---
title: "АҢДЫҒАН АЛМАЙ ҚОЙМАЙДЫ"
description: "Жиһангездер бір аптадан артық өз жертөлесінде болды, вампуларға барып қайтқаннан кейін біраз тынығып..."
author: "kitap28"
published: "2016-04-07T00:56:49+00:00"
modified: "2016-04-14T13:44:47+00:00"
locale: "ru"
canonical_url: "https://yvision.kz/post/a-dy-an-almay-oymaydy-687934"
markdown_url: "https://yvision.kz/post/a-dy-an-almay-oymaydy-687934/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# АҢДЫҒАН АЛМАЙ ҚОЙМАЙДЫ

> Жиһангездер бір аптадан артық өз жертөлесінде болды, вампуларға барып қайтқаннан кейін біраз тынығып...

Жиһангездер бір аптадан артық өз жертөлесінде болды, вампуларға барып қайтқаннан кейін біраз тынығып, онкилондардың тілін үйренуді ойлады, онысы келіншектермен әзіл-қалжың айтысып отыратын оларға қиын да түскен жоқ. Алаулаған от басында аузына темекі салып не қолына бір шыны шай алып, ойнап-күліп отырып-ақ әйелдерге орысша үйретіп, аптаның аяғына қарай олар бірін-бірі тәп-тәуір түсінетін дәрежеге жетті. Көршіден шыққан күлкіге кейде Амнундак жетіп келеді, оны көргенде әйелдер әдеп сақтайды, ал жиһангездер де беделін түсірмеуге тырысады.

Маусымның басы болып қалған, күн көкжиектен көп аумайды, бірақ түн ортасына қарай ойпаттың теріскей қиырына еңкейіп, екі сағаттай аппақ бұлт я буалдыр тұман пердесіне кіріп кетіп, ымырт үйіріледі. Әдетте жиһангездер бұл мезгілде ұйқы құшағында жататын, бірде жертөледен шыққан Горюнов осы құбылыстың үстінен түсіп, жолдастарын шақырды.

Әйелдерден сұрап білсе, бұл ылғи осылай боп тұрады екен, сол төңіректен «сорпа пісіп жатқан ыдыстан немесе құманнан шығып жатқандай жерден бұрқылдап бір бу шығады» деді олар. Әрине, бұл жиһангездерді қатты қызықтырып, олар қайткенмен де вампулардың жеріне өтіп, мұның сырын анықтауға асықты.

Бірақ алдымен базаға барып, Никифоровтың халін білу керек. Жертөледе қалған Аннуэннен басқасы бұл сапарға түгел қатысты. Жападан-жалғыз жатса да Никифоров зеріккен жоқ екен, иттерді ашықтырмай, күтумен қатар ол қысқа отын-су дайындап, ашық күндері ұзынша етіп осып, арқанға тізіп ет қақтаумен уақыт оздырған. Алайда ол еті түскірді күндіз бос қоя беретін иттерден ғана емес, жыртқыш құстардан да қорғауға тура келген. Ермек іздеген казак жаюлы етке тарпа бассалған тентек құстарды атып та түсіріп, итке азық болар деп арқанға іліп қойыпты. Күртік әжептәуір шөгіп, беті мұз болып қалыпты, сондықтан жоғары көтерілу үшін балтамен шауып, баспалдақ жасау керек екен. Казак оған да ерінбей, баспалдақ жасап ап ауық-ауық жотаға шығып, теңіздің жағдайын қарайтын көрінеді. Жиһангездер Санников жерінде өткізген бір айдың ішінде теңіз қатты өзгерген: ашық су айдыны көсіліп, бермен кеп қалыпты. Қазір ол тіпті жақсы көрінеді. Тек тұман жиі, кейбір желді ашық күндері ол айықса-ақ, көз ұшында көкжиектен Қазандық аралы көрінеді, бірақ онда әлі қар жатса керек, алашабыр тұсы әредік қана көзге түседі.

Өздері өмір сүріп жатқан жерінің шалғай шетін көрмеген әйелдер жоғарыға шығып, қар мен мұз ғана жамылып көсіліп жатқан шалқар жазыққа көзі түсіп, шошып қалды. Шеті де, шегі де жоқ осынау қу медиен құла түзде жылдың басым бөлігін қар ортасында еткізетін ақ адамдарды аяп та кетті.

