“Біз – Қазақпыз!” – дейді Максим бастаған КВН-ші жігіттер

KVN 2010 M12 17
2175
0
0
0

Екібастұз қаласының намысын қорғап, қаламыздың атын аспандатып жүрген, Қ. Пішембаев атындағы №18 кәсіптік лицейінің «Біз – Қазақпыз!» КВН командасымен кездесіп, ой бөліскен едік. Сауалдарымызға...

Екібастұз қаласының намысын қорғап, қаламыздың атын аспандатып жүрген, Қ. Пішембаев атындағы №18 кәсіптік лицейінің «Біз – Қазақпыз!» КВН командасымен кездесіп, ой бөліскен едік. Сауалдарымызға көбінесе команда капитаны – Максим жауап беріп отырды. Бұдан бұрынғы табыстарын айтпағанда, бұл жігіттер осы жылғы, 11 – желтоқсанда облысымыздың орталығы – Кереку қаласында өткен, “Қазақстан КВН Одағының” Республикалық “Кіші финалында” жүлделі II – орынды жеңіп алып, кезекті рет қаламыздың мерейін үстем етті. Сонымен...

-         Ал, жігіттер, жеңістерің құтты болсын!!! Қуаныштарыңа ортақпыз! Алдымен жеңімпаз жігіттермен таныс болсақ және командаларыңыз қашан, қалай құрылды?

-         Рахмет! Команда капитаны мен Максим, толық аты – жөнім - Мағжан Жұмабек. Үзеңгілестерім – Нұрсұлтан Жүнісов, Ұлан Құмарбеков, Асылхан Мұсаипов. Аракідік аз – маз өзгерістер болып тұратыны болмаса, команданың негізгі құрамы осы жігіттер. Қ. Пішембаев атындағы №18 кәсіптік лицейінің шәкірттері негізінде құрылған командамызға бір жылдан аса уақыт болды. Командамыздың биіктерден көрінуіне оқу орнымыздың директоры – Зейнолла Сейтенұлы Молдахметов ағамыздың қосқан үлесі ерекше. Сонымен қоса республикалық «Нұр Отан» партиясының Екібастұз қалалық бөлімінің; Екібастұз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің; Ішкі саясат бөлімінің жанашырлық танытып, рухани және қаржылай демеу болғандығын айта кеткен абзал.

-         Дұрыс екен! Енді осы уақытқа дейінгі жеткен жетістіктерің жайлы айтып өтсең...

-         Олай болса, басты – бастыларын айтып өтейін. Кереку қалалық «Мектеп лигасында» жеңімпаз атандық. Кереку қалалық лигасының ширек финалында, жартылай финалында ұтып, финалға жолдама алдық. Ал Кереку қалалық лигасының финалында III – орын алдық. Бұл сында әділқазылар атына сай қазылық жасамағынын аңғардық. Ең ірі жеңісіміз-жоғары айтып өткен  “Қазақстан КВН Одағының” Республикалық “Кіші финалында” жүлделі II – орын. Өзіміз КВН ойнаумен қатар, біздер еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай, Екібастұз қалалық «Тәуелсіздік кубогын» ұйымдастырдық.

-         Өте жақсы! КВН ойнаудағы мақсаттарыңыз қандай?

-         КВН – ді көңілді сипаттағы идиологиялық тәрбие құралы деуге болады. Айталық, Ресейде өткен ТМД кубыгында ресейліктер КВН ойнаудағы негізгі бағыттарының бірі – орыс тілінің ТМД кеңістігінде кең қанат жаюына үлес қосу екенін ашық айтты. Осы орайда қазақ КВН – інің көшбасшысы Есен Елеукен КВН – ді қазақ тілінің өрісін кеңейтудегі басты құралдардың бірі ретінде қолданып келе жатқандығы көңілге қуаныш ұялатады. Сөз реті келгенде айта кетейін, біз командамыздың атын «Біз – Қазақпыз!» деп бекерден – бекер атаған жоқпыз. Арғы тарихты айтпағанда, «қазақпын» деу қылмыс саналып, ұлттық сана әлсірей бастаған шақта; М. Дулатов  “Оян қазақ!” деп жанұшырыса, С. Торайғыров “Қазақпын, қазақпын деп мақтанамын”, ал Ж. Молдағалиев “Мен қазақпын” деп қасқайып өтті өмірден. Қазіргі таңда қазақпын деп айту мақтаныш. Сол себепті құр мақтан болмасын деп, бабалар аманатына адалдықтың нышаны ретінде, командамызды осылай атадық. Ұлтымыздың тілін, дінін, салт – дәстүрін, қадір-қасиетін ұлықтау мақсатында шама-шарқымызша“әзілдеп” келе жатқан жайымыз бар. Кезек күттірмес ұлттық мәселерден бастап, - спорт, мәдениет, саясат және т.б. тақырыптар назардан тыс қалмайды. Кез – келген келелі жайтарға ұлтық қазақи көзқарас тұрғысынан қараймыз.

-         Мақсаттарыңа жетіңдер!

Максим, айыпқа бұйырмасаң, отбасың, ата – тегің туралы айтып өтсең...

