---
title: "АПАТҚА ҰШЫРАҒАН КЕМЕ"
description: "Үшінші тарау АПАТҚА ҰШЫРАҒАН КЕМЕ Диктің айқайы бүкіл экипажды дүрліктірді. Вахтадан бос матростар..."
author: "kitap6"
published: "2017-09-08T01:16:51+00:00"
modified: "2017-09-08T01:16:51+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/apat-a-shyra-an-keme-778134"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/apat-a-shyra-an-keme-778134/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# АПАТҚА ҰШЫРАҒАН КЕМЕ

> Үшінші тарау АПАТҚА ҰШЫРАҒАН КЕМЕ Диктің айқайы бүкіл экипажды дүрліктірді. Вахтадан бос матростар...

**Үшінші тарау**

 

**АПАТҚА ҰШЫРАҒАН КЕМЕ**

Диктің айқайы бүкіл экипажды дүрліктірді. Вахтадан бос матростар палубаға жүгіре шықты. Капитан Гуль де каютасынан шықты. Миссис Уэлдон да, кәрі Нан да, тіптен Бенедикт ағай да штирборттың қоршауына сүйеніп тұрып, бар ынталарын сала теңіз бетіндегі көрінген затқа көздерін тікті.

Тек өзінің тар камбузынан Негоро ғана шыққан жоқ. Ойда жоқта ұшыраса қалған бұл оқиға, бүкіл команда ішінде Негороны ғана еліктірмеді.

Баланың көрген заты «Пилигримнен» үш миль шамасы қашықтықта, толқын бетінде теңселіп тұр еді.

– Бұл не болды екен? – деп сұрады матростардың біреуі. – Менің байқауымша, сал болса керек! – деді екінші

матрос.

– Онда адам да бар шығар? Бейшаралар не халде екен?..

– деді миссис Узлдон.

– Жақынырақ барсақ, бәрін де білеміз, – деді капитан

Гуль. –Бірақ бұл көрінген зат салдан гөрі, бір жамбастап жатқан кеменің жонына ұқсаңқырайды...

– Жоқ бұл кәдімгі теңіздің сүт қоректі алып хайуаны! – деді Бенедикт ағай.

– Ал, Дик, сен қалай дейсің? – деп сұрады миссис Уэлдон жасөспірімнен.

– Мен капитан Гульдің бір жамбастап жатқан кеме дегеніне қосыламын. Тіптен күнге шағылып жарқырап көрінген ана заттың мыспен қаптаулы киль1 екенін де ажыратып тұрмын.

– Ие... Ие... енді мен де көріп тұрмын, – деп капитан Гуль Диктің сөзін қостады.

Капитан рульшіге бұрылып команда берді:

– Болтон, кемені ыққа қарай бұр, ана көрінген қайраңға

қарай турала!

– Құп болады, капитан! – деді рульші.

– Мен өз пікірімде қаламын, – деді Бенедикт ағай, – ол көрінген заттың теңіз хайуаны екенінде дау жоқ.

– Ендеше, бұл мыс кит болғаны ғой, – деді капитан Гуль. – Өзінің күнге шағылып жарқырауын қараңызшы!

– Бенедикт ағай, егер бұл көрінген кит бола қалса, тірі емес, өлген кит, – деді миссис Уэлдон. – Оның қимылсыз жатқаны ап-анық көрініп тұр.

– Уэлдон қарындас, оның несі таң? – деді қарыспа ғалым, – ұйықтап жатқан киттің үстінен түскен кеме аз емес қой.

– Әбден дұрыс, – деді капитан Гуль. – Әйтсе де бұл көрінген зат ұйықтап жатқан кит емес, кеме.

– Көрерміз, – деп жауап қатты қарыспа ғалым. Дегенмен Бенедикт ағайдың китпен жұмысы жоқ-ты, кезі келсе, Арктика мен Атлант теңізінің күллі сүтқоректі жануарын, сирек кездесетін шыбын-шіркейлердің біреуіне-ақ айырбастап жіберер еді.

