---
title: "АҚСАЙ МЕН КӨКСАЙ"
description: "Шерхан МҰРТАЗА АҚСАЙ МЕН КӨКСАЙ Бiздiң ауыл Ақсайдың кақ басында, Күмiс жүген судырар ат басында. (Қ..."
author: "kitap2"
published: "2016-03-15T10:27:49+00:00"
modified: "2016-03-16T07:12:18+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/a-say-men-k-ksay-683745"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/a-say-men-k-ksay-683745/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# АҚСАЙ МЕН КӨКСАЙ

> Шерхан МҰРТАЗА АҚСАЙ МЕН КӨКСАЙ Бiздiң ауыл Ақсайдың кақ басында, Күмiс жүген судырар ат басында. (Қ...

***Шерхан МҰРТАЗА***

**АҚСАЙ МЕН КӨКСАЙ**

*Бiздiң ауыл Ақсайдың кақ басында,*

*Күмiс жүген судырар ат басында.*

(Қазақ ауылының өлеңi)

*Көксайдың бойуун этектеп Мен коноюн, Бекбекей.*

*Қара мақпал тоңуңа Жеңболоюн, Бекбекей...*

(Қырғыз айылының ыры)

1

Бiздiң ауылды Ақсай дейдi. Ал ел аузында Ақсаймен қатар Көксай да көп аталады. «Ау, мұның Ақсайы бiздiң ауыл болғанда, Көксайы қай жақта!» – деушi едiм өзiме-өзiм.

Көп ұзамай Көксайды да көрдiк.

Айша менi ерте оятты. Соғыстың үшiншi жылына аяқ басып бара жатқан кез. Құдайға шүкiр, бала болсақ та ерте оянуға үйренгенбiз. Қанша айтқанмен, таңғы тәттi ұйқыны қиып түрегелу ауыр-ақ.

– Тұр, Барсхан. Қорғанбайдың апасы келдi, – дедi Айша.

«Қорғанбайдың апасы» деп тұрғаны – Арзы. Ал Айша – менiң шешем. Тек әкей жастайымнан оның атын ататып үйреткен.

Бүгiнде Арзының үлкен екi ұлы – Орха мен Ноха әскерде. Айша Орха мен Ноханың атын атамайды: «мырза аға», «шырақ» дейдi. Ал олардың iнiсi – Қорғанбай да қайнысы ғой, бiрақ оның атын атай бередi де, Арзыны «Қорғанбайдың апасы» дейдi. Қорғанбайдың менен екi жас үлкендiгi бар.

– Үлкен үйдiң көк есегiн әкеп байлап қойдым, тұра ғой, Барсхан.

«Үлкен үйдiң көк есегi» – Оңғарбай атамның тай-қары. Аты есек демесең, аттай шабады. Оны бiреулер жабайы құланның тұқымынан екен десiп те жүрдi. Көк тайқар бiз сияқты бала-шағаның тақымына түсе бер-мейдi. Оңғарбай атам оны көрiнгенге мiнгiзбейдi.

Даладан көк есектiң iшiн тарта ышқынып ақырғаны естiлдi. Айша асықтырды:

– Әне, Қорғанбайдың апасы да келiп күтiп тұр, бол, жылдам.

– Барсхан қайда барады, а, апа? – деп қарындасым мен iнiм қыңқылдады.

– Қырғыз атаның ауылына барады. Жайшылықта оларға кәдiрiм жоқ, жағаласып, таласып ұрсыса беретiн. Ендi қазiр екеуi де менiң беделiмдi үнсiз мойындап, менi бiр мына соғыс кезiнде майданға аттанып, жауды жайратып оралатын қас батырға балап тұрған сияқты. Екеуi де езу тартып, ербиiсiп, менен қысылғанда жалаң аяқтарын қайда, қоярын бiлмей тұр.

– Әй-у, Айша, болдың ба? Қайда әлгi Барсхан? – деп сырттан Арзы апам дауыстады.

Далаға атып шықсам, Арзы апам жүнi жалбыраған, қарны салбыраған қара мәшiге мiнiп тұр екен. Ақ полотнай кимешек, ақ дәке күндiк салып, көк доқаба қамзолын киiптi. Айша:

– Қорғанбайдың апасы-ау, тойға баратындай киiнiпсiң ғой, тегi, – деп күлдi.

– Күнде барып-кеп жүрген жер емес, көптен көрмеген қырғыз құдаларға жүдегенiмiздi бiлдiрмей, сыртқы жүнiмдi қампайтқаным ғой, түге.

– Қайран Қорғанбайдың апасы, сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейдi деген осы-ау, – деп Айша менi көк есекке қолтығымнан көтерiп мiнгiзбек болып едi, көнбей өзiм-ақ қарғып мiндiм. Көк тайқар шыдамсызданып шыр айналды. Колхоз бастық Тасхожа үстiнен түспейтiн ақ боз айғыр тақымыма тигендей едәуiр көтерiлiп қалдым. Iнiм мен қарындасым ауыздары аңқайып, дәлiзге шығып қарап тұр. Таңғы ызғардан жақ жүндерi үрпиiп, ауыздарынан бу шығады.

– Әйде, үйге барыңдар! – дедiм мен кiсiмсiп.

– Ал жолдарың болсын! Домалақ әулиенiң аруағы қолдасын! – дедi Айша.

– Айтқаның келсiн, – дедi Арзы апам.

Содан ауыл сыртындағы қара жолға түспек болып, Манас шоқысын бетке алып жүрiп бердiк.

Ақсайдан салқын самал сезiледi. Ақбас арыстан аузын ашқан күйiнде қатып қалған тәрiздi. Ендi оның сол ауызынан шыққан дем де сап-салқын. Тау аңғары осындай. Ал, аспан жүзi жас нәресте көзiндей жәудiр, көкжиегiн ғана кiлегей шарбы бүлттар тұтып тұр. Шымшықтар шықылықтап, құмыр құрқылдап қалыпты. Үнi тарғыл-тарғыл шығып, қарға да қарқылдап қояды, шұбар көкек сұңқылдайды.

Ендi бiрде Ақсай аңғарынан самал емес, салқын Дария күллi аспан астын толқындата үн-түнсiз шалқып ағып, бiз бүкiл үй-жайымызбен, ауыл-аймағымызбен, қаражол, ой-қырымызбен қоса сол көзге көрiнбес қасиеттi мұхитта әлдеқайда жүзiп бара жатқан сияқтымыз. Ауаны алақанмен уыстап, мөлдiр бұлақ суындай сiмiруге болатын тәрiздi-ау.

Артымыздан айқай шыққанға шошып қалып, бұрылып қарасақ, Айша екен.

– Әй-бу, Қорғанбайдың апасы-ау, ұмытып кетiппiн ғой. Қырғыз атаға айта бар: Барсханға Медетханды көрсетсiн. Өткенде не болмады. Балалардың жазығы не. Бiрiн-бiрi бiлiп жүрсiн, – деп Айша көзiне жас алды.

– Қой әрi, балаң жол жүрiп бара жатқанда, жылап жаман ырым қылма. Қой, Айша!

– Қойдым, қойдым, Қорғанбайдың апасы, қойдым. Айша артына қарай-қарай үйге қайтты. Сұр шинелi оның жотасын бүкiрейтiңкiреп жiбередi-ақ. Станцияда бiр солдат пойыз жүрейiн деп тұрғанда асығып арзанға сата салған екен. Қазiр Айшаның бiр киерi де сол. Әттең, Айшаның үстiнен сұр шинелi түсер күн бар ма екен, деп армандаймын.

Сай қабағындағы аз ауыл аулақтан үркердей үрпиiп көрiнедi. Қара жолдың бойындағы қызыл изен мен бұйра бүргеннiң басынан боз торғай пыр-пырлап ұшып, бiзбен бiраз жерге дейiн iлесiп отырды.

Жол жағалай селеу-селеу, түп-түп ақ ши. Қара жол Шоқыбас сайының басын айналып өткен жерде жермен жексен болып зират жатыр. Iшiне сиырлар да кiрiп жайылып жүр. Айналасы қоршалмаған. Жер жетпегендей тура түбiнен тақап тұрып егiстiк жыртыпты.

Арзы апам зираттың тұсынан өтiп бара жатып, аузы күбiрлеп қос алақанымен бетiн сипады. Онан соң маған бұрылып:

– Зираттың тұсынан өткенде, «қиямет-қайым жақын» деп өт! – дедi.

– О не деген? – деп сұраймын аңқайып.

– Аруақтар қиямет-қайымды күтiп зарығып жатады дейдi. Жолаушылар: «қиямет-қайым жақын» деп өтсе, жарықтық аруақтар қуанып қалады дейдi. Ал тiрi адамдар зират тұсынан үндемей өтсе, аруақтар қапаланып қалады дейдi.

– Қиямет-қайым деген не ол?

– Ақыр заман. Ақыр заман болғанда о дүниеде адамдар бiр-бiрiмен табысады. Ана баласымен, бала әкесiмен...

Бұ сағыныш дегенде дауа болсашы. Өлген аруақтар да жақындарын сағынып жатады екен ғой.

Жол қатқақ. Шынының сынығындай боп қабыршақ мұз кездеседi. Марттың iшi, наурыз болса да әлi ызғар бар. Осы таяуда ғана алтын күрек желi соғып, қалған-құтқан үрiндi қарды сыпырып-сиырып әкетiп, сай-сайда гүрiлдеп қызыл су жүрген. Ендi су тартылып, көк қылтиды. Бәйшешек жұмыртқа жарып шыққан балапан құсап, жердiң қабыршықтанған топырағын тесiп шығып, шоқ-шоқ болып тұнып тұр.

