---
title: "Қали — киборг..."
description: "Диуананы халық аяйтұғын. Ол еш рұқсатсыз әркімнің шоланына кіріп жата беретін. Қақаған қыста да ауы..."
author: "NurlybekRAHMANOV"
published: "2014-12-03T00:33:36+00:00"
modified: "2014-12-03T00:33:36+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/ali-kiborg-444945"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/ali-kiborg-444945/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қали — киборг...

> Диуананы халық аяйтұғын. Ол еш рұқсатсыз әркімнің шоланына кіріп жата беретін. Қақаған қыста да ауы...

Диуананы халық аяйтұғын. Ол еш рұқсатсыз әркімнің шоланына кіріп жата беретін. Қақаған қыста да ауызғы үйде қонып шығады. "Үйге кір, үсіп қаласың" деген жанашырлыққа басын шайқап қарсылық көрсеткен. Қарапайым шаруа отбасыларының үйіне ғана бас сұғады екен. Қолында қандай да бір билігі бар адамдардан алыстан қашқақтап жүріпті. Даладағы шөп үйінділерінде қонып жатқанын талай адам көрген. Күндіз де мая үстінде қарақұсша шоқиып отырады. Дастархан басына келе қалса темір ыдыстан тамақ ішпейді, темір қасық ұстамайды. Берген тамақты бос ыдыс сұрап соған теріс қарап отырып құйып, сыртын бере отырып тамақтанады екен. Нанды асықпай уатып, ұсақтап жейді. «Ішіне ине салып бересіңдер» дейді екен өзі. Адамның бетіне қарап сөйлемеген. Тайсақтағандай боп басын төменшік тарта сөйлейтін болған. Қанша адаммен сөйлестім, Қали жайлы бәрінің айтқаны тап осындай.

#### «Тесік төбе Қали» — шетел тыңшысы -Ол кезде техника аз. Ат шана, арбаға мініп, әркімге ілесіп жүре беретін. Ауылдың тентектеу Мәди сынды жігіттерінің арбадан итеріп, түйгіштеп түсіріп жібергенін көрдік. Маң даладан түсіріп кетсе де еш ренжімейтін, қарсыласпайтын да. Өзі өте жүрдек еді. Жортақтап жүгіргенде аттылы адамға жеткізбейтін. Кейін сол кездегі НКВД қызметкерлері ұстап, тыңшы болып шыққанын естігенде жұрттың таңғалғаны рас, — дейді Жәнібек ауданы, Ұзынкөл ауылының тұрғыны Рахматуллин Мұхтар қария. Қариялардың айтуына қарағанда, диуана көбінесе телефон бағаналарының түбінде отырады екен. Айлап жоғалып кетіп, сол кезде «Ленин жолы» колхозы аталған Ұзынкөл ауылына қайта келіп жүрген. Одан балалар қатты қорқатын. Үстіне қысы-жазы фуфайка киген. Кір-қожалақ дорбасымен азын-аулақ киім-кешегін арқалап жүрген. Жазда да шешпейтін қазақы бөрігінің төбесі тесік болған. Тесік төбе Қали аталуы да сол себепті.

![Блог - NurlybekRahmanov: Қали - киборг...](http://blogtime.kz/uploads/images/00/09/53/2014/12/03/5d3163.jpg)

