---
title: "АЙТЫС"
description: "Павлодар облысы Жастар бастамаларын дамыту орталығында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына және Конституция ..."
author: "CRMI"
published: "2016-08-29T06:02:11+00:00"
modified: "2016-08-29T06:15:11+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/aytys-709387"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/aytys-709387/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# АЙТЫС

> Павлодар облысы Жастар бастамаларын дамыту орталығында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына және Конституция ...

Павлодар облысы Жастар бастамаларын дамыту орталығында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына және Конституция күніне арналған облыстық ақындар айтысы өтті. Айтысқа 8 ақын қатысып, үздіктер арасынан жас айтыскерлер суырылып шықты. Аузымен құс тістеген 8 ақын орталықта айтыс көркін қыздыруға кірісті. Ақындар арқау еткен негізгі тақырып- Ата заң, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы. Дегенмен, ұлт тағдыры мен халық тұрмысы да суырып салма ақындардың аузында.

![АЙТЫС](https://storage.yvision.kz/images/user/crmi/3YUH661Ld6BnH6U3VJF230Il71USTF.jpg)

Тап бермеде тауып айтатын ақындарымыздың ойнап айтқан бір ауыз сөздері ойып алып, осып салатын хәлге жетіп жатады. Сол сөздерді саралап ойлап, салмақтап қарасаңыз салиқалы мағына беретін өрелі сөздер екенін де жасыра алмаймыз. Мейлі айтыста болсын, мейлі айтыс сахнасынан сырт дастархан басында болсын сөзге шебер, әзілге жақын ақындардың езуге күлкі үйірер ұтымды жауаптарын біреу білсе, біреу білмейді. Жас та болса өзінің әзілімен көрерменді таңқалдырған Нұрбек Бәкір мен Алтынбек Мақсатханның айтысы да ерекше шықты.

![АЙТЫС](https://storage.yvision.kz/images/user/crmi/3Zm73SGr57fhC0rdG8NYBv5s7IENV5.jpg)

Абзал Қабдраш пен Азамат Базарбай жезде мен балдыз айтысын жасаса, Саяхат Оразбек пен Марғұлан Жақау тақырыпты жақсы қозғады. Баянауылдық Нұрқанат Қайрат пен Қайролла Хафиз томпақтар айтысы деп, айтысқа әдемі қалжындарын қоса білді.

![АЙТЫС](https://storage.yvision.kz/images/user/crmi/658z92bcR6PBqmY0r8cKpCc78PlkKA.jpg)

Ақындар ішінен екінші айналығымға Нұрқанат Қайдар мен Марғұлан Жанбау шықты. Нұрқанат айтыстағы бауыры Марғұланға өз жолын берді.

Айтыста әділ қазылық танытқан ақын, журналист: Айбек Оралхан. Жастар орталығының «Жастарға әлеуметтік мәселелері бойынша ақпараттық кеңес беру бөлімінің» жетекшісі: Айтбаев Төлеген Жұмабекұлы және «Алдаспан» жас ақындар клубының жетекшісі Солтанова Замира қазылық етті.

![АЙТЫС](https://storage.yvision.kz/images/user/crmi/4pGcnP2dYT3pq352MssxLKfhmSgSMx.jpg)

Айтыс қорытындысына тоқталсақ: ІІІ орын:Азамат Базарбайға бұйырса, ІІ орынды Қайролла Хафиз қанжығасына байлады. І орын баянауылдық Нұрқанат Қайратта. Бас жүлдені қазылар алқасы жас ақын Марғұлан Жақауға беруді жөн көрді.

![АЙТЫС](https://storage.yvision.kz/images/user/crmi/8v4jC0pWINTfrPt1U4GMCe2ulrW9qM.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/post/aytys-709387](https://yvision.kz/post/aytys-709387)