Өткенде апта бойы азынай соққан ақ борандардың азабын көрген шоңайна, сиырқұйрық, шырыш сияқты бойшаң өскен қурай бiр жамбастап жатып қалған. Түбiнен балақтап жаңа тiршiлiк басталып, жасыл бар-қыт балауса бас көтерген.

Тәңiрiтау әлi қары түрiлмей, тек бiр ожар тiк бет тастары ғана жалаң төстенiп, тағы бiр қысты қасқая шығарып салып тұр. Жағрапия мұғалiмiнiң айтуынша, бiздiң бұл тауымыз жүз миллион жылдан астам жасапты. Мұның жасына қарағанда бiр адамның ғұмыры тозаң сияқты. Мiне, мен, мысалы, он үшке шықтым. Айша:

– Бiр мүшелге шықтың, Барсхан. Мүшел жыл ауыр болады деушi, аман болшы, әйтеуiр, – деген.

Азанғы қатқақпен едәуiр жер өндiрiп тастадық. Оң қол жағымызда – Керегетастың қар жұқпас қара құздары қалып барады. Сол жағымызда – Қаратау жарысып келедi. Алдымыз – Манас шоқысы.

Ыбрай сайынан да өттiк. Мыңбұлақтың ең тереңi осы. Қыстыгүнi боран тықпалаған үрiндi қар сiресiп көпке дейiн жатып, жақында ғана ерiп бiткенi әлi көгi көпсiмеген қаратақыр қабақтан бiлiнiп тұр. Өткен февральдiң аязында кенет күн жылынып, қар кетiп, мал далаға жамылып жадырап қалып едi. Сонда осы Ыбрай сайдың үрiндi қарына Пияш кемпiрдiң ала сиыры түсiп кетiп арам өлдi. Қардың бетi қатты болғанмен, астынан ерiп, кеуек пайда болады екен де, үстiнен жүрген мал кеуекке түсiп кетiп, үйелеп қалады екен. Тiптi бiр көктемде Бейсалы шалдың жоғалған тушасы әбден қар кеткен соң сай табанында жаңа туған лағымен жайылып жүрген жерiнен табылған. Бiрақ сиыр ешкi емес қой, үйелеп өлiп қалыпты. Жалғыз баласы соғыста жүрген Пияшты шалдар аяп, «суда өлген мал адал», – деп ала сиырды сойып, елге «қырық жiлiк» қылып таратып, ақша жиып, орнынан тұяқ тұрғызған.

Арзы апам ұйықтап қалған ба, үндемейдi. Есектердiң пысқырғаны, қабыршақ мұздың шатынағаны ғана естi-ледi.

Балаларын ойлайтын шығар. Орха мен Ноха қандай едi. Сайдың тасындай, екеуi де еңсегей, нұрлы жүздi, ай маңдай азаматтар едi. Арзының өзi ажары асқан көркем кiсi, сол соғыс басталғалы берi, әсiресе соңғы кезде тым қартайып кеттi.

«Бiрдеңе десе қайтедi?» – деп, үн-түнсiз келе жат-қан Арзы апамның бетiне қарап-қарап қоямын. Ақыры шыдамай:

– Апа, әлi алыс па? – дедiм.

Арзы қалғып кетiп, көзiн ашып алған адамдай басын көтерiп:

– А! – деп жан-жағына қарады. – Е, мынау Шоң-қара ғой. Ендi бiраз бар. Анау Манастың тұсына таянсақ жетемiз. Әлi Көксайдан өтемiз.

Ары-берi қатынаған жолаушы көрiнбейдi. Аспанда бiрлi-жарым тау бүркiттерi асықпай қалықтап жүр. Олардан басқа қыбыр еткен жан, жүгiрген аң, ұшқан құс жоқ. Жол тастақ, есектер бұрынғыдай қаздаңдамай тасырқап келедi.

– Баяғыда осы жолмен сенiң ұлы апаң ұзатылған, – дедi бiр кезде Арзы үндемеуден жалыққан адамдай, сөз бастап.

– Ол қай ұлы апа?

– Сенiң әкеңнiң әпкесi қазiр бiз бара жатқан Құралы қырғызға ұзатылған. Жарықтық, жатқан жерiң жаннат болғыр, әлгi әпкемiз әуелiде жат жұртқа үйрене алмай қиналса керек. Қырғыздар жаз жайлауға шығып, тау асып кетедi. Сонда асуда жалғыз аяқ жолмен өтедi екен көштерi. Жоғары қарасаң – төбеден төнiп тұрған құз, төмен қарасаң – басың айналатын шыңырау. Аттың аяғы сәл тайса бiттi, алаукиакпар дей бер. Сонда қырғыздар:

– О, қоқи, ана қазақ келiннiң көзiн таңып тастаңдар, – дер екен. – Әйтпесе басы айналып құздан құлап кетер екен. Сөйткен жарықтық, о да өттi дүниеден, шалы болса әлi тiрi. Сенiң жездең ғой, барған соң құлағынан тарт, – деп Арзы апам сылқ-сылқ күлiп қойды.

– Арзы апа, Медетхан неге бұ жаққа кетiп қалған? – деп көптен көңiлiмде көмулi жатқан жұмбақтың шешуiн сұрадым. Өйткенi шешем ылғи:

– Медетхан деген бауырың бар. Қырғыз жақта, дейдi. – Сенiмен түйдей жасты, – деп қояды. – Неге о жақта, неге бiзбен бiрге емес? – десем, үндемей күрсiне бередi, кейде жылайды.

Қазiр мына Арзы апам да күрсiнiп қойып:

– Байғұс бала, қай-қайдағыны еске салып.... – деп түйiлiп бiраз отырды.

– Әлгiде айттым ғой, ұлы апаң осы қырғыздар жаққа ұзатылған баяғыда деп. Оның iнiсi – сенiң әкең Мұрат, о, атыңнан айналайын, пейiште нұрың шалқығыр... Одан кейiн Әмiреқұл... Әмiреқұл көкеңдi бiлесiң бе? Әй-бү, сен қайдан бiлесiң, о кезде бiр жаста екенсiңдер ғой, Медетхан да бiр-ақ жаста болатын. Сол Әмiреқұл көкең әлгi қырғызға кеткен әпкесiнiң соңынан барғыш едi. Сонау қырғыздың жайлауына жаз бойы кетiп те қалушы едi. Сөйтiп жүргенде Осмоналы деген бiр қырғыздың Шәрбан деген қызын алып қашып келсiн. Ол өзi бiр жерге айттырып қойған адам екен, құдайым өзi пана болсын, қырғыз-қазақ қырғын бола жаздап барып әрең басылған. Қыз:

– «Өз ықтиярыммен келдiм. Мен үшiн қырқыспаңдар», – деген соң саябырсыды. Әйтпесе Осмоналылар райға келед деген не? Сөйтiп алған қыздың ақыры не болды? Ай, өзi де маңдайға сия қоймас хас сұлу едi ғой. Сұлулығын күндеп, iшiмiзге сексеуiл шоғы түсiп кеткендей болушы ек. «Ағайын бар болса көре алмайды, жоқ болса бере алмайды». Әдiреқалғыр дүния сол екен ғой. Әмiреқұл мен Шәрбанның бақытын күндемеген адам кемде-кем. Әйтеуiр, сол елдiң тiл-көзi тидi ме, кiм бiлсiн, бейшара Әмiреқұл көкең сендер туған соң бiр жылдан соң қайтыс болды. Сол, сiрә, отыз үшiншi жылдың күзi болар...

Шәрбан күйеуiнiң өлгенiне сенбей, есiнен адасқандай боп қалды. Сәрсенбай қайнағасына күнде барып жылайды екен.

– Әмiреқұлды бiр көрсет, – деп. Ел-жұрт, ата-бабаның салтында жоқ болса да, әлгi перiштедей әйелдiң жалынғанына шыдай алмай, Сәрсенбай жарықтық мүрденi ашып, Әмiреқұлдың денесiн алып шығып көрсетiптi. Әдемi сұлу мұртының бiр шетi жидiп түсiп қалған екен дейдi. Әйел түңiлiп, терiс айналып кетiптi. Көңiлi суып сала берсе керек. Сол-ақ екен, жылына жетпей төркiнiне кетемдi шығарды. Қайран қазақ, әмеңгер жолымен сенiң әкең Мұратқа қосамыз деп көрiп едi, осы жаман шешең шаң-шұң шығарып көнбедi. Ендi осы күнi өзi өкiнiп жүр. Шәрбаннан қызғанған күйеуi ақыры өзiне де бұйырмай кеттi. Алда айналайын мырзаға-ай, жатқан жерiң жанатта болғыр-ай!

Дәл жолдың жиегiне пыр-пыр етiп бiр топ құс жер бауырлап ұша жөнелдi де, көп ұзамай қона кеттi. Менiң таңқалғанымды байқап, Арзы апам:

– Кекiлiк қой. Құда қаласа, Көксайға да келдiк, – дедi.

Мен көк тайқарды тебiнiп, әлгi кекiлiк қонған жерге шоқырақтата жөнелiп ем, Арзы апам:

– Қой, ақымақ болма, кекiлiк саған ұстатар ма едi, – деп тоқтатты. Айтса айтқандай топ кекiлiк тағы да жер бауырлап пыр-пырлай ұшып, ойпаңға түсiп кеттi. Сонда байқадым, еңiстен үлкен аңғарға құлап келедi екенбiз. Арғы бет күж-күж, қатпар-қатпар, жырым-жырым жар екен. Толып жатқан үңгiрлер көрiнедi. Шаңқ-шаңқ етiп әлдеқандай дәу-дәу құстар айналып жүр. Табанда үнi булыға шығып өзен ағып жатыр екен. Есектерiмiз еңкеңдеп суға тұра ұмтылып, әбден қанып болғанша аяғын бiр баспай қойды. Әккiлiгi ұстайын дедi ме, қара мәшi қарны қампайып кетсе де әлi iшкенсiп, тұмсығын судан көтермей, көзiн жұмып тұрып алды.

