---
title: "БІЗ КУКУАН ЕЛІНЕ КЕЛДІК"
description: "VIII тарау БІЗ КУКУАН ЕЛІНЕ КЕЛДІК Сол күні ертеден қара кешке дейін ешқайда бұрылмай, тура солт..."
author: "kitap11"
published: "2017-09-13T00:28:32+00:00"
modified: "2017-09-13T00:28:32+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/biz-kukuan-eline-keldik-778641"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/biz-kukuan-eline-keldik-778641/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# БІЗ КУКУАН ЕЛІНЕ КЕЛДІК

> VIII тарау БІЗ КУКУАН ЕЛІНЕ КЕЛДІК Сол күні ертеден қара кешке дейін ешқайда бұрылмай, тура солт...

**VIII тарау**

 

**БІЗ КУКУАН ЕЛІНЕ КЕЛДІК**

 

Сол күні ертеден қара кешке дейін ешқайда бұрылмай, тура солтүстік-батысқа қарай беттеген тамаша жолмен жүре бердік. Инфадус пен Скрагга бізбен бірге болды, ал олардың нөкерлері сап түзеген қалпында жүз қадамдай алда отырды.

– Айтшы, Инфадус, – деп сұрадым мен біз бірталай уақыт үнсіз жүрген соң, – мына жолды кім салғанын білемісің? – Бұл жол бағзы, бағзы замандарда салыныпты, әмірші ием, – деді ол. – Нақты қашан салынғанын және кім салғанын тірі жан білмейді. Бұдан, тіпті талай ұрпақпен бірге жасасқан дана әйел Гагула да бейхабар. Біздің арамызда бұл жолды кім салғанын білерліктей дәрежеде көп жасаған адам жоқ. Қазір ешкім де мұндай жол сала алмайды. Сондықтан оны корольдің өзі қамқорлыққа алған. Шөп шығып, топырақ

баспауын қадағалап, күтіп отырамыз.

– Ал жол өткен тескентаудың ішіндегі бейнелерді кім

қашаған? – деп сұрадым.

Менің айтқаным – біз мана үңгіртаудың ішінен көрген, көне

египеттіктерге ұқсас адамдар бейнеленген барельефтер еді.

– Тастардың бетін қашап, ғажайып суреттерді мүсіндеген

де осы жолды салған адамдар, әмірші ием. Кім екенін біз білмейміз.

– Ал кукуан халқы бұл өлкені қашаннан бері мекен етіп келеді?

– Әмірші ием, біздің халқымыз дауылдың лебіндей, жолындағының бәрін апырып-жапырып бұл өлкеге осыдан он мың ай бұрын анау жақта жатқан, – ол солтүстік бағытты нұсқады, – ұлан-байтақ жерлерден келген. Арғы бабаларымыздың бізге жеткен көне сөздеріне қарағанда, дуагерлерді аулаушы дана әйел Гагуланың айтуына қарағанда, кукуандар бұдан ары қарай өте алмай тоқтаса керек, өйткені осы өлкені шеңберлей қоршаған сеңгір таулар, – ол басын қар басқан биік таулар сілемін көрсетті, – олардың жолын бөгепті. Өлке әрі құнарлы, әрі көрікті болғандықтан кукуандар осы араға қоныс тепкен. Содан соң біздің халқымыздың айбары асқан, күш-құдіреті артқан, ал қазір біздің санымыз теңіз жағасындағы құмның санына пара-пар. Короліміз Твала өзінің бар әскерін жиып, сапқа тұрғызған кезде жауынгер- лердің басына қадаған қауырсындары қалың орман сияқты, көз жетер көкжиекке дейінгі алапты тегіс жауып кетеді.

– Егер ел жан-жағынан таумен қоршалған болса, бұл әскер кіммен соғысады?

