Өгем таудың інжу-маржаны – Мақпалкөл

1060
0
0
1

Ғани Назарбек бастаған оңтүстік туризмін насихаттаушы бір топ ерікті 27 шілде күні кештетіп Қырыққыз асуынан асып, Өгем аңғарына ендік. Мақсат - Мақпалкөлге саяхат.

Бұған дейін «Сайрам-Өгем» ұлттық паркінің Өгем аңғары туралы massaget.kz сайтында кеңірек тоқталып, сипаттаған болатынбыз. Ол жерде ұлттық парктің Өгем аңғарында қалыптастырған 2 туристік соқпағы: Сусіңген және Мақпалкөл көлдеріне арналған туристік соқпақтар туралы мәлімет берілген болатын. Ол туралы қайталап жатпай-ақ, бүгінгі саяхат туралы бірден бастап кетсек. (Аталған мақалаға тікелей сілтеме https://massaget.kz/blogs/17652/)
Өгем аңғарына Шымкенттен былай жетесіз
Ғани Назарбек бастаған оңтүстік туризмін насихаттаушы бір топ ерікті 27 шілде күні кештетіп Қырыққыз асуынан асып, Өгем аңғарына ендік. Шопырымыз – тесіктөбелік Шадияр. Ғани да, Шадияр да Өгем аңғарын бес саусағындай білетін орманшы болған кезінде. Шадиярдың астындағы Топайкөк «Ниссан Патрол» тұлпарына мінгескен тобымызды Өгем ауылын аралай құйындай шаңдата өтіп, долданған Өгем өзені мен оның екі сағасын екпіндете кешіп өтті.
Шадиярдың "Топайкөгі"
Ескіріп, жабайы орманға айналған алмабау ішін аралап, тау беткейіне өрлей бердік. Алты шақырымдай жүргенде Диірменбастаудағы жылқышылардың жайлауына жеттік. Асқар есімді жігіт ағасының қонысы екен. Түн болып кеткендіктен, бүгін осы жерде қонып, ертемен туристік соқпақпен жаяу көтерілетін болдық.
Диірменбастау. Жылқышы қосы.
Тау баласының әткеншегі
Жалпы, Мақпалкөл туристік соқпағының ұзындығы Өгем ауылындағы пунктен бастап көлге барып-келуін қосқанда 45 шақырым, бір бағытта 22,5 шақырым болса, біз соның 6-7 шақырымын Диірменбастауға дейін жүріп қойдық. Ендігі қалғаны 19-20 шақырым жаяу жол.
Мақпалкөл соқпағы
27-ші шілдеден 28-іне қарайтын түні айдың тұтылуын ашық аспан астында, тау қойнауында тамашалаудың сәті түсті.
Ербатыр ағаның жүкші аттары жетті
Таңертең ертемен Диірменбастау бұлағы басында шайланып алып, бұлақ бойлай жоғары өрледік. Ұлттық парк инспекторы жүк аттарын жеткізгенше жол өндіруді ойлағанбыз. 2-3 шақырым жүріп, ескі қойшы ауыл жұртына жеткенімізде артта келе жатқан Мақсат мырзаның көп қалып қойғанын ескеріп, күтуге тура келді. Осы арада әлгі біз түнеген жылқышы ауылдың иттері шәуілдеген еді. Жүкші аттар келе жатыр ма деген үмітпен кезектесіп дүрбі салдық. Үміт алдамапты. Ұлттық парк инспекторы қос атын жетекке алып, біз жаққа қарай асығып келеді екен.
Парк инспекторы Ербатыр аға иығымызға бөлісе көтерген азық-ауқат, төсек-жүктерімізді өзі мінген және жетегіндегі аттарға бөліп салып, теңдеп байлады. Жеңілдеу жүк артылған бір ат Мақсат мырзаға бұйырды. Бұл да болса біздің топқа көп жеңілдік әкелді. Аттылар тобы алға түсті, Ғани бастаған, Қайрат, мен және Нарұлдан құралған жаяулар тобы соңынан ілестік.
Төртөркеш шоқысының қақпасы
Төртөркеште аяқ демалттық
Соқпақпен жоғары өрлеген топты Ғанидің тау туралы, орманшы кезінде басынан өткерген қиындықтары мен қызықтары, аңдардың жолдары, жалақтары, жайылымдары мен суаттары туралы әңгімесі жалықтырмады. Жолай өсімдіктер әлемімен де таныса, фотоға түсіре жүрдік. Өгем тауының флорасы мен фаунасының әралуандығына таңдана түсесің.
Төртөткештен қарағандағы Өгем аңғары
Жоғары өрлеген жаяу топ Төртөркешке жеттік. Аттылар тобы: Ербатыр аға мен Мақсат мырза алдыға озып, бірнеше шақырым ұзап кеткен. Олар да жолы қиын, жартасты, жықпыл тасты Төртөркештен өтіп, біршама демалып жатыр екен. Төртөркеш маңында киік, тауешкі, еліктерге арналған жалақ бар екен. Бұл жерден Өгем аңғары, қабаттаса жатқан Қаржантау жотасы, Азартеке, Айғыржыққан құздары әдемі көрінеді. Табиғаттың мүншалық сұлулығына таңданасың. Көз ұшында көкжиектің арғы жағынан Қазығұрт тауы мұнартады. Шымкент қаласы қай тұста екенін Қазығұрт тауы тұрған беттен шамалауға болады.
Төртөркештен асып, тіке шыққанымызда тура алдымыздан Үшқар шыңы көрінді. Бұл шыңның ерекшелігі, нешеме шіліңгір шілденің ыстығын көрсе де үш сала бойында қар сақталады. Үшқар атауы содан қойылған. Үшқар саласын жанай өтетін шатқал бойымен шығысқа беттеп, тастақты қойнауды айналғанда алдымыздан альпілік шалғын басқан кең жайлауға кезіктік. Оң жақ бетіндегі төбеде ескі оба-қорымның орны байқалады.
Бұдан шығыс беттегі жатаған Түркістан аршасы мен итмұрын өскен беткейді кесіп өтіп, айналма соқпақпен көтерілгенде иісі мұрынды жарған гүлдер мен өлеңшөп қаптаған альпілік шалғынды алқапқа көтерілдік. Міне керемет! Қызыл-жасылды гүлдер көмкерген алқапты бейне түрленген кілем дерсің. Біз тұрған биікке параллель Аюсай шатқалы кетеді екен. Оң қол жақтағы сонау биіктің арғы беті – Өзбекстанның Піскем аңғары. Біз солға бұрылып, Сырымбет (Попутный асуы) арқылы Мақпалкөлге түсіміз керек. Алқапты аралап, сонау қар жатқан шыңдар мен шатқалдардан тауешкілердің шоғырын іздеп, дүрбі салдық. Күн де төбеге тақап қалғандықтан тауешкілер де бір шоқының астында тоқтықтарын басып, күйіс қайырып жатқан болар. Бізге көрінбеді.
Ербатыр бастаған аттылар тобы бізді Мақпал асуында күтіп отыр екен. Аз-кем аялдап, шаршау басқасын төмендегі Мақпалкөлге ылдилап түсе бастадық.
Ылдилап 1-2 шақырым түскеніміз сол еді, аспандағы кішігірім бұлт лезде қоюланып, күн күркірей жөнелді. 4-6 шақырымға созылатын ылди соқпақты басып өту қиындай түсті. Жаңбыр аралас бұршақ төгіп, жүрісті қиындатты. Жауыннан суланған тізеден жоғары шөп аяқкиім ішін шылқылдатып қана қоймай, соқпақ жолды тайғанақ етіп тастады.
"Open Kazakhstan" жобасының жетекшісі - Нарұл
Осылайша шашуын шаша қарсы алған Мақпалкөлге де жеттік. Диірменбастаудан бермен 4,5 сағат жұмсаппыз. Неше жылдан армандап жүрген тамаша мекен. Көркем табиғаты көңілді жадыратып жіберді. Сіркірей өткен бұршақ аралас суық жауынын лезде ұмыттық. Киім, жүктерімізді жақын маңдағы үңгірде от жағып кептіріп, шай ішіп алдық. Көлге түсіп, салқын суына шомылды. Көл суы бір керемет екен. Шаршауыңды бір сәтте ұмыттырады.
Көлдің шығыс беті жартасты құзға тірелсе, батыс беті жайуаттау болып созылып барып, тұйыққа тіреледі. Оңтүстік жағындағы қар басқан шыңдардан бастау алатын бұлақ суы келіп құяды. Батыс жағында аршалы кішігірім тоғай бар. Көл жағасы тастақты, ернеуінен алыстау тұсынан қаратопырақты альпі шалғыны басталады. Суы тұнық, мөлдір, тұщы.
Біздің қос
Тянь-Шань қоңыр аюының ізі
Көлдің аршалы батыс бетіндегі жайуаттау жеріне қос тігіп, от жақтық. Жігіттер кешкі астың қамына кірісіп кетті. Енді бір топ көл жағалап отын теріп жатты. Аю ізін байқап, бір-біріне көрсету үшін шақырысып жатты.
Жігіттер кешкі тамақ қамында
Кеш те батты.
Түн аса суық болмады. Таңертең ертемен Ербатыр аға оятты. Шайланып болғасын, күн ысымай Сырымбеттен асып алуымыз керек. Тез жинала қойдық. Әдеттегідей, Ерекең мен Мәкең жүктермен атқа қонды. Оларды ұзатып сала, біз де асықпай, жолай фотолатып биікке өрлей бердік. Мақпалкөл асуынан түсерде 2 сағаттай уақыт кетсе, шығарда одан да көп уақыт жоғалттық. Шалғын басқан тіп-тік жолмен көтерілу қиынның-қиыны. Бірнеше сағаттан соң биікке көтерілдік. Жолай шипалы алтынтамыр жинай кеттік.
Кешегі келген соқпағымыз есте қалыпты. Сырымбеттен биіктеп алғасын, жолымыздың көбі ылди. Жоғары шығуды қиын санап ек, еңіске түсу одан да қиын болып шықты. Диірменбастау мен Мақпалкөл арасына 4,5 сағат жұмсасақ, қайта оралуға да осынша уақыт кетті. Шамалас екен.
Диірменбастауда түстеніп, әлденіп алып, алдыңғы күні мәшенесімен жеткізіп тастаған Шадиярды күттік. Тау жолы Топайкөк жануардың доңғалағын жыