---
title: "Баспа ісі – қағаздың күші"
description: "Ақпаратты көпшілікке тарату, оны өңдеу, редакциялау және шығаруға байланысты барлық процестерді қамтитын саланы баспа ісі дейміз. Бұл ма..."
author: "Бота"
published: "2024-12-10T18:42:05+00:00"
modified: "2024-12-10T18:42:05+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/baspa-isi-kagazdyn-kushi-1011043"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/baspa-isi-kagazdyn-kushi-1011043/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Баспа ісі – қағаздың күші

> Ақпаратты көпшілікке тарату, оны өңдеу, редакциялау және шығаруға байланысты барлық процестерді қамтитын саланы баспа ісі дейміз. Бұл ма...

Ақпаратты көпшілікке тарату, оны өңдеу, редакциялау және шығаруға байланысты барлық процестерді қамтитын саланы баспа ісі дейміз. Бұл мамандық жазушы, редактор, дизайнер, типограф, баспа өндірісінің менеджері сынды түрлі мамандарды даярлауды көздейді. Қазіргі уақытта баспа ісі, сандық баспа технологияларының дамуы мен интернет-журналистиканың пайда болуымен өзара тығыз байланысты. Қазіргі баспа ісі тек қағаз өнімдеріне ғана қатысты емес, ол сандық форматтағы өнімдермен тығыз байланыста. ҚазҰУ студенттері сандық баспаның, электрондық кітаптардың, онлайн-журналдардың және интернет-басылымдардың даму үрдістерін ескеріп, білім алады. Оған қоса, баспа ісі менеджментінің маркетинг аспектілері мен нарықтық сұранысты зерделеу маңызды рөл атқарады. Сондықтан, оқу бағдарламасы тек теориялық біліммен шектелмей, студенттерді заманауи әдістер мен технологияларға үйретеді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспа ісі мамандығы бойынша алған білім студенттерге медиа-компанияларда, баспа үйлерінде, жарнама агенттіктерінде және шығармашылық топтарда жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Студенттер оқу барысында алған дағдыларын тәуелсіз баспагерлік қызметке немесе өздерінің шығармашылық жобаларын іске асыру үшін пайдалана алады. ҚазҰУ өз түлектерін жоғары кәсіби деңгейде дайындайды, сондықтан университеттің баспа ісі мамандығына түскен студенттер үшін жұмысқа орналасу мүмкіндіктері мол. Бүгінде көптеген баспа үйлері, медиа-компаниялар, интернет-басылымдар ҚазҰУ түлектерін іздеп жатыр, себебі олар жоғары білікті, жаңа технологиялар мен трендтерді игерген мамандар.

Баспа ісі мәдениетті қалыптастырудың маңызды құралы ретінде қызмет атқарады. Баспа өнімдері арқылы халыққа ақпарат жеткізіп қана қоймай, ұлттық мәдениетті, әдебиет пен тарихты сақтап қалуға болады. Қағаз бетінде жарық көрген шығармалар, ғылыми мақалалар, көркем әдебиет, энциклопедиялар, тарихқа қатысты құжаттар адамзаттың рухани мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызды құралы. Әдебиет пен өнердің, сондай-ақ ғылыми зерттеулердің көпшілігі қағазда сақталған және бүгінгі күні түрлі басылымдар арқылы оқырманға ұсынылуда. Баспа өнімдері оқырманның талғамын қалыптастырып, адамдардың дүниетанымын кеңейтеді. Сонымен қатар, баспа ісі қоғамдағы білім деңгейін арттырып, мәдениет пен өнердің дамуына ықпал етеді.

Ақбота Ахметбек

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Журналистика факультетінің 3 курс студенті

---

Source: [https://yvision.kz/post/baspa-isi-kagazdyn-kushi-1011043](https://yvision.kz/post/baspa-isi-kagazdyn-kushi-1011043)