---
title: "БІЗДЕГІ ОРЫСТІЛДІ БАҚ – КЕЗ-КЕЛГЕН УАҚЫТТА ЖАРЫЛАТЫН БОМБА!"
description: "Дәурен Қуат, жазушы, журналист, ABAІ.KZ Ақпараттық порталының жетекшісі: – Қазақ журналистикасына «..."
author: "makala"
published: "2014-09-15T01:56:25+00:00"
modified: "2014-09-15T01:56:25+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/bizdegi-orystildi-ba-kez-kelgen-ua-ytta-zharylatyn-bomba-429607"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/bizdegi-orystildi-ba-kez-kelgen-ua-ytta-zharylatyn-bomba-429607/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# БІЗДЕГІ ОРЫСТІЛДІ БАҚ – КЕЗ-КЕЛГЕН УАҚЫТТА ЖАРЫЛАТЫН БОМБА!

> Дәурен Қуат, жазушы, журналист, ABAІ.KZ Ақпараттық порталының жетекшісі: – Қазақ журналистикасына «...

![alt](http://www.abai.kz/public/upload/images/3615643171b23841cfbf86904fcc245d.jpg)

Дәурен Қуат, жазушы, журналист, ABAІ.KZ Ақпараттық порталының жетекшісі: – Қазақ журналистикасына «қарғадай» кезіңізден араласып келесіз. Біздің журналистиканың шынында да «төртінші билікке» жеткен кезі болды ма? – Рас, қазақ баспасөзіне мен «қарғадайымнан» келіппін. Қазір ғой, 17 жастағылардың дені бала сияқты көрінеді (дегенмен, бұлардың ішінде де есейіп, ес тоқтатқандары көп, әрине). Бірақ мен 17 жасымды ел қамын жеген Едігенің жасы деп білдім. Әрнеге өзімше ой жіберіп, мән беріп жүретінмін. Аудандық партия комитеті дейтін сұрқаптал суық мекеме бар еді. Редакциямыз соның қасында болатын. Әлгі тасмешел үйге барғым да, қарағым да келмейттін. Редактордан сұранып, ауыл-ауылға сапарлаймын. Ел ішінде жүргенді жақсы көремін. Өзімше қиял кешемін: партия, аудандық комитет, сот, прокуратура, ана бір шәниген бастықсымақ біздің жанымызда кім? Не қылған адамдар? Шіркін, осы Қапал ауданының барлық шаруасымен «Қапал еңбеккері» газеті ғана айналысса ғой деп. Осы ойымды Мұрат Тоқбергенов деген ұстазыма айтып едім, жаны жәннатта болғыр, ғаламат интеллектуал, дегдар кісі еді, көңілімді жыққысы келмей әрі менің алқынған арманымды аялады ғой деймін: «Иә, газет деген беріден қайтқанда қоғамдық аурухана болуы керек», – деді. Қазір ойлап отырсам, сол кісі айтуында айтқан-ақ екен. Баспасөз, ең алдымен – қоғамдық аурухана. Өйткені біздің қоғам – сырқаттардың қоғамы. Қазіргі сырқаттардың басы тоқсаныншы жылдарда жатыр. Ұрлық-қарлық, жаппай тонау, тоғышарлық, топастық, жауапкершіліктің азаюы, елдік мұрат-мүдде деген былай қалып, әркім өз қалтасының патриотына айналу, жабайылық, Құдай-ау не дейсіз, – осындай ала жоңқа құлатасқын жалын көтерген күйі жиырма бірінші ғасырға өтті. Мойындаймын, бұл күндері ел іші ептеп тойынған шығар. «Гламурный» киінген жастар көбейген болар. «Деловой» жігіттер, байлыққа міленген қыз-келіншектер жетіп-артылар. Хай-тек құрылыстар бой көтеруде. Астанада «сол жағалау» өркендеп, Алматыда әл-Фараби даңғылынан жоғары жақтағы өмір өзгеше дамып кеткен. Бірақ осыған қарап отырып: «Міне, Тәуелсіз Қазақстанның жетістігі осы, гүлденген мемлекет болды деген осы» дей аламыз ба? Таңдайымызда бір нәрсе кермек татиды. Не ол? Ол – меніңше, ұлттық,азаматтық, либералдық құндылықтарды бойына сіңірген саналы, ұйымшыл қоғамды аңсау болса керек. Бұл, бәлкім, утопиялық байлам болар. Біздің жағдайда мұндай мемлекет құру беймүмкін шығар. Алайда, мен мұны бүгінгі қазақ баспасөзінде қалыптасқан идеялардан туындатып айтып отырмын. Біз қайткенде осыған жетуіміз керек. Конфуций «Биліктің мейірін тудыру керек, сонда барлық іс жүзеге асады» дегенді айтады. Дана қазақ «Хан мейірлі болмай – қараша қайырлы болмайды» дейді. Қазақ баспасөзінің қазіргі ұстанымы биліктің халыққа мейірлі болуын талап еткенімен, өзі билікке сүйкімсіз болып бітті. Сен сұрап отырсың: «Біздің журналистиканың шынында да «төртінші билікке» жеткен кезі болды ма?» деп. Мен мәселеге сәл басқашалау қараймын. Қоғам мен баспасөздің контексінде қазақ журнализмі «төртінші биліктің» емес, «бірінші биліктің» қызметін атқарып келген. Әрине, адам ойы мен санасына әсер ету жағынан. Ал адамның ой-санасы бәрінен биік тұрады. БАҚ-тың билігін осы күні Батыс ғалымдары да осылай түсіндіреді. (жалғасы мұнда: [mtdi.kz](http://mtdi.kz/component/content/article/4030-bizdegy-oristildy-bak-kezkelgen-uakitta-jarilatyn-bomba))

---

Source: [https://yvision.kz/post/bizdegi-orystildi-ba-kez-kelgen-ua-ytta-zharylatyn-bomba-429607](https://yvision.kz/post/bizdegi-orystildi-ba-kez-kelgen-ua-ytta-zharylatyn-bomba-429607)