– Болтон, оңға таман, оңға таман! – деп айғайлады капитан Гуль рульшіге. – Кемеге бір кабельтовтан2 жуық бармау керек. Біз киліксек, өзі қираған кеменің түгі де калмайды, оған соқтығып «Пилигримнің» қабырғасын қиратуға кұмар емен. Оңға таман!

 

1 *Киль* – бөренеден немесе мыстан жасап кеменің түбіне бойға орнатылған жал. 2 *Кабельтов* – теңіздегі ұзындық өлшеу, бір кабельтов 0,1 теңіз миліне немесе

185,2 метрге тең.

 

«Пилигрим» аздап оңға бұрылды.

Қираған кемеге шхуна-бриг бір миль жақындады.

Жамбастап қалған кемеге матростар сұқтана қарады. Оның трюмінде бағалы заттар болуы мүмкін. Өйткені суға батқан кеменің жүгін аман алып қалғаны үшін сол заттың үштен бір мөлшеріндей бағасы сыйлық ретінде құтқарушыға берілетіндігін матростар жақсы білетін-ді. Егер кеме трюміндегі заттар су тиіп бүлінбеген болса, «Пилигрим» экипажы осы жылғы кит аулау маусымындағы сәтсіздігінің бәрін бір күнде-ақ шығарып алады.

«Пилигрим» ширек сағаттан соң қалқып жүрген затқа жарым миль жақындады. Манадан бергі талас енді күмәнсыз шешілді: бұл зат аударылып бір жақ жамбасымен жатқан бір кеменің қаңқасы болып шықты. Палубаның бір қабырғасы жоғары көтеріліп тік тұрып қалған. Мачталарын су жұлып әкеткен. Такелаждың1 үзінділері ғана салбырап тұр. Кеменің бүйірінде үңірейген үлкен тесік бар. Тіреулері мен сыртын қаптаған тақтайлары ішке қарай жеміріліп кетіпті.

– Бұл басқа бір кемемен соқтығыскан екен! – деп айқайлады Дик Сэнд.

– Ие, онысында күмән жоқ, – деп капитан Гуль оның сөзін мақұлдады. – Бірақ мұның табанда батып кетпегеніне таңым бар, ғажап!

– Бұған келіп соқтыққан кеме, мұның командасын түгелдей алып кеткен деп сенейік, – деді миссис Уэлдон.

– Ие, миссис Уэлдон, солай деп сенейік, – деді капитан Гуль. – Бірақ соқтығысқаннан соң бұл кеменің экипажы өз қайықтарымен жан сақтаулары да ғажап емес. Мұндағы бір қынжыларлық нәрсе, апатқа себепші болған кеменің командасы, қираған кеменің экипажымен ісі болмай, жайбарақат өз жөніне кете беретін мейірімсіздік теңіз тәжірибесінде кездесе береді.

 

1 *Такелаж* – желкенді кеменің арқан жабдықтары.

 

– Мүмкін емес, бұл іс адамгершіліктен тыс, шектен шыққан қаталдық!

– Амал нешік, шынында да солай. Кемеде бірде-бір қайық қалмауына қарағанда, команда бұл кемені тастап кеткен деуге болады. Апатқа ұшыраған бейшараларды ұшырасқан кеме мінгізіп алар деп сенейік. Бұл арадан құрғақ жерге қайықпен жету мүмкін емес. Мұхит аралдары немесе Америка континенті тым шалғай.

– Бұл апаттың құпия сыры бір уақытта ашылар ма екен? – деп сұрады Миссис Уэлдон. – Кемеде командадан біреу- міреу қалуы мүмкін, сіз қалай дейсіз?

– Бұған сенімім шамалы, – деді капитан Гуль. – Егер кемеде тірі адам болса, бізді әлдеқашан-ақ көріп, бізге белгі берер еді. Әйтсе де ішке кіріп тексереміз... Болтон, солға таман... солға таман! – деп айқайлады ол, рульшіге кеменің бағытын қолымен нұсқап.

Қираған кеме мен «Пилигрим» арасы үш кабельтовтай- ақ. Енді команданың кемені тастап өз беттерімен кеткендігі күмәнсіз анық болды.

Дик Сэнд кенет үндемеңдер деп ым қақты.