– Е, сендер сондығынан да аппақ екенсіндер ғой, – олар.

– Қалай, Аннуир, сіздің жерден кетерде менімен түсіп, бірге еріп барасың ба? – деп сұрады Ордин. Аннуир басын қайта-қайта шайқады.

– Жоқ, о жақта тым суық, қар мен мұздан басқа түк жоқ. Қарашы, бізде жаз, жылы, анда – қыс.

– Онда мен сенсіз кетемін де, жесір қаласың ғой.

– Жоқ, сен де кетпейсің! Сендердің бәрің де бізбен қаласыңдар, Амнундактың айтуы осылай. Өздерің уәде де беріпсіңдер...

Жоғарыда олар ұзақ болған жоқ: мұзды алқаптан соққан өткір жел жеңіл киінген келіншектерге сұп-суық болып көрінді. Сондықтан олар төмен түсіп, от басына жайғасқанда қуанып кетті. Сол оттың айналасында олар түнеп те шықты. Қырлы өңірге осы саяхаты үшін келіншектер сыйлыққа айна мен моншақ алды. Жиһангездер және оны базада қалған қазынасынан әрең іздеп тапты.

Осы жолы олар Амнундактың тұрағына барғанда онкилондарға сыйға тарту үшін жоғарыдағыдай айна мен ине, жалтырақ түйме, жылтыр лента, жез сақина, жасанды тас қондырған сырға, көсемнің бәйбішесіне деп маржан моншақ сияқтылардың бәрін алды, олары, әрине, әйелдердің есін шығаруға тиіс. Ерлерді де риза етіп, Амнундакты вампулар жеріне тереңдеп сүңгіп саяхат жасауға сенімді жасақ қосып беруге желпінтсін деп бірнеше пышақ, балта, қол ара сияқты құрал-саймандарды қоса ала келді.

Тұраққа келіп тағы да үш күн тұрған соң, ұзақ сөйлесіп Амнундакты ойпаттың терістік бөлігіне саяхат жасауға көндірді.

– Сендердің жасындарың құсты да, аңды да, адамды да жайрата алғанымен, вампулар – асқан айлакер, – деп ескертті ол, – торуыл жасап та, тұман жамылып та тұтқиылдан тарпа бас салуы мүмкін. Сондықтан мен сендердің ұйқыңды да, мүлкіңді де күзететін, жолдың қауіпсіздігін барлайтын маңдайалды он екі жас жауынгер беремін.

Ертеңіне жақсы жарақтанған он жеті адамнан тұратын жасақ жолға шықты. Аннуир Ординнен өзін ерте жүруді өтініп, онкилондардың мазағына, әйелдердің қорқытқанына қарамастан найза, садақпен қаруланып алды. Оның жаңа жерлер көргісі келді, ал Ордин өзін ынтыға сүйген, өзіне де өте ұнайтын әйелді түбінде құрлыққа бірге ала кету үшін осы бастан саяхатқа үйрете беруді ойлады.

Алғашқы күні олар вампулар талқандап кеткен тұраққа жетіп тоқтады. Жертөле қалпына келіп, өмір өз арнасына түсіпті: әйелдер шаруамен күйбеңдеп, балалар асыр салып ойнап жүр, тек вампулар бірін қалдырмай жайратып кеткендіктен кемпір-шалдар көзге түспейді. Осында түнеп шығып, жиһангездер әрі терістікке қарай тартты. Көлді алқаптар ормандармен алмасып, барған сайын ағаш сиреп, жабайы жануарлар аз ұшырасуға айналды. Қоналқаға бір алаңқайдағы көл жағасына тоқтады. Көлдін ортасы әрбір он минут сайын көпірши көтеріліп, бұрқылдап басылып тұрды. Суының жылылығына қызығып кеткен жиһангездердің жақсылап бір шомылып алғысы келді. От тұтатып, кешкі асқа басқалар ет турағанша олар қосыннан сәл ұзап, шапшаң шешінді де суға қойып кетті. Су сылдырына жалт қараған жауынгерлер үрейлене атып тұрды. Ғұмыры жуынбайтын монғолдар сияқты судан жиіркенбегенімен, судың суықтығына орай оған көп жуымайтын Солтүстіктің басқа халықтарындай бұлар да көлге шомылудың не екенін білмейтін-ді. Сондықтан олар өзіне сеніп тапсырылған ақ сиқыршылар балыққа, болмаса итбалықка айналып, онкилондар жерінен кетіп қалғалы жүр деп ойлады