— 1954 жылы Абдош қыстауында отырдым. Қой бағамыз. Күздің бір күнінде қатты жаңбыр төгіп тұрғасын отарды үйге жақындатып айдап келдім. Шалаштың қасында әлгі Қали отыр. Екі жағы суалған арықша, орта бойлы болатын. Қырық күн шілде басынан бөркін тастамады. Жұрт оны мүлдем жуынбайды десе де, бет-аузы кір-қожалақ боп жүрмейтін. Қарт анам шайға шақырды. Қали үйге кіргенмен, үндемей басын шайқап асқа жоламады. Сосын үш саусағын көрсетіп, «маған үш сом берші» деді. Сол кездің бір бестік қағазын ұстаттық. «Сыртқа шығып келейін» деп дорбасын сүйреп шығып кетті. Артынан ілесіп шықсам, үй артында теріс қарап күбірлеп сөйлеп отыр. Жақындап бармадым. Ол тыңшы болуы мүмкін, оның сөйлесетін құралдары болуы мүмкін деп мүлдем ойлап көрмеппіз. Үйге бір айналып кіріп шықсам, Орданы бетке алып қараң-құраң етіп көз ұшында бара жатты… Шопан болып отырғанымызда сол маңды Мақсот деген жылқышы да мекендеді. «Апырмай, әлгі Қалиға жылқымен жете алмадым» дейтін. Ауылға барғанда да ел ішінен көріп қалып жүрдім. Эльтон жағының малшыларынан да Қалидың сол маңда жүргенін еститінбіз, — дейді Нұрсайын Ажғалиев қария. Бөкей ордасы ауданының Қарасу елді мекенінде тұратын 90 жастағы Күнзия Баймұқашева әже: «Қали адамды көргенде тобылғы, жыңғылдың арасына кіріп кететін. Сапар деген елді мекенде тұрғанымызда үйімізге келгені бар. Ақ ұсындық. Иіскеп көрді. Бұл қылығы ұнамай, «Сенің де анаң бар шығар» деп қатты зекідім. Үндемей сіміріп салды да, рақмет айтпастан тұра жөнелді. Мүтиғолла деген ауылдасымыздың оны қамшымен сабағаны да есімде» дейді. Осы ауданның Мұратсай ауылында тұратын Мәлік Нұрғалиев қария: «Қалиды 13-14 жасымда көрдім. Біздің жақта оны «Шашты Ғали» деп атады. Ұзын шашын самайына түйіп алатын. Аласалау, ширақ, арық адам болатын. Үнемі оң жамбасында дорбасы салаңдап жүретін. Балаларға зияны болмады, үлкендерден қатты қорқатын. Жататын жер таңдамайтын. Көбіне малшылар пункттерін жағалап жүрді» дейді. — Ол кезде Орданың Жетібай ауылында тұрдық. Әкем Төлеген ауылдық кеңесте қызмет істеді. Бірде ауылда жүрген Қалидың құжаттарын сұраған. «Жұлым-жұлымы шыққан, жартылай өртенген құжатында тек Қали деген аты ғана оқуға келді. Киімінің ішінен жерге сырғып түскен айнаны көрдім. Қолыма ұстап қарағанымда дөңгелек айнаның беті төртбұрыш торға толы болды. Қали жас балаша жылап отырып сұрап, айнасын кері алды. Ауылдың айналасында әскери нысандар көп болғасын тікұшақтар көп қонатын. Әлгі Қали соларды айналшықтап қарап жүретін» дейтін әкеміз, — деді бүгінде Жәнібек ауылында тұратын Серік Сарбалин. -Қалиды жалғызбасты, аурулы деп аяған аудан басшылығы жатақханадан кішігірім бөлме бергені де есімде,-дейді Нұрсайын Ажғалиев ақсақал.-Алайда он шақты күн тұрды ма, тұрмады ма, қайтадан жоғалып кеткен. Содан кейін Қалиға деген сезік пайда болды-ау деймін. Осы жағдайдан кейін көп ұзамай ұсталды. Ұсталғаннан кейін оны Саратовтағы зертханаға алып кеткен. «Сан, қол бұлшық еттеріне, басына байланыс құралдары орнатылған болып шыққан» дейді қариялар. Журналист Серік Ихсанғалидың пікірі де осыған саяды. «Нағашы ата-әжем Меңжан Текебаев пен Жұмабиек Бижанова Орданың Әженінде тұрған. Олардың «Қали шпион болып шығыпты. Бас терісінің астында кілең сым көрінеді» деп айтып отыратынын еститінбіз. Бірақ назар салып, көбірек сұрамаппын» дейді ол. Жалпы киборг (ағылшынның cybernetic organism – кибернетикалық ағза сөзінен шыққан) деген ұғым бар. Ол медицинада құрамында механикалық немесе электрондық компоненттері бар биологиялық ағза, машина-адамзаттық гибрид деп кездеседі.