– Тыңдаңдаршы! – деп айқайлады ол. Бәрі де құлақтарын

түріп тыңдай қалды.

– Ие, ит үргені естіле ме, қалай...

Шынында да апат болған кемеден иттің үрген даусы естілді. Онда тірі ит барлығы күмәнсіз. Ит люк жабық болып шыға алмай қалса керек. Дегенмен көрініп тұрған ит жоқ еді.

– Ит те болса тірі жан ғой, құтқаруымыз керек, капитан! – деді миссис Уэлдон.

– Ие, ие, – деп шырылдады кішкентай Джек, – итті құтқару керек! Өзім-ақ асыраймын. Ол ит бізді жақсы көреді... Мама, мен оған шақпақ қант әкеліп берейін!

– Орныңда бол, балақайым, – деді миссис Уэлдон. – Ол бейшара аштан өлгелі жатқан болар, сенің бір шақпақ қантыңнан да оған бір тостаған быламық тиімді болар еді-ау.

– Ендеше, оған менің сыбаға сорпамды бере ғой, – деді бала, – мен сорпасыз-ақ лаждармын!

Сөйтіп тұрғанда иттің үрген даусы бірден бірге анығырақ естіле түсті. Бұл кезде екі кеменің арасы үш жүз ярдтан жақынырақ еді. Қапелімде кеме бортынан бір ірі төбеттің басы көрінді. Ит өршелене абалай берді.

– Говик! – деді капитан боцманға. – Кемені дрейфке1 тоқтат та, суға қайық түсіріңдер.

– Шыдай тұр күшігім, шыдай тұр! – деген Джектің айқайына, ит көмескі қыңсылап жауап қайырғандай болды да, артынан шаңқ ете түсті.

Матростар тез-тез желкен түсірді, «Пилигрим» қираған кемеге жарым кабельтов жақындап тоқтады.

Суға түсірілген қайықты толқын теңселтіп тұр. Капитан Гуль мен Дик Сэнд, тағы екі матрос қайыққа түсті.

Ит тынбастан абалай берді. Бірақ ол тез жақындап келе жатқан қайыққа үрмеген тәрізді, оқтын-оқтын ішке түсіп қайта шығады. Мүмкін, қираған кеменің тірі қалған жолаушыларын немесе матростарын шақырғалы кеткен болар?

«Шынымен-ақ мұнда тірі адам бар болғаны ма?» – деп сұрады миссис Уэлдон өзінен-өзі.

Қайық межелеген жерге таянып қалды.

Ит кенеттен тағы абалап қоя берді. Бірақ оның бұл абалауы

өзін құтқарушыларға «тез жетіңдер!» дегендей жалынышқа ұқсамайды. Оның үнінен ерекше бір өштік, ыза кернеп ашынғандық естіледі.

– Мына төбетке не болған? – деді капитан Гуль.

Бұл уақытта қайықтағылар суға жартылай батып тұрған

кеменің бортына тоқтау үшін кемені айналып келе жатыр еді.

Иттің, әсіресе Негоро камбуздан шығып кеменің тұмсығына қарай жүрген кезде өршелене абалағанын капитан Гуль де, тіптен кемедегілер де байқап қалды.

 

1 *Дрейфке тоқтат* – желкендерді ерекше орналастырып, кемені бір орыннан жылжымайтын жағдайға келтіру.

 

Ит шынымен-ақ кеме аспазын тани ма екен? Бұл тіптен шындыққа жуыспайтын уақиға ғой.

Мұның мәнісін кім білсін, бірақ құтырына абалаған итке Негоро жалт қарады да, өзінің таңданғанын ешкімге сездірмей, сәл тыжырынып, ешнәрсе сезбеген кісідей камбузына қайта кіріп кетті. Қайықтағылар кеменің арт жағын айналып оның қапталынан «Вальдек» деген жазуды көрді.

Кеменің қай порттан шыққандығы жазылмапты. Бірақ теңізшінің көзі алдыменен кеменің корпусына, оның кейбір құрылыстарының өзгешеліктеріне түседі ғой, сондай-ақ капитан Гуль теңізшілік көзбен қарап, кеменің америкалық екенін таныды. Оның бұл жорамалын кеменің аты да дәлелдеді. Бес жүз тонналық ірі кемеден бар болғаны қаңқасы ғана қалған.

