---
title: "БАҒДАРЛАМА МАҚСАТЫ – БАСПАНАЛЫ БОЛУ"
description: "«Үйі бардың күйі бар» демекші, әркімнің өз баспанасы болса ғана тұрмысы жайлы болары сөзсіз. Бұл ре..."
author: "mary4"
published: "2016-03-13T09:42:01+00:00"
modified: "2016-03-13T09:42:01+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/ba-darlama-ma-saty-baspanaly-bolu-683288"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/ba-darlama-ma-saty-baspanaly-bolu-683288/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# БАҒДАРЛАМА МАҚСАТЫ – БАСПАНАЛЫ БОЛУ

> «Үйі бардың күйі бар» демекші, әркімнің өз баспанасы болса ғана тұрмысы жайлы болары сөзсіз. Бұл ре...

![БАҒДАРЛАМА МАҚСАТЫ – БАСПАНАЛЫ БОЛУ](https://storage.yvision.kz/images/user/mary4/40215By3Gf93Va045r8Qx7y40qm5ch.jpg)

**«Үйі бардың күйі бар» демекші, әркімнің өз баспанасы болса ғана тұрмысы жайлы болары сөзсіз. Бұл ретте, тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында елімізде «Қолжетімді тұрғын үй-2020» мемлекеттік бағдарламасы қанат қаққанын атап өткен жөн. Бүгінде мыңдаған қазақстандық аталмыш бағдарламаның шапағатын көріп, баспаналы болып үлгерді.**

Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы өзінің «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты халыққа Жолдауында қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша мән беріп, 2020 жылға дейін елімізде 69 050 шаршы метр тұрғын үй салынатынын айтқан болатын. Мемлекет басшысының бұл жағымды жаңалығы үйі жоқ тұрғындарға үкілі үміт сыйлаған еді.

Осылайша, Елбасының салиқалы саясатының арқасында елімізде жыл сайын тұрғын үй құрылысы саласы қарқынды дамып, әр өңірде жаңа үйлер бой көтере бастады.

Осы мақсатта жүзеге асып жатқан «Қолжетімді тұрғын үй-2020» мемлекеттік бағдарламасына қатысуға ниет білдіргендер қатары жыл санап артуда. Себебі, бұл бағдарламаның аты айтып тұрғандай оның баршаға «қолжетімді» болуына басымдық берілген. Әсіресе, жаңадан отау құрған жастарға ерекше жеңілдік жасалғанын айта кеткен жөн. Мәселен, аталмыш бағдарламада жас жұбайларға арналған жеке бағыт бар. Сол бойынша мемлекет тұрғын үй салады, ал жас отбасы осы үйдің құрылыс жұмысы аяқталысымен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» белгілі бір соманы төлеп тұра беретін болады. Сөйтіп, шамамен 7-8 жылдың ішінде үйдің бағасының 50%-ын жинайды және осы үйді сатып алу мүмкіндігін иеленеді. Бұл үйсіз жүрген жастар үшін үлкен көмек екені айтпаса да түсінікті.

Мұндай қолдау - мемлекеттің жастарға деген жанашырлығы екені анық. Сондай-ақ, бағдарламаның бұдан басқа да тұрғындарға қолайлы бағыттары баршылық.

Бастысы, мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан тұрғын үйлер жыл санап көбеюде. Айталық, соңғы бірнеше жылда орташа есеппен елімізде 6-6,5 миллион шаршы метр құрылыс салынған. Осы салаға жауапты министрлік өкілдерінің мәліметіне қарағанда, «Қолжетімді тұрғын үй-2020» мемлекеттік бағдарламасы аяқталғанға дейін, яғни, 2020 жылға қарай тағы да 10 миллион шаршы метр үй салу жоспарлануда екен. Демек, осы бағдарлама аясында барлығы 69 миллионнан астам шаршы метр үй салынып, 1 миллионнан астам отандасымыз баспаналы болу бақытына бөленбек. Олардың қатарында павлодарлық тұрғындар да баршылық.

Атап өтерлігі, тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары Павлодар өңірінде де өз деңгейінде қолға алынуда. Мәселен, өткен жылы аймақ бойынша 20-ға жуық тұрғын үйдің құрылысы бой көтерген болатын. Ал биыл тек облыс орталығында жаңадан 9 тұрғын үй салынуда екен.

Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы тұрғындар игілігі үшін қолға алынуда. Ал көптеген жанның баспаналы болуына мүмкіндік берген мемлекеттік бағдарламаның берері әлі де алда...

Марат Серікбай

---

Source: [https://yvision.kz/post/ba-darlama-ma-saty-baspanaly-bolu-683288](https://yvision.kz/post/ba-darlama-ma-saty-baspanaly-bolu-683288)