---
title: "ҚАЗАҚ КҮРЕСІНІҢ МАЙТАЛМАНЫ КӨЛБАЙ ДАНАБАЙ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ АШЫҚ ТУРНИР БАСТАУ АЛДЫ"
description: "Киелі Арал топырағынан өсіп-өнген, бойындағы бар күш-жігерін, білігі мен білімін, саналы ғұмырын а..."
author: "saya-akimbek"
published: "2017-11-18T02:16:13+00:00"
modified: "2017-11-18T02:16:13+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/aza-k-resini-maytalmany-k-lbay-danabay-atynda-y-oblysty-ashy-turnir-bastau-aldy-785381"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/aza-k-resini-maytalmany-k-lbay-danabay-atynda-y-oblysty-ashy-turnir-bastau-aldy-785381/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# ҚАЗАҚ КҮРЕСІНІҢ МАЙТАЛМАНЫ КӨЛБАЙ ДАНАБАЙ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ АШЫҚ ТУРНИР БАСТАУ АЛДЫ

> Киелі Арал топырағынан өсіп-өнген, бойындағы бар күш-жігерін, білігі мен білімін, саналы ғұмырын а...

![ҚАЗАҚ КҮРЕСІНІҢ МАЙТАЛМАНЫ КӨЛБАЙ ДАНАБАЙ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ АШЫҚ ТУРНИР БАСТАУ АЛДЫ](https://storage.yvision.kz/images/user/saya-akimbek/084MH8s3dEjV0qoE8VbyYESc7eB5iA.jpg)

Киелі Арал топырағынан өсіп-өнген, бойындағы бар күш-жігерін, білігі мен білімін, саналы ғұмырын ауданымыздың дамуына, өркендеуіне жұмсаған Данабай Көлбай Соңғыбайұлы Арал ауданындағы Қазақ күресінің негізін қалап, еліміздегі спорт саласының дамуына айтарлықтай үлес қосты.

Осы ретте, бүгін аудандағы орталық стадионда туған жерге қызметі сіңген төл перзенттің асқаралы 63 жастық мерейтойына орай облыстық ашық біріншілік бастау алды.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында ұйымдастырылып отырған облыстық турнирдің ашылу салтанатында ең алдымен сөз алған аудан әкімі М.Оразбаев мерейтой иесін құттықтап, «Еңбек жолын қарапайым дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастап, аудандық спорт мектебінің директоры, 1992 жылдардан бері аудан әкімшілігінде бірқатар қызметтердің тізгінін ұстап, аудан әкімінің орынбасары, аудандық мәслихат хатшысы сынды басшылық қызметтердің бәрін де абыроймен атқарып, жұртшылықтың шынайы алғысы мен құрметіне бөлендіңіз. Бүгінгі жастарымыз әрдайым өзіңіздей абзал ағаларының жолын ұстанып, өнегесін үлгі тұтып өседі»,- деп, арнайы «Құттықтауын» табыстап, сый-құрметін білдірді.

Одан әрі, сөз тізгінін Көлбай Соңғыбайұлының Қазалы ауданынан келген досы, еліміздегі спорт саласының дамуына сүбелі үлес қосқан, бірқатар марапаттардың иегері Жұмабек Құлбаев, Қармақшы аудандық спорт клубының директоры Әділбек Серікбаев және мерейтой иесінің шәкірті Құрышбек Қазыбековтар тізгіндеп, көптеген естеліктерімен бөлісіп, шынайы ықыластарын жеткізді.

Айта кету керек, аудандағы 1999-2002 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы облыстық турнир аудандық спорт бөлімі мен №19 Арал ауданының ОРМБЖ мектебінің ұйымдастыруымен, аудан әкімдігінің қолдауымен және Көлбай Данабайдық шәкірттерінің демеушілігімен өтуде. Жарысқа жалпы облыс бойынша 9 команда қатысып, бақ сынасуда.

---

Source: [https://yvision.kz/post/aza-k-resini-maytalmany-k-lbay-danabay-atynda-y-oblysty-ashy-turnir-bastau-aldy-785381](https://yvision.kz/post/aza-k-resini-maytalmany-k-lbay-danabay-atynda-y-oblysty-ashy-turnir-bastau-aldy-785381)