– Барсхан-ай, мына арамды ұрып жiбершi, ө, өле қалғыр, ых! – деп Арзы апам қара есектiң қос өкпесiнен тепкiледi. Қолымдағы жуан көк таяқпен құйымшағынан салып қалып ем, қираң еттi де суды жалдай кешiп, арғы бетке өттi.

Сол жерде бiз де түсiп, сусындап, ұйып қалған аяғымызды жазып, жан шақырдық. Су осыншама аңғардың табанында ғана жалтырып жатыр. Жан-жағалай үйдей-үйдей дөңкиген тастар екен. Бәрiн тасқын домалатқаны көрiнiп түр. Малта тастан аяқ алып жүргiсiз. Малта тасты мүк басқан. Сағыз шөп, текесақал, итмұрын, құбатал көрiнедi әр жерден. Құбаталдың шыбықтары осы қазiр бүршiк жарайын деп, буаз сиырдың желiнiндей сыздап тұр. Егер мына сарқырап жатқан судың сарыны болмаса, құбаталдың ашылайын деп тұрған бүршiктерiнен әдемi бiр сыбызғы саз естiлердей көрiнедi.

«Бәрi өзiмiздiң Ақсай аңғарында өсетiн шөптер ғой» деймiн өзiме-өзiм.

Тек есектер ғана өмiрi мұндай шөптер көрмегендей жер тiстеп, бас көтермейдi. Суының сарқырап аққанына дейiн бiздiң Ақсайға ұқсас. Ал аңғары аңғал-саңғал, адам қорқатындай екен. Жалғыз-жарым жүру үрейлi. Бiз судың жағасына түскеннен-ақ бiр бозторғай төбе-мiзде салбырап, шыр-шыр етiп тұрды да алды, әлде осының бiр жерiнде ұясы бар ма? Әлде бiздi бiр қауiптен сақтандырғысы келдi ме – белгiсiз.

Арзы апам кимешегiн күндiктен асыра түрiп тастап, қос бiлегiн сыбанып, бетi-қолын жуды. Содан соң, күнге бiр қарап қойды да, әлi бесiн болмаса да, белбеуiн жайып, намаз оқыды. Беталысы – құбыла, өзiмiздiң ауыл. Ешкiм жоқ жерде тiлеген тiлегiм құдайдың құлағына мүлтiксiз естiледi дедi ме – әйтеуiр, мiнәжат айтып отыр, құдайдан құлдық ұрып тiлегенi сонда, сiрә, Орха мен Ноханың амандығы едi ғой. Бiрақ оны құдай тыңдаған жоқ. Жалбарынушылардың бәрiн тыңдай берсе – ол құдай бола ма? Әрi-берiден соң со жолы құдайдан мүйiз сұраймын деп құлақтан айрыла жаздадық.

Шақыр-шұқыр еткен дыбыска намаз оқып отырған Арзы апам да амалсыз бұрылып қарады. Жоғарыда жолсызбен малта тасты кiбiртiктей басқан ақ есектiң үстiнде еңгезердей бiреу отыр. Бiздiң көк тайқар әңкiлдеп ала жөнелдi. Iшiн тартып бiр ақырғанда аңғардың iшiн азынатып-ақ жiбердi. Мен шылбырынан қатып ұстап тұрмасам, ақ есекке тұра шабатын, ұрғашы есек көрсе жыны бар. Өй әңкiлдейдi, құйрығын бұлғаңдатып, құлағын тiкiрейтiп алып, тұла бойы шиыршық атып, есiнен тана жаздайды, қара басқыр.

Ақ есек мiнген қара дәу жақындап келдi. Әдетте ақ есекке ел қыдырған дуана мiнiп жүрушi едi, дуана ма дейiк десеқ, оған келiңкiремейдi. Басында даңғарадай дәу бөрiк. Сеңсең қозының терiсi ескiрiп қалыпты. Үстiнде түгi түскен қара сұр шекпен. Стволын төмен қаратып, тақымының астына жалғыз ауыз мылтық басып алыпты. Алақандай алакөз. Шалғы мұрты салбырап тұр. Түсi суық екен. Бiздiң көк әңгiнiң онымен iсi жоқ. Менi сүйрелеп отырып, ақ есектiң тұмсығына тұмсығын тигiзiп иiскеп-иiскеп көрдi, пысқырып алып, тағы енкiлдедi. Ал мәшi шыжбыңдап, артқы аяғын көтерiп тоңқымақ болып едi, Бадырақ көз оны қамшымен бастан перiп кеп жiбердi, бiздiң көк тайқарды да құлақтан тартып-тартып жiбердi. Сонда барып байғұс-тың арыны басылайын дедi.

– Иә, қайда бара жатырсыңдар? – дедi Бадырақ көз.

– Аршағұлға, – дедi Арзы апам.

– Онда кiмдерiң бар едi?

– Нұралы деген кiсiнiң үйiне.

– Неғып ауыл қыдырып жүрсiңдер? Колхоздың жұмысын кiм iстейдi? Колхоз бар ма өзi сендерде? – деп Бадырақ көз кенет үнiн өзгертiп салды, – Әй, сен неге әскерге бармай жүрсiң? Әскерден қашып жүрген дезертер емессiң бе? – деп маған шүйлiктi.

– Қой, ойбай, онысы несi, қаршадай баланы әскерден қашты деп, – Арзы апам шыр-шыр ете қалды. Бадырақ көздiң мылтығына қайта-қайта қарай бередi. – Әлi бесiктен белi шықпаған бала ғой. Тыныштық заман болса – көжесiн жыламай iшпейтiн нәресте емес пе. Заман мынадай болғасын ересек көрiнедi де көзге. Ала жаздай қабырғасы қайысып, колхоздың жұмысын iстеп жүрген де осылар. Бұғанасы қатпай жатып еңбектiң ащысын татты ғой. Өзiңiз неге бармай жүрсiз әскерге? – деп Арзы апам кенет Бадырақ көздiң өзiне тап бердi.

– Иә, мен бе? – деп әлгi сасып қалды. Жалма-жан тақымын көтерiп, мылтығын жөндеп қойды. Сонан соң езуi жайындай жайылып тұрып күлдi. – Соғыстың алдында ғана бiрiншi май мейрамында күреске түсiп, қабырғаларым, оң қолым сынған. Сонда инвалид боп қалдым, құдағи!

– Кәне, құдағи, қоржыныңда не бар! – Өңкиiп есектен түстi. Мылтығы өзiнен бұрын сарт етiп жерге құлап қалды.

– Ойбай, түк жоқ, не болад бiз сияқты мүсәпiр жолаушыда. Мына Аршағұлда жекжатымыз бар едi, соларға жолығып, сау-саламат айтыспақпыз. Не болад бiзде, – деп Арзы апам азар да безер бебеулеп қалды.

Сәл үнсiздiк кезiнде бағанағы бозторғайдың төбеден шырылдаған даусы тағы да ап-анық естiлдi-ау. Айнала аңғал-саңғал аңғар, тiптi Тәңiрiтаудың шыңдары қылтиып әрең көрiнедi. Төбеңнен төнген аспаннан бас-қа кеңiстiк жоқ. Айқайласаң – ешкiм естiмейдi. Қашып құтылмассың. Кәрi кемпiр, жас бала. Анау болса – зiңгiттей, балуандыққа түскенi рас та болар.

Бадырақ көз ақ есектi бос қоя берiп, Арзы апамның қоржынына қорбаңдап барып қол салды.

– Әй-бұ, мына караң қалғыр кәйтедi, өй, денiң сау ма? Жоқ, айналада жол торыған қарақшымысың? Ұял-майсың ба? Қарусыз қатын мен қаршадай баланы тонағанша! – Арзы апам тырмысып қоржынға жармасты. Мен шыдай алмай көк есектi қоя бере салып:

– Ағай, тимеңiз! – деп әлгiнiң жеңiнен тартып едiм, бұрылып бетiме карағанда зәрем кеттi. Көзi тостағандай, ақсиып күледi екен. Менi итерiп кеп жiбергенде жығыла жаздап, тәлтiректеп барып қалдым.

– Ойбай, құдай, көрсетпеген қорлығың осы ма едi! деп Арзы апам отыра қалып жер тырналады. Қоржынның басында ши барқыт кездеме жатқан. Мамыт жәкемнiң ептеген саудагерлiгi бар едi, анда-санда колхоздың жұмысынан қолы қалт еткенде, Тәшкенге барып, мата-пұл алып келiп, соны Борандының базарында азықка айырбастар едi. Қазiр Борандыда дән баласы ұшпайды. Мата тұрмақ, алтынға да азық айырбастап алмайсың. Содан қырғыз ағайындар тоғырақ болушы едi-ау деп, Арзы апам ши барқытты осы жаққа алып келе жатыр едi ғой. Оған қоса Арзы апамның қойынында Айша берген азын-аулақ ақша да бар. Жалғыз сиырдың майын жиып, базарға апарып қадақтап сатып, тiсiн тiске қойып тиынын шығармай, астық алуға сақтаған ақшасы ғой ол Айшаның. Арзы апам жарықтық жаңа бiр қолымен қоржынды жасқаса, бiр қолымен омыра-уын басып Айшаның аманатын қызғыштай қорғап жүргенiн байқадым.