– Жоқ, мырза, елдің ана жақ беті ашық, – деді ол қолын солтүстікке қарай нұсқап. – Ауық-ауық белгісіз өңірден шыққан, қара бұлттай жөңкілген қисапсыз әскер шабуыл жасайды бізге. Үнемі қырып-жойып, бетін қайтарып келеміз. Біз соңғы рет соғысқаннан бері адам өмірінің үштен біріндей уақыт өтті. Бұл соғыста біз сан мың жауынгерден айрылып, үлкен шығынға ұшырадық. Әйткенмен өзімізді тапап, құртып жібермек боп келген дұшпанды тегіс қырғын таптырдық. Одан бері соғыс болған жоқ.

– Сірә, іс-әрекетсіз отыра бергеннен сендердің жауынгерлеріңнің сүңгілерін тот, көздерін ұйқы басқан болар?

– Жоқ, әмірші ием. Өзімізге шабуыл жасаған жат жерлік қолды харап еткен соң, көп ұзамай бұл арада тағы да үлкен соғыс болды. Бірақ бұл – өзара соғыс еді. Ағайын адамдар бірін-бірі иттей талады, қан сел дария боп ақты.

– Соғыс неден шықты?

– Оның да жайын айтып берейін, әмірші ием. Біздің қазіргі короліміз – менің туған ағам, бірақ екеуіміздің әкеміз бір де, шешеміз бөлек. Бұл корольдің бір анадан туған бауыры болған, екеуі бір күнде дүниеге келіпті. Еліміздің рәсімі бойынша егіз баланы қатар асырауға болмайды, әлжуаз, нашары өлтірілуте тиіс. Алайда король анасы екінші боп туған әлжуаз баланы ешкімге білдірмей жасырып қалыпты, сірә, алдыңғысынан осы соңғысын тәуір көрсе керек. Міне, сол бала – біздің қазіргі короліміз Твала. Ал мен оның басқа бір анадан туған інісімін.

– Ал содан соң не болды?

– Әкеміз Кафа біз ер жеткен кезде дүние салды да, менің

ағам Имоту оның орнына король боп таққа отырды. Жаңа король біраз уақыт ел биледі, жақсы көретін бәйбішесінен ұл сүйді. Бала үш жасқа келген шақта – бұл әлгі елдің берекесін кетірген, жұрт егінін еге алмаған қырғын соғыстан соңғы жыл еді, елді аштық жайлады. Жоқшылық жұрттың пейілін бұзды, халық аштық қысып, кімге соқтығарын білмеді, аласұрған ашулы арыстан сияқты, бойын ыза буып, жан-жағына алақ- жұлақ қарап, тиісер қара іздей бастады. Міне, дәл осы кезде Гагула, жұрт айбарынан ығатын, өлімнен шет дана әйел Гагула жұрт алдына шығып: “Имоту – заңсыз король!” деген сөз таратты. Бұл кезде Имоту соғыста алған жарақат әсерінен сыртқа шыға алмай, үйде төсек тартып жатқан. Содан соң Гагула аулақтағы үйлердің біріне кірді де, менің бір атадан туған ағам, ал король Имотудың бір ата, бір анадан туған інісі Тваланы жетектеп алып шықты. Туған күнінен бастап иесіз тау арасындағы үңгірге сақтап, бағып-қағып, өз қолымен өсірген екен. Жұрт алдына шықан соң Гагула Тваланың мучасын жұлып алып, кукуан халқына оның беліндегі қасиетті жылан бейнесін көрсетті. Біздің елде корольдің жаңа туған үлкен ұлының белін орай қасиетті жылан суреті салынады, ал бұл – мұрагерліктің белгісі.

Сонымен, Гагула Тваланың белін ораған жылан бейнесін халыққа көрсетіп: “Міне, сендердің нағыз корольдерің. Мен қанша жыл бойы жұрттан жасырып, сендер үшін оның өмірін сақтап келдім. Енді корольге өз орнын әперетін күн туды!” деп жар салды.

Сол кезде аштық ақылынан алжастырған, әділдік дегеннің не екенін ұмытқан жұрт:

“Король! Король!” деп айқайлай бастады.

