды. Газет қазақ халқының сауатын ашу қажеттігін үнемі көтеріп, мектеп пен медресе ашу идеясын қолдады. Жастарды оқуға шақырып, Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық еңбегін насихаттады. Сонымен қатар, оқулықтар мен оқу бағдарламаларын әзірлеу мәселесі де күн тәртібінен түспеді. Әдебиет пен мәдениетке арналған материалдарда халық ауыз әдебиеті үлгілері, тарихи деректер, ақын-жазушылардың шығармалары жарық көрді. Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен оның шығармашылығы жайлы мақалалар алғаш рет осы газетте басылып, оқырманға кеңінен тарады. Сондай-ақ қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына қатысты этнографиялық жазбалар тұрақты түрде жарияланып отырды. Газет әлеуметтік теңсіздік, патша үкіметінің салық саясаты, жер дауы сияқты өзекті мәселелерді де назардан тыс қалдырған жоқ. Ашық наразылық білдіру мүмкін болмағанымен, авторлар бұл тақырыптарды жанама түрде көтеріп, халықты ойлануға және мәселеге сын көзбен қарауға үндеді. Осы тұрғыдан алғанда, «Дала уәлаятының газеті» қазақ халқының ұлттық санасының оянуына зор ықпал етті. Ол тек қоғамдық-саяси, әлеуметтік және мәдени өмірдің оқиғаларын жариялап қана қоймай, қазақ журналистикасының қалыптасуына да негіз болды. Газет зиялы қауым үшін пікір алмасатын ортаға айналып, ұлттық қозғалыстың рухани тіректерінің біріне айналды. Қорытындылай келгенде, 1888 жылы Омбы қаласында алғаш жарық көріп, 1902 жылға дейін үздіксіз шығып тұрған «Дала уәлаятының газеті» бүгінгі таңда қазақ тарихы мен журналистикасын зерттеуде құнды дереккөз болып қала бермек. Газеттің маңыздылығы – ұлттық сананы оятудағы қызметінде. Қазақтың сауатты зиялылары өз ойларын, мақалаларын жариялап, елді оқу-білімге шақырды, ұлттық бірлік идеясын дәріптеді. Әсіресе, Шоқан Уәлихановтың ағартушылық идеялары мен Ыбырай Алтынсарин бастаған білім беру ісі «Дала уалаятының газеті» арқылы жалғасын тапты. Сонымен бірге газет қазақ әдебиетінің дамуына да үлес қосты. Онда халық ауыз әдебиетінің үлгілері, өлең-жырлар, мақал-мәтелдер жарияланып отырды. Бұл ұлттық мұраны сақтап қана қоймай, оны жаңа оқырманға жеткізді. Газеттің жарияланымдары қазақ тілін баспасөз тілі ретінде қалыптастыруға ықпал етті. Қорытындылай келе, «Дала уалаятының газеті» – қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштарының бірі ретінде ұлттық сананың оянуына, халықтың білім мен мәдениетке ұмтылуына жол ашты. Ол қазақ халқының рухани-мәдени өмірінде маңызды орын алып, кейінгі «Қазақ» газеті сияқты ірі басылымдардың қалыптасуына негіз қалады. Бұл газет – қазақтың қоғамдық ой-пікірінің оянуы мен ұлттық бірлігінің нығаюына қызмет еткен тарихи құбылыс. «Дала уәлаятының газеті» — қазақ қоғамдық-саяси өміріндегі тарихи басылымдардың бірі әрі қазақ ұлттық санасының оянуы жолындағы маңызды факторы. Бұл газет қазақ тілін, әдебиетін, мәдениетін насихаттауда көп қызмет етті. халықтың білімге, ағартушылыққа деген көзқарасын қалыптастырды, жас қаламгерлерге шығармашылық алаң ашты, саяси-қоғамдық ортада ұлттық идеяларды көтеруге себеп болды. «Дала уәлаятының газеті» қазақ журналистикасының қалыптасу тарихын зерттеуде құнды дереккөз бола алады, сонымен қатар қазіргі ұлттық тарих пен мәдениетке қатысты зерттеулер үшін рухани әрі деректік маңызға ие.Амантайқызы Аделия, Абдибай Диана Қуанышқызы, ҚазҰУ-дың 1-курс студенттері.Ғылыми жетекші: фил.ғ.к., доцент Р.С.Жақсылықбаева

---

Source: [https://yvision.kz/post/dala-ualayatynyn-gazeti-zhane-ulttyk-sananyn-oyanuy-1017574](https://yvision.kz/post/dala-ualayatynyn-gazeti-zhane-ulttyk-sananyn-oyanuy-1017574)