«Вальдектің» тұмсығында үңірейген үлкен тесік бар. Бұл тесік сол бір қырғынды соқтығысудан түскен таңба еді. Кеме бір жамбастап қисайып жатқандықтан, тесік судан бес-алты фут жоғары көтеріліп, ішке су толмаған соң, кеме де батпай қалған еді.

Кеменің палубасында адам жоқ.

Ит борттан кетіп, қисайып жатқан палубаны жағалап

ортадағы люкке жетті де, басын люкке сұғып, қаңсылап кеп үрді.

– Сірә, кемедегі тірі жан бір ғана осы ит емес шығар, – деді Дик Сэнд.

– Мен де сол пікірдемін, – деді капитан Гуль.

Қайық енді жартылай суға батып тұрған бортты жағалай

жүрді. Бірінші соққан ірі толқынның «Вальдекті» су түбіне жіберетіндігі сөзсіз.

Кеменің палубасы тап-таза, сыпырып қойған тәрізді. Палубада екі футтай жерінен омырылып қалған грот-мачтаның түбірі ғана сорайып тұр. Шамасы, кеме соқтыққан кезде мачталары омырылып суға құлаған да, желкені мен арқан жіптерін өзімен бірге ала кетсе керек. Бірақ та көкжиектің көз жетерлік жерінен ешқандай кеме сынығы көрінбеп еді.

Бұған қарағанда «Вальдектің» апатқа ұшырауы бұдан бірнеше күн бұрын болған деп қорытынды шығаруға болады.

– Бұл кеменің адамдары соқтығысудан тірі қалған күннің өзінде де, – деді капитан Гуль, – аштық пен шөлден қырылған болар: камбузы суға толып кетіпті ғой. «Вальдектің» бортында тек адам өліктері ғана болуға тиіс.

– Жоқ, – деп Дик Сэнд шақ ете қалды. – Жоқ! Олай болса ит бүйтіп үрмес еді. Мұнда тірі қалған біреулер бар.

Ол сөйдеді де, итті шақырды. Ақылды төбет сол сағатында сырғанап теңізге түсті де, әлсіреген аяғымен әрең есіп қайыққа жетті. Итті сүйреп қайыққа шығарып, Дик оған кептірілген нан тастап еді, ит асқа қараған да жоқ, тұщы су құйылған шелекке қарай ұмтылды.

– Бейшара-ай, әбден қаталап қалған екен, – деді Дик Сэнд.

Бұлар қайық тоқтататын қолайлы орын қарастырып, батып бара жатқан кемеден бірнеше фут кейін шегінді. Ит бұл адамдардың кеме бортына шықпайтын ыңғайын білгендей, Диктің күрткесінің етегінен тістеп, қайтадан ашына абалай бастады.

Иттің қылығы мен абалай үргені ауызбен айтылған сөзден де анығырақ болды.

Матростар қайықты кемеге тақап, бортқа байлады, капитан Гуль Дикті ертіп палубаға шықты. Олар оншалықты қиналмай- ақ, еңбектей жылжып, омырылып қалған екі мачта түбірінің арасындағы орталық люкке1 жетті. Олардың соңынан ит те еріп келе жатыр. Адамдар люкке түсті.

Жартылай суға толған кеме трюмінде ешқандай тауар жоқ. Баллас2 орнына құм тиелген. Ол құм енді бакбортқа3 төгіліп, салмақ кеменің бір жағына ауған, сондықтан кеме де бір жақ бүйіріне қисайып кетіпті. Кеме бортында бағалы жүк болуға тиіс деген үміт бекерге шықты. Кемеде аман алып қаларлық құнды заттан түк те жоқ.

 

1 *Люк* – кеме трюміне кіретін тесік.

2 *Баллас* – кемеге тиелген жүк жеткіліксіз болса, кеменің теңселмей жүзуі үшін

белгілі мөлшерде салмақ тиеледі.

3 *Бакборт* – кеменің сол жақ борты.

