---
title: "АНА ТІЛІМІЗДІ ЕШКІМ КЕМСІТІП ЖАТҚАН ЖОҚ. МЕКТЕПТЕ ҮШ ТІЛДЕ БІЛІМ БЕРУДІ ЕНГІЗУ ЖАЙЛЫ."
description: "Үш тілде білім беру қазақ тілінің тамырына балта шабады деген де қате түсінік бар. Үш тілде оқыту мо..."
author: "MON_RK"
published: "2017-11-08T04:59:54+00:00"
modified: "2017-11-08T05:15:08+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/ana-tilimizdi-eshkim-kemsitip-zhat-an-zho-mektepte-sh-tilde-bilim-berudi-engizu-zhayly-784271"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/ana-tilimizdi-eshkim-kemsitip-zhat-an-zho-mektepte-sh-tilde-bilim-berudi-engizu-zhayly-784271/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# АНА ТІЛІМІЗДІ ЕШКІМ КЕМСІТІП ЖАТҚАН ЖОҚ. МЕКТЕПТЕ ҮШ ТІЛДЕ БІЛІМ БЕРУДІ ЕНГІЗУ ЖАЙЛЫ.

> Үш тілде білім беру қазақ тілінің тамырына балта шабады деген де қате түсінік бар. Үш тілде оқыту мо...

Үш тілде білім беру қазақ тілінің тамырына балта шабады деген де қате түсінік бар. Үш тілде оқыту моделімен сіздерді тереңірек таныстыру үшін Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Шолпан Кариновамен сұқбаттасқан едік.2016 жылдан бастап мектептер жаңартылған оқу бағдарламасына біртіндеп ауыса бастады. Бірнеше жыл бойы дайындалған бұл бағдарламаның бір бағыты – үш тілде білім беру. Яғни, барлық мектеп оқушылары қазақ, орыс, ағылшын тілдерін тереңдетіп оқитын болады. Ең алғаш рет мұндай идеяны 2006 жылы Қазақстан халқы ассамблеясының XII сессиясы кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ауызға алған еді. Ал 2007 жылы Президенттің Жолдауында тағы қайталанды.

Ағылшын тілінде білім беру 2019 жылдан жоспарланған. 10-11 сынып оқушылары физика, биология, химия мен информатиканы ағылшын тілінде өтетін болады. Бұл бағыттағы жұмыстар 2013 жылы басталып, кезең-кезеңмен жүзеге асырылып келеді. Биыл 1 қыркүйектен бастап 799 мектепте жаратылыстану ғылымы бағыттындағы (ЖҒБ) пәндер ағылшын тілінде өте бастады.

С.: Үш тілде білім беруді енгізудің мақсаты не? Балаларға қандай пайдасы бар?

Ш.: Мақсатымыз — оқушылардың тілді жақсы меңгеруіне жағдай жасау. Өзге тілде оқитын мектептердегі балалар қазақ тілін, қазақ мектептегі балалар орыс тілін жақсы меңгеріп шықса дейміз. Сондай-ақ ағылшын тіліне тек арнайы мектептің оқушылары ғана емес барша қазақстандық балалар жетік болса деген тілегіміз бар. Бұның біздің балаларға не пайдасы бар? Ағылшын әлемдік қарым-қатынас тілі ғана емес ғылым мен технология, алдыңғы қатарлы ілімнің тілі болып отыр. Көптеген ғылыми кітаптар ағылшын тілінде жарық көреді. Олардың аударылуын күтіп отырсақ, жаңалықты кеш біліп, тақырыптың өзектілігін жоғалтып аламыз. Елдегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында сабақ ағылшын тілінде жүреді. Ол білім ордаларының басшылары шет елдің үздік профессорларын шақыртып, студенттерге олардың тәжірибесін алып қалуына жағдай жасайды. Ағылшын тілінде еркін сөйлейтін түлек жоғары оқу орнына түскенде ол тілдегі пәндерді еркін меңгеріп кете алады. Қосымша курсқа барып ақшасын шығындап, кітап кеміріп уақытын жоғалтпайды.

Үш тілде білім беру жүйесіне көшерде біз еліміздің білім саласын зерттеп, әлемдік тәжірибеге сүйендік. Оқушылардың екі немесе одан көп тілді білуі олардың жалпы білім сапасын арттыратынына ғалымдар дәйек келтіреді. Экономикасы дамыған және білім беру жүйесі мықты елдер (Германия, Финляндия, Норвегия, Сингапур, Малайзия т.б.) өз даму жолын көп тіл меңгеруден бастаған. Нақты айтқанда, мектепте ағылшын тілін оқытудан бастаған.

