---
title: "ҚАЗАҚ АҚЫН-ЖЫРАУЛАРЫ МЕН ФИЛОСОФТАРЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-САЯСИ КӨЗҚАРАСТАРЫ: ЖҮСІП БАЛАСАҒҰН"
description: "Жүсіп Баласағұн (1020-?) - ақын, ойшыл, ғалым, мемлекет қайраткері Ж. Баласағұнның моральдық-этик..."
author: "Murat_Nasimov"
published: "2011-07-24T03:48:05+00:00"
modified: "2011-07-24T03:48:05+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/aza-a-yn-zhyraulary-men-filosoftaryny-leumettik-sayasi-k-z-arastary-zh-sip-balasa-n-178944"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/aza-a-yn-zhyraulary-men-filosoftaryny-leumettik-sayasi-k-z-arastary-zh-sip-balasa-n-178944/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# ҚАЗАҚ АҚЫН-ЖЫРАУЛАРЫ МЕН ФИЛОСОФТАРЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-САЯСИ КӨЗҚАРАСТАРЫ: ЖҮСІП БАЛАСАҒҰН

> Жүсіп Баласағұн (1020-?) - ақын, ойшыл, ғалым, мемлекет қайраткері Ж. Баласағұнның моральдық-этик...

**Жүсіп Баласағұн (1020-?) -**

ақын, ойшыл, ғалым, мемлекет қайраткері

![БАЛАСАГУН](https://storage.yvision.kz/images/user/murat_nasimov/LnzhJTXnoNCd53aIuP38ndt3N9Bva4.jpg)

Ж. Баласағұнның моральдық-этикалық мәселелерді көтеретін «Құтты білік» дастаны мемлекетті басқару әдістерін, адамгершілік принциптерін, қоғамдық-саяси мәні бар түрлі ережелер мен заңдарды, әдет-ғұрыптар нормасын қамтыған, энциклопедиялық дәрежеде жазылған көркем туынды болып табылады. Дастанның басты идеялары төрт принципке негізделіп жазылған: *1) мемлекетті дұрыс басқару үшін әділ заңның болуы; 2) бақ-дәулеттің басқа қонуы; 3) ақыл-парасаттың қоғамдық рөлі; 4) қанағатшылдық мәселесі. *Осы принциптерді ұстанған еңбектің негізі әділдік (Күнтолды), бақыт (Айтолды), ақыл (Ойтолды), молшылық (Жетелеуші) сияқты кейіпкерлердің сұхбаты іспеттес жүргізіледі. Адамгершілік, имандылықты насихаттайтын саяси-философиялық трактат идеясы әл-Фарабидің «Қайырымды қаланың тұрғындарының көзқарастар жайындағы» ойлармен ұқсас. Бұл еңбек өз уақытында Қытай, Үндістан, Араб, Парсы ғұламалары тарапынан жоғары бағаға ие болды.

![КУТТЫ БИЛИК](https://storage.yvision.kz/images/user/murat_nasimov/v1JTKH1RgaqAtclAD4y091W8y2NCA1.jpg)

Ж. Баласағұн өз шығармасында заманның бұзылғандығы, достардан жапа шеккендігі туралы баяндайды. Ол адамдардан кісіліктің жоқтығы, ағайын-достық арасындағы қарым-қатынаста жаттан айырмашылығының болмауы, халық арасында иман, сенім мен жақсы қасиеттің қалмағанын өкіне баяндайды. Сонымен бірге, жігіттікке ашынып, өкініп, қарттық туралы да айта келе, ол өзіне ақыл-кеңес беру арқылы, қоғам мүшелеріне ықпал еткісі келеді. Ақынның дастан жолдарында айтылған мына сөздері:

«Сөзді тура, ащы, қатты сөйледім,

Түзу сөзді ұғар түзу ел дедім.

Оқушыға аса ауыр келмесін,

Ашық айтып, көрінгенді термедім!» (*Құтты білік / Көне түрк тілінен аударған, алғы сөзі мен түсініктерін жазған А. Егеубай. –А, Өлке, 2006. – 622 б.*), - оның шын мәнінде ел жағдайына немқұрайлы қарамағандығын көрсетеді

Жалпы ақын адамның кемелдену жолдарын айқындайды. Оның барлық көріністері өлең жолдарында айтылады және оның сапалық белгілері мынада деп ойлаймыз: *1. Адам баласының қадір-қасиеті – білім мен ақылда. Ол адам кемелденуінің алғашқы жолы. Ғылым іздеу – мұсылманның бір парызы; 2. Тілдің пайдасы мен зияны бірдей; 3. Ізгілік – адамзат үшін ең қажетті қасиет; 4. Даңқ пен дәулетке мастанба, ол бір орнында тұрмайды; 5. Әділеттің жолын қу, шыншыл бол; 6. Сараңдық пен ашкөздіктен аулақ бол; 7. Иттердің басшысы арыстан болса, иттер де арыстандай күркірер, ал арыстандардың басшысы ит болса, иттің тірлігін қылар; 8. Тексіз кісі уәзір бола алмайды. Бек қандай болса, уәзірі де сондай; 9. Намысшыл ер бол; 10. Өз пайдаңнан гөрі ел пайдасын ойла. Қайырымды бол *(*Қыраубаева А. Ежелгі әдебиет. 5 томдық шығармалар жинағы. – 2 том. – Алматы, 2008. – 185-187 бб.*).

---

Source: [https://yvision.kz/post/aza-a-yn-zhyraulary-men-filosoftaryny-leumettik-sayasi-k-z-arastary-zh-sip-balasa-n-178944](https://yvision.kz/post/aza-a-yn-zhyraulary-men-filosoftaryny-leumettik-sayasi-k-z-arastary-zh-sip-balasa-n-178944)