---
title: "АУҒА ДАЙЫНДАЛУ"
description: "Жетінші тарау АУҒА ДАЙЫНДАЛУ Сүтқоректі алыптың көрінуі «Пилигрим» экипажына неліктен бұл сияқты қ..."
author: "kitap6"
published: "2017-09-08T01:08:22+00:00"
modified: "2017-09-08T01:08:22+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/au-a-dayyndalu-778127"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/au-a-dayyndalu-778127/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# АУҒА ДАЙЫНДАЛУ

> Жетінші тарау АУҒА ДАЙЫНДАЛУ Сүтқоректі алыптың көрінуі «Пилигрим» экипажына неліктен бұл сияқты қ...

**Жетінші тарау**

 

**АУҒА ДАЙЫНДАЛУ**

Сүтқоректі алыптың көрінуі «Пилигрим» экипажына неліктен бұл сияқты қозғау салуы, әрине, түсінікті мәселе. Теңіз бетінде қызыл алаптың ортасында жүзіп жүрген кит орасан ірі көрінді.

Бұл китті соғып алып кеме трюмін толтырсақ деген үміт – олқы құмарлық емес! Аңшылар бұл сияқты ұтыры келіп тұрған жағдайдан қайтып қана құралақан қала алсын?

Миссис Уэлдон капитан Гульден:

– Бұл китке шабуыл жасау қауіпті емес пе? – деп сұрады. – Жоқ, миссис Уэлдон, – деп жауап қатты капитан

Гуль. – Ешқандай қауіп жоқ.... Китті жалғыз қайықпен әлденеше рет аулағаным бар, көздеген мақсатыма жетпей қайтқан сапарым болған емес. Қайталап айтамын, бізге төніп тұрған ешқандай қауіп жоқ, ендеше, сізге де қауіп жоқ.

Миссис Уэлдонның көңілі орныққандай болды, ол басқа жағын қайтып сұрамады да.

Капитан Гуль сол сағатында жолақжонды аулауға керекті дайындықтар жасауға бұйырды. Ол осы жолғы аушылықтың қиынға соғатынын жақсы білді, сондықтан да сақтануға қажетті барлық шараларды қолдануға ұйғарды. Кит аулауға үш қайық баруы керек еді, капитан Гуль сол үш қайықтың орнына болғаны жалғыз-ақ қайық жібере алатын болды. Кит аулау маусымында «Пилигримнің» тұрақты командасына жәрдемдесу үшін Жаңа Зеландиядан матростар мен гарпуншылар алғанын жоғарыда айтып өттік. Қазіргі кезеңде ол жәрдемші команда жоқ, енді «Пилигримнің» ауға шығара алатыны – тек болғаны бес-ақ матрос, былай айтқанда, бір қайықты басқаруда қанша адам керек болса, сонша адам шығара алады. Өз еңбектерін асыға ұсынған бес негрдің жәрдемін капитан Гуль қабылдамады: өйткені кит аулауда қайықты басқару тек қана тәжірибелі теңізшінің қолынан келеді. Китке шабуыл жасаған кезде рульдің епсіз қимылы немесе ескектің мезгілсіз есілуі қайықты апатқа ұшыратуы ықтимал.

Тағы бір қиын мәселе, капитан Гуль кемеде ең болмаса бір тәжірибелі матрос қалдырмай кете алмайды, дүние деген алмағайып нәрсе ғой.

Бірақ кит аулайтын қайыққа адамның әлдісі керек, капитан амалсыздан кемені Дикке тапсыратын болды.

– Дик, – деді ол, – ауға кеткен уақытымда сені өзімнің орынбасарым етіп қалдырамын. Аушылық ұзаққа созылмас деймін.

– Құп болады, капитан! – деп жауап қатты жасөспірім. Диктің өзі де кит аулау ісіне қатысқысы келіп еді, бірақ

ол қайық үстінде тәжірибелі кит аулаушы пайдалырақ екенін және «Пилигримде» капитан Гульдің орнын өзі ғана баса алатынын ескерді. Сондықтан да ол сөз қайырмай капитанның бұйрығына бағынды.