-         А... түсіндім... Әкем – қазақ, анам – ресейлік орыс, алайда қазақ тілін ана тіліндей жетік біледі. Бізді де ұлтжанды етіп тәрбиеледі. Осы үшін ата – анамды аса ардақ тұтам. Отбасында он бір жанбыз, ата – анамды қоссам жиырмаға қарай кетіп қалады (күледі).

-         Отбасыларыңда ата – аналарыңның КВН – ға деген ынта – ықыластары қандай?

-         Ол кісілер біздерге үнемі қолдау көрсетіп, ақыл – кеңестерін беріп отырады.

-         Жақсы екен. Кеше ғана Республикалық додада II – орын алдыңдар.   I – орын алудың орайы келмеді ме, әлде әділқазылар...

-         Жоқ, бүкіл Республикамыздың қалалары – Ақтөбе, Арқалық, Кереку, Қызылорда, Семей, Тараз, Оралдан келген таңдаулы командалар арасынан және “Қазақстан КВН Одағының” арнайы өкілі төрелік еткен айтулы додада II – орын алу аз олжа емес. Сосын өзінің кемшін тұстарын әділқазылар есебінен толтыруға тырысатын команда біз емес.

 

-         Әп бәрекелді! Жарайсыңдар, осы ретте, өздерің де жассыңдар дегенмен жастарға,  қатар құрбыларға деген ойларыңды білуге бола ма?

-         Болғанда қандай... Жастар туралы негізі үлкендерден сұраған жөн – ау. Қаласақ та, қаламасақта, көп жағдайда сол үлкендердің берген бағасымен келісуге тура келетін сияқты...

-         Үлкендер не дейді сонда?!!

-         Оны өзіңіз де біліп тұрсыз – ау … Мысалы, жастар арасындағы ішімдікке әуестік, нашақорлық, насыбайға әуестік, қыздардың жеңіл – желпі жүріс тұрыстары туралы және т.б. келеңсіздіктер. Десек те бәріне бірдей қара күйе жағуға болмайды ғой. Мағжан Жұмабаеваша айтсам, “Мен жастарға сенемін”. Сонымен қоса жанашырлықпен айтқан үлкендердің ақыл – кеңестерін дұрыс қабылдаймын. Менің ойымша, жастар арасында өздерін - өздері тәрбиелеу дәстүрі кемшін соғып тұрған тәрізді. Айталық, бір жас өскін әбестік жасаса, басқалары басу айтып, адамшылыққа шақырғаны жөн.

-         Жөн... “Әйелдің тілін әйел түсінеді” дегендей, жастардың сөзі жастарға өтімді дейсің ғой... Айтпақшы, қаламызда қазақ тілінің дамуы қандай деңгейде деп ойлайсыңдар?

-         “Ауызды қу шөппен сүртуге болмас,” тіліміздің жай – күйі ойдағыдай деуге болады. Бірақ қазақ тілінің даму қарқынындағы көлеңкелі тұстарды айта кетуді – азаматтық борышым  деп санаймын. Мысалы біз – қазақпыз! Ал облыс аты орысша – Павлодар. “Кереку” деген көркем  аты көп ұзамай қайта оралар деген үмітпен келеміз.

Тілдің дамуында біркелкілік жоқ. Бала бақшалардан бастап, жоғары оқу орындары мен мемлекеттік мекемелерге дейінгі аралықта қазақ тілі “жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы щықпастың” күйін кешуде. Олай дейтінім, - қазақ мектептерінде оқушылар қазақша білім алып, көшеге шыға сала орысша сайрайды. Дүкен, базар секілді сауда орындарында да жағдай солай. Тіл даму үшін оның қолдану аясы кеңейіп, жалпыхалықтық сипат алуы шарт, яғни, тілдік орта керек.

-         Жарайды,... енді әзілді қайдан аласыңдар? Сценаристерің бар ма? Осы жайлы сөз қозғасаң...

-         Әрине, әзілді өмірден аламыз. Оқимыз, ізденеміз. Интернет, теледидар, газет – журналдар арқылы ел және жаһан жаңалықтарын қалт жібермеуге тырысамыз. Сценарийді бәріміз бірге отырып, жазамыз, сызамыз дегендей... Сосын сценарий арқылы тынбай дайындаламыз. Оған қоса сабағымыз, іс – тәжірибелік жұмыстарымыз бар. Бәріне де үлгеруіміз қажет, заман талабы солай.

-         Ал, Максим! Жігіттер! Сөз соңында бір әзіл айтып жібермейсіздер ме?!. Максим сенің айтқың келіп тұр – ау...

-         Иә, ұлы суретші П. Пикассоның әлемге әйгілі “Чёрный квадрат” деген картинасын бәріңіз де білесіздер. Соны Биқасым деген ағамыз жалықпай зерттей келе, Екібастұздың қара көмірі деген қорытындыға келіпті.

-         Аха – ха –ха… Жайдары да, жайлы әңгімелеріңе көп рахмет! Жеңістерден жеңістерге жете беріңіздер!!!

-         Сізге де үлкен рахмет!!!

 

 

Әңгімелескен -  Ердос Қоныс

Оцените пост

0
Дальше