Бірақ мен олай емесін білетінмін. Өйткені менің ағам

Имоту егіздердің үлкені еді, яғни нағыз заңды король сол болатын. У-шу күшейіп, жұрттың бейбастақтығы шектен асқан кезде төсек тартып жатқан король Имоту әйеліне сүйеніп, амалсыз сыртқа шықты, соңында кішкентай ұлы Игнози (Игнози – найзағай деген сөз) бар.

“Бұл не шу? – деп сұрады Имоту. – Неге “Король, король” деп даурығып жүрсіңдер?”

Міне, сол кезде корольдің бір әке, бір анадан туған інісі оның қасына жетіп барды да, бір қолымен шашынан ұстай алып, екінші қолымен қақ жүрекке бойлата қанжар салды.

Адамға тән басты мінез – тұрақсыздық қой, жұрт қашанда жаңа туып келе жатқан күнге табынуға бейім тұрады.

“Біздің короліміз – Твала! Короліміздің кім екенін жаңа білдік, король – Твала!” – деп, қол соғып, айқайлай берді жұрт. – Ал Имотудың әйелі мен әлгі Игнози деген баласы не

болды? Твала оларды да өлтірді ме?

– Жоқ, әмірші ием. Өзінің мырзасының қаза тапқанын

көрісімен әйел жанұшыра айқайлап, баласын көтеріп ала сала қашты. Екі-үш күн далада жасырынып жүріп, аштық әбден қысқан кезде әлдебір краальға барған екен, жұрт кімнің басына бақытсыздық төнсе, содан безбей ме, тірі жан бір жапырақ нан, не бір жұтым су бермепті. Тек қараңғы түскен кезде бір кішкене қыз жұрттан жасырынып, ішіп жемдік аз- маз тамақ апарып берсе керек. Өлген корольдің қашқын әйелі қызға алғыс айтыпты да, баласын көтеріп алып, сол түні қайтадан бой тасалапты. Тау жаққа кетіпті дейді. Сірә, сонда өлген болар. Содан бері ешкім әйелді де, оның ұлы Игнозиді де көрген жоқ.

 

– Яғни осы Игнози деген бала тірі қалса, кукуан халқының заңды королі болып саналады екен ғой?

– Дәл солай, әмірші ием. Денесін ораған қасиетті жылан бейнесі бұған ешқандай күмән қалдырмайды. Егер тірі болса, нағыз король – сол. Бірақ амал не, ол әлдеқашан өліп қалды. Былай қара, әмірші ием, – деді ол қолымен еңіс жақты нұсқап. Жазықта үйме-жүйме салынған лашықтардан құралып, сыртынан шарбақпен қоршалған, оның сыртынан терең ор қазылып, топырақ үйілген үлкен деревня тұр екен. – Имотудың әйелі мен баласы Игнозиді жұрт ең соңғы рет көрген крааль – осы. Біз бүгін түнде сол араға қоналқаға аялдап, ұйықтап, тынығамыз. Әрине, – деді ол содан соң күмәнді үнмен, – менің әмірші иелерім жай жұрт сияқты ұйқы дегеннің не екенін білетін болса.

– Мейірбан досым Инфадус, кукуан елінде жүрген шағымызда біз осы кукуандарша өмір сүреміз, – дедім мен тәкаппар, асқақ үнмен.

Содан соң, етегін жел үрлеп, туша желбірей берген көйлегімен әуре боп, манадан бері тұнжырап артта келе жатқан Гудқа бірдеңе айтпақ оймен кері бұрылдым. Бұрылған бетте Омбопамен соқтығысып қала жаздадым. Тура менің өкшемді басып келе жатыр екен. Инфадус екеуміздің әңгімемізге құлақ түріп, тың тыңдап келе жатқаны анық еді. Әлденені білуге құмартқан сыңайы түр-тұлғасынан анық танылады. Баяғыда көрген, енді мүлде ұмытылған елестерді қайтадан есіне алғысы келген, бірақ еміс-еміс бірдеңелерді ғана жадына түсіріп, одан артық ештеңе шығара алмай, берекесі кеткен адамға ұқсайды. Зұлыстың бұл мінезі мені қатты таңырқатты.

