---
title: "Ақмола облысында 5,6 миллион гектар алқапқа егін егілді"
description: "Ақмола облысы еліміздің солтүстік өңірлері арасында алғашқылардың бірі болып егіс науқанын аяқтады, хабарлайды Yvision.kzУақтылы жүргізілг?..."
author: "VladimirZelensky"
published: "2026-06-04T16:09:09+00:00"
modified: "2026-06-04T16:09:09+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/akmola-oblysynda-5-6-million-gektar-alkapka-egin-egildi-1021118"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/akmola-oblysynda-5-6-million-gektar-alkapka-egin-egildi-1021118/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Ақмола облысында 5,6 миллион гектар алқапқа егін егілді

> Ақмола облысы еліміздің солтүстік өңірлері арасында алғашқылардың бірі болып егіс науқанын аяқтады, хабарлайды Yvision.kzУақтылы жүргізілг?...

Ақмола облысы еліміздің солтүстік өңірлері арасында алғашқылардың бірі болып егіс науқанын аяқтады, хабарлайды [Yvision.kz](http://Yvision.kz) ![](https://storage.yvision.kz/images/user/574844/c1b972704c9aabf0ae73436c83af8f92.jpg?width=1280&height=853) Уақтылы жүргізілген дайындық жұмыстары мен кешенді мемлекеттік қолдаудың арқасында өңір диқандары көктемгі дала жұмыстарын агротехникалық талаптарға сай оңтайлы мерзімде толық орындады.Ақмола облысының Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, биыл жалпы егіс алқабы 77 мың гектарға ұлғайып, 5,6 миллион гектарға жетті. Өңірде егіс құрылымын әртараптандыруға басымдық беріліп келеді. Соның нәтижесінде соңғы үш жылда майлы дақылдардың көлемі алты есеге өсіп, 715 мың гектардан асты. Сонымен қатар мал азықтық дақылдар 166,5 мың гектар жерге орналастырылып, картоп пен көкөніс дақылдары 10 мың гектардан астам алқапқа егілді.Егіс науқанына дайындық жұмыстары қыс мезгілінен бастап жүргізіліп, шаруашылықтар қажетті ресурстармен толық қамтылды. ![](https://storage.yvision.kz/images/user/574844/3d56f57e23a64c102bc022521e08d99f.jpg?width=1280&height=720) «Егіс науқанының табысты өтуіне материалдық-техникалық базаның жүз пайыз дайын болуы ықпал етті. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тұқым материалдарымен және жеңілдетілген дизель отынымен толық қамтамасыз етілді. Топырақ құнарлылығын арттыру мақсатында аграршылар 330 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізді. Сонымен қатар өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдары өсімдіктерді қорғау құралдарымен толық қамтылды», – деп атап өтті басқарма басшысы Нұрбек Бадырақов.Биыл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға жеңілдетілген несие мен субсидиялау бағытында 235 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның ішінде «Кең Дала – 2» бағдарламасы аясында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 840 шаруашылыққа 122 миллиард теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді.Сонымен қатар облыста ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқыны сақталуда. Жыл басынан бері шаруалар 789 бірлік жаңа техника сатып алды. Ал «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жүзеге асырылатын жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бойынша отандық өндірістің 610 техникасын сатып алуға келісімшарттар жасалған.Өңірдегі шаруашылықтарға қолдау көрсетудің тағы бір тиімді тетігі – форвардтық сатып алу бағдарламасы. Биыл «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы жалпы құны 4,2 миллиард теңге болатын келісімдер 38 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушімен жасалды. Қазіргі таңда 55 өтінім бойынша 3,3 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлініп, нәтижесінде 59 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін жеткізу жоспарланып отыр.Сала мамандарының пікірінше, көктемгі дала жұмыстарының уақытылы аяқталуы мен мемлекеттік қолдау шараларының тиімді жүзеге асырылуы өңірдің аграрлық әлеуетін арттырып, мол өнім алуға мүмкіндік береді.

---

Source: [https://yvision.kz/post/akmola-oblysynda-5-6-million-gektar-alkapka-egin-egildi-1021118](https://yvision.kz/post/akmola-oblysynda-5-6-million-gektar-alkapka-egin-egildi-1021118)