---
title: "Айша ананың табандылығы туралы толғаныс"
description: "Шерхан Мұртазаның “Ай мен Айша” романын оқығаннан кейінгі толғаныс“Халық жауының” ұлынан “ұлт жазушысына” дейін көтерілген жазушы- ?..."
author: "asselaktureeva"
published: "2025-01-30T05:48:00+00:00"
modified: "2025-01-30T05:48:00+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/aysha-ananyn-tabandylygy-turaly-tolganys-1012216"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/aysha-ananyn-tabandylygy-turaly-tolganys-1012216/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Айша ананың табандылығы туралы толғаныс

> Шерхан Мұртазаның “Ай мен Айша” романын оқығаннан кейінгі толғаныс“Халық жауының” ұлынан “ұлт жазушысына” дейін көтерілген жазушы- ?...

Шерхан Мұртазаның “Ай мен Айша” романын оқығаннан кейінгі толғаныс

“Халық жауының” ұлынан “ұлт жазушысына” дейін көтерілген жазушы- Шерхан Мұртазаның балалық шағы жайлы бір үзік әңгімелер жазылған роман. Бұл роман Шерхан Мұртазаның туған жеріне деген сүйіспеншілігі, бастан кешкен қиындықтарды және ана мен баланың арасындағы байланысты айқын суреттейді. Шығарманы оқыған кезден бастап жүрекке жылулық сезінеді. Менің ойымша бұл туынды Шерхан Мұртазаның анасына деген махаббатын, алғысын , құрметін, сағынышын жеткізуінің айнасы. Қилы заманның қиындықтарына, бастан өткен азаптарға, барша сынақтарға қарамастан анасы мен баласының байланысы үзілген жоқ.

Айша ана - төзімділік пен даналықтың нағыз үлгісі. Балаларына деген махаббаты мен өз ұстанымдарына беріктілігі арқылы қазақ әйелдеріне тән қасиеттерді айқындай түседі. Қиындықтармен күресіп, өмірдің ауыртпалықтарын жеңе жүріп, ұрпағына арқа сүйер ана аттанып, әрқашан оларға қорған болды.

Айша балаларына тек ана мейірім ғана емес, рухани тәрбиеніде перзенттерінің бойына сіңірді. Адалдыққа, қайсарлыққа баулып, өмірлік құндылықтарды ұғындыруға септігін тигізді. Балаларына деген сүйіспеншілігін оның іс-әрекетінен, қамқорлығынан байқауға болады. Олардың берік, қиындықтарға қарсы тұруы, адал еңбек етіп, шыншыл болуы Айша ананың еңбегі.

Оның өз ұстанымдарына беріктілігі – айнымас ерік-жігерінің көрінісі. Айша ана өзінің өмірлік құндылықтарынан, ар-намысынан ешқашан бас тартқан емес. Ол әрдайым шыншылдықты, адалдықты, әділдікті басты орынға қойып, айналасына сол қағидаларды насихаттап отырды. Бұл қасиеттері арқылы ол өз балаларына ғана емес, бүкіл қауымға үлгі болып, оларды алға жетеледі.

Айша ананың төзімділігі мен даналығы – қазіргі ұрпақ үшін де баға жетпес сабақ. Ол өмірдің қиыншылықтарына шыдамдылықпен қарап, әрбір сәттен өз жолын таба білудің нағыз үлгісін көрсетті. Оның өмірі – жақындары мен сүйікті ұрпағы үшін барлығына дайын болатын, қайтпас қайсар ананың бейнесі ретінде әрқашан есте сақталады.

Бұл туындыны оқу арқылы қазақ әдебиеті мен тарихын , ұлттың мәдениетін, рухани құндылықтарын терең түсінуге жол ашады. Шерхан Мұртаза шынайы ана махаббатын, адалдық пен төзімділікті керемет бейнелеген. Роман қазақ халқының басынан өткен қиын-қыстау кезеңдерді, өмірдің өткіншілігін, адам болмысының тереңдігін ашады. Шығарманы оқу арқылы әркім өз өміріне, өз ұстанымдарына, өз жақындарына деген қарым-қатынасын қайта бағалауға мүмкіндік алады.

“**Ай мен Айшаны**” оқуға кеңес беруімнің себебі – бұл шығармада өмірдің терең мәні, ананың төзімділігі мен шексіз махаббаты, ұлттық құндылықтардың қадірі шынайы бейнеленген. Шерхан Мұртаза кейіпкерлерінің тағдыры арқылы оқырманға өзін тануға, қиындықтарға мойымауға және жақындарына деген құрметін арттыруға шабыт береді. Бұл кітапты оқу арқылы өзіме жақын жандардың қадірін тереңірек сезініп, өмірдегі басты құндылықтарды қайта бағалауға мүмкіндік алдым. Шығарма бізді өз тамырымызбен, ұлттық рухымызбен қайта табыстырады. “Ай мен Айша” әр бетінде ұрпаққа даналық жолын, адалдық пен төзімділікті үйретеді. Сондықтан бұл шығарманы әрбір жан оқуы керек деп ойлаймын, себебі ол жүрекке жылы тиіп, рухани байлық сыйлайды.

Актуреева Асель

Алматы қаласы, №58 ЖББМ 11 А сынып оқушысы

---

Source: [https://yvision.kz/post/aysha-ananyn-tabandylygy-turaly-tolganys-1012216](https://yvision.kz/post/aysha-ananyn-tabandylygy-turaly-tolganys-1012216)