![Блог - NurlybekRahmanov: Қали - киборг...](http://blogtime.kz/uploads/images/00/09/53/2014/12/03/2a5c88.jpg)

#### Тыңшы назары қайда түсті? Әлбетте, оқырманның «ол жақта шетел тыңшысы не істеп жүреді?» деп ойлары сөзсіз. Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарына таяқ тастам жерде бүгінде Ресейдікі саналатын сынақ полигоны мен әскери базалар бар екенін еске саламыз. Тыңшы айналасы әскери базаларға толы Эльтон маңынан тұтқындалады. Және дәл сол кезде Кеңес үкіметі мен АҚШ арасында қырғи қабақ соғыс жүріп жатқаны тарихи шындық. КСРО-ның басты бақталасы АҚШ-ты әуеден қанша зерттесе де көз жеткізе алмайтын жаңа жер асты әскери базалары қызықтыруы да заңдылық... Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталысымен Кеңес Одағы мен АҚШ арасында «қырғи қабақ соғыс» басталды. Ядролық қаруы бар мұхиттың ар жағындағы алпауыттан қалмаймыз деп И.Сталин қол астындағыларға зымырандар мен атом бомбасын шығаруды тапсырды. Сынақ үшін Нарын құмымен жалғасқан Ресейдің Астрахан облысына қарайтын Капустин Яр аймағы таңдап алынды. Орда тарихының қасіретті беті де осы полигон. 1948 жылы полигонға берілген аудан аймағында жер асты, жер үсті сынақтары жүргізіледі. Жылдар өте сынаққа жер тарыла бастағасын үкіметтің Орда ауданының Хаки соры мен Азғыр елді мекеніне назары ауды. Сөйтіп 1952 жылы 12 маусымда Кеңес өкіметі Батыс Қазақстан облысының Орда ауданын тарату туралы арнайы қаулы қабылдап, ауданның 19 колхозы күшпен өзге аудандарға көшіріледі. Қариялар шын мәнісінде жалпы саны 51 елді мекеннің халқы елдің түкпір-түкпіріне тарыдай шашыратып жіберілгенін айтады. Көштің алды Сайқын стансасынан пойыздарға тиеліп, мыңдаған шақырымдағы өзге облыстарға қоныс аударылған болатын. Ақын Қайрат Жұмағалиевтің газетімізде жарияланған естеліктерінде Шымкент облысына көшірілген халықтың қалай қырылғанын өз көзімен көргені айтылады. Кейбір ауылдың тұрғындары бақыттарына орай облыс ішіне ғана көшірілген. Мысалы, марқұм Рысқаным Жаршина әжей Орданың Жұлдыз колхозының халқы Жәнібек ауданының ен даласына қазіргі Жақсыбай ауылының алғашқы қазығын қаққанын айтып отыратын еді. Үкіметтің маңызды шаруашылық нысаны саналған №88 түйе зауытының малшылары күштеп көшірілгеннен тура бір айдан кейін орындарына қайтарылған. Оның куәгері бүгінде Жәнібек ауылының тұрғыны Ибраим Сұлтанов ақсақал: — Пикап мәшинесімен әскери киінген ұзын бойлы адам келді. Ол жергілікті билікке бір күнде көшіп болыңдар деген. Кейін бір жиналыста профсоюз төрағасы болған Мұхтар Сейтәлиев: **«Әнеукүнгі келген кісі – үлкен мұртты қарт» деді. Халықтың үлкен мұртты қарт деп атап кеткені –** атақты әскери қолбасшы Семен Буденный, — дейді. Шынымен де бұл маршал Буденныйдың Қызыл армияның ковалерия қолбасшысы, әрі Қорғаныс министрінің ерекше тапсырмалар бойынша орынбасары болып жүрген кезі-тұғын. Бұл дерек тарихи шындыққа келеді. Себебі 1954 жылдың 14 қыркүйегінде Орынбор облысындағы Тоцк полигонында атом бомбасын қолданған үлкен әскери жаттығу өтеді. ТАСС-тың сол жылғы 17 қыркүйектегі жазбаларында былай делінеді: «Ғылым-зерттеу және тәжірибелік жұмыстар жоспарына сай, соңғы күндері Кеңес Одағында атомдық қарудың бір түрі сынақтан өткізілді. Сынақтың мақсаты атомдық жарылыстың барысын зерттеу болатын. Сынақ кезінде алынған құнды нәтижелер кеңес ғалымдары мен инженерлері үшін атом шабуылынан қорғану жолдарын зерттеу үшін аса қажет еді. Ядролық қаруды сынау жұмыстары Ұлы Отан Соғысы жылдарында басталған. Кеңес Одағының Атом жобасына Игорь Курчатов жетекшілік етті. 1946 жылдың жазында Мамандандырылған институттарды жобалау мен оларды құрылысы туралы ОК БКП(б) мен КСРО Министрлер Кеңесінің Қаулысы шықты. АҚШ-пен бәсекелескен КСРО ядролық державаға айналды. Жалпы әскери бағыттағы алғашқы оқу-жаттығу жұмыстары Капустин Яр полигонында өткізу жоспарланды. Бірақ 1954 жылдың көктемінде сынақ алаңы Тоцк полигонына алмастырылды. Тоцкідегі әскери жаттығулар «Снежок» деген атқа ие болды. Бұл жұмыстарға басшылық ету маршал Георгий Жуковқа сеніп тапсырылды. 