---
title: "Атымтай Жомарт"
description: "Бiр күнi өзiнiң жақын, таныстары сұрады дейдi:– Жомарт, құдай берген дәулетiңiз бар, ашқа – тамақ, ж..."
author: "ybyrai_altynsarin"
published: "2018-02-02T08:34:25+00:00"
modified: "2018-02-02T08:34:25+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/atymtay-zhomart-795090"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/atymtay-zhomart-795090/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Атымтай Жомарт

> Бiр күнi өзiнiң жақын, таныстары сұрады дейдi:– Жомарт, құдай берген дәулетiңiз бар, ашқа – тамақ, ж...

Бiр күнi өзiнiң жақын, таныстары сұрады дейдi:

– Жомарт, құдай берген дәулетiңiз бар, ашқа – тамақ, жалаңашқа – киiм, үйсiздерге – үй болдыңыз, сөйтiп тұрып өз басыңызды кемшiлiкке салып, жете алмаған жарлыша отын кесiп, шөп тасығаныңыздың мағынасы не? – деп.

Жомарт айтты дейдi:

– Төрт түрлi себеп бар. Әуелгiсi: әдемi ат, асыл киiм, асқан дәулеттi өне бойы әдет етсең, көңiлге жел кiргiзедi; сол желiккен көңiлмен өзiмнен терезесi төмен бейшаралардан жиренiп, көз салмай, кем-кетiкке жәрдем берудi ұмытармын деп қорқамын. Екiншiсi: бар бола тұрып мен жұмыс қылсам, мұның кемшiлiк емес екенiн бiлiп, кейiнгiлер әбiрет алсын деймiн. Үшiншiсi: күн сайын өз бейнетiммен тапқан бiр-екi пұлға нан сатып алып жесем де бойыма сол тамақ болып тарайды, еңбекпен табылған дәмнiң тәттiлiгi, сiңiмдiлiгi болады екен. Төртiншiсi: құдайтағаламның берген дәулетiн өзiмсiнiп, тиiстi орындарына жаратпай, көбiсiн өзiм iшiп-жеп, өзiм тұтынсам, мал берген иесiне күнәлi болармын деп қорқамын, – дедi.

---

Source: [https://yvision.kz/post/atymtay-zhomart-795090](https://yvision.kz/post/atymtay-zhomart-795090)