– Анну, анаған қара, сенің күйеуің мен басқа да сиқыршылар қазір ғайып болады – олар көлге кірді, – деп айғайлады біреу.

Ас әзірлеп жатқан Аннуир атып тұрып, жағаға жүгірді, күллі онкилондар соның соңынан ерді. Жиһангездер тек бастары ғана қылтиып, суда жүзіп те жүрген-ді.

– Міне, олар итбалыққа да айналып үлгерген. Қараңдаршы, әне, қараңдаршы! – деп айғайлады жағаға жиналғандар.

Азын-аулақ бірдеңе біліп, ептеп мәдениеттене бастаған Аннуир алғаш үрейленіп қалғанымен, Ординнің жүзін танып көңілі тынып, онкилондарды енді келекелеуге кірісті. Кейін қыз жерлестерінің тағы да таңырқауына тура келді. Жиһангездер жағаға шыққан соң үсті-басына қардай аппақ бірдеңе жағып, денесін ысқылай бастағанда сабын туралы түсінігі жоқ онкилондар айран-асыр болды.

– Мынаны қара, бұл сиқырлардың үстінде су қатып мұзға айналады екен! – деді олар бір-біріне.

Сабын қолдануды біліп алған Аннуир оларға істің мән-жайын тағы да түсіндірді. Алайда олар ақ адамдар киініп от басына оралғанда ғана басылды, сонда да өзгеріс ештеңелері жоқ па екен деп ұрлана қарап қояды.

Жұрт кешкі асқа отырғанда сабын алып шомылып келгелі Аннуир да қосыннан аулақ жүгіріп кетті. Малту білмегендіктен әріге бармай, көлдің шетіне таман жуынды. Келген соң жауынгерлер енді оны келеке ете бастады.

– Күйеуіңдей ақ болам деп, қармен ысқыланып шықтың ба!? Апырай, суға қалайша қорықпай түстің ә, су перісі аяғыңнан тартып, тереңге батырып әкетеді деп те ойламағаның-ау! Бірақ қанша әлектенгеніңмен баяғы қап-қара қалпыңда қалыпсың ғой, – деп қалжыңдады тайпаластары.

– Суға түскенде сондай қорықтым, қашан шыққанша бәзбіреу аяғымнан тартып, әне-міне ала жөнелетіндей көрінді де тұрды, – деп артынан Ординге Аннуирдің өзі де мойындады. Онкилондардың бәрі сияқты ол да суда, орманда, үңгірде жын-пері жүреді, жел мен тұманның да өз иесі бар дегенге сенетін. Тек тәуір дегеннің бәріне еліктеу сезімі ғана оны суға түсірген-ді.

– Келесі жолы көлге сенімен бірге барамын. Сен алдымен суда итбалық сияқты қалай жүзуді үйретесің маған, – деді ол Ординге.

Қоналқа кезінде шала мүжілген сүйек пен туралған ет тастайтын онкилондарға үйреніп алған Крот пен Белуханы жанына ап екі жауынгер күзетке тұрды. Жауынгерлер иттің абай үшін жақсы екенін бағалап, осылай қарай ауғанда бабаларының бұл мақұлықтардың бірнешеуін ерте келмегеніне өкініш те білдіре бастаған-ды.

– Осылар қасқырды ұстап алып, қолға неге үйретпейді екен? – деп сұрады бірде Горохов.

– Қасқыр ешқашан да қолға үйренбейді, – деді оған Горюнов. – Қаншық қасқырды ұстап алып итпен ұйықтыруға болар еді. Ал, өкінішке орай, біздің иттердің арасында бірде-бір қаншық жоқ екен ғой.