С.: Үш тілде білім берудің түп-төркіні неде? Бұл модельге қай жылы өтуді жоспарлап отырсыздар?

Ш.: Үш тілде білім беру моделіне өту 2013 жылы қолға алынған болатын. Ол кезде біздің оқушылар ағылшын, орыс, қазақ тілдерін бірінші сыныптан бастап оқи бастаған еді. Бұл әдістің мәні – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің мақсатты түрде таңдалғанында. Яғни, осы тілдерді толық меңгеріп шығуды көздейді.

Бұл модель бойынша 2019-2020 оқу жылдарында қазақ мектебінің 1- мен 9 сынып аралығындағы оқушылары үш пәннен басқасын тек қазақ тілінде өтетін болады. Ол: «Орыс тілі мен әдебиеті», «Дүниежүзі тарихы» (5-сыныптан басталады, орыс тілінде өтеді) және «Ағылшын тілі» (1-сыныптан бастап). Орыс мектептерінде де осы тәртіп: 1-сыныптан бастап 9-сыныптарға дейін «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақстан тарихы» (5-сыныптан бастап) және «Ағылшын тілінен» (1-сыныптан бастап) басқа пәндер орыс тілінде өтеді. Тоғызыншы сыныптан кейін барлық мектеп оқушылары «Информатика», «Химия», «Физика», «Биология» және «Ағылшын тілін» ағылшын тілінде өтеді.

Жаратылыстану ғылымы бағытындағы төрт пәнді ағылшын тілінде оқыту жайлы шешімді мектептегі педагогикалық кеңес пен ата-аналар комитеті алқа мәжіліс жасай отырып шешеді. Ол жерде оқушылардің пікірі мен педагогтардың мүмкіндігі де ескеріледі. 2018 жылы ата-аналар, оқушылар және ағылшын тілінде сабақ беруді бастап кеткен ұстаздардың қатысуымен үлкен талқылау болады. Біз олармен кездесу үшін облыстарды аралаймыз. Тек осыдан кейін ғана ағылшын тілінде сабақ өткізудің ақырғы кестесі жасалады.

С.: Ал мұғалімдерді даярлау барысы қалай?

Ш.: Бұл жүйеге кезең-кезеңмен, біртіндеп көшеміз. Әрине, алдымен мұғалімдерді, тиісті оқулықтарды, қажетті оқу ресурстарын дайындау керектігі даусыз. Мамандар тапшылығы «Болашақ» бағдарламасының түлектері, жоғары оқу орнында мақсатты түрде маман дайындау, мектептегі ұстаздардың біліктілігін көтеріп, оларға ағылшын тілінде сабақ өткізу әдістемесін үйрету және студенттермен алмасу, еріктілерді тарту арқылы шешілетін болады.

2012 жылдан бастап 42 жоғары оқу орнында ағылшын тілінде оқытатын топтар құрылған. Арнайы 2393 топта 18006 адам оқиды: бакалавда 16121, магистратурада 1662, докторантурада 223. Педагогикалық бағытта 4749 адам: оның ішінде бакалавриатта 4581, магистратурада 153, докторантурада 15 адам оқиды. «Физика», «Химия», «Информатика», «Биология», «Тарих» пәндері бойынша 1710 адам оқып жатыр. Жыл сайын шамамен 427 түлек диплом алып шығады.

Үш тілде білім беру аясында оқыған түлектер саны 2008 жылдан бері 7 983 адамды құрады. Олардың ішінде: бакалаврда 6 677, магистратурада 1 230, докторантурада 76 адам бар. Ал бітірген түлектердің 4 мың алты жүз тоқсан алтысы (58,5%) жұмысқа орналасқан. Атап айтқанда: бакалавр бітірген 3522 адам, магистратура бітірген 1 102 адам, докторантура бітірген 72 адам. Мұнымен қатар, педагогикалық жоғары оқу орындарында көп тілде білім алатын топтар бар. Абай атындағы ҚазҰПУ – 17 топ (191 адам), ТарМПИ – 19 топ (238 адам), ПМПИ – 57 топ (519 адам), ОҚМПИ – 19 топ (255 адам), ҚМПИ – 22 топ (111 адам), ҚазМЕМҚызПИ – 10 топ (58 адам).

С.: Ағылшын тілін тереңдету – жаратылыстану пәндерін осы тілде оқыту арқылы күшейтілмек. Қандай жолмен жүзеге асыруды жоспарлап отырсыздар?

Ш.: Ағылшын тілінің тереңіне бойлау – жоғары сыныптарға дейін ішінара жүргізіледі. Бағдарлама бойынша, оныншы сыныпқа қарай біздің балалар ағылшын тілін В2 деңгейінде (орташа деңгейдің төменгі сатысы), ал мектеп бітіргенде В1 (орташа деңгей) деңгейінде меңгеріп шығатын болады.