Сөйтiп, бүкiл бiр қауым ел бетiне қарап отырған ши барқытқа шын қауiп туды. Жаңа астыққа жеткенше әлi көктем бар, жаз бар... Бадырақ көз Арзы апамның қоржынын ақ есектiң үстiне сала берiп, қайтып алды. Көк есекке көзi түсiп, күлiмсiредi. Шалғы мұрты қайқайып, тiстерi ақсиды.

– Әй, балақай, есек айырбастайсың ба? – дедi.

– Айырбастамаймын, – дедiм қасарысып.

– Қой, айырбасталық. Менiң есегiм буаз, қодығы саған пайда.

– Болмайды, – дедiм қасарыса түсiп.

– Көк әңгi кетсе – онда менiң ауылдың бетiн қайтып көрмей-ақ қойғаным жақсы. Оңғарбай атам онсыз да осы көк есекке бола өзiнiң туған iнiсi, мына Арзы апамның шалы Мамыт жәкеммен араздасып қалған.

Мамыт жәкем астық науқаны кезiнде элеваторға астық тасушы қызыл керуендi басқарады. Жеке меншiктiң бүкiл күш-көлiгi осы науқанға жегiледi. Әрине, Оңғарбай атамның көк есегi алдымен алынады. Сонымен апта бойы, ай бойы өз есегi өз тақымына тимей, қарға адым жер аттай алмай, Оңғарбай атам мүсәпiр болады, iнiсiне:

– Ау, Мамыт-ау, менiң есегiмде ақың болса да қайтарсаңшы ендi, – деп күнде барады.

Мамыт айтады:

– Соғыстың не екенiн бiлесiң бе? Жұрт көлiгi тұрмақ, туған балаларын да аяған жоқ соғыстан. Сенiң арам есегiң кiмнiң шiкәресi, – деп жанды жерiне тиедi. Ағасының ол кезде ұл баласы жоқ, сондықтан от басынан соғысқа аттанған ешкiм жоқ. Сол бар, әрi десе көк есектiң ашуы бар, iнiсiнiң жағасынан ала түсiп, қолындағы таяқпен жонарқадан тартып-тартып жiбергенiн қырман басында көзiмiзбен көрдiк.

Сондай жанжалдың себебi болған көк тайқарға ендi мына шалғы мұрттың көзi түстi, құдайым өзi сақтасын. Есектен айрылсам, шешемнiң күнi не болады? Бетiне өмiрi тiктеп қарамаған қайнағасының тiлi тисе – қорлыққа ол қайтiп шыдайды?

Ал Бадырақ көз болса, көк тайқардың тiзгiнiнен ұстап алып, үстiне Арзы апамның қоржынын салып, есектiң сауырынан алақанымен ұрып-ұрып көрдi. Көк есекке бәрiбiр, құйрығын шыжбаңдатып пысқырып-пысқырып қояды. Үстiне Бадырақ көз мiнсе, атырылып ала жөнелейiн деп тұр. Арзы апам жалынып, әлгiнiң етегiне жармасты.

– Құдай тiлеуiңдi бергiр, әшейiн қалжыңдадым дедiм. Әшейiн ойнап бiздi қорқытқаның болсын. Өмiрiңде жаманшылық көрмей өт. Босат бiздi. Қайтесiң, кембағал мүсәпiр жандармыз.

– Қарай гөр мүләйiмсуiн, баяғының бәйбiшесi құсап сәнденiп киiнесiң. Тағы да кембағалмын дейсiң. Мынауың контрабанда. Соғыста жұрт қан төгiп жатыр. Ал сен кемпiр болсаң, сәнденiп той тойлауға барасың. Болмайды, мұның бәрiн мен өкiметке өткiземiн.

Бадырақ көз шынымен көк тайқарға мiнуге ыңғайланды. Көк есек пысқырынып, бiр орында тыныш тұрмай, шыр айналады. Ақ есектi тастайтын түрi бар. Тiптi түсiп қалған мылтығына да қарар емес. Айтпақшы... Лезде басыма бiр қыршаңқы ой сап ете қалды. Жүгiрiп барып жерде жатқан мылтықты көтерiп алдым да, Бадырақ көзге аулақта тұрып кезенiп:

– Кәне, тайып тұр! – деп айқайлап жiберiппiн. Арзы апам:

– Ойбай, жүгiрмек, таста, ойбай бәлесiне қаламыз? деп екi қолын ербеңдеттi. Бiрақ жақындамайды.

Ал Бадырақ көз сасар емес, қайта сақ-сақ күлдi Онысынан абыржиын дедiм.

– Ол атпайды. Пыстаны су болып қалса керек. Түнде далада шық тиiп, су болған. Жаңа ана бұлымның ар жағында тобылғының түбiнде бiр ұрғашы елiк күнге маужырап ұйықтап жатыр екен. Көздеп тұрып басып қалсам, шырт етiп от алмайды. Затворды қайта қайы-рып, қайта салып, тағы басып қалсам, тағы от алмайды. Патронды ауыстырып, тағы атам – тағы болмайды. Ыза болғаным сонша, елiкке жақындап келiп мылтықтың өзiмен жiберiп кеп ұрып едiм – ата кеп жөнелдi, дүмi тимедi. Сөйтiп, ауызға түсiп тұрған бiр елiктен қағылып, қапа боп келе жатқанда, сендер кез болдыңдар. Бұл да болса, құдайдың несiбесi. Әй, балақай, мылтықпен ойнама. Ол бәрiбiр атпайды, әйтсе де мылтықпен ойнамас болар.

Сонда да кезенiп бiраз тұрдым. Қарауыл бадырақ көздердiң арасында қозғалақтайды. Қолымның қалтырағанын содан сезем. Адамға қарай мылтық кезенудiң қиыны-ай. Оның үстiне Арзы апам шындап ойбай салып жылады.

– Тумай жатып әкесiн жалмаған жүгiрмек, ендi өз басыңды жалмайын демесең таста қолыңдағыңды! – деп екi қолын ербеңдетiп шыр-шыр етедi.

– Жарайды, – деп мылтықтың стволын төмен түсiре бергенiмде, анадай жерде сайдың қабағында тарғыл таста қалбиып отырған қарақұсты көрiп қалдым. Тым болмаса ашуымды содан алайын деп көздер-көздеме шүрiппенi басып кеп қалып ем, гүрс ете түстi. Бұрқ еткен түтiннен ештеңе көрiнбедi. Жартастар жаңғырығып, сатыр-сұтыр тау құлап жатқандай болды.

Зәрем зәр түбiне кеткенде, көзiмдi ашып алсам, Бадырақ көз құлап жатыр. Оқ соған тиген екен десем, тар-ғыл тастың үстiн тұтас жауып, қанаты сала құлаш жа-йыла түсiп қарақұс жатыр. Бадырақ көз басын көтердi. Әлпет деген не, өңi боп-боз, көзi жыпылық-жыпылық етедi. Абайлап орнынан тұрды. Бiр-бiр басып өзiнiң ақ есегiне барды. Ала жiппен арта салған үзеңгiге аяғын әрең iлiп, желқом ерге асыла мiндi. Есегiн кiбiртiктетiп бiр-бiр бастырып, қасыма келдi, үндеместен қол созып мылтықты алды, үндеместен стволын төмен қаратып тақымының астына басты. Ақ есектiң басын бұрып, су жағалата ылдиға түсiп, бұрылып та қарамастан кете барды.

– Иә, аруақ, иә, тәңiрi, жетi теңге, жетi нан құдайы, иә, аруақ, – деп Арзы апам менiң аузыма саусағын салып, таңдайымды көтердi. Сiрә, менiң мелшиiп тұрып қалған түрiм кiсi шошырлық кейiпте болса керек.

– Бiсмiллә, бiсмiлла! – дедi Арзы апам таңдайымды көтерiп. Ақ есектiң қарасы бұлдырап ұзай бердi, ұзай бердi.

Ымырт үйiрiле, Аршағұлға келiп жеттiк. Сұрай-сұрай қырғыз атаның үйiн де таптық. Қырғыз ата таяғын сүйенiп, есiгiнiң алдындағы төбешiкте тұр екен. Бiздi көрiп төмен түстi. Әуелi танымай қалды. Үйден жүгiрiп шыққан бiр қартаңдау әйел танып, асты-үстiмiзге түсiп бәйек болып, тiптi жылап та жiбердi.

– О, қағылайын, Мұраттан қалған жарығым, тұлпардан қалған тұяғым, – деп менiң кiм екенiмдi бiлген соң бетiмнен олай да сүйдi, былай да сүйдi. Арзы апамның құшақтап тұрып, арқасынан қаққылады.

Көзi жөндi көрмей, құлағы жөндi естiмей, аң-таң қалып тұрған аппақ қудай бүкiр шалға әлгi қартаң әйел:

– О, атакем, танымай қалдың ба, тайекем келдi, тайекем келдi, тайекем, Мұраттың баласы мен Мамыттың үйiндегi тайеке келiн келдi, – деп айқайлады.

Шал қос қолын маған созып, ағаштай аяқтарымен бiр-бiр басып, жаныма келдi. Менiң ыңғайсыздағаныма қарамай, басымды арық кеудесiне басып, тұла бойы дiр-дiр етiп, үнсiз өксiдi. Арқамнан сидиған арық қолымен сипалай бердi, сипалай бердi.