Төменде керіліп жатқан белес-белес адырлы кең өлкеге қарай жіті адымдап, ешбір бөгеліссіз жүріп келеміз. Біз басып өткен биік тау сілемдері артта қалды, бұлтпен астаса мұнартып, көкке таласып тұр. Сау-ханшаның қос Анарын тұман басыпты, бейәдеп, сұғанақ көзден жасырғысы келгендей.

Алға қарай жылжыған сайын жер бедері құбылып, түрлене берді. Өсімдік әлемі тропикалық болмағанымен, аса бай әрі әсем. Күн сәулесі жылы, мейірлі, бірақ шыжыған ыстық емес. Жұпар иісі аңқыған тау бөктерін көбелей самал жел есіп тұр.

Бұл – шынында да жер бетіндегі ұжмақ мекен еді. Бұдан бұрын талай өлкені араласақ та, ешқайсысынан дәл мұндай көрікті, дәл мұндай жанға жайлы, табиғи жағынан бай, ауа райы тамаша абат бақты көрмегенбіз. Трансвааль – тамаша ел, бірақ соның өзі Кукуанстанға тең келе алмас еді.

Жолға аттанған бетте Инфадус біздің келе жатқанымызды крааль тұрғындарына хабарлау үшін (бұл крааль оның қарауындағы әскери бекініс саналады екен) шапқыншы жіберген, хабаршы сол сәтінде-ақ желдей ұшып жүгіре жөнелген еді. Инфадустың айтуынша, ол жол бойы осы жүгірісінен бір де танбайды. Өйткені кукуандардың барлығы да жүгіруге, жаяу жарысқа ерекше мән беретін көрінеді.

Хабаршымыздың өз міндетін ойдағыдай орындағанына көп ұзамай-ақ куәгер болдық: біз краальге екі мильдей қалғанда қақпадан лек-легімен әскер шығып, бері қарай бет алды.

Сэр Генри қолын менің иығыма салды да, сірә, мынаған қарағанда, кукуандар бізді “жылы жүзбен” қарсы алатын тәрізді дегенді айтты.

Ұқпаса да бұл сөздің қандай әуенмен айтылғанын аңдап қалса керек:

– Әмірші иелерім бекерге мазасызданбасын, – деді Инфадус асыға сөйлеп. – Менің жүрегімде қаяу жоқ. Бұлардың бәрі – маған бағынышты жауынгерлер. Менің әмірім бойынша, сіздерді салтанатпен қарсы алуға шыққан беттері.

Мен немқұрайды бас изедім. Ал шындығында, ішім алай- түлей еді.

Краальдің дарбазасынан жарты мильдей жерде тура жол табанынан бастап көтерілетін көлденең қырқа бар еді; жауынгерлер сол қырқаның бетіне сапқа тұра бастады.

Бұл – жан таң қаларлықтай әсем көрініс болды. Әрқайсысы шамамен үш жүз адамнан құралған отрядтар бірінен соң бірі қырқаға жүгіріп шығып, өздеріне тиесілі жерде қатар түзеп жатыр; қимылсыз сіресіп тұрған жауынгерлердің найзалары күнге шағылысып жарқ-жұрқ етеді, бастарына қадаған қауырсындар желмен тербетіле ойнайды.

Біз келген шақта қырқаға көтеріліп, сапқа тұрған осындай отрядтардың саны он екі болды, бұл – сақадай сай үш мың алты жүз жауынгер деген сөз.

Әскердің алдыңғы сапына жеткен бетте-ақ амалсыз таңырқауға, амалсыз сүйсінуге мәжбүр болдық.