Сөйтіп, «Пилигрим» командасы түгелдей ауға аттанды. Төрт матрос ескек есуге отырды, ал боцман Говик өзінің үйреніп қалған жұмысы рульді – артқы ескекті ұстады. Руль тез маневр жасауға мүмкіндік бермейді. Егер китке шабуыл жасаған кезде ескек күректер жазатайым сынып қалса, шебер теңізші жалғыз артқы күректің өзімен-ақ, жараланып жанұшырған хайуанға қайықты соқтырмай аман әкете алады.

Капитан Гуль гарпуншы орнында тұрады, бұл міндет оның бірінші рет атқарғалы тұрған ісі емес, осы орында тұрып талай китті гарпундаған болатын. Оның атқаратын міндеті – китке гарпун лақтыру, гарпун сабына байлаған ұзын арқанньң тарқатылуын қадағалау және жараланған китті мұхит бетінде жүзіп жүргенінде шанышқылап өлтіру еді.

Кейде кит аулау кәсібіне дәрімен атылатын зеңбірек сияқты қарулар да қолданылатын. Кеме бортына немесе қайықтың тұмсығына ерекше жасалған зеңбірек орнатады да, жарылатын снаряд немесе сабына арқан байлаған гарпун атады. Бірақ «Пилигримде» бұл сияқты құралдар жоқ-ты. Дұрысын айтқанда, теңізшілер мұндай жаңа әдістер қымбатқа түседі және оның тетігін кім көрінген біле бермейді деп жаратыңқырамайтын, сондықтан да өздерінің үйреніп қалған қарапайым құралы – гарпунды қолданатын-ды. Сөйтіп, капитан Гуль өзінің ескілікті қаруымен ғана ауға аттанды. Жолақ жон «Пилигримнен» бес миль шамасы қашықта еді.

Ауа райы да аңшыларға кесірін тигізбей жәрдем еткісі келген тәрізді. Теңіз де тыныш, бұл жағдай қайықты басқару ісіне жеңілдік береді. Жел жоқ кезде экипаж ауда жүргенде «Пилигримді» бір жаққа жел айдап әкетеді деп қауіптенудің орны жоқ.

Штирборттағы қайық суға түсірілді, төрт матрос қайыққа түсіп, өз орындарына отырды.

Боцман Говик оларға екі гарпун және ұшына өткір ұштық қадаған бірнеше шанышқы әкеліп берді. Шабуылға керекті бұл құралдардың үстіне, әрқайсысының ұзындығы алты жүз футтан келетін бес шумақ сым арқан алды. Бір шумақ арқан тарқатылып жатқанда, матростар оның ұшына екінші шумақты жалғайды, одан соң үшіншісін, төртіншісін жалғай береді. Бірақ кейде үш мың фут арқанның да жетпей қалатын кездері болады.

Гарпундар, шанышқылар мен арқандар – кит аулауға керекті жабдықтар – тәртібімен түп-түгел қайықтың тұмсығына қойылды. Говик өз орнына тұрды да, қайықты шешіп, арқанның ұшын бер деген бұйрық күтті. Енді қайықтың ішінде бір ғана бос орын қалды, бұған капитан Гульдің өзі тұруға тиіс.

Бұлар ауға аттанар алдында кемені дрейфке тоқтатқан- ды, басқаша айтқанда, желкендердің біреуі ілгері тартқанда, екіншісі қарсы итеретін етіп қойылған. Желкендердің қарама-қарсы әрекетінің нәтижесінде «Пилигримді» бір орыннан қозғалмайды деп сенуге болатын-ды.

Қайыққа түсер алдында капитан Гуль ақырғы рет мачтаға көзін салды. Желкендер нық бекітілген, арқандары берік тартулы. Дик Сэнд кемеде жалғыз қалатын болды, мүмкін, оның жалғыз болуы бірсыпыра уақытқа созылар. Капитан желкендерді ауыстыру әурешілігінен Дикті құтқарудың әрекетін ойлап еді.