Әкей кеткелi, еркек атаулыдан мұндай мейiрiм көрмеген басым, көңiлiм босап, оның үстiне жол-жөнекей көрген қорлығымыз есiме түсiп, оқыстан даусым шығып кеттi де, булығып-булығып, шалдың ақ жейделi арық кеудесiне басымды тыға түстiм. Өзiм ес бiлгелi тұңғыш рет дидарласып тұрған қарттың маған әкемдей жақын көрiнгенi сонша, оның бауырынан ажырағым келмедi. Әлi булығып, өксiгiмдi тоқтата алмай, қайта солығым үдей түстi. Бұл үнсiз, тұншыққан жылауда толып жатқан шағым бар едi: әкейдiң жоқтығы, қайрақбай қарауылдың сиырын колхоздың жоңышқасына түсiп кеттi деп, шешемдi былапыт сөзбен балағаттағаны, қыстың ұзақ боранды түндерiнде үрпек бас үш бала Айшаның бауырына тығылып, бiр көрпенiң астында боранның ұлыма даусын тыңдап қорқып жататынымыз; Жуанқұл бастықтың жұмыртқаны ұрлап жейдi деп Ақжол дейтiн күшiгiмiздi атып өлтiргенi. Салмай дейтiн шалдың менi көрсе дереу: о жетiмек, о жетiмек! – деп бас шайқай беретiнi; августың айсыз түнiнде Борандының элеваторынан қайтып келе жатқанда, есегi жүйрiктер озып кетiп, мен елдiң ең соңында жалғыз қалып, жол-жөнекей терең-терең сайлардан өткенде үрейден тынысым тарылған кезде, Евгеньевканың бұзық балалары жалғыз өзiмдi ортаға алып сабағаны; сонда менiң жүзiн көрмей, сыртынан медеу тұтып жүретiн Медет деген бауырымды iздегенiм, – бәрi-бәрi мына шалдың алдына ақтарылған арыз едi. Үнсiз, тiлсiз арыз. Кәрi көкiрек соның бәрiн айтпай-ақ түсiнiп қойды. Менi бауырына қысып, көпке дейiн егiлiп тұрып алғаны да сондықтан.

Әлде кiм бiледi, ол да маған сонда арыз айтып шағынды ма! «Сенiң табаныңа кiрген тiкен менiң маңда-йыма батады, балам. Сен бесiктен белiң шықпай жатып көрген қиыншылықтың бәрiн мен кәрiң бiлемiн. Түнде түсiме кiресiң, күндiз ойымнан шықпайсың. Иттi құдай месiмен қинасын. Әкең жоқ болған соң, менiң алыста жүрiп уайымдағанымнан не пайда. Қол ұшын бере алмадым, балам. Қапа болма. Бала да болсаң әкеңнiң орнын басқан азаматсың. Жақсы әкенiң аруағы жаман балаға қырық жыл азық, әкең жақсы едi. Сенiң әкең менiң балдызым болатын. Өзiм қырғыз, қазақтан қыз алып, содан бала сүйдiм, Нұралы деген атым қырғыз-қазаққа ортақ едi. Бүгiнде қартайдым, балам. «Ат арыса – тулақ, адам арыса – аруақ». Тiрi аруақ боп қалқа-йып отырмын. Әбдiбек жиенiң әскерде. Көптен берi сендерге ат iзiн салмай кеттiм. Кәрiлiктiң зауалы, соғыстың зардабы балам...»

– Оу, атакем, мына Мамыттың үйiндегi келiнiңiзбен амаңдаспайсыз ба? – деп қартаң әйел шалдың құшағын менен ажыратты.

– Е, қағылайын, Мамыттың үйiндегi келiн бе? – деп шал қалт-құлт етiп, жығыла жаздап, Арзы апама бұрылды. Арзы апам қос қолын берiп амандасты.

Осы ұзақ көрiсудiң басынан-аяғына дейiн мен қатарлы бiр бала бiресе құлағына дейiн жайыла күлiп, бiресе қабағын түйiп қасымызда тұрды.

Қартаң әйел бiр кез оған қарап:

– Оу, Мамытбек, бұ тайекеңдердiң есектерiн байла, – дедi. Мамытбек ылдым-жылдым жүгiрiп, бiздiң көлiктерiмiздi жайғады. Содан үйге кiрдiк, үй дегенде бiздiң ауылдағы сияқты тоқал там. Сығырайған жетiлiк шам. Төрге шығып, жүгерi паяның үстiне төселген сырмаққа отырдық.

Қартаң әйел бетiме қайта-қайта қарап:

– Қағылайын, тайекем! Танисың ба менi! Ауылыңа барғанда талай көтерiп едiм ғой. Мен Сусар апаңмын ғой. Танымайсың, ә? Қайдан танисың. Онда кiшкентай едiң ғой. Мен Зинат дейтiн қызымыз екеумiз барғанбыз.

Е, Зинат есiңе түстi ме? Зинатты күйеуге бергенбiз...

Иә, ендi емiс-емiс бiлетiн сияқтымын. Басына шошақ бөрiк киген, шашын майда-майда толып жат-қан бұрым етiп өрген бойжеткен қыз ендi есiме түстi.

– Мынау – Мамытбек жиеншарың. Әбдiбек жиенiңнiң жалғыз баласы осы. Сенiмен түйдей жасты.

Мамытбек екi езуi құлағына жеткенше ыржия күлiп, маған қарап отыр. «Медетхан қайда?» – деп қойдым iшiмнен.

Нұралы атам қос қолымен жер тiреп барып, баяу шөгiп, әрең орналасып отырғаннан кейiн, Арзы апамнан жасаураған, етi қызарған көзiн айырмай:

– Қалай, келiн, балалар есен бе? Мамыт ақсақал аман ба! Әскерге кеткендерiң бар ма? – деп сұрады. Арзы апам орнынан бiр ұмтылып, атайға жақын отырды да дауыстап:

– Балалар, құдайға шүкiр, аман. Екеуiн әскерге бергенбiз. Алла-құдай сақтасын деп мойнымызға ала бұршақ салып отырмыз. Үлкенiнен бiраздан берi хат тоқтап қалды. Ұйқы арсыз, күлкi арсыз, қу тамақ арсыз, әйтеуiр, шығарға жан бөлек болған соң сүлде сүйретiп жүрмiз ғой. Шал байғұс бiр уыс боп қартайды. Бұрынғыдай қайрат жоқ. Сонда да колхоздың жұмысын көк өгiздей сүйреп келедi.

– Әп, бәрекелдi, – дедi Нұралы атай. Екi тiзесiне шынтақтап бүк түсiп жатып алып, ақселеу сақалын салалап төмен қарап отыр. – Көппен көрген ұлы той, келiн. Бетiне қараған Әбдiбектi әскерге аттандырып мына бiз де отырмыз.

Мамытбек қаусаған атасының иығына асылып алып, маған қарап жымиғанын қоймайды. Езуiн жияр емес. Әдеттегi амандық, саулық сұрастырылып болды. Нұралы атам Әбдiбек әскерге кеткен соң, көршi айылдағы қызы Сусар апамды қолына алыпты. Қазiр шалдың кiр-қоңын жуып, асын пiсiрiп, үстi-басына қарап отырған осы Сусар апам екен. Келiнi Сәнәмбүбi қайтыс боп кетiптi. «Сәнәмбүбi, Сәнәмбүбi» дегендi бiздiң Айшаның аузынан көп естушi едiм. Сөйтсем ол марқұм мына Мамытбектiң шешесi екен. Ендi тоқсандағы Нұралы ата қаршадай жалғыз немересi мен қартайған қызы Сусардың колына қарап қалған.

Арзы апамның:

«Жездеңнiң құлағынан тарт» дегенi есiме түсiп, күлкiм келдi. Бiр жағынан аяп та отырмын. Бiр уақытта Нұралы атам еңсесiн көтерiп алып:

– Уа, Сусар, әңгiмеге айналып отырып қалдық. Шайыңды қой, қазан көтер. Тай сойса да, қой сойса да жарасатын меймансыңдар. Көктемнiң көк өзегi, жуанның жiңiшкерiп, жiңiшкенiң үзiлер шағы. Екi-үш ешкiсi түскiр лақтап қалып едi, сендер келгенде тышқан мұрнын қаната алмағанымыз жанымызға қатты батады. Нариза болмаңдар. Амандық болса, әлi-ақ жарылқап күн туып, ақ түйенiң қарны жарылар. Жасаған жақсылығын берсiн, – дедi.

Сусар апам жалма-жан абыржып:

– Қағылайын, тайекем, қағылайын, тайекем, – деп орнынан атып тұрып, шай қамына кiрiстi. Лезде есiк алдындағы аласа пеште қураған жүгерi сотасы татардан жана бастады.

– Айтпақшы, – дедi Арзы апам. – Айша келiнiңiз сәлем айтты: мына Барсханды Медетханға жолықтырсын дейдi. Жатбауыр боп кететiн болды дейдi.

Нұралы атам:

– О-о-о! – дегенде көкiрегi сырылдап, жасаураған қызыл жиек кiлегей көзi үйдiң есiк жақ төбесiне қадалды да қалды. «Онда не бар?» – деп мен де қарасам, жақында жауып өткен қалың жаңбырдан түсiп қалған сылақтың орны екен. Жүрегiм су етiп, iшiм мұздап қоя бердi.

– Медетхан! – дедi даусы дiрiлдеп. Сөйлеуге шамасы келмегендей ентiгiп қалды.

– Оған не болды? – дедiм шырылдап шыдай алмай

– Ештеңе де болған жоқ, – дедi Сусар апам. Медетханды бұ жолы көре алмайтын болдың да. Шарбан бар болғыр басқа күйеуге тиiп, баланы алып, Қарабала дей-тiн жерге көшiп кеттi де. Әмiреқұл тайекемнен қалған жалғыз тұяқ... – Сусар апам көсеуге маңдайын тiреп отырып, жан-жағына теңселiп, астыңғы ернiн тiстеледi. Онан соң: Ањ! – деп бiр күрсiндi де:

Жөнелдiм қарабалтаға

Бiр тиын жоқ қалтада, – деп сыңсытып барып етегiн қағып орнынан көтерiлдi де, құм қыздырған қазанға жүгерi қуыруға кiрiстi.