Отряд басынан аяғына дейін тегіс еңгезердей ұзын бойлы, зор денелі, сымбатты жауынгерлерден құралған еді. Бұл тәрізді сайдың тасындай атпал азаматтардан жасақталған мол әскерді бұрын-соңды ешқайсымыз көрмегенбіз.

Әскер тегіс жігіт ағасы жасындағы азаматтардан құралыпты. Көбі – қырықтар шамасындағы байырғы жауынгерлер. Бұлардың арасынан бойы алты футтан кем бірде-бір адам көрінбеді, тіпті көпшілігі бұдан үш-төрт дюйм биік екен. Бастарына тегіс біздің нөкерлеріміз тәрізді, сакобула құстың қап-қара қауырсындарынан жасалған айдарлы қалпақ киген. Бәрі де белдерін ақ буйволдың құйрықтарымен буынып алыпты; дәл осындай құйрықпен тізеден төменірек жерден аяқтарын да білезіктеп қойыпты. Сол қолдарына ені мен көлденеңі жиырма дюймнен келетін дөңгелек қалқан ұстаған.

Бұл қалқандардың құрылысы қызық еді. Жұқа жапырақ темірден жасалып, сыртынан ақшыл түсті буйвол терісімен қапталады екен. Жауынгерлердің қарулары өте қарапайым, бірақ аса айбарлы еді. Ең басты қару – екі жүзді, ауыр шолақ найза көрінеді, найзаның сүңгісі ең енді жерінде алты дюймге жетеді және ұңғысынан қысқа ағашқа сапталған. Бұл – лақтыруға емес, зұлыстардың бангвандары немесе қанжар-найзалары сияқты, бетпе-бет ұрысқа арналған қару боп шықты. Тиген жерін жан шошырлық етіп жаралайтынын кейін өз көзіммен көрдім.

Бангванға қоса, әрбір жауынгер әрқайсысының салмағы екі фунттан келетін ауыр әрі қарымы ұзын, үш бірдей пышақпен қаруланыпты. Селебелердің біреуі буйвол құйрығынан жасалған белдікке қыстырылып, қалған екеуі дөңгелек қалқанның ішкі бетіне бекітілген.

Өздері толл деп атайтын мұндай селебелерді кукуандар зұлыстардың лақтырғыш ассегайының орнына қолданатын көрінеді. Кукуан жауынгерлері бұл пышақтарын елу ярдқа дейінгі аралықта жұмсайды және тегіс көздеген жеріне дәл тигізетін мерген. Бетпе-бет ұрыс бастала бергенде жауға қарсы қардай бората селебе лақтырып, майданды содан соң ғана ашады екен.

Жауынгерлер қоладан құйған мүсіндердей қимылсыз, тілсіз қалыпта сап-сабымен лек-лек боп сіресіп тұр. Қасына жақындаған кезде қабылан терісінен тігілген жақы киген сардарының белгісі бойынша отряд бірнеше қадам алға шығып, қолындағы найзаларын көкке көтере бере жер-дүниені жаңғырықтыра: “Куум!” деп, бейнебір корольді қарсы алғандай құттықтады бізді. Біз қасынан өте бергенде отряд жаңаша сап түзеп, соңымыздан ерді. Келесі отрядқа жеткенімізде осы көрініс тағы қайталанды. Көп ұзамай, жер топырлата, бір адамдай адымдап, бүкіл полк біздің соңымыздан келе жатты. Қалқандарының түсі сұрғылт болған себепті “Сұр сарбаздар” аталған бұл полк бүкіл кукуан армиясындағы ең таңдаулы құрама деп есептелінетін көрінеді.

Сүлеймен патшаның Даңғыл жолынан шығып, краальге де келдік. Аумағы бір шаршы мильдей жер алып жатқан крааль биік бөрене дуалмен қоршалыпты, қоршаудың сыртынан терең әрі енді ор қазылған. Крааль дарбазасына көтерме көпір арқылы ғана өтуте болады екен. Біз келген кезде сақшылар көпірді түсірді.

