---
title: "Арыстан Баб!"
description: "Арыстан Баб! Жалпы, оңтүстік Қазақстандағы көруге міндетті объектілердің тізіміне Арыстан Баб кешені..."
author: "Fvfylsr"
published: "2019-05-28T18:22:52+00:00"
modified: "2019-05-28T18:22:52+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/arystan-bab-833361"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/arystan-bab-833361/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Арыстан Баб!

> Арыстан Баб! Жалпы, оңтүстік Қазақстандағы көруге міндетті объектілердің тізіміне Арыстан Баб кешені...

Арыстан Баб! Жалпы, оңтүстік Қазақстандағы көруге міндетті объектілердің тізіміне Арыстан Баб кешенін қосар едім. Оның үстіне, зиярат етушілер әуелі Арыстан Бабқа барып тәу етеді. Қожа Ахмет Йассауи кешеніне барғанға дейін Арыстан Баб кешеніне бару ләзім деп саналады. Сондықтан, Арыстан Бабқа баруды біз де жоспарымызға енгіздік. Әуелі кешен маңы туралы айта кетейін. Оның қасында дүкендер, дәмханалар мен қонақ үйлер орналасқан (жолдың қарсы бетінде), тоқтап, қонып қалып, малын сойып жатқандар да жетерлік. «Арыстан Бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деп айтылады емес пе?! Әрине, біздің уақытымыз тығыз, дегенмен кешенге кіріп, онымен танысуға мүмкіндік туды. Кешенге кіру ақылы, жаңылмасам 200 теңге болуы керек. Арыстан Баб кесенесі 12 ғасырда тұрғызылған, Әмір Темір Түркістандағы Қожа Ахмет Йассауи кесенесінен бұрын осы кешенді салғаны жөнінде аңыз бар. Ол заманнан тек кіре берістегі ағаш бағаналары (айван) нағыз түпнұсқа деп жатты білушілер. Олар 14-15 ғасырға жатады деседі. Солай болуы керек, айтқандай, осындай ағаш бағаналардың ұзақ сақталуы туралы Самарқандта мынадай әңгімені естіп едім. Ағашқа құрт түспеуі үшін оған қойдың әлде жылқының қылын майлап қосады екен. Анық-қанығым білмедім, бірақ естіген құлақта жазық жоқ. Кешен ішінде ислам өркениетінен хабар беретін заттар бар. Кешеннің өзі өткен ғасырдың басында қайта салынған. Ең соңғы рет 1971 жылы тағы қайта салынып, 1982 жылдан мемлекет қарауында екен, табиғат ана да өз өзгерісін әкелген сияқты. Ал, енді Арыстан Баб туралы айтатын болсақ, ол жөнінде ақиқаттан гөрі аңыз көп екенін көреміз. Олай болуы заңды ғой, өйткені Арыстан Бабты біз Мұхамет пайғамдардың Қожа Ахмет Йассауиға оның аманатын жеткізуші ретінде оқып едік. Дегенмен, кейбір деректер оның Мұхаммед ибн әл-Ханафияның ұрпағы деседі, қалай десек те оның Қожа Ахмет Йассауидың рухани ұстазы (туған ағасы да болуы мүмкін) екені анық. Бұл туралы Қожа Ахмет өзінің «Хикметнамасында» былай деп жырлаған: …Жеті жаста Арыстанбаб келді бабам, Хақ Мұстафа аманатын берді маған. Сол сәтінде – ақ көңілім тауып баян, Нәпсім өліп, Тәңірі жолына түстім міне. Құрма беріп, мейірлене назар салды, Сол заматта-ақ кеудемде шырақ жанды, Еркелете шақырып қасына алды, Мектеп барып, бек қуанып тұрдым мен де. Кітап ашып, сүрелердің мәнін сұрап, Ұққанымша асықтым, әзер шыдап, Қол қусырып, ұстазымның сөзін сыйлап, Жаутаң қағып, көңілін бағып тұрдым мен де. Балам-ау, бұл былай деп айтты, білдім, Одан соң да сан сауалды қойып жүрдім, Күндер өтті, әзәзілді ұстап міндім, Сом темірмен сойылдап ұрдым мен де. Бұрынғымнан күрт өзгеріп бөгде болдым, Алла түспес аузынан пенде болдым, Әділ сөйлеп, адал жүрер жерде болдым, Тазалықтың тұрағына ендім міне… Қалай десек те қазақ халқының «Сайрамда бар сансыз баб,Түркістанда түмен баб, Баптардың бабы Арыстан Баб» деуі тегін емес-ау! Айтқандай, бір нәрсеге көңіл аударып едім, ол осында жерленген Лашын Баба, Қарға Баба есімдері болды. Дәл осындай есімдерді мен де бір тарихи әңгімеде прототип ретінде қолданып едім. Сілтемесі мында: http://tobyl-torgai.kz/2016/03/14/367 Қазақтың «Қарғам-ау», «Қарға бойлы Қазтуған», «Қарға тамырлы қазақ», «Біздің қолымызға да қарға тышар» деген сөз тіркестері де ойлантарлық екен! Қарға демекші адам көп жүргеніне қарамастан кесенедегі құстың ұясы да қызық көрінді маған! Сөйтіп, біз енді Гауһар Ана кешеніне, Үкаша Ата кешеніне, Қарнақ ауылындағы зор тұт ағашы мен оның жанындағы қазір Түркістанда тұрған қазандық құйылған орынға бет алдық! Айтқандай сапарымыздың басы-қасында жүрген, Түркістан облысының тарихи һәм табиғи орындарын аралатқан «Түркістан туризм» туристік-ақпараттық орталығының басшысы Нұрдәулет Медеуовке де алғысымызды білдіріп қояйық!

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/89a23ce4e87af0f8945c866794d002.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/1b1fe452330f5ed16be665ccd308b5.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/deeefdd9f01a6fbd61e4215d453843.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/6b8b4a8b1b7e7c81708f72c0e0fc7e.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/53b39af06fcbfc57a97e2061d24e03.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/9e04680e239dac7e4ef1a6abde97e6.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/0c32b0d55607d9e7d9cd9645dce056.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/f68c2ad7f2cda1628b3c386fab4f4d.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/881783cc312702ebaa2aa6ae7498ea.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/f5f178e5ea2e60aa4c3fe87e5e4c45.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/a4935a43c947b1911fa7d94232986b.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/b115139fe35c585b8dadd542825cba.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/433aa9325fb385a4824982faf10bba.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/f48aaf703e8276ebc5d59f3fe865a9.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/a0b03215e1065c9516a3be1c7028a8.png)

---

Source: [https://yvision.kz/post/arystan-bab-833361](https://yvision.kz/post/arystan-bab-833361)