---
title: "Аспаздарды дайындайтын колледж"
description: "Дәмді тамақты кім жек көрсін? Жақсы мейрамханаға барсақ, онда бізді құрметті қонақ ретінде күтіп, ал..."
author: "MON_RK"
published: "2017-03-10T04:49:18+00:00"
modified: "2017-03-10T04:49:18+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/aspazdardy-dayyndaytyn-kolledzh-759473"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/aspazdardy-dayyndaytyn-kolledzh-759473/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Аспаздарды дайындайтын колледж

> Дәмді тамақты кім жек көрсін? Жақсы мейрамханаға барсақ, онда бізді құрметті қонақ ретінде күтіп, ал...

Дәмді тамақты кім жек көрсін? Жақсы мейрамханаға барсақ, онда бізді құрметті қонақ ретінде күтіп, алдымызға еуропалық тағамның түр-түрін ұсынса, бір марқайып қаларымыз анық. Қонақжайлылық біздің қанымызға сіңген қасиет. Алматы қаласында он саусағынан бал тамған талантты аспаздар мен өз ісіне мығым даяшыларды даярлайтын арнайы оқу орны да бар, ол – Туризм индустриясы және қонақжайлылық колледжі. Колледждің ең негізгі ерекшелігін айтар болсақ, мұнда сабақтар ескі аудиторияларда емес, оқу мейрамханасы мен арнайы ас үйде өтеді. Ал оның кәдімгі мейрамханадан ешқандай айырмасы жоқ.

![Аспаздарды дайындайтын колледж](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/97xnlCR4j8c98jKdYn7j0qs7BXCsEc.jpg)

Рахымгереева Лилия Иосифқызы осы колледжде директордың оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. «Блоггерлермен кешкі ас» шарасының негізгі ұйымдастырушысы да осы Лилия Иосифқызы (әңгіме блоггерлер Әділ және Роза Жұмекеновтердің романтикалық кешкі асы жөнінде бүкіл процесті қадағалаған да өзі. Мейрамханада қонақтарды қарсы алып жатқан сәтте біз ас үйге бас сұғып, дайындық барысын өз көзімізбен көрген едік. Әрі Лилия Иосифқызымен де жақынырақ таныссақ дегенбіз.

![Аспаздарды дайындайтын колледж](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/4cXR714NysT9S8zzAGw182S680aD27.jpg)

«Болашақта оқу мейрамханасында барлық процесс қатар жүрсе дейміз. Мәселен, студенттердің бір тобы тамақ жасап жатқанда, екінші тобы даяшылық қызмет етуі керек. Бүгін, мысалы, блоггерлердің кешкі асы кезінде солай істейміз», – дейді педагог.

![Аспаздарды дайындайтын колледж](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/isOF1XOg56dMsrZmGJ41Xu4aEsw2r8.jpg)

![Аспаздарды дайындайтын колледж](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/t6PtKBl8dG173MNLLOCFx9n7M5330x.jpg)

Лилия Рахымгерееваның колледжде сабақ беріп жүргеніне 14 жыл. Өндірістік оқыту жөніндегі шебер болып келіп, директордың оқу-өндірістік жұмыстар жөніндегі орынбасары дәрежесіне дейін көтерілген. «Мектеп бітіргенде қандай қандай оқу орнына тапсырсам деген ой туды. Өзім тамақ жасағанды жақсы көретінмін, сондықтан кондитер болуым керек деп шештім. Сөйтіп, осы оқу орнына келдім (ол кезде училище деп аталатын). Бірақ, менің қалалық тіркеуім жоқ еді, онсыз қабылдамайды екен. Сондықтан Алматы технология университетін (АТУ) бітірдім. Кеңестік кезеңде алдымен балалар бақшасында, кейін мейрамханада аспаз болдым. Негізінен түрік асханасының тағамдарына маманданып, түріктер қатты жақсы көретін көкөністерден және қамырдан түрлі тағамдар дайындап жүрдім. Бұл мен үшін өте керемет тәжірибе болды», – дейді Лилия Иосифқызы. 2002 жылы колледжге өндірістік оқыту жөніндегі шебер қажет болады. Осы оқу орнында оқып жатқан жиені арқылы бұл Лилия Иосифқызының құлағына жетеді. Колледжге келген аспазды директор бірден жұмысқа қабылдап, ертеңнен бастап қызметке кірісуін өтінеді. Алайда, бұрынғы жұмыс орнынан әрең босатады. «Бұрынғы бастығыма жұмыстан босатуды өтініп сұрауға тура келді. Өзім студенттерге сабақ беруді негізгі мұратым деп есептейтінмін», – дейді Лилия Иосифқызы.