Теппе шайды бiз құмға қуырылған аппақ жүгерi шайнап iштiк. Тәттi-пәттi деген көрiнбейдi. Iшiмнен «қырғыздар жақта тоқшылық дегенi қайда?» деп қойдым.

Арзы апам Көксайдан өтерде бiздi бiр бейсеубет адам қорқытқанын айтты.

– Құдай өзi жар болсын! – дедi атам тұнжырап. Ол қайтып үндеген жоқ. Қат-қат қалың ойдың орманына сүңгiп кетiп, мұнда адам барын ұмытқандай, ақселеу сақалын тарамдап отырды да қалды.

Оның есесiне Сусар апамның жағы семген жоқ. Күйеуге кеткен Зинат қызын сағынып жүргенiн, әс-кердегi Әбдiбектi түсiнде көретiнiн, Шарбанның басқа күйеуге тиiп, Медетханды алып кеткенiн айтты. Ендi екi кемпiр менiң Әмiреқұл көкем мен Шарбан хикаясын қиссадай қып тағы айтысты. Ақырында екеуi де жылап тынды. Есiл Әмiреқұлдан қалған жалғыз тұяқ өгей әке-нiң қолында қалай күн көредi дестi.

Мамытбек терi шанашқа салған түрлi түстi асықтарын көрсетiп, менiң көңiлiмдi ауламақ. Көзiм асықта, көңiлiм кемпiрлердiң әңгiмесiнде. Сусар апам алаша тоқырда жүндi түрлi-түрлi бояуға салады екен, сонда асықтарды да қызыл, жасыл, сары, қара, көк бояуға бөлек-бөлек тоғытатын көрiнедi. Мамытбек маған ауылға қайтарда бiр шанаш асық сыйламақшы болды, iшiнде құлжасы да бар екен.

Ақырында май шам елегiзи бастаған соң, екi кемпiр әңгеменi лажсыз тоқтатты-ау. Жүгерi паяның үстiне киiз салып, Мамытбек екеумiздi қатар жатқызды.

Ертеңгi шайдан кейiн Нұралы атам есегiн ерттеп, Арзы апамды ертiп, Шекер дейтiн айылға кеттi. Сол жақтан астық қарастырмақшы. Бiз Мамытбек екеумiз Күркiреу судың бойын араладық. Көктем жаңа шығып келе жатса да, өзен жағасына киiз үй тiгiлiптi, үйдiң төбесiнде бақанға байлаулы аттың қара құйрығы тұр екен. Менiң аң-таң болғанымды көрiп Мамытбек:

– Қара қағаз, – дедi, үйге жақындап барып, есiгiнен баспалап қарап едiк, қара жамылған екi әйел iргеге қарап, жоқтау айтып отыр. Бiздi көрiп босағаға он үш-он төрт жастағы қыз бала жақындады. Бiзге кет деп айта ма деп едiм, кет деген жоқ. Қайта келгенiмiздi құптағандай. Үстiнде түгi түскен қызыл шибарқыт камзол, омырауына жағалай күмiс теңге тағып тастапты. Шашын майда өрiп, жағалата бұрым салған. Басында үкiлi дөңгелек бөркi бар. Мамытбектi таниды екен. Менi көрсетiп:

– Бұл кiм? – деп сұрады.

– Бұл қазақ туысқанымыз. Аты Барсхан, – дедi Мамытбек.

– Менiң атым Чолпан, – дедi қыз.

Iргедегi екi әйел жоқтау айтып әлi отыр. Олар осылай қозғалмай тас мүсiн боп қатып қалатын шығар...

Киiз үйдiң сыртын айнала берсең-ақ, гүрiлдеп аққан асау өзеннен әлгi әйелдердiң даусы естiлмей қалады екен. Жоқтау әуенiн жоққа шығарғысы келгендей-ақ көбiгiн аспанға атқылап, тастан тасқа соқтығып арқырап жатқан айбарлы су. Жағасында дөңкиiп-дөңкиiп түйе тастар жатыр. Түйе тастың күн жақ бетi жып-жылы екен: үстiне шығып отырдық. Төбеден Манас шаншылып тұр. Манастан батысқа қарай созылған сеңгiр-сеңгiр таулар. Осының бәрi Тәңiрiтау.

– Сенiң ауылың қай жақта? – деп сұрады Чолпан.

– Сонау жақта, – деп таулар тiзбегiнiң ең шетiн нұсқадым.

«Сонау» деген не? – деп күлдi қыз.

– «Тiгiне» дегенi ғой, – деп түсiндiрдi Мамытбек.

– Анау үйдегi екi әйел не айтып отыр? – деп сұра-дым да ыңғайсызданып қалдым. Бiрақ ойымды Чолпан ерсi көрген жоқ.

– Әжем мен апам жоқтау айтады. Әкем соғыс қайтыпты деп хабар келдi. Содан берi әжем мен апа «қарағұл ботамды» айта беред. Ертеде бiр мерген кiсiнiң жалғыз ұлы болған екен, қарағұлға елiктiң терiсiнен тiгiп кигiзiп қойған екен. Бiр күнi жаңа қонысқа кеп қонғанда, мерген киiк аулап кетедi. Бiрақ, ол күнi жол болмай, құр қол қайтып келе жатып, үйiне жақындай бергенде ат-құлақ қурайдың түбiнде жатқан елiктi көрдi де, атып салады. Әлгi елiк дегенi «апа!» деп жатып қалады. Барса, елiк емес, елiк терiсiнен тон киген жалғыз баласы қарағұл қансырап жатыр. Сөйтсе ол әкесiн iздеп шығып, атқұлақтың түбiне жатып ұйықтап қалған екен. Абайсызда баласын атып алған мерген сонда ұлын жоқтап айтады екен.

Кең қолдың басы кең шеңбер, ботам,

Қансырап жатқан, қарағұл ботам.

Тарқолдың басы тар шеңбер, ботам,

Талықсып жатқан қарағұл ботам,

Алтыннан сақа құйылды, ботам,

Айыңа жетпей қиылдың, ботам.

Күмiстен сақа құйылды, ботам,

Күнiңе жетпей қиылдың, ботам.

Мен елiк атып тигiздiм, ботам,

Мен елiк тон қайдан кигiздiм, ботам.

Ертең бiр ауылың көшедi, ботам,

Көк қайқы барып қонады, ботам,

Мен абайсызда қарамай, ботам.

Балдырған түбi былқ еттi, ботам.

Балалы елiк деп қалдым, ботам,

Мен ботамды жеп қойдым, ботам,

Тобыршағың тер болар, ботам,

Сенiң тозағың тартып қор болар, ботам,

Тоқсандағы атекең, ботам,

Арғымағың ат болар, ботам,

Алпыстағы анаң сенiң

Азабыңды тартып қор болар, ботам,

Құлыны өлген биедей, ботам,

Қуартып кеттiң, қарағұл ботам,

Ботасы өлген түйедей, ботам.

Боздатып кеттiң, қарағұл ботам.

О, қарағұл ботам!

О, қарағұл ботам!

Тасқа су арындай соғып, тозаңы бетке шашырайды. Бiзге айбарлана:

– Тек! – дегiсi келгендей.

Кейде судың сарыны әлгi әуенмен үндесе шығады.

Әлдекiм айқайлағандай болды. Күркiреу судың шуылынан әрең естiледi. Қарасақ, Сусар апам қол бұлғап бiздi шақырып тұр екен. Түйе тастан түсiп, үйге қайттық. Чолпан соңымыздан қарап тұрды. Мен қазiр тамақ iшiп қайтып келетiн шығармыз деп ойладым.

– Қайтып келемiз, – дедiм бұрылып.

Үйге келсек, Арзы апам буынып-түйiнiп, ала қаптың үстiнде отыр. Нұралы атам есiктiң алдына бөстек салдырып жантайып жатыр. Шекерден келiп қалыпты.

– Барсхан қарағым-ау, қайда жүрсiң? – дедi Арзы апам ренжiп.

– Бұл Арзы апаң қайтамыз деп асығып отыр. Бүгiн жатып, ертең жүрiп кетсеңдер де болар едi, – дедi Сусар апам.

– Ойбу, жиен қыз-ау, осындай заманда адам меймандықта жүрiп алар ма? Мына Барсханның ертең оқуы бар. Менiң шалым жұмыста, өзiмдi бригадир бiр күнге босатып едi. Қайтпасақ тегi болмайды.

– Күн түс боп қалды-ау, – деп Нұралы атам да қимады.

– Ештеңе етпейдi, кешке дейiн құдай қаласа, барып қаламыз, – деп Арзы апам көнбедi.

Мен мұнша тез аттанамыз деп ойламап ем, Нұралы атамды, Сусар апамды, Мамытбек бауырымды қимай, тамағыма жас тығылды. Тұңғыш рет Мамытбектiң күлмей, байсалдана қалғанын көрдiм. Күлмесе түрi суықтау екен. Есектердiң жүгi ауырлады. Бiр-бiр десте қап дән алып қайттық. Бұл баға жетпес байлық едi.

