---
title: "АТЫМТАЙ ЖОМАРТ"
description: "Ыбырай Алтынсарин АТЫМТАЙ ЖОМАРТ Атымтай жомарт өзi есепсiз бай бола тұрып, күн сайын бiр мезгiл ү..."
author: "kitap2"
published: "2016-03-06T04:24:55+00:00"
modified: "2016-03-16T06:59:10+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/atymtay-zhomart-682155"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/atymtay-zhomart-682155/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# АТЫМТАЙ ЖОМАРТ

> Ыбырай Алтынсарин АТЫМТАЙ ЖОМАРТ Атымтай жомарт өзi есепсiз бай бола тұрып, күн сайын бiр мезгiл ү...

**

![АТЫМТАЙ ЖОМАРТ](https://storage.yvision.kz/images/user/kitap2/5FUvv1NPNHCJ5ZigfHvsHh34ELL9G3.jpg)

**

***Ыбырай Алтынсарин***

**АТЫМТАЙ ЖОМАРТ**

Атымтай жомарт өзi есепсiз бай бола тұрып, күн сайын бiр мезгiл үстiне ескi-құсқы киiм киiп, отын кесiп, шөп тасып жұмыс қылады екен. Бiр күнi өзiнiң жақын, таныстары сұрады дейдi:

– Жомарт, құдай бергей дәулетiңiз бар, ашқа – тамақ, жалаңашқа – киiм, үйсiздерге – үй болдыңыз, сөйтiп тұрып өз басыңызды кемшiлiкке салып, жете алмаған жарлыша отын кесiп, шөп тасығаныңыздың мағынасы не? – деп.

Жомарт айтты дейдi:

– Төрт түрлi себеп бар. Әуелгiсi: әдемi ат, асыл киiм, асқан дәулеттi өне бойы әдет етсең, көңiлге жел кiргiзедi; сол желiккен көңiлмен өзiмнен терезесi төмен бейшаралардан жиренiп, көз салмай, кем-кетiкке жәрдем берудi ұмытармын деп қорқамын. Екiншiсi: бар бола тұрып мен жұмыс қылсам, мұның кемшiлiк емес екенiн бiлiп, кейiнгiлер әбiрет алсын деймiн. Үшiншiсi: күн сайын өз бейнетiммен тапқан бiр-екi пұлға нан сатып алып жесем де бойыма сол тамақ болып тарайды, еңбекпен табылған дәмнiң тәттiлiгi, сiңiмдiлiгi болады екен. Төртiншiсi: құдайтағаламның берген дәулетiн өзiмсiнiп, тиiстi орындарына жаратпай, көбiсiн өзiм iшiп-жеп, өзiм тұтынсам, мал берген иесiне күнәлi болармын деп қорқамын, – дедi.

---

Source: [https://yvision.kz/post/atymtay-zhomart-682155](https://yvision.kz/post/atymtay-zhomart-682155)