![Аспаздарды дайындайтын колледж](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/lOc1flATeYnnzcl3yC21kZnC2kY28e.jpg)

![Аспаздарды дайындайтын колледж](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/w9om6SqSMx5ZBD9E1n5G0rGDpd5R1e.jpg)

«Жұмысымды жақсы көремін, әрі қарай да сабақ бере беремін. Қазір уақытымның барлығын колледждегі өндірісте өткіземін. Студенттерді конкурстарға дайындаймыз. Балалардың дайындаған тағамдарына түсініктеме беру аса маңызды. Қателіктерін көрсеткен уақытта оны қалай түзеуге болатынын да ескертемін. Басқа соус қосу керек пе, гарнирді өзгерту керек пе, соны айтамын. Мәселен, кәсіби конкурстарда гарнирге картоп езбесін жасау дұрыс емес деп ойлаймын. Сәндеу, түстердің үйлесуі, ыдыстың әппақ қардай болуы да маңызды. Жыл сайын студенттердің арасынан біреулерін дайындап, конкурстарға алып барамын. Балалардан өзімнің де үйренетінімді жасырмаймын», – дейді ұстаз.

![Аспаздарды дайындайтын колледж](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/9RP2Lo8mZDYWJR4762eOhHH2eXPDf2.jpg)

![Аспаздарды дайындайтын колледж](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/ZccpbRKarhRuchu3jIl8r8NL3D74aI.jpg)

Педагог үшін студенттермен жұмыс істеу кезінде жас буынды өз мамандығына адал болуға тәрбиелеу, тамақ дайындау және тамақтану мәдениетін сіңіру, жастардың бір-біріне деген құрметін ояту аса маңызды. Осы мақсатта колледжде шеберлік сабақтары өтіп тұрады, студенттерді кәсіби конкурстарға дайындайды, танысып көру үшін кәсіпорындарға жібереді. Лилия Иосифқызы балықтан жасалған тағамдарды пісіргенді ұнатады екен. «Кейбіреулер балыққа аса жолай бермейді, ал мен, керісінше, оны неше алуан етіп түрлендіріп пісіріп, үйдегілерді қуантқанды жақсы көремін. Қызыл балыққа көкөністер қосып, пергаментте пісіретін ораманы қатты жақсы көремін. Балықты алдымен ақ шарапқа қыша, қызанақ және дәмдеуіштер қосып, маринадтап аламын. Көкөністерді ұсақтап турап, сүйегі жоқ балық етіне ораймын. 15-ақ минутта дайын болатын тағам», – дейді өзі.

![Аспаздарды дайындайтын колледж](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/8jY7EOcg6lhF29XQ9K2UrndSAk7Ai6.jpg)

![Аспаздарды дайындайтын колледж](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/kI5Ieu0dLS30v2HAX9Uu1xf3roHAL5.jpg)

Лилия Иосифқызы кәсібіне қатысты құпия сырларымен де бөлісті. Мәселен, қою тамақтарды ыдысқа салғанда гарнир тәрелкенің оң жағына салынып, ал ет сол жағына қойылады екен. Ал тәрелкенің шет-шеті тап-таза болуы керек. Ыстық тамақтарды ыстық тәрелкеге салады, ал салқын тіскебасарларды суық ыдысқа салады, бұл тағамның дәмін сақтау үшін қажет. Егер қазанға бір кесек сары май салып жіберсеңіз, картоп тез піседі. Кез келген балықты тазалап, жуып, тұздап алғаннан кейін 15-20 минуттай суытып алып, содан кейін ғана пісірсе, дәмі ерекше болады. Ал етті тұз салынып, қайнап жатқан суға салса дәмдірек болады екен.

![Аспаздарды дайындайтын колледж](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/FkUjTQfQlj5cqX0LNyU55TT9g12gYG.jpg)

![Аспаздарды дайындайтын колледж](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/Wjv3TF1S5G3S98BEqvWiXYO33PghOc.jpg)

Лилия Иосифқызының айтуынша, колледжде теория мен тәжірибе апталап ауысып тұрады. Жалпы алғанда, оқу уақытының 60 пайызында тәжірибе болады, теорияның үлесі – 40 пайыз. «Болашақта оқу мейрамханасында студенттердің бір тобы тамақ пісіріп жатқанда, екінші тобы келушілерге қызмет көрсететін болады. Блоггерлердің кешкі асы кезінде осы тәжірибені қолдандық», – дейді педагог.

![Аспаздарды дайындайтын колледж](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/BIKdH9yXk26U69drXC6L7iFZ69JkMJ.jpg)

![Аспаздарды дайындайтын колледж](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/Z52SQ14VIPjvKriJeDOEAIlT1bfFw7.jpg)

![Аспаздарды дайындайтын колледж](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/AmwPfLCCq2UTi8OtHQuc8hgzJLP845.jpg)

Оқу-өндірістік шеберхана «Zanussi», «Electrolux» және «Rovabo» сынды заманауи құралдармен жабдықталған. Бұл жерде студенттер теориялық білімін тәжірибе жүзінде ұштап, кәсіби шеберліктерін жетілдіру үшін оқып-білгендерін жасап үйренеді. Ыстық тамақтар жасайтын цехта баяғы заманның эмаль кастрюльдері мен алюминийден жасалған табалар жоқ. Колледжде табаны қалың кәсіби ыдыс-аяқтар қолданылады. Студенттердің электр пешінде және Bravado компаниясы өндірген (Италия және Германия) индукциялық плитада жұмыс істейтін мүмкіндіктері бар.

![Аспаздарды дайындайтын колледж](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/FN1K6fwt61sTN8zYWL44nFvbptrT6b.jpg)

![Аспаздарды дайындайтын колледж](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/WKHJ86zaL0wc0Z8WN42Da3WhvT4cfW.jpg)

«Ал мына жерде азық-түлікті және жартылай дайын өнімдерді ерітетін шокофростер, вакуум қаптама жасайтын құрылғы, заманауи тоңазытқыштар және пицца пісіретін пеш тұр. Блоггерлерге десерт есебінде ұсынылатын жидек қосылып, сүзбеден жасалған тәттіні Алмас дәл осы шокофростерде дайындады. Дәл осы жерде Айдар сиыр етінен арнайы тағам пісірсе, Юсуп мен Ахмет ет және саңырауқұлақ қосылған пицца дайындады. Айтпақшы, мұндай пицца пісіретін пеш басқа оқу орындарында жоқ екенін айтқым келеді. Ыстық цехта, сондай-ақ, тоңазытқыштар, гриль пісіретін құрылғы, көкөніс турайтын құрал және слайсер бар. Мұның барлығы да кәсіби біліктілігі жоғары аспаз даярлау үшін керек», – дейді ұстаз.

![Аспаздарды дайындайтын колледж](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/4n9d98Rqa2A1Ka76hwv3RE0su61355.jpg)

![Аспаздарды дайындайтын колледж](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/APMRH13thgFB5O57NrFRYf8RI6x0k7.jpg)

Колледж басшылығы «Италия асханасы» бөліміне жеке оқу модулін қосқан, бұл пицца пісірудің қыр-сырын жетік меңгеру үшін керек. «Өздері пиццерия ашып үлгерген түлектеріміз де бар. Осы колледжде оқыған-білгендері бизнестің бастауы болды деп ойлаймын. Олар өздерін пиццмейкерлер деп атайды. Суреттерден менің болгар бұрышы, қызанақ, саңырауқұлақ және «Пармезан» ірімшігін қосып жасаған пиццамды көре аласыздар. Біз бұл пиццаны өзіміздің колледждің атымен атадық», – деп Лилия Иосифқызы жылы жымиды.

![Аспаздарды дайындайтын колледж](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/6rw51rYzpf12rm9bIXMbRRYWbt7Yf7.jpg)

![Аспаздарды дайындайтын колледж](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/IwB6C4bpn6EqUhMU0WpGCGm9IlaKZQ.jpg)

![Аспаздарды дайындайтын колледж](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/w45jyLS8Vc6v1TqOrHPReK3f3Orr59.jpg)

![Аспаздарды дайындайтын колледж](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/U1zAa8lLEw7r9NQQHn1dZ4eNt2Eh8X.jpg)

![Аспаздарды дайындайтын колледж](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/lDZE3ww5kvOmE4Q13X2rQFqU3z7Lh4.jpg)

![Аспаздарды дайындайтын колледж](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/ZBqWvN62tazaYzL5onjK0E3vrT8tzs.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/post/aspazdardy-dayyndaytyn-kolledzh-759473](https://yvision.kz/post/aspazdardy-dayyndaytyn-kolledzh-759473)