---
title: "ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫНДА ЕГІН ОРАҒЫ АЯҚТАЛДЫ"
description: "Қармақшы ауданының даңғайыр диқандары егін орағын аяқтап, сары күздің шалқар байлығын қамбаға еселеп..."
author: "bejbitovnurlan"
published: "2017-10-26T09:12:50+00:00"
modified: "2017-10-26T09:12:50+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/arma-shy-audanynda-egin-ora-y-aya-taldy-782970"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/arma-shy-audanynda-egin-ora-y-aya-taldy-782970/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫНДА ЕГІН ОРАҒЫ АЯҚТАЛДЫ

> Қармақшы ауданының даңғайыр диқандары егін орағын аяқтап, сары күздің шалқар байлығын қамбаға еселеп...

Қармақшы ауданының даңғайыр диқандары егін орағын аяқтап, сары күздің шалқар байлығын қамбаға еселеп құйып алды. Биылғы жылы аудан бойынша 23702 гектар жерге әртүрлі егіс, бақша дақылдары егілсе, 14209 гектар жерге ауыл шаруашылығы саласының негізгі өнімі болып табылатын күріш дақылы отырғызылды. Аудан диқандарының пейілі мен бейнетіне егін биыл бітік шықты. Оның үстіне ауа райы да оң қабақ танытып, қарасып-ақ тұрды. Егіншілердің табысы өткен жылдан әлдеқайда жоғары. Диқандар 84544 тонна Сыр салысын жинап, егілген күріштің әр гектарынан 59,5 центнерден өнім алуды қамтамасыз етті. Бұл еліміз егемендік алған жылдардың ішіндегі ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Сондай-ақ, жаздық бидайдан 2424 центнер, мақсарыдан 1960 тонна, картоптан 9512 тонна, бақша дақылдарынан 11220 тонна өнім жинаса, 60000 тонна малазықтық шөп дайындалды. Сонымен қатар күзгі егін жинау жұмыстарына 151 трактор, 95 комбайн, 75 жатка, 62 жүк автокөлігі және 139 трактор тіркемесі жұмылдырылды. Мемлекет тарапынан минералды тыңайтқыштар үшін 13 шаруашылыққа 208,0 млн теңге, тұқым шаруашылығын қолдауға 581,7 тонна І-репродукциялы тұқым үшін 3 шаруашылыққа 38,9 млн теңге, сондай-ақ, гектарлық субсидиялауға 18 шаруашылыққа 290,0 млн теңге, гербицидтер үшін 10 шаруашылыққа 118,8 млн теңге субсидия төленді. Тоқшылық маусымының орнауына аудандағы ірі шаруашылықтар «Жаңажол» ЖШС, «Ақтөбе и К» ЖШС, «Тұрмағамбет» ЖШС және «Достық-Жер МК» ЖШС-нің үлесі орасан. Олар бүгінде күрішті орып та, бастырып та болды.

---

Source: [https://yvision.kz/post/arma-shy-audanynda-egin-ora-y-aya-taldy-782970](https://yvision.kz/post/arma-shy-audanynda-egin-ora-y-aya-taldy-782970)