Крааль құрылысы тамаша жоспарланғаны байқалады. Краальді қақ жарған үлкен қара жолды тік бұрыш арқылы толып жатқан енсіз көшелер кесіп өтеді, осының нәтижесінде крааль өзара шамалас бірнеше кварталға бөлініпті. Әр кварталға бір-бір отряд орналасатын көрінеді.

Дөңгелек шатырлы лашықтар зұлыс балағандарына ұқсас: мұнда да үйдің талдан құралған тор көз қаңқасы шөппен тоқылып, бүтінделеді екен. Зұлыс лашықтарынан айырмасы – есігі биік, ішке еңкеймей кіресің. Оның үстіне әжептәуір кең әрі күресінінде еденіне әбден тапталған қиыршық құм төселген шағын сенегі бар.

Краальді кесіп өтетін қара жолдың екі жағын ала жапырлап тұрған қатын-қалаш. Бізді көруге жиналыпты.

Басқа жердегі, біздің көзіміз үйренген түземдіктермен салыстырғанда бұл әйелдер айта қаларлықтай көрікті боп шықты. Ұзын бойлы, әсем бейнелі. Дене бітімдері аса келісті. Шаштары қысқа болғанымен бұйралана төгіліп тұр.

Көбінің бет-пішіндері аса нәзік, ал еріндері көптеген африка халықтарынікіндей қалың емес, қаймыжықтай жұқа.

Әйткенмен олардың үлкен сабыр сақтап, өз құнын білетін тәкаппар кейіпте тұруы бізді бәрінен де қатты таңырқатты. Өздерінше жақсы тәрбие алған жандар екені танылады. Бұл ретте зиялы қауым өкілдерінен кем түспейтіндей. Ал зұлыс әйелдерінен, олардың аталас ағайындары, Занзибардың оңтүстік бетін мекендеген мазаи әйелдерінен артықшылығы көзге ұрып тұр. Бұл араға тек әуесқойлық жетегінде – жат жерлік ғажайып жандарды көру үшін ғана келгенімен, біз сүйретіле басып алдарынан өткен шақта не бір таңырқаған оғаш қимыл, не бір іліп-шалма бұралқы сөз естілген жоқ. Тіпті кәрі Инфадус қолының ұшымен болмашы ғана ишара жасап, олардың назарын барлық ғажайыптардың ішіндегі ерегі – Гуд байғұстың “әдемі аппақ аяғына” аударған шақта да ешбір әйел дәл сол сәтте бойын билеген шексіз таңырқау, асқақ сүйсініс сезімін сыртқа шығармады. “Аппақ қардай әсем аяқтан” жалтыраған қара көздерін айыра алмаған, сұлулық тәңірісіне табынған үнсіз қалыпта тұрды да қойды. Алайда табиғатында биязы Гуд үшін осының өзі-ақ жеткілікті еді.

Краальдің қақ ортасына келген шақта Инфадус жан-жағын шағын лашықтар қоралай қоршаған үлкен үйдің есігінің алдына тоқтады.

– Төрге шығыңыздар, жұлдыз ұлдары! – деді ол салтанатты үнмен. – Біздің қарапайым мекенжайымызға тізе бүгіп, дәм татыңыздар, О, әмірші иелерім, сендердің қарындарың ашып, белбеулерің босап кетпес үшін қазір осында тамақ жеткізіледі. Аз ғана бал келеді, аз ғана сүт келеді, бір-екі өгіз, он-он бес қой сойылады. Әрине, шамалы ғана нәрсе, әйткенмен адал ас.

– Жақсы, – дедім мен. – Ал енді, Инфадус, біз дем алайық. Көк пен ортадағы ұзақ жол үстінде қатты шаршадық. Лашықтың ішіне ендік. Дем алуға қолайлы боп шықты. Жақсылап жабдықталған. Біздің жатып, тынығуымызға арнап жасалған, үстіне иленген жұмсақ тері жайылған төсектері бар. Кешікпей, біз жуынып-шайыну үшін су әкелінді. Кір, шаңнан

бір қабат арылып, жадырап қалдық.

