Менің мақтанышым - ҚазҰУ!

806
1
0
1

Менің мақтанышым - ҚазҰУ!
2019 жылы мектеппен қош айтысып,үлкен өмірге қадам басқан түлектердің бірі мен едім.ҰБТ-дан жақсы балл алған соң,мен үшін екі жыл арман болған қара шаңырақ ҚазҰУ-дың есігі айқара ашылды.Арман қуып Алматыға ата-анаммен бірге бет алдым.Ең алғаш университетке келген кезім әлі есімде.Үлкен толқу үстінде болдым,"арманның орындалғаны осы болады екен-ау" деген ой келді.Ата-анам да қыздарының жақсы білім алатынына,осындай үлкен қалашықта оқып,керемет ортаның бір бөлшегіне айналатынына қуанып, көздеріне жас алды.
Тауларды өмірімде бірінші рет көрдім.Сондай ғажап!Биік!Мен мұндалап тұр.Оралда тау жоқ болғандықтан,Алматының асқар таулары көзіме оттай басылып,еріксіз өздеріне қарата берді.Қазақстанның жері неткен кең,әдемі әрі әртүрлі! Қазіргі таңда оқыған,білім аламын деген ниеті бар адамға барлық мүмкіндік барына,әсем қалаға келгеніме қуанып,бір сәт іштей шүкір дедім. Бір күннің ішінде қағаздарымды реттеп,жатақханаға орналасып алдым.Барлық қызық енді басталды.Ыстық та,суық та,қиын да,қуанышты да күндерді басымыздан өткіздік.Аз ғана уақытта жайлы аумағымыздан(зона комфорта) шыққан біз,балмұздақтар,шын жауапкершілікті сезіндік.Тентектік пен балалықты артқа тастап тәртіп пен тазалыққа үйрендік.Оқудың күрделенгені тағы бар.Йә,мойындау керек, алғашында үйімізді сағынып көп көзімізге жас алатынбыз.Кейін келе етіміз үйреніп,сол жерге бауыр баса бастадық.Айта берсем,сөз таусылмас.
Енді ҚазҰУ-дың өзіне тоқталайын.Не себепті универімді мақтан тұтамын? Көп оқушылар үшін бұл универ арман болатынын білемін.Себебі,1934 жылы ашылған ҚазҰУ-да көптеген атақты тұлғалар,еліміздің бетке ұстар адамдары: жазушылар,саясаткерлер,журналистер,ұстаздар түлеп шыққан."Қара шаңырақ" деп аталатыны бекер емес. Екіншіден,білім сапасы жоғары.Әлемдегі ең үздік жоғары оқу орындарының қатарына кіреді,ал Қазақстандағы "үздік топ-5" оқу орнының бірі. Үшіншіден,жақсы орта қалыптастырасың.ҚазҰУ-дағы студенттер ұйымдары бөлек мақалаға арқау боларлық тақырып."Көмек","Сенат","Сұңқар","Жас Отан" тағысын тағы ұйымдар өте белсенді жұмыстар атқарып,студенттік өмірді қызықты әрі пайдалы етеді.Сондай-ақ "Алтын Сапа" дебат клубы,спорттық клубтар бар.Өзіңе жақын ұйымға,клубқа кір де,төрт жылдық жарқын сәттерге кепілдік ала бер! Міне, 2-курстың бел ортасына келдім,әлі де көрмегенім қаншама.Достар,болашақ студенттер,бұл сөздерім еш бояусыз,шынайы көңілден шыққан сөздер.Мүмкін араларыңызда универ таңдай алмай жүрген жандар бар шығар,көмегім тисе қуаныштымын. Әрине,өзіңіздің жүрегіңізді тыңдаңыз,қалаған оқу орныңызға түсіңіз.Бірақ бір нәрсені ұмытпаңыз: қай қалада,қай оқу орнында оқысаңыз да,сіздің міндетіңіз еліміздің бір кірпіші болып қалану,жеріміздің дамуына тарыдай болса да пайдаңызды тигізу!
Сағидоқас Гүлден Нұрымқызы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 2-курс студенті. Әдеби кеңесші: Талғат Бекболатұлы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқытушысы, докторант.
Ad

Rate post

1

Comments

Login to comment