---
title: "Әбілбек Нұрмағамбетұлы туралы не білеміз?!"
description: "Ахмет Байтұрсынұлының бір шумақ өлеңін айтып, сотталып кеткен Әбілбек Нұрмағамбетұлы туралы не білеміз?! Бір жайт бір нәрсеге сеп болаты?..."
author: "Fvfylsr"
published: "2026-07-03T05:05:03+00:00"
modified: "2026-07-03T05:05:03+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/abilbek-nurmagambetuly-turaly-ne-bilemiz-1021516"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/abilbek-nurmagambetuly-turaly-ne-bilemiz-1021516/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Әбілбек Нұрмағамбетұлы туралы не білеміз?!

> Ахмет Байтұрсынұлының бір шумақ өлеңін айтып, сотталып кеткен Әбілбек Нұрмағамбетұлы туралы не білеміз?! Бір жайт бір нәрсеге сеп болаты?...

![Әбілбек Нұрмағамбетұлы туралы не білеміз?!](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/b6514f4b89f1e4ed03389f32dd70e9a4.jpg?width=786&height=1280)

Ахмет Байтұрсынұлының бір шумақ өлеңін айтып, сотталып кеткен Әбілбек Нұрмағамбетұлы туралы не білеміз?! Бір жайт бір нәрсеге сеп болатыны түсінікті, осыдан біраз бұрын Мақтаралда тұратын туысқандарға барып келген едім, сонда, кезінде ата-бабалары (өткен ғасырдың 20-30 жылдары) Торғайдың Батпаққарасынан кеткен бір ағайынмен сұхбаттастым. Әңгімеден әңгіме шығып, менің ауылымдағы уақытында Айса Нұрманов бастап салған Албарбөгет бөгеті туралы және Айса туралы кітаптың авторы Әбілбек Нұрмағамбетұлы жөнінде айтылды. Содан кейін ауылдас ағамыз (атамыз десек те болар) туралы есіме түсіп, мәлімет бере кетуді жөн көрдім.

![Әбілбек Нұрмағамбетұлы туралы не білеміз?!](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/21c4620e4885a6f2e37c18e78343ebc0.jpg?width=809&height=1280)

Әбілбек Нұрмағамбетұлы 1927 жылы Қостанай (бұрынғы Торғай) облысының Жанкелдин ауданының Жартоғай ауылында (бұрынғы «Еңбек» совхозының аумағында) туған. Бұл кезең Әбілбектің балалық дәуренінің қазақ даласындағы коллективтендіру, ашаршылық кезеңімен сәйкес келіп, қиыншылық көріп өседі.

![Әбілбек Нұрмағамбетұлы туралы не білеміз?!](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/3d15c5696ad244a547cd79f161620dd0.jpg?width=781&height=1144)

Торғай дуандағы кезінде Ыбырай Алтынсарин негізін қалаған мектептің тоғызыншы сыныбын тәмамдайды, 1943–1944 жылдары Коминтерн колхозының бухгалтері болып жұмыс істейді. Кейін Мемлекеттік банктің Семиозер бөлімшесінде жұмыс атқарады. 1946 жылы Ахаңның — Ахмет Байтұрсынұлының бір шумақ өлеңін айтқаны үшін 17 жасар жас жігіт Қарлагқа айдалып кете барады.

![Әбілбек Нұрмағамбетұлы туралы не білеміз?!](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/b0555c845b9e77e91c33f06f727dfd48.jpg?width=254&height=299)

Архив деректерінде ол жөнінде былай деп жазылып қалыпты: «Родился Кустанайская обл., Тургайский р-н, Албарбугетский аулсовет.; казах; неполное среднее; счетовод, колхоз им.Коминтерна. Проживал: Кустанайская обл., Джангильдинский р-н, Албарбугетский аулсовет. Арестован: 17 апреля 1946 г. Приговорен: Кустанайский облсуд 17 августа 1947 г., обв.: 58-10 УК РСФСР. Приговор: 7 лет ИТЛ Реабилитирован 25 марта 1991 г. Генпрокуратура РК Источник: Сведения ДКНБ РК по Костанайской обл.».

![Әбілбек Нұрмағамбетұлы туралы не білеміз?!](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/fbf8633f977cb292b947251438570696.jpg?width=974&height=1378)

Иә, сол кеткеннен мол кетіп, тек 1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан соң босап шығады 1954 жылы Семиозер қазақ мектебін тәмамдап, 1955-1960 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында оқиды.

![Әбілбек Нұрмағамбетұлы туралы не білеміз?!](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/b438f8a82525c9bbded13c1fd606382c.jpg?width=854&height=1256)

1960 жылдан Алматы облысындағы Қаскелең мектеп-интернатында ұстаздық етеді, 1964 жылдан өмірінің ақырына дейін Ахаң жолын қуып өмірін тіл білімі саласына арнайды. Тіл білімі маманы, филология ғылымы докторы (1977). 1961— 1964 ж. А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында I аспирант, кіші ғылыми қызметкер, ал 1968 жылдан аға ғылыми қызметкер болды. Кейін бас ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді.

![Әбілбек Нұрмағамбетұлы туралы не білеміз?!](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/35cd28fff12b589b086e7767b3e1f84b.jpg?width=813&height=1240)

Ш.Сарыбаевтың жетекшілігімен «Түрікменстандағы қазақ говоры» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды (1975). 1977 ж. «Қазақ тілі говорларының батыс тобы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ диалектологиясы мен этимологиясы мәселелеріне арналған еді. Нұрмағамбетұлы қазақ тілінің диалектологиялық сөздіктерін құрастыруға қатысады.

![Әбілбек Нұрмағамбетұлы туралы не білеміз?!](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/79ea6249f4a7706ee6b6168dc4274d53.jpg?width=398&height=625)

Қысқаша айтқанда, Әбілбек Нұрмағамбетұлының ғылым жолы да өмір жолы да оңай болған жоқ, бірақ, ол өмірде де ғылымда да өз орын қалап кеткен еді! Әбілбек ағамыз туралы архив деректерін ұсынған Торғай музейлері ұжымына және оның директоры Гүлбану Құлетқызына алғыс білдіремін!Материал авторы — Амандық Әмірхамзин

---

Source: [https://yvision.kz/post/abilbek-nurmagambetuly-turaly-ne-bilemiz-1021516](https://yvision.kz/post/abilbek-nurmagambetuly-turaly-ne-bilemiz-1021516)