Бұл ұсынысқа онкилондар күмәндана қарады, алайда қасқыр ұстау онша қиын емес дегенді айтты.

Терістік бағыттағы жолға тағы бір күн кетті. Орман барған сайын сиреп, шөптің шүйгіндігі кеміп, өгіздер мен жылқылар оқта-текте ғана ұшырасып, көзге түскендері аса сақтық байқатып, маңына жолатпады, Шамасы, вампулар әбден зәрезап қып, адамға деген сенімнен айырса керек. Оның есесіне вампулардың найзасы мен шоқпарына былқ етпей, қайта үрейлерін ұшыратын мүйізтұмсықтар жиі кездесті.

Екінді кезінде енді бір алаңқайға шыққалы тұрғанда иттермен алға кеткен барлаушылар вампулар жүр деп жасақты тоқтатты. Бауырдағы бұталарды тасалап, жасақ жан-жақты шолды.

Алаңқайда жайылып бірнеше өгіз жатыр, біреуі күйіс қайырып оқшауырақ тұр. Тұп-тура соны бетке ап, арт жағынан бес-алты вампу еңбектеп келеді.

Өгізге жиырма қадамдай еңбектеп жақын келген вампулардың алдыңғысы лып етіп көтеріліп, екі найзаны бірінен соң бірін лақтырып үлгірді, қалғандары найзаларын кезеп шанышқалы өгіздің екі бүйірінен кеп тиді. Найзаның бірі сауырына қадалып етінен өткен өгіз әрі шошып кетіп, әрі ауырсынып өкіріп жіберді де, дұшпандарын байқап қап, басын тұқыртып шаңырақ мүйізімен жайқай тұра ұмтылды, вампулар жалт беріп үлгерді де, жүгірген бетімен өте шыққан жануарға бүйірінен тағы да екі сүңгі қадады. Бірақ тас сүңгі қалың теріге терең бойлай қоймаса керек, табан аузында найза түсіп қалды. Құтырынып кеткен бұқа жалт бұрылды да, күтпеген жерден бір аңшыны мүйізімен іліп ап едәуір биікке атып жіберді, алайда басқа вампулар өгізге үсті-үстіне найза атып, жаралыдан назарын аудара берді.

Шабуыл жан-жағынан болғанын байқаған жануар табындастары сияқты басқа төнген пәледен қашып құтылуды жөн тапты, білем, алаңқайды басып тұра-ақ тартты. Соңынан тұра қуған вампулар қанша желаяқ болғандарымен де ілесе алмай қалды. Лақтырған бірнеше найза бар пәрменімен өңкілдей шапқан өгізге тіпті әсер де еткен жок.

– Олжаның сәті түспеді оларға! – деді Горюнов. – Енді олардың көз алдында өгізді атып түсірейік, әрине, өзіміз үшін.

Өгіз бұлардан екі жүз қадамдай жерде шапқылап барады, артында отыз қадам шамасында төрт вампу келеді, бесіншісі құлаған жерінде жатыр. Кеудесін алға төсеп, дудар шашы желмен желпілдеп қарыштай жүгірген вампулардың қолында бір-бір найзадан ғана қалған.

Олар өгіз қансырап, әлі құриды, сонда қуып жетеміз деп ойласа керек. Кенет шауып келе жатқан өгіз мұрттай ұшты. Қуудың қызығына түсіп байқамады ма, әлде мылтық үнін есітпеді ме, вампулар, әйтеуір, не болғанын түсінген жоқ. Қуаныштан қиқу салып, құлаған өгізді қоршап ап, кәдімгі жеңіс биіне кірісті өздерінің.– Зәресін алмай болмас бұлардың! – деді Ордин. – Әйтпесе еттен құрамай қабамыз.

– Иә, жалпы теріскейге қарай жолымызды аршып алуымыз керек, зытсын бұлар өз үңгірлеріне.