Күн кешегiден гөрi ыси түскенiн жолға шыққан соң сездiк. Арзы апам тiптi шапанын шешiп астына басып алды. Екi есек ауылға бет алғанын бiлiп, жүрiсi жөнделдi. Үстiндегi жүктi бұйым көрер емес. Есектiң күшi адал деген осы да. Арзы апамның қабағы ашылып, бұрын-ғыдай ой тереңiне кете бермей, жарқын-жарқын сөйлеп, кейде тiптi ыңылдап ескi әуендерге де салып келе жатты. Бәйшешектiң қуыс құлағы бадырайған жүгерiдей ашылып, шоқ-шоғымен кемел кезiне келген екен. Күн-нiң қызуына шыдай алмай, алқа-салқа шешiнiп тастаған сияқты. Қартаңқұлақтың да жапырағы жайылып, сап-сары қоңырауғұл жайнаң қағып қалыпты. Аспан астын бозторғайдың құйқылжыған әуенi кернеп кеткен. Тәңiрiтаудың көк тiреген шоқылары бүгiн аса айбынды. Тұман тұтпай, мұнар баспай ап-айқын көрiнедi. Жаңа шыққан көктiң арасындағы арагiдiк былтырғы боз жусан кiлем үстiне аяғының батпағымен шығып кеткен әдепсiздiң iзiндей боп ескiлiгiн жасыра алмай тұр. Жол жағалай отар-отар қой жайылып жатыр. Қоздағаны көп. Жүнi тықыр, қызыл шақа мәлiш қозылар, аяқтары дiрiлдеп әрең-әрең жүредi. Жаңа туған қойдың уызын сауып отырған қойшының екi бетi шиқандай екен.

– Қойдың сүтi қорғасын деген рас-ау, шiркiн, – дедi Арзы апам. – Жалғанда тәттi тамақ сол ғой, шiркiн. Анау отта тас қызып жатыр. Отқа әбден қызған тасты сүттiң iшiне тастап-тастап жiберсе, сүт сақыр-сұқыр қайнап шыға келедi. Әне, оны iшiп алсаң – мұртыңды балта шаппайды.

«Осыдан ауылға барған соң бұл амалды Күзембай қойшыға айтпасам ба?» – деп ойладым. Бiрақ бiздiң колхоздың қойы – қырық құрау: қазақы қойы да, мәлiшi де бар, аралас, ешкiсi көп. Ал мынау болса кiлең жiбек жүндi меринос. Бұл аты шулы «Көксай» совхозының қойлары едi.

Әне-мiне дегенше әңгiмемен Көксай аңғарының ернеуiне де келiп iлiндiк. Бiрақ әлгi көтерiңкi көңiл бiр сәтте су сепкендей басылды. Аңғардың табанындағы кеше ғана мөлдiреп жатқан кәусар су бүгiн iсiп-кеуiп, арнасынан шығып, лайсаңданып, ботана боп аласұрып жатыр. Қояншығы ұстаған адамдай, түрiне қарап болар емес. Қалш-қалш етiп, жағаны қауып, жартастардың етегiне жармасып, төске шауып арсылдайды.

Ентелеп келе жатқан есектердiң де жүрiсi кiбiртiк-тедi. Дәл алдында аждања жатқандай шегiншектей бередi.

– Ойбу, құдай сыйлады! – деп Арзы апам санын бiрақ салды. – Мынадан қайтiп өттiк ендi?!

Суға ұзақ қарасаң басың айналып, жүрек айниды. Тiлсiз дүлей. Заңғар таудай құлап, аласұрып асыққанда қайда барады? Қарқынына қарасаң – мұхитқа жығылмай тынбайтын-ақ сияқты. Бiрақ бұл өзендердiң арыны қатты да, адымы қысқа. Осыдан осы Көксай Күркiреуге барып қосылмақ. Ал Күркiреу болса Маймақтың қаңшағайында Терiс өзенiмен табысып, сол жерден бастап екеуiнiң де есiмi жойылып, Аса аталады. Әулиеата жақтағы қолхоздың арық-атыздарына түсiп жетекке iлесед де, қызылша алқабына жетiп ада болады. Осындай ерте көктемде, не қыста ғана төменгi Билiкөлге барып құяды. Бұлардың мұхиты – Билiкөл.

– Әй, әттесi-ай, сәл ертерек шықпаған екенбiз, – дедi Арзы апам күйiнiп. – Күн қызбай тұрғанда, бұл судан тауық та аттап өтушi едi...

Не iстерiмiздi бiлмей дағдарып, мең-зең боп тұрдық та қалдық. Кейiн қайтайық десек оның лажын таппаймыз. Екi ара талай жер. Әрi десе қайтып барып жүру ұят-ақ. Жақын жерде ел жоқ. Айнала аңғал-саңғал алпауыт аңғар. Сарқырама су. Басқа дыбыс жоқ. Кешегi Бадырақ көзден қорқып қалғанымыз және бар. Күн болса қиялап бесiннен ауып бара жатыр. Бұл су, сiрә, түнге қарай тартылар. Түней салуға түн салқын, әрi десе айдала, иесiз аңғар. Кешегi бозторғай да жоқ. Кеше ол ненi қорыды екен? Егер сайдың табанына ұя салып жүрсе онысы әлдеқашан судың қақпақылында кеттi.

Екеумiз де есектен түстiк. Ұйып қалған аяғымызды жазып жан-жаққа қарап бiраз тұрдық. Есекпiсiң деген, ана екi арам:

– «Ал ендi амалын өздерiң табыңдар, бiздiң шаруамыз шамалы» дегендей қайта-қайта пысқырынып, тастақ беткейдiң тырбық кегiн iскектеп, бырт-бырт үзе бастады. Үстерiндегi қаптарды әзiр түсiрген жоқпыз.

– Қабаққа шығып қарашы, өткен-кеткен ешкiм көрiнбей ме екен, – дедi Арзы апам.

Жүгiрiп, ентелей басып қабаққа шықтым. Тырс еткен тiрi жан жоқ. Баяғы сол судың сарыны. Күн болса салбырап: «Сендердiң ауылдарың мына тұста» дегендей Ақсайдың аузына таман барып қалыпты. Тәңiрiтаудың қары аппақ, кiр шалмаған қалпы. Бейкүнә перiште тұрған бойы. «Суды тасытқан бiз емес» дегендей мүләйiм. Ылдида қапшағай мұнарланып тұр. Арт жақта бұралаң боз жол: «қайтсаңдар, мен, мiне» дегендей ащы iшекше шұбатылып жатыр.

– Ешкiм көрiнбейдi, – деп сайдың табанына түстiм. Аңғардың iшi елсiз ескi қыстау сияқты қара барқын тартып, қаңырап барады.

– Е, жаратқан ием, – дедi Арзы апам, жар бола гөр! Белбеуiн шешiп, шапшып жатқан лайсаң суға қолын малып, кимешегiн түрiп, бетiн сипады. Содан белбеудi жайып, кебiсiн шешiп тастап, намазға бас қойды.

Тағы да құдайға жалбарынды, әуелi Орха мен Ноханың амандығын тiлеген шығар. Одан соң үйдегiлердiң тiршiлiгiн сұраған болар. Жол кесiрiнен, тосын қырсықтан сақта, құдай, деген шығар.

Судың сойылсоқ сарыны оның сөзiн естiрткен жоқ. Бiрақ байқағаным, егер құдай бар болса, мұншама құлдық ұрған шын тiлектен соң мына су қақ айрылып, бiз құрғақ қара жолмен өте шығуымыз керек-ақ едi. Бiрақ ондай ғажап болған жоқ. Жер бетiнде қыбырлаған пенденiң бәрiнiң толып жатқан тойымсыз арызы бар. Оның бәрiн орындай берсе, құдакең де принципсiз боп шыға келмей ме.

– Тағы шығып қарашы, – дедi Арзы апам орнынан едәуiр уақыттан соң түрегелiп.

Етпеттеп-ентелеп отырып, қабаққа тағы шықтым. құлаққа ұрған танадай тыныштық. Не Қазақстан жағынан, не Қырғызстан жағынан тырс еткен кiсi жоқ. «Осы жұрт бәрi бiрi қалмай майданға аттанып кеткен жоқ па екен?» деген үрей билер бойыңды. Жоғарыға тұрып Арзы апама:

– Ешкiм көрiнбейдi! – деп айқайладым. Арзы апам су жағалап ары жүрдi, берi жүрдi. Сiрә, өткел iздейдi-ау. Бiрде қолындағы таяғын суға бойлатып көрiп едi, екi рет қайқаң етiп көрiндi де, жоқ болды.

Бiр есептен осы керi қайтқан да жөн-ау, деймiн. Мамытбекпен, күндiз көрген Чолпон қызбен тағы да Күркүреудiң жағасына барып, түйе тастың үстiне шығып отырар едiк... Кiм бiледi. Медетханның хабарын бiлетiн бiреу-мiреу келiп қалар ма едi.

Бiр есептен бүгiн түнделетiп болса да үйге жет-кенiмiзi де дұрыс болар-ау. Iнiм мен қарындасым, Айша үшеуi, үрпиiсiп есiктiң алдына шығып, жолыма қарап тұрғандай көрiндi.

Тыраулаған нәзiк үн тас төбемнен естiлген, есiм кетiп аспанға шалқая қарап қалыппын. Арзы апамның тiлегi жасағанның iлтипатына iлiнiп, мына тiзбек тырналар бiзге көмекке келгендей бiр сезiм биледi. Бiрақ тырналар өздерi қонаға асыққандай қайырылмастан солтүстiк-шығысты бетке алып, лезде көрiнбей кеттi.

Бәрiнен күдер үзiп, ендi сайға қарай түсе берейiк дегенiмде, тау жақтан бiр атты аулақта Аршагүл жаққа қиғаштай тартып бара жатқанын байқап қалып, айдаладағы адамға айқай салдым. Сiрә, менiң даусым жетпедi-ау деймiн, атты ешқайда бұрылмастан, борт-борт аяңмен кете бердi. Басымнан күнқағары мыжырайған кепкамды жұлып алып жалбаңдаттым-ау келiп. Жоқ әлгi адам жан-жағына қарау деген не, бұрылмайды, әлдебiр жансыз затты аттың үстiне таңып тастап бет алды қоя берген сияқты.