Бәрі де дұрыс, орын-орынында екеніне көзі жеткен соң, капитан жасөспірімді шақырып алып, былай деді:

– Дик, мен сені жалғыз қалдырып бара жатырмын. Бекем, сақ бол! Егер ойдағымыз болмай шықса, «Пилигрим» біздің алдымыздан шығатын болар, Том қарт пен оның жолдастары саған желкендерді ауыстырып қоюға көмектесер. Не істеу керек екенін оларға өзің жақсылап түсіндірерсің, оларды қолынан іс келетін адамдар деп сенемін.

– Капитан Гуль, – деді Том қарт, – Дикке өзіміз де қуана-қуана көмектесеміз.

– Ол тек қана жұмыс бұйырсын! – деді Бат. – Біз оған жұмысты қалай істейтінімізді көрсетеміз!

– Нені тарту керек? – деп сұрады Геркулес, білегін сыбана түсіп.

– Қазір тарта қоятын түк те жоқ, – деп күлді жасөспірім. – Мен әзірмін, – деді алып.

– Бүгінгі ауа райы аса жақсы, – деп капитан Гуль сөзін

жалғастырды, – жел де ауыса қоймас деймін. Дик, нендей қиын уақиға болса да қайықты суға түсіруші болма және ешуақытта да кемені иесіз тастап кетпе!

– Құп болады, капитан!

– Біздер китті қуып бір жаққа ұзап кете қалсақ,

«Пилигрим» біздің артымыздан келетін болсын, мен багорге байлап жалауша көтеріп белгі берермін.

– Ол жағынан қам жемей-ақ қойыңыз, капитан. Мен сіздің қайықтан көзімді айырмаймын, – деп жауап қатты Дик Сэнд.

– Әбден жақсы, – деді капитан Гуль. – Аса пайымды да, батыр бол, сен енді капитанның орынбасары болдың. Абайла, атағыңа дақ түсіріп алма! Сенің жасыңда әлі күнге дейін бұл дәрежеге ешкім ие болып көрген емес.

Дик Сэнд оған жауап қайырған жоқ, тек қана қызарып күлімсірей берді. Капитан Гуль оның қызаруы мен күлімсіреуінің мәнісіне түсіне қалды.

«Қандай сүйкімді бала! – деп ойлады ол. – Кішіпейілділік пен батылдық – Диктің күллі мінезі осы екі сөздің ішінде!» Капитан Гульдің қоштасардағы тапсырмалары мен өсиет сөздеріне қарағанда, ол ұзақ уақытқа кетіп бара жатпаса да, ешқандай қауіп-қатер байқалмаса да, оның кемені амалсыз

қалдырып бара жатқанын оңай түсінуге боларлық еді.

Теңіз бетінің толқынсыз тыныш болуы, кит аулау сапарын

оңайлататын тәрізденді. Аңшылық құмарының ыстық сезімі мен кеме жүгін толтырсам деген ашкөздік үміт капитанды итермелеп еркіне қоймады. Капитанның командасы да, оның өзі де өздерін итермелеген ішкі сезімге қарсы тұра алмады. Мұның үстіне ауға керекті жабдықтар дайын еді, сондықтан капитанның соңғы ой-пікірі өзінің бойындағы барлық сезімдердің бәрінен басым болды.

Ол батыл аттап қайыққа түсірілген арқан басқышқа барды. – Жолдарың болсын! – деді миссис Уэлдон тілеу тілеп. – Рақмет! Айтқаныңыз келсін!

– Капитан Гуль, ол бейшара китті қатты ұра көрмеңіз! – деп айқайлады кішкентай Джек.

– Есте болар, балапаным! – деп жауап қатты капитан. – Оны қатты ұстамаңыз!...

– Ие... ие... қолыма қолғап киермін!

– Кейде бұл сүтқоректілердің арқасында қызғылықты

жәндіктер де болатын, – деді Бенедикт ағай.

– Несі бар, Бенедикт мырза, – деді капитан Гуль күліп,

– жолақжонды желкелеп әкеліп «Пилигрим» бортына шығарсақ, оның үстін тінтуіңізге ешкім кедергі жасай қоймас!

Сосын Томға қарап:

– Том, біздер китті соғып ала алсақ, сіздер оны союға жәрдемдесер деп сенемін... – деді.

– Қызметіңізге дайынбыз, капитан мырза!

