---
title: "ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙ ЖОО РЕКТОРЛАРЫНЫҢ ФОРУМЫНДА ЖОҒАРЫ БІЛІМ БЕРУ ЖАЙЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ"
description: "9 қараша күні Челябіде Қазақстан мен Ресейдің XIV өңіраралық әріптестік форумы өтіп, екі ел жоғары о..."
author: "MON_RK"
published: "2017-11-13T05:08:08+00:00"
modified: "2017-11-13T05:08:08+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/aza-stan-men-resey-zhoo-rektorlaryny-forumynda-zho-ary-bilim-beru-zhayy-tal-ylandy-784789"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/aza-stan-men-resey-zhoo-rektorlaryny-forumynda-zho-ary-bilim-beru-zhayy-tal-ylandy-784789/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙ ЖОО РЕКТОРЛАРЫНЫҢ ФОРУМЫНДА ЖОҒАРЫ БІЛІМ БЕРУ ЖАЙЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

> 9 қараша күні Челябіде Қазақстан мен Ресейдің XIV өңіраралық әріптестік форумы өтіп, екі ел жоғары о...

9 қараша күні Челябіде Қазақстан мен Ресейдің XIV өңіраралық әріптестік форумы өтіп, екі ел жоғары оқу орындарынң ректорлары кездесті. Ведомство және ЖОО басшылары тәжірибе алмасып, жоғары білім беру сапасын арттыру және еларалық әріптестік жайын талқылады.

«Челябіде өткен Қазақстан мен Ресей ректорларының форумында жоғары білім берудің концептуалды талқысы жүріп жатыр, – деді бұқаралық ақпарат құралдарына сұқбат берген Ерлан Сағадиев. – Ректорлар қос диплом, тағылымдамадан өту, маман дайындау мәселелерін сөз етуде». Министр жиында екі жақ өкілдері пікір мен тәжірибе алмасып, ЖОО тарапындағы өзгерістер, жаңартылған оқу бағдарламасы, жаңа мазмұнда білім беру, академиялық бостандық жайы талқыланып жатқанын айтты. «Қазақстанда да Ресейде де бұл салада өзгерістер көп. Әріптестікке ұмтылатын, өзара түсіністікке құрылған конструктивті пікір алмасу жүріп жатыр. Бұл оң нәтиже береді деп сенеміз», – деді министр.

Журналистердің «Қазақстандықтардан Ресейліктер қандай пайдалы дүние ала алады деген» сұрағына министр: «Қазақстанда білім беру саласы түбегейлі өзгеріп жатыр. Экономикалық әріптестік және даму ұйымына мүше елдердің сыни ойлау жүйесіне негізделген тәжірибелеріне сүйендік. Бұл өзгеріске біз 15 жыл дайындалдық. Назарбаев зияткерлік мектептері салынып, жаңа бағдарламалар сонда сынақтан өткізілді. Өткен жылдан бері осы жаңартылған мазмұнды қатардағы сыныптарға да енгізе бастадық. Бұл – өте күрделі процесс. Оқытушылардан да, оқушылар мен олардың ата-аналарынан да таным-түсінікті өзгертуді талап ететін шаруа. Дамыған елдердің тәжірибесі – бұл өзгерістің пайдалы болатынын дәлелдеп отыр. Біз ресейлік әріптестерімізбен осы тәжірибені бөлісіп отырмыз. Ерте ме, кеш пе барлық елдер осы жолға түсетіні айқын. Ресейлік білім беру жүйесіне келер болсақ, оларда мұғалімдердің жалақысы өте жоғары. Қазақстан жағы, біздің министрлік қазір осы мәселені қолға алды», – деп жауап берді.

Г.В Плеханов атындағы Ресей экономикалық университетінің ректоры Виктор Гришин өз сөзінде: «Бір мүдделес, өзара байланысқан білім беру кеңістігін құрмайынша біріңғай еңбек нарығы болуы мүмкін емес. Біздің елдердің білім беру саласында қолға алған шаруалар көп. Бірақ бірлесіп шешетін мәселелелер де жетерлік. Осы жағынан алғанда бүгінгі форумның маңызы зор. Ол біздің білім беру саласындағы негізгі бағытымызды айқындап береді», – деді.

Виктор Гришин Қазақстанның білім беруде, әсіресе жоғары білім беру саласында оқу мазмұнын жаңартуға көп көңіл бөлетінін атап өтті. Екі елде де белсенді дамып келе жатқан, халықаралық рейтинг көшіне ілесуді мақсат еткен жоғары оқу орындары жетерлік. Осы көшбасшылардың ізімен басқа ЖОО да жүруі керек. Қазақстанның екі бірдей жоғары оқу орны QS рейтінгіне кірді. Ал Ресейде бұл әлдеқайда көп. «Біз әріптестікке мүдделіміз, бірлескен мақалалар жазуға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге дайынбыз. Жалпы айтқанда әріптестік аясын кеңейтуге жағдай жасалған», – деді Виктор Гришин.

Санкт-Петербор мемлекеттік политехникалық университетінің ректоры Андрей Рудской: «Қазақстанда білім беру саласында оң саясат жүргізіліп жатыр. Мемлекет тарапынан да өте жоғары деңгейде көңіл бөлінеді. Бұл – президент Н.Ә Назарбаевтың көрегендігі», – деді. Андрей Рудской Ресей мен Қазақстан арасында білім беру бойынша интеграциялық процестердің маңызын да атап өтті. Атап айтқанда өзі басқаратын ЖОО мен Тұңғыш президент атындағы Қарағанды политехникалық университеті арасындағы белсенді әріптестікті алға тартты. Ол Қарағандыдағы бұл университетті: «Соңғы 10 жылда кеңестік штаттық жоғары оқу орнынан инженерлік білім берудің мықты орталығына айналды», – деп атады.

«Бұл – жоғары оқу орнының саясаты ғана емес, мемлекеттің көңіл бөлуінің арқасында жеткен жетістік. Біздің әріптестігіміз өз жемісін беруде. Маңызды және болашағы зор деген пәндер бойынша оқытушылармен алмасып, қарым-қатынас жақсы жолға қойылған. Қазақстандық жоғары оқу орны студенттерінің деңгейі мен білім беру сапасына мақтау айтпай қалу мүмкн емес. Олар білімді, алға қойған мақсаттары айқын, саналы азаматтар. Біздің әріптестік пен интеграцияның дұрыс жолда екенінің дәлелі – Ресей мен Қазақстан ректорларының бүгінгі басқосуы. Барлық баяндамалар мен мінберден тыс пікірлесулер кезінде «Алға бірге жылжуымыз керек», – деген ой көп айтылды. Бұл – біздің қолымыздан келмейін іс жоқ екенін дәлелдейді» – деді Андрей Рудской.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/91NUW9XBprAa18sQzdj14Bt93QWOGB.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/RYnIvN5AMe2wd45E5VHV88plEfkRdp.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/post/aza-stan-men-resey-zhoo-rektorlaryny-forumynda-zho-ary-bilim-beru-zhayy-tal-ylandy-784789](https://yvision.kz/post/aza-stan-men-resey-zhoo-rektorlaryny-forumynda-zho-ary-bilim-beru-zhayy-tal-ylandy-784789)