Менiң шырылдаған даусымды естiп, екi өкпесiн колына алып Арзы апам келдi қасыма.

– Әне, кетiп бара жатыр! – дедiм.

– Әй-у! – деп айқайлады Арзы апам. Даусы әлсiз-ақ, ә дегенде шықпай да қалды, қолын бұлғап:

– Әй-у-у! – дедi маған.

Құрысын, алыс-ақ, бiрақ амал жоқ, безектеп жолдан қиғаш тұра жүгiрдiм. Былтырғы қызыл тiкен шұлықсыз тобығымды аямай-ақ тырналап қалып жатыр. Жердiң астынан сансыз жезтырнақ саусағын шығарып тұрғандай қасақана. Екi өкпем өшiп, ендi құлайтын шығармын-ау дегенмiн. Бiр сәт атты адам атының басын кегжең еткiзiп, шұғыл тоқтатып, бiз жаққа қалт қарап қалғанда, арғысына шыдамым жетпей, құлай кетсем керек. Көзiмнiң алды бұлдырап, тау теңселiп, аспан аунақшып тұр. Дүрсiлдеген тұяқ даусы таяп қалды. Мен әл-қуат алып, орнымнан тұрдым. Әуелi күрең ай-ғырдың астаудай апай төсi, алдына көсiлте тастаған қос аяғы, пыр етiп түндiктей желпiлдеген танауы көрiндi. Жал-құйрығы төгiлген есiк пен төрдей зор айғыр екен. Үстiндегi атқа қарағанда қораштау, менен көп болса үш*-*төрт жас үлкендiгi бар балаң жiгiт.

– Иә, не болды? – дедi ол бұрыннан танитын адамдай аты-жөнiмдi сұрамай.

– Анда, – деп мен сөйлеуге шамам келмей Арзы апам жақты көрсеттiм. Атты онан әрi ештеңе сұрамастан, мiнерлiк жақтың үзеңгiсiнен аяғын шығарып босата бердi. Онысы маған мiнгес дегенi едi.

Арзы апам жағдайды айтты. Шылбырынан ұстап тұрып:

– Айналайын, екi дүниеде жақсылығыңды ұмытпа-йын, өткiзiп жiбер, – дедi.

– Ойбай, мынау жаман ғой, – дедi салт атты суға қарап. – Тауда қар бұзылды. Мынау соның лаңы ғой. Сәл ерте келгенiңiзде бұл су жоқ едi. – Онан соң өзiнiң атын жаңа көрiп тұрғандай алды-артына көз жүгiртiп алды.

Күрең айғыр бәйгенiң емес, көкпардың, көкпар болғанда да доданың аты екенi көрiнiп тұр. Омырауы жартастай екен, жарықтықтың. Мынау, сiрә, жылқышы, яки завферма болар. Табыннан, таудан түсiп, айыл-ға бара жатқан бетi, сiрә...

Атына көңiлi толғандай сауырын шапаттап қойды да, бiзге қарады, ол оттауын қойып мүлгiп тұрған есек-терiмiзге қарады. Сонан соң тағы да суға көз жүгiртiп алып:

– Тәуекел! – дедi.

Арзы апам екеуiмiз қолдасып, қара есектiң үстiндегi қапты күрең айғырдың бауырына қарай көтерлiк. Көкпаршы ма, құдай бiлсiн, анау еңкейе берiп қапты қос қолдап жұлып алып, алдына өңгердi, қамшысын аузына тiстеп алды.

Жайлап тебiнiп көрiп едi, күрең қасқа тайсалған жоқ, суға қойды да кеттi. Су тiлерсегiнен асып, бауырын сызды. Толқын құйрығын желбiретiп, сүйреп барады. Жануардың бөксесi арынды ағыстан бұраңдайды. Күре пырылдайды, омырауына соқтыққан су қақырап, ақ көбiкке айналып, жапырыла құлайды. Бала үзеңгi аяғын көтерiңкiреп алды. Арғы жағаға жеткен күрең бiр ұмтылып құрғаққа шығып дүр сiлкiндi. Бала қапты сып еткiзiп жерге тастады.

Осылайша екiншi қап та арғы бетке өткiзiлдi. Онан соң бала өзi ердiң артына отырды да, ерге Арзы апамды мiнгестiрдi. Үзеңгiге аяғым жетiңкiремей тырбанып тұрғанымда, еңкейiп бiр қолтығымнан алып демеп жiбердi. Арғы жағаға мен де өттiм. Онан соң Оңғарбай атамның көк есегiн шылбырынан сүйреп салды, әуелi көк есек басқысы келмеп едi, қамшымен құйымшақтан тартып-тартып жiбергенде, артқы екi аяғы бүгiлiп барып, суға күмп бердi. Көк есектi су тәуiр тәлтiректеттi. Егер бала болмағанда кiм бiледi...

Арзы апамның қара есегi сорлы көзiн жұмып түртiнектеп, суға түсуге батпай, қамшыға шыдап көп тұрды. Бiр-екi рет алдыңғы аяқтарын суға салып тұрып қайтадан шегiншектеп кеттi. Бiр мәрте тiптi кiржiң етiп, күреңге тiсiн ақситып, құлағын жымитып тiстемекшi болды. Тұра қалып артқы екi аяғын суға арбаңдатып тоңқып та көрдi. Ақыры болмаған соң балаң жiгiт қара есектiң қыл шылбырын оң жақ тақымының астына өткiзiп, қырғыз ердiң қасына екi-үш орап қойды да, күрең қасқаны тебiнiп қалды. Талай додаларды жарып шыққан жануар тайсалмай суға тағы салды. Қара есек сорлы басы кегжиiп, көзi аларып, тұмсығы аспанға қарап төрт аяғымен жер тiреп, сүйретiлiп барып суға түстi. Суға түскен соң шегiншектегенiн қойып, қайта күреңмен қатарласуға тырысты. Судың ортасына жете бергенде, сiрә, аяғына тас соққан болар, қираң етiп, арт жағымен құлады. Күрең айғыр да тұңғыш рет теңселiп кеттi, қара есек тұрмақшы боп итiнген кезде, басы суға көмiлiп шықты. Қайтадан көмiлiп кеттi. Ер аударылып кетпес үшiн бала салмақты сол жаққа басты. Бiр уақта қара есектiң басы тағы бiр кегжең еттi де, брезент жүген шыдамай, сағалдырығынан үзiлiп борт еттi. Қара есектiң басы тағы бiр қылтың ете қалып едi, ендi бiрде аяқтары сереңдеп көрiндi де жоқ болды.

Бiраз үнсiз қарап тұрдық. Аңғардың iшi ала көлеңке тартты, күн ұясына қонған екен.

– Алда, қараң қалғыр, – дедi. Арзы апам есi ендi кiргендей.

– Бәйбiше, қапа болмаңыз, мүмкiндiк болмай қалды, жүген шыдамады, – дедi бала өзiн кiнәлi сезiнiп.

– Жоқ, айналайын, – дедi Арзы апам. – Әшейiн суға мысығың кетiп қалса да өкiнесiң ғой. Буаз едi, тұқымың құрғыр. Мейлi, бала-шағамның садағасы! Құдай-ау, алыста жүрген шырақтарымның садағасы! Дүние атаулының қағындысы қара есекпен кетсiн. Соғыстың сойқаны да сенiмен кетсiн! Ел-жұрт аман болсын, бiр нәрсе ғып күн көрермiз.

Бала атынан түсiп, қап көтерiстi. Ендi екi қапты да көк есек көтердi. Арзы апам екеумiз қаптардың екi жағынан ұстап жаяу тарттық.

Арзы апам күрең айғырлы азамат балаға алғысын жаудырды-ақ:

– Тiрлiкте жамандық көрме, өркенiң өссiн, өз теңiңнiң алды бол, айналайын! Бiздi жарылқасаң, сенi Құдай жарылқасын!

Сонан соң Арзы апам есiне бiр нәрсе түскендей, керi жүгiрдi. Бұл кезде күрең айғыр арғы жағаға шыққан.

– Атың кiм, айналайын? Кiмнiң баласысың? – деп айқайлайды Арзы апам. Анау естiмей құлағын қалқалады.

– Атың кiм? Кiмнiң баласысың?

Бала бiрдеңе деп айқайлады. Бiрақ судың гүрiлi естiртпедi.

– Кiм? Кiм!

Бала екi қолымен аузын тосып тұрып, үзеңгiге аяғын тiреп, айғырдың үстiнде көтерiлiңкiреп дауыстады. Бiрақ не айтқанын ажырата алмадық. Ол бiзге қолын бұлғап, аттың басын бұрып, қабақты қиялап ары қарай, күншығысқа өз жөнiмен кете барды.

Жалғыз есектi екi жақтан қаумалай, күннiң батысына қарай бiз де қозғалдық. Ымырт үйiрiле бастаған. Елегiзiп, бойды қорқыныш билегендей. Бiрақ маңдай алдымыздан жарқырап бiр жұлдыз шығып тұр екен. Сол медеу болып, көңiл орныға түскендей. Көңiл шiркiнде бiр ғана кiрбiң қалды: әлгi күрең айғыр мiнген батыр тұлғалы балаң жiгiттiң кiм екенiн, құдай сыйлап, бiле алмай қалдық. Маған бiр сәт:

«Осы Медетхан емес пе екен?» деген де ой келдi.

---

Source: [https://yvision.kz/post/a-say-men-k-ksay-683745](https://yvision.kz/post/a-say-men-k-ksay-683745)