Жаратылыстану ғылыми бағытындағы пәндерді оқытуға балаларды дайындау үшін 10-11 сыныптарда арнайы технология енгізіледі. Тіл мен пәнді біріктіріп оқыту атты бұл технология бойынша оқушылар жаратылыстану ғылымы бағытының пән терминдерін меңгеру арқылы оның ағылшын тіліндегі баламасымен танысады. Ағылшынша терминология мен оны қолдану барысын ағылшын тілі сабағы барысында кітап пен материалдардың түпнұсқасын оқу арқылы жетілдіреді. Осы технология бойынша балалар 5 жыл бойы (бесінші сыныптан тоғызыншы сыныпқа дейін) жаратылыстану ғылымы бағытындағы пәндерді оқиды. Жаратылыстану (5-6 сыныптар), информатика (5-9 сыныптар), химия, физика, биология (7-9 сыныптар) сабақтарында оқушылар негізгі терминдерді ағылшын тілінде өтеді. Кейіннен, 8-9 сыныптарда ағылшын тілінде информатика, химия, физика, биология пәндері бойынша сабақтан тыс жеке іс-шаралар ұйымдастырылады. Ағылшын тілін ішінара тереңдетіп оқитын балалар жоғары сыныптарға қарай толық тереңдетуге кіріседі. Ол кезде жаратылыс ғылымы бағытындағы барлық пән ағылшын тілінде өтеді. Алғашында тек жеке сабақтарды оқытуға болады.

Бұл үшін ағылшын тілі мұғалімдері мен өзге пән мұғалімдері тізе қосып жұмыс істеуі керек. ЖҒБ пәндері негізгі мазмұнды игеріп болған жоғары сыныпта ағылшын тілінде оқытылатын болғандықтан, (негізгі мектепті бітірерде) жаратылыстану ғылымы пәндерінің сапасы педагогтың біліктілігіне байланысты болады.

С.: Ал қазақ тілінің жайы не болмақ? Мемлекеттік тілді қалай дамытуды көздеп отырсыздар?

Ш.: Үш тілде білім беру моделі мемлекеттік тілдің беделін арттырады. Себебі балалар тек қазақ тілі мен әдебиеті пәнін ғана қазақша оқымайды. Бұған дейін айтқанымыздай, үш тілділікке көшу барысында «Қазақстан тарихы» пәні енгізіліп, барлық мектепте оны қазақ тілінде оқыту міндеттеледі. Ал ҰБТ пәндерінің бірі «Қазақстан тарихы» екенін ескерсек, мектеп бітірушілердің мемлекеттік тілді меңгеруге деген мүдделілігі күшейеді. Бұл оларды қазақ тілін жетік білуге ынталандырады.

С.: Егер жаратылыстану ғылымы бағытындағы пәндер қазақ тілінде оқылмаса техникалық қазақ тілі мешеулеп, тек тұрмыстық байланыс құралы болып қалмай ма? Бұл орыс тіліне де қатысты.

Ш.: Үш тілде білім беру моделінің енгізілуі қазақ тілінің ғылым мен білім тілі ретінде дамуына еш кедергі келтірмейді. Себебін санап берейін: - Мектеп бағдарламасы бойынша негізгі білім беру мерзімі 9-сыныпта аяқталады. Яғни, негізгі орта мектепте (5-сыныптан 9-сыныпқа дейін) ғылымның негізі оқытылады; - ЖҒБ пәндерін негізгі орта мектепте бірінші тіл бойынша өтеді. Яғни мектеп қай тілде білім алса – сол тілде; - Үш тілде оқыту бойынша ЖҒБ пәндері тек жоғары сыныпта ғана ағылшын тілінде өтеді (10-11 сыныптар).

С.: Енді ең маңызды сұраққа келсек. Болашақта білім беру қазақ тілі және орыс тілі болып бөліне ме?

Ш.: Иә, сақталады. Бұл – әр қазақстандықтың құқы. Мектепте немесе жоғары оқу орнында қай тілде білім алғысы келеді – оны азамат өзі шешеді.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/XWCbgo6L9005g1A41HNubOm8AsOA3t.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/post/ana-tilimizdi-eshkim-kemsitip-zhat-an-zho-mektepte-sh-tilde-bilim-berudi-engizu-zhayly-784271](https://yvision.kz/post/ana-tilimizdi-eshkim-kemsitip-zhat-an-zho-mektepte-sh-tilde-bilim-berudi-engizu-zhayly-784271)