Кенет сырттан айқай естілді. Есікке тақап келіп далаға

қарап едік, қаздай тізілген, бұрала басқан қыздарға көзіміз түсті. Бізге сүт, маис ұнынан пісірілген бірнеше таба нан, және бір қыш құмыра толы бал әкеле жатыр. Қыздардың соңын ала бірнеше бала жігіт бір семіз өгізше айдап келеді.

Біз сыйды тегіс қабыл алдық. Сол сәтінде-ақ жігіттердің бірі беліндегі селебе пышағын суырып алып, лып еткізіп, өгізшені тамақтан орып жіберді.

Арада бес-он минут өтер-өтпесте жігіттер өгіздің терісін сыпырып, етін боршалап тастады. Мен еттің ең қоңды жерлерін сылытып алғыздым да, қалғанын біздің бәріміздің атымыздан тамашаға жиналған жауынгерлерге тарттым. Олар “ақ адамдардың сыйын” тәңірінің өз қолымен тартқан дәміндей пышақ үстінде бөлісіп әкетті.

Омбопа түр-тұлғасы тәп-тәуір бір жас келіншекті көмекшілікке алып, ас жабдығына кірісті.

Лашықтың алдына от жағып, үлкен қыш қазанға қайнатқан етіміз пісуге жақындаған шақта біз Инфадусқа кісі жібердік. Корольдің ұлы Скрагга екеуін ас ішуге шақырғамыз.

Екеуі де бөгелмей келді. Аласа орындықтарға отырып (лашықтың ішінде мұндай орындықтардың бірнешеуі бар еді; кукуандар әдетте зұлыстар құсап жүрелеп отырмайды) бізбен бірге ет жеді.

Кәрі джентльмен өзін өте әдепті, әрі сыпайы ұстады, бірақ жас жігіттің бізге шүбәмен қарай бергеніне таңырқаған едік. Басқа жұрт сияқты ол да түсіміздің бөлектігінен, толып жатқан сиқырлы қасиеттерімізден зәресі ұшып, бізге бас ұра табынған. Менің байқауымша, енді бізді де кәдімгі адамдарша ас ішетінімізді, біздің де кәдімгі адамдарша ұйықтайты- нымызды білген кезде оның қорқынышы сейіліп, көңілін бұлдыр күмән жайлай бастаса керек. Бұған қарағанда біздің де сақ тұруымыз қажет.

Тамақ үстінде сэр Генри інім туралы сұрастырғанымыз теріс болмас еді дегенді айтты. Мүмкін, біреу-міреу ғайыптан көрген шығар, мүмкін, біреу-міреу әлдебір кезде ұзынқұлақтан естіген шығар. Алайда мен әзірге бұл мәселе жайын қоя тұрған жөн деп шештім.

Астан соң біз қалиянымызды темекіге толтырып алып, шылым шегуге кірістік. Инфадус пен Скрагга бұған қатты таңырқады. Кукуандар темекі түтінінің жан жадыратар ғажайып қасиетінен мүлде бейхабар тәрізді. Кейін білдік, бұл елде темекі өте мол өседі екен, бірақ кукуандар да зұлыстар сияқты, оны тек насыбай ретінде ғана пайдаланатын көрінеді, ал шылым тарту – олардың әдетінде болмаған іс екен.

Инфадустан саяхатымызды қашан жалғастыратынымыз жайында сұраған едім. Қазірдің өзінде жолға әзірлік жүріп жатқанын, бөгелмей, ертең ертемен аттанатынымызды естігенде қуанып қалдым. Біздің келгенімізді король Твалаға хабарлау үшін шапқыншы жіберіліпті.

