---
title: "АЛҒЫ СӨЗ"
description: "Жиһанкез аңшы Аллан КУАТЕРМЭН осы таңғажайып әрі шынайы хикаяны мейірбан көңіл, жылы жүректен оқуға ..."
author: "kitap11"
published: "2017-09-13T00:51:17+00:00"
modified: "2017-09-13T00:51:17+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/al-y-s-z-778653"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/al-y-s-z-778653/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# АЛҒЫ СӨЗ

> Жиһанкез аңшы Аллан КУАТЕРМЭН осы таңғажайып әрі шынайы хикаяны мейірбан көңіл, жылы жүректен оқуға ...

* Жиһанкез аңшы Аллан КУАТЕРМЭН осы таңғажайып*

*әрі* *шынайы* *хикаяны мейірбан көңіл, жылы жүректен*

*оқуға* *ынтызар,* *білімге құмар үлкенді-кішілі бала*

*атаулыға* *арнайды*

СӨЗ БАСЫ

Міне, енді басылып шығып, төңіректің төрт бұрышына тарағалы тұрған сәтінде мен бұл кітаптың стилінде де, мазмұнында да толып жатқан кемшіліктер барын анық көріп отырмын. Мұның соңғысы жөнінде бар айтарым, қолыңыздағы хикая біз көрген, бастан өткерген хикметтерді тегіс қамтымақ емес. Біздің Кукуанстанға жасаған саяхатымызға қатысты, мұнда шет жағалап қана айтылған көптеген жәйттер, мәселен, мен жинастырған аңыздар, Луу түбіндегі ұлы шайқаста бізге жансебіл болған берен сауыттар, сондай-ақ сталлактит үңгіріне кіреберістегі Тұнжырлар, яғни Тас Сүлделер қақында бажайлап әңгімелеп бергім келеді-ақ. Егер көңіл жетегіне ерсем, мен кукуан және зұлыс диалектілерінің айырмашылығына, ал бұл түбегейлі ойластыруды тілейтін мәселе, арнайы тоқталар ем, осы гүлжазира өлкенің жан-жануарлар әлемі мен өсімдіктер дүниесіне бірнеше бет арнар ем.

Бұл кітапта толық қамтылмаған, алайда аса маңызды тағы бір жайт – елдің әскери өнері. Менің пайымдауымша, Кукуанстанның соғыс күштерінің ұйымдастырылу үлгісі Зұлыс елінде король Чака1 орнатқан жүйеден анағұрлым озық. Әскери

*1**Чака* *– XIX ғасырдың бас кезінде жасаған зұлыс королі. Еуропалық отаршыларға қарсы ұлт-азаттық күресінің қаһарманы.*

құрылыстың артықшылығы жауынгерлердің соғыс жағдайына жедел бейімделіп, тез жұмылуына мүмкіндік туғызады екен, әрі халықтың өсіп-өнуіне зиянды ықпал жасайтын некесіздік заңын1 мансұқ етуге мүмкіндік беріпті.

Тағы бір ескертетін жай, мен кукуандардың тұрмыс-салтына қатысты қызықты деректер төңірегінде де көсіле баяндай алмадым. Кукуандар кен қорыту және ұсталық өнерін жете меңгерген (алмас жүзді ауыр селебе пышақтардың өзі-ақ мұның айқын дәлелі бола алады), бұл тарапта да сипай соқты әңгімемен шектелдік.

Сэр Генри Куртиспен және капитан Гудпен ақылдаса келе, мен ою-өрнексіз қарапайым тілмен өзіміз бастан кешкен оқиғаларды ғана мазмұндап берген жөн болар деген шешімге тоқтадым. Ал мұның сыртындағы жәйттер турасында, әрине, қажеті бола қалса, тағы бір реті келгенде баяндай жатармын. Әуестік білдіруші кісіге өз қолымдағы деректер турасында мағлұмат беруге мен қашанда әзірмін.

Енді оқырманның кітаптың ысылып жетпеген кедір-бұдыр тілі үшін кешірім сұрау ғана қалса керек. Мархабат өтінгенде өзімді ақтау үшін бар айтарым, мен қалам ұстаудан гөрі мылтық ұстауға көбірек машықтанған жанмын, сондықтан қол бос кездерде өзім де қызыға оқитын романдардағыдай көтеріңкі кітаби әуен, әсіре қызыл тіл мұнда жоқ.

Әрине, жұртқа ұнау үшін аспандата, шалқыта жазу қажет-ақ, бірақ не қайран, біздің қолдан келмес өнер.

Менің ойымша, қалың қауымға түсінікті, қарапайым тілмен жазылған шығармалар жүрекке оңай жетеді, көңілге тез қонады. Дегенмен дәл бұл тарапта сөз қозғау – автор үшін онша ұнамды қылық болмауға керек. «Өткір найзаны егеген – нәмарт» дейді кукуан мақалы. Сол ретпен мен қандай ғажайып оқиғаға құрылмасын, анық шынайы әңгімені жалтырақ сөзбен жөргемдеу орынсыз деп білем.

*Аллан Куатермэн*

*1* *Король Чака әскердің соғыс қабілетін арттыру мақсатында жауынгерлердің отау құруына тыйым салған. Егде тартқан байырғы жауынгерлердің ғана үйленуіне рұқсат етілген және олар соғыста қанша дұшпан өлтірсе, сонша әйел алуға ерікті болған.*

---

Source: [https://yvision.kz/post/al-y-s-z-778653](https://yvision.kz/post/al-y-s-z-778653)