– Рақмет! – деді капитан Гуль. – Дик, біздер ауда

жүргенімізде, мына мейірбан адамдар бос кеспектерді палубаға шығарып қоюға жәрдемдесер. Біздер қайтып оралған қарсаңға бәрі де дайын тұрсын, жұмыстың қарқынды жүруіне себеп болар.

– Құп болады, капитан! Бәрі де істеледі!

Капитан Гуль борттан асып, арқан басқышпен қайықтың

тұмсығына түсті.

Миссис Уэлдон, Джек, Бенедикт ағай, Том және оның

жолдастары капитанға жолың болсын деп ақырғы рет тілеу тіледі.

Тіптен Динго да, екі артқы аяғымен тік тұрып басын борттан шығарып, экипажбен қоштасқан сияқтанды.

Бұдан соң «Пилигрим» жолаушылары қатерлі аңшылықты анықтаңқырап байқау үшін кеменің тұмсығына жиналды.

Арқанның ұшы кемеден шешіліп қайықтағыларға тасталды, қайық тең ескен төрт ескектің айдауымен «Пилигримнен» ұзап та кетті.

– Дик мен саған сенемін! – деп айқайлады капитан Гуль жасөспірімге ақырғы рет.

– Құп болады, капитан!

– Бір көзің кемеде болсын да, енді бір көзің қайықта

болсын. Осыны ұмытпа!

Жеңіл қайық «Пилигримнен» бірнеше фут ұзап та кеткен

еді. Капитан Гуль қайықтың тұмсығында тұрған-ды. Ол әлі де болса бірдеңелер айтып дауыстап бара жатты. Бірақ оның даусы естілмей кетті, тек қана капитаның қолын сермеп тапсырмалар беріп бара жатқанын Дик анық білді.

Динго осы сәтте борттан кетпей, аянышты түрде ұли берді. Миссис Уэлдон не болса соған илана беретін ырымшыл әйел емес еді, сонда да болса оның денесі түршігейін деді.

– Өшір үніңді, Динго! – деді ол. – Ұялсайшы! Аңға кетіп бара жатқан досыңа осылай тілеу тілей ме екен? Қане, арсалаңдап үрші!

Динго тына қалды да, кертеден аяғын алып, жайыменен миссис Уэлдонға келіп, қолын жалады.

– Динго құйрығын бұлаңдатып көңілденбейді, – деп күңкілдеді Том. – Жаман ырым! Жаман ырым!

Динго кенет арқа жүнін тікірейтіп ырылдап қоя берді. Миссис Уэлдон бұрылып, оның ырылдаған жағына қарады, Негоро каютадан шыққан екен. Аңшылық оны да еліктірген сияқты.

Динго кеме аспазына дүрсе қоя берді. Ызаға булыққан ит қалш-қалш етеді. Оның неліктен үйтетіні әлі күнге түсініксіз еді.

Негоро палубада жатқан қолшығырдың келдек тұтқасын алып қорғана бастады.

Ит оның кеңірдегінен алуға ыңғайланды.

– Динго, кейін! – деп айқайлады Дик Сэнд.

Кетіп бара жатқан қайықты қадағалап тұрған Дик кеме

кормосына қарай тұра жүгірді. Миссис Уэлдон да Негороны иттен арашалай бастады. Динго амалсыз көнді. Ырылдай түсіп, жайымен бала жігітке қарай бұрылды.

Негоро тіс жарып үндеген жоқ. Бірақ ол өте сұрланып кеткен еді. Қолындағы келдек ағашты палубаға тастады да, кері бұрылып каютасына кіріп кетті.

– Геркулес, – деді Дик Сэнд, – осы кісіні бақылап жүруді сізге тапсырсам деймін!

– Орындалады, – деп жайбарақат жауап қайырды алып шоқпардай үлкен жұдырығын түйе түсіп.

Миссис Уэлдон мен Дик Сэнд кемеден тез ұзап бара жатқан қайыққа көздерін қайта тікті.

Бұл уақытта қайық шексіз теңіздің ортасында кішкене ғана нүктедей боп кетіп бара жатыр еді.

---

Source: [https://yvision.kz/post/au-a-dayyndalu-778127](https://yvision.kz/post/au-a-dayyndalu-778127)