 

– Мұнда ешкім жоқ қой, – деді капитан Гуль.

– Ие, ешкім де жоқ, – деп жас матрос оның сөзін

мақұлдады да, трюмнің түкпіріне қарай жүре берді.

Бірақ палубада тұрған ит адамдардың әбден мұқият

тексеруін талап еткен тәрізді, ауыз жаппай үре берді.

– Мұнда қарайлайтын түк те жоқ, – деді капитан Гуль.

– Кейін қайтайық.

Олар палубаға шықты.

Ит соңымнан еріңдер дегендей белгі беріп, ютқа1 қарай

жер бауырлап жүре берді.

Адамдар да иттің соңынан жүрді.

Бес адам, яғни бес өлексе кубриктің2 еденінде жатыр екен. Ашылып қалған люктен түскен күндізгі күннің айқын

жарығымен капитан Гуль бұл жатқан бесеудің негрлер екенін таныды.

Дик Сэнд ол бейшаралардың бірінен соң бірін барып көріп, әлі де болса тынысы бар, жүрегі соғып жатқандарын байқады. – Бұларды «Пилигримге» жеткізейік, – деді капитан Гуль. Қайықтағы матростарды жәрдемге шақырды. Олар келіп апатқа ұшыраған бейшараларды жатқан жерлерінен көтеріп

тысқа алып шықты.

Бұл оңай жұмыс емес еді, сонда да болса амалдап, бес

негрдің бесеуін де қайыққа түсірді. Олардың ешқайсысы ес- түсін білмейді. Бірақ капитан Гуль бірнеше тамшы дәрі мен бірер жұтым тұщы су бұларды тірілтер деп сенген еді.

«Пилигрим» қираған кемеден жарым кабельтов жерде жылжымай тұрып қалған, қайық әп-сәтте-ақ кемеге жетті.

Апатқа ұшыраған бейшараларды көтергіш арқанмен кезек- кезек көтеріп палубаға шығарды. Итті де қалдырған жоқ.

– Ой, бейшаралар-ай! – деп мүсіркеді миссис Уэлдон, қимылсыз жатқан шалажансар бес денені көріп.

1 *Ют* – кеменің арт жағына салынған бөлме.

2 *Кубрик* – команданың жатып демалуына арналған кеменің астыңғы палубасына салынған бөлме.

– Бұлар тірі, миссис Уэлдон, – деді Дик Сэнд. – Әлі жаны бар, біз бұларды өлімнен құтқарамыз!

– Бұлар не пәлеге ұшырады екен? – деп сұрады Бенедикт

ағай.

– Бұлар алдымен есін жинасыншы, сосын өздерінің бастарынан кешкен уақиғаларын айта жатар, – деді капитан Гуль. – Бірақ бұларға алдымен су беріп, сосын аздап ром жұтқызу керек.

Ол сөйдеді де, камбузға қарап дауыстады:

– Негоро!

Ит Негороның атын естігенде, арқасын күжірейтіп, сіресе

қалды. Жүні тікірейіп, даусы көмескі шығып ыр-р ете түсті. Аспаз көрінген жоқ, жауап та қайырмады.

– Негоро! – деп капитан Гуль даусын қаттырақ шығарып тағы айқайлады.

Ит бұрынғысынан бетер ашына ырылдады.

Негоро камбуздан шығып, палубаға көтерілді.

Негоро аяғын аттап басуы-ақ мұң екен, ит секіріп барып

оның кеңсірігінен ала түсуге ыңғайланды. Португал камбуздан келтек ала шыққан екен, итті келтегімен құлаштай сілтеп періп жіберді. Екі матрос итке жармасып әзер айырды.

– Сіз бұл итті білетін бе едіңіз? – деп капитан Гуль аспазға қарады.

– Мен бе? – деп қайтарып сұрады Негоро. – Бұл итті ешқашан көрген емеспін. Қайдан білем...

– Ғажап екен! – деп күбірледі Дик Сэнд.

---

Source: [https://yvision.kz/post/apat-a-shyra-an-keme-778134](https://yvision.kz/post/apat-a-shyra-an-keme-778134)