1954 жылдың көктемінде дайындық бағдарламасы басталды. Полигонға жақын орналасқан елді мекендер алдын ала басқа жерге көшірілді. Тоцкіге КСРО-ға одақтас барлық мемлекеттің қорғаныс министрлері келді. Сынақ алаңына Александр Василевский, Константин Рокоссовский, Родион Малиновский, Иван Конев, Иван Баграмян, Семен Тимошенко, сонымен қатар Семен Буденный және Климент Ворошилов бастаған Кеңес Одағының маршалдары келді. Сынаққа бір тәулік қалғанда Кеңес Одағының қорғаныс министрі Николай Булганин, Министрлер кеңесінің төрағасы Георгий Маленков пен сол кездегі орталық Комитеттің бірінші хатшысы Никита Хрущев келіп жетті». Осы сынақ алдымен Тоцкте емес Капустин Ярда өткізілетін болғанда аймақ халқын эвакуациялау Семен Буденныйға тапсырылуы әбден мүмкін. -Сөйтіп біздің ауылдағы он екі шаңырақ, ол кезде жөнді дүниеде жоқ, бар жүгін түйеге артып, малды шулата айдап көштік. Хаки сорынан үш шақырым жерде отыр едік. Жергілікті 48 колхоз, 2 совхоз, бір откорм совхоздың халқы жан-жаққа кетті. Бізге, балаларға, бір ай сабақ болмайды деді. Тура бір айда біз кері қайттық. Келгенде жер боп-бос, қызыл топырағы шығып жатты. Астына әскери құпия саналатын нысандар салғанын түсіндік. Халық Капустин Яр, Азғыр мен Эльтонды жер астымен қосқан деп те жүрді. Орда халқы «38-інші параллель» дегенді жақсы біледі, — дейді Ибраим қария. — 1952 жылы қазіргі Әжен ауылының шығысында төрт шақырым жерде Қосжан деген мекенге апам Тыныс ұзатылды. Сол жылы құдаларымыздың ауылына барғанда тесік төбе Қалиды көрдім. Кішкентай бойлы, арықша адам болатын. Ауыл балалары кесектеп қуып жүрді. Ол Жамантау, Торғай деген жерлерде көп жүрген.Сайқын аумағындағы танкодром маңынан ұстады деп естідім. Ол негізінен Орда топырағынан шыққан адам деседі. Ол кезде тыңшыларды тез сіңесің деп туған жеріне жібереді екен. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері оның фотосын ұстап жүріп іздеген... Нұрлыбек РАХМАНОВ, Орал-Жәнібек-Орда-Орал P.S. Облысымыздың Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарында Ұлы Отан соғысы жылдарында жау тыңшылары, әскери полигон салынған, сынақ өткізілген жылдары шетел тыңшылары жүргені ел ішінде әлі күнге дейін айтылады. Қали туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатына сұраныс жіберіп едік, фамилиясы анықталмағандықтан, қандай да болсын дерек табу қиындық тудыруда. Алайда ізденісім әлі жалғасуда… Сенсеңіз де, сенбесеңіз де бұл болған жағдай. Фантастикалық киноларды еске түсіргенмен, сол кинолардың астарында бір шындық бар. ХХ ғасырдағы ғылымның бұдан да зор жетістіктерін қарапайым жұрт біле бермейміз. Қалиды көрген жоғарыда аты аталған адамдардың, шүкір, көзі тірі. Көзкөрген қариялар барда әлі талай нәрселерді өз ауыздарынан жазып алуымыз керек.

![Блог - NurlybekRahmanov: Қали - киборг...](http://blogtime.kz/uploads/images/00/09/53/2014/12/03/63ae96.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/post/ali-kiborg-444945](https://yvision.kz/post/ali-kiborg-444945)