Король Твала қазір өзінің Луу деп аталатын жердегі бас ордасында көрінеді. Жыл сайын тамыздың алғашқы аптасында өтетін үлкен мейрамға әзірленіп жатыр дейді. Бұл мерекеге әдетте гарнизон қызметіндегі жекелеген полктерден басқа, елдегі барлық әскер қатысып, король алдынан салтанатты шеру құрып өтеді екен. Біз бұдан соңғы жерде бажайлап сөз ететін дуагерлерді аулаудың ұлы түні де сол мейрам күндеріне сәйкес келетін көрінеді.

Таң сыз бере аттануға тиіс едік. Қосшы ретінде бізбен бірге жүретін Инфадус егер өзен тасып, жол үстінде кездейсоқ аялдап қалмасақ, Лууға арада бір қонып, екінші қоналқаға жетеміз деп шамалады.

Осы хабарларды айтқан соң қонақтарымыз бізге қайырлы түн тіледі де, өз мекенжайларына кетті. Сол сәтінде-ақ үшеуміз төсекке жатып, рақат ұйқы құшағына ендік. Ал төртіншіміз қарауылға тұрды. Бұл – кукуандар сатқындық жасаса, қапы қалмау үшін қолданған шарамыз еді.

Луудың солтүстік бетінде, қаладан екі мильдей жерде таға іспеттес иіліп біткен биік шоқы көрінді. Кейін біз бұл шоқымен жақсылап танысуға мәжбүр болдық.

Қала аса көрікті жерге орналасыпты. Біз Сау-ханша тауының беткейінде тұрып тамашалаған мол сулы үлкен өзен шаһарды қақ жарып өтеді екен; кенттің қарама-қарсы қабақтағы бөліктері әлденеше рет көпір арқылы өзара байланысып жатыр.

Алыста, бізден алпыс-жетпіс мильдей жерде теп-тегіс кең жазықта үшбұрыш іспеттес кейіпте орналасқан биік үш тау көрінеді. Басын ақ қар, көк мұз басқан, қия жартас, биік шыңды меңіреу сеңгірлер етегі жайпақ, беткейі түйетайлы, Сау-ханша тауына мүлде ұқсамайды.

Біздің бұл тауларға әуестене қарағанымызды аңдаған Инфадус:

– Бұл тауды біздің ел “Үш Сиқыршы” деп атайды. Даңғыл Жол сол таудың етегіне жеткенде бітеді, – деді.

– Неге дәл сол арада бітеді? – деп сұрадым мен.

– Кім білсін, – деді кәрі жауынгер иығын қиқаң еткізіп.

Сәл бөгелді де, сөзін одан ары жалғастырды. – Бұл тауда үңгірден көп нәрсе жоқ. Содан соң онда аумағы үлкен, түбі терең алып құдық бар. Баяғы заманның дана адамдары өздері осы өлкеден іздеп келген нәрселерін сол арадан табады екен. Осы таудың қойнауындағы “Ажал сарайына” біз өзіміздің корольдерімізді жерлейміз.

– Ал бұл араға баяғының дана адамдары неменеге келіпті? – деп сұрадым мен оның сөзін асығыс бөліп.

– Мен қайдан білейін, тақсыр. Көктегі жұлдыздардан жерге кеп түскен сіздердің өздеріңіз білуге тиіссіздер ғой мұны, – деді Инфадус өткір жанары жарқ ете бізге қарап.

Сірә, өзіне белгілі жайларды дабыралағысы келмейтін тәрізді. – Айтқаның айна-қатесіз рас, – дедім мен. – Біз, жұлдыз

тұрғындары, сендер білмейтін көп нәрсеге қанықпыз. Мысалы, мен баяғы заманда жасаған дана адамдар ана тауға жалтыраған әдемі тастар мен сары темір іздеп барыпты деп естідім.

---

Source: [https://yvision.kz/post/biz-kukuan-eline-keldik-778641](https://yvision.kz/post/biz-kukuan-eline-keldik-778641)