---
title: "Аянның арманы."
description: "Аралас жекпе-жектен Қазақстан Республикасының чемпионы, Алматы қаласындағы №58 жалпы білім беретін мектептің 10 сынып оқушысы Сулейман А?..."
author: "asselaktureeva"
published: "2025-02-13T06:30:36+00:00"
modified: "2025-02-13T06:30:36+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/ayannyn-armany-1012500"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/ayannyn-armany-1012500/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Аянның арманы.

> Аралас жекпе-жектен Қазақстан Республикасының чемпионы, Алматы қаласындағы №58 жалпы білім беретін мектептің 10 сынып оқушысы Сулейман А?...

***Аралас жекпе-жектен Қазақстан Республикасының чемпионы, Алматы қаласындағы №58 жалпы білім беретін мектептің 10 сынып оқушысы Сулеймен Аянмен сұхбат.***

![Аянның арманы.](https://storage.yvision.kz/images/user/581061/b77e97d6470fcff0225e2016ca749991.jpg?width=820&height=857)

-Өмірлік жолында ата-анаңның берген ең маңызды кеңесі қандай болды?

-Ата-анам еңбектің, табандылықтың және адалдықтың маңызын айтып, спорттағы әр қадамыма қолдау көрсетіп келеді . Әкем ешқашан жеңілістен қорықпа, әр жеңіліс – жаңа сабақ деп жиі айтатын. Сол сөз менің спорттағы жолымда үлкен мотивация берді.

-Отбасыңда спортпен айналысатын немесе сенің жолыңды үлгі тұтатын адамдар бар ма?

-Иә, отбасымда спортпен шұғылданатындар бар. Әкем спортқа жақын адам, ал інім менің жетістіктерімнен шабыттанып, спортқа бет бұрды. Бұл маған үлкен қуаныш сыйлайды.

-Спорт әлеміне алғашқы қадамыңды қалай жасадың? Бұл шешімді қабылдауға не себеп болды?

-Кішкентай кезімде энергиям тым көп болды, сондықтан ата-анам мені спорт секциясына берді. Алғашында тек хобби ретінде айналыстым, бірақ уақыт өте келе бұл өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды.

-Спорт сенің болмысыңды қалай өзгертті?

-Спорт мені тәртіпке, шыдамдылыққа, өзімді бақылауға үйретті. Сондай-ақ, психологиялық тұрғыдан шыңдап, өзіме сенімді болуға көмектесті.

-Республикалық дәрежеде чемпион болу – тек қана жеңіс емес, үлкен жауапкершілік. Сол жауапкершілік жүгін қалай арқалап жүрсің?

-Чемпион болу – тек жеңіс емес, сонымен қатар өзіңді үнемі жетілдіру деген сөз. Жанкүйерлер мен бапкерлердің сенімін ақтау үшін бар күшімді саламын.

-Жекпе-жек кезінде қорқыныш пен сенімділік арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтайсың?

-Қорқынышты жеңудің жалғыз жолы – тынымсыз еңбек. Егер сен жаттығуда кезінде барынша талпынсаң, рингке шыққанда өз-өзіңе сенімді боласың.

-Физикалық дайындықпен қатар психологиялық табандылыққа қалай қол жеткізесің?

-Мен медитация және визуализация әдістерін қолданамын. Сондай-ақ, өзіме сенімді болу үшін психологиялық жаттығулар жасаймын.

-Сенің өміріңдегі ең үлкен “жеңіс”- қандай жеңіс?

-Тек спорттық жеңістер емес, мен үшін ең үлкен жеңіс – өзімді жеңіп, мақсаттарыма жете білуім.

-Жаттықтырушылардың саған берген ең маңызды сабақ қандай болды?

-Бапкерлерім маған ешқашан тоқтап қалмау керектігін, әрдайым өзіңді алға жетелеу керек екенін үйретті.

-Спортпен қоса тағы немен айналасасың? Қандай хоббиің бар?

-Спорттан бөлек, кітап оқығанды ұнатамын. Сонымен қатар, музыка тыңдау мен саяхаттау – жаным сүйетін істердің бірі.

-Жақсы көретін фильмдер мен сүйікті кітаптарын жайлы айтып бересің бе? -Сүйікті фильмім – “Rocky” , себебі ол нағыз спорттық рухты көрсетеді. Ал кітаптардан «Жеңімпаздардың психологиясы» атты шығармалар ұнайды.

-Чемпион болу үшін қандай дағдыларды меңгеру керек?

-Тәртіп, еңбекқорлық, шыдамдылық және стратегиялық ойлау – нағыз чемпион болудың басты қағидалары.

-Спорт пен оқу үлгерімін қалай ұштастырасың?

-Уақытты дұрыс жоспарлау маңызды. Тәжірибе жинаған сайын екі саланы қатар алып жүру жеңілдей түседі.

-Келешекте қандай кәсіп иесі болуды армандайсың?

-Қазір спортқа ден қойып жүрмін, болашақта спорт саласындағы кәсіпкер болуды армандаймын.

-Өзің айналасатын аралас жекпе-жек спортында қандай қолтаңбаңды қалдырғың келеді?

-Өз стиліммен ерекше әрі болашақ чемпиондарға мотивация беретін тұлға болғым келеді.

-Арманына жете беруіне тілектеспін! Cұхбаттасқаның үшін көп рақмет, Аян!

---

Source: [https://yvision.kz/post/ayannyn-armany-1012500](https://yvision.kz/post/ayannyn-armany-1012500)