Горохов мылтығын көтеріп, гүрс еткізді. Вампулар әуелі орнында тас боп тұрып қалды да, ізінше зәресі ұшып зар илеп, кері тұра қашты, өгіз сүзген жаралысы да орнынан сүйретіле тұрып солардың соңынан ақсаңдап тартты. Алаңқайға ата шыққан онкилондар вампуларға мылтық даусымен үндесіп жетсін деп әскери ұранын шақыра ұмтылды.

– Осы арада түнейміз! – деп шешті Горюнов. Ет бар, енді келуге вампулар батпайды.

Онкилондар өгізді сойып, жіліктегенше жиһангездер алаңқайдың ортасынан көлшік, дәлірек айтқанда ешқайдан келіп құятын жалғасы жоқ тоған тауып алды, жаға жарының тіктігіне қарағанда өзі терең де тәрізді. Қоналқаға олар соның маңына орналасты, қарақұс пен қасқырға жем болсын деп қалған етті бой-бой етіп тіліп, далаға тастады. От алаулай жанып, бәрі де ас қамдаумен айналысып кетті. Ордин котелогін алып көлге барды, су тым төмен болғандықтан оны көсіп алу үшін жерге етпеттеп жатуға тура келді. Ол еңкейіп қолын соза беріп еді, су қарсы көтерілгендей болып, котелокті кейін асыра берді. Көтерген котелоктің магниті тартқандай су да жоғарылап келеді.

Су көтеріле-көтеріле ақыры кемерге толып жағамен теңесті.

– Көлдің суы көтеріліп кетті! – деп дауыстап жіберді атып тұрған Ордин.

Бұл дауысқа жүгіріп жағаға келген жұрттың бәрі кемеріне толған көлге қайран қала қарады.

– Заттарды буып-түйіп, бұл арадан аулақ кету керек, – деген ұсыныс айтты Костяков.

Онкилондар өзара күбірлесіп, бәзбір құбыжықтың басы көлден қылт еткелі тұрғандай суға соқыр үреймен үрке қарады. Аннуирдің жүзіне үрей мен күлкі алма-кезек қонақтады, алғаш қорыққанмен Ординге қарап жымиып тұрғанын көріп ол да ыржиды. Оны ақ адамдар бәрін де біледі, қолынан келмейтіні жоқ және оның үстіне ештеңеден қорықпайды деген ой әбден баурап алған. Онкилондар қашуға бел байлағанша, көлдің суы бірте-бірте тартылып, алғашқы арнасына да түсті. Горохов та уһ деп бір кең тыныс алды.

– Әйтеуір, төмен түсті ме, қорыққан болар, шамасы! – деп міңгірледі ол.

Жер астында көзі бар көлдердің бұл және бірі екеніне көзі жеткен Ордин, Горюнов, Костяковтар күліп жіберді. Бұл көлдің астында су толы апан ауыз болуы керек, бу мен газ ауық-ауық қысқанда су сонымен жоғары көтеріледі де өзге көлдердегідей атқыламай, таудың бір тесігінен басқа жаққа ағып кететінге ұқсайды. Осы тұжырымның анық-қанығына жету үшін тағы да бақылау жасауға тура келді де, Ордин қалтасынан сағатын суырды.

– Жануарлардың су ішкенде бұл көлді қалай пайдаланатынын енді білдім, – деді Горюнов. – Су ернеуіне толғанын тосады екен ғой олар.

– Иә, құлама жар кемерді көріп, суға баратын таптаурын сүрлеуді таппай мен де таң қалдым, – деп қостады оның пікірін Ордин.

– Ал кей жануар танауының астынан төмен түсіп кеткен суды іше де алмай қалатын шығар. Қашан қайта толады деп күтеді-ау, жазған!

Күту, шынында да, көпке созылды: су қайта көтерілгенше бұлар етті пісіріп, жеп те болды, яғни табандатқан бір сағат өтті арада.

Ойпаттың терістік бөлегіндегі бу мұнарына оранып күн жасырынғанда со жақтан қою тұман қаптап, бірден көз байланды. Түнге жетерлік отын бар еді, оттың басы жарық та жылы болды. Осынау таңғажайып жердегі көлдер, олардың мезгіл-мезгіл көпіршіп қоятыны хақында әңгіме сабақталды, оның сырын онкилондар су иесінің ойыны деп түсіндірді. Олар терістік жақта Мыңтүтін деген алқап бар, оның кез келген жерінен түтін шығып жатады, топырағының ыстықтығынан шәркелі аяқтың өзі күйе жаздайды дегенді айтты. Рас, онда бұлар өзі болмаған, бірақ бұл жайды Амнундактың атасы бастап вампуларға тиген үлкен айқасқа қатысқан қариялардың аузынан есіткен.

Бұрын вампулар қысты сол алқапта өткізеді екен. Әңгімені орман жақтан қасқырдың ұлыған даусы үзіп кетті,оған шабалана үріп иттер жауап қатып жатыр.

– Қасқырлар алыс емес – иісті сезуін көрмейсің бе, тас қапқырдың! – деді Горохов.

– Бір не екі қаншық қасқырды қолға түсірудің сәті, міне, енді туды! – деді Горюнов.

Бұл қиын емес деді онкилондар. Қыста олар бұғыға шапқан бөрілерді түнде отпен қамалап ұстайды екен. Қасқыр түсіретін таспадан тоқыған торы да бар, әдетте мұны түлеген кезінде қаздарға құрады екен. Олар енді қасқыр ұстауға сайлапты. Түнге деген отынның арасынан май қарағайын таңдап алып, жарты метрдей етіп жаңқалап найзаның басына бекітіп байлады да, бәріне жететін етіп отқа қойды. Бұл кезде қасқырлар өгіздің қалған етіне қарық болып, түн жамылып емін-еркін жайлап жатыр еді. Ол жақтан ырылдаған дыбыс, күтірлеп сынған сүйек шықыры келеді.

Май қарағай жақсылап тұтанған соң онкилондар мен жиһангездер бір-бірден ұстап, бір қолына найза не мылтық алып, жыртқыштар қан базар жасап жатқан жерді қоршап алды. Алауын жерге тақай оңды-солды жарқылдатып, қасқырлар от құрсауда қалған жерді тұс-тұстан қусыра түсті. Ұзамай тұман арасынан құйрығын қысып, тісін сақылдатып, самсаған оттың арасынан сытылып кетер саңылау таба алмай дағдарған сұр жыртқыштардың өлексеге үймелеген үлкен ұясы көзге шалынды. Жанталасып, ұлып, біріне-бірі шауып апыр-топыр болған жыртқыштар бір кезде екеу-екеуден жан-жаққа атты.

Алайда құтылғандары аз болды: онкилондар лыпып найза шаншып, алау таяқпен тұмсықтан соғып, кері ысырды. Бір жауынгер жарып өтпек болған қаншық қасқырға тор тастап та үлгерді. Қасқыр оған бірден оралып ұшып түсті. Тірі қалғандары өлексеге қайта оралып, біріне-бірі ұйлығып, қалшылдап, тісін сақылдатып, қашуға тіпті қарекет те жасай алмай тұрды да қалды, бірнеше оқ бәрінің де жайын тапты. Алауын көтеріп онкилондар енді әр жерде қалған жаралы қасқырларды жайратуға кірісті, олардың арасынан тағы бір қаншығын тауып, басын киімімен тұмшалап, төрт аяғын байлап, найзаға салбырата көтеріп алып жүрді.

Ұрылған қасқыр он бір екен, бәрін де жинап от басына алып кеп терісін сыпыра бастады.

Ұсталған әрбір қаншық қасқыр үшін үш қазық кағып, екеуіне таңылған алдыңғы, артқы аяқтарын байлап, үшішісіне қайысты тістеп қиып тастамас үшін қарғылап мойнынан байлап қойды. Осы бір өзіндік өрнегі бар аңшылықтан кейін от айнала жатып жұрт ұйқыға кірісті. Әдеттегідей қарауыл қойылып, олар қасқырларды күзетті, Крот пен Белухадан сақтады. Дәрменсіз дұшпанынан есе қайтарғысы келіп ызыққан екі ит ұзаққа дейін тыншыға алмады.

---

Source: [https://yvision.kz/post/a-dy-an-almay-oymaydy-687934](https://yvision.kz/post/a-dy-an-almay-oymaydy-687934)