---
title: "Ботамызды боздатты"
description: "Қазағымыздың тамыры терең тарихына үңілсек, сан қилы салт-дәстүр мен әр түрлі әдет-ғұрып көреміз. Әр..."
author: "zhanaykay"
published: "2015-10-12T02:25:56+00:00"
modified: "2015-10-12T02:25:56+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/botamyzdy-bozdatty-577744"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/botamyzdy-bozdatty-577744/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Ботамызды боздатты

> Қазағымыздың тамыры терең тарихына үңілсек, сан қилы салт-дәстүр мен әр түрлі әдет-ғұрып көреміз. Әр...

Қазағымыздың тамыры терең тарихына үңілсек, сан қилы салт-дәстүр мен әр түрлі әдет-ғұрып көреміз. Әр бірін жеке алатын болсақ өнегелі тәрбие мен парасатты пәлсапаға толы екені айдан анық. Соның ішінде қасиетті қазағымыз қыз баласына деген пікірі де, көзқарасы да, тәрбиесі де ерекше болған. Бабамыз қызға қол көтермек түгілі, көзіне тіке қарауды жат көрген. Қарагөздерімізді аялап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бағып қаққан. Заманымен адамы қоса өзгерген бүгінгі таңда әйел затына көзқарас мүлдем өзгеше. Оған мысал кешегі соққы астында қалған Бота Жұманова әріптесіміз. Қаршадай қызды қан жылатқан қаскөйдің бостандықта жүргені жанды түршіктіреді.

Белең алған бейнежазбаны анықтай қарасаң, санаңа сан түрлі ой ұялатады. Дегенмен де адамға қасақана қол жұмсаудың бірнеше себептері бар: ұрлық мақсатта, кек алу және сұс көрсету. Белгілі болғандай ұрлық жасалмады және ұрлық жасаушының стилі мүлдем мұндай емес. Ұрлықшы сотқарлар ешқашан бейне камерасына тіксініп қарауды жөн көрмейді және ерекше тістеніп тебуге, құлшынып ұруға жол бермейді. Олардың көздегені тек – олжа. Екіншіден кек алатындай қарындасымыз ешкімнің ала жібін аттап, көңілге тиер іс жасағанына сенбеймін. Жүзі жарқын адамның ісі айқын. Ал сұс көрсету әбден мүмкін. Әсіресе қылыш тілді журналисттерді ұрып соғу бүгінгі күні таңырқайтын жағдай емес. Тәуелсіз заманда сөз еркіндігі болғанымен, сол сөзден кейін еркіндіктен айырылуға болады. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», әрине, алайда шындықтың шымылдығы ашылмас үшін аузыңды тұмшалайтын сойқандардың бар екені сөзсіз. Тіпті от тілді, орақ ауыз айтыскерлеріміз қазіргі кезде өзекті мәселеден өсекті нәрселерге жақын жүргені бәрімізге анық. Ел алдына шығып шындықты шырылдап жырлайтын мәселені Инстаграммның парақшасында жанамалай қозғап жүр. «Принціптің прицебін ағытпағандарды» айтыс маңына жолатпайды. Ал қарындасымыздың қаламынан талай сыншыл да шыншыл мақалалар қағаз бетіне түсті, отты сөздер оқтай ұшып шынайылықты шыңдады. Өз ойын төтесінен айтатындарды төмпештейтіндер қайдан табылды?! Қаламының құрбаны болған Ботамызды боздатып, соққыға алғанымен не табады?! Бұл барлық журналисттер үшін ЕСКЕРТУ! «Сөзіңді түземесең, үйіңді күзетеміз, көңіліңді күз етеміз» дегені!

Ашығын айтайын, бұл оқиға санамды дүрліктірді. Мұндай жағдайға душар болған жан халықтан қолдау күтеді. Жылы сөздің өзі жанды жадыратып, ауруыңды жазады. Шыны керек қолдаушылар табылуда. Кәсіпкер Ерлан Нүрпейісов қанпезер туралы ақпарат ұсынған жанға жүз мың теңге көлемінде сыйақы тағайындады және өз әріптестерін бұл соманы толықтыруды сұраған көрінеді. Ел арасында мәселе қызу талқыланып, «боқкөт боксер» іздестірілуде. Айта кететін жайт Бота әйгілі Генадий бауырымыздың жерлесі болып шықты! Қазақ қызын қансыратқан жігітіміз Генадиймен бокс алаңына шығып жазасын алса деген құйтырқы ойлар да келгенін жасырмаймын. Ең бастысы әріптесімізге денсаулық, амандық тілейміз. Жаныңды алса да жалғыз ойыңнан бас тартпа, қарындасым!

Бір ауыз сөзбен мың әскердің бетін қайтарған, қаһарлы ханның ашуын суытқан бабалар елінде «аталы сөзге арсыз ғана таласқан». «Сөз тапқанға қолқа салмаған» қазақ елінде, шындықты айтып түн қараңғыда артыма жалтақтап қарай бергім келмейді.

---

Source: [https://yvision.kz/post/botamyzdy-bozdatty-577744](https://yvision.kz/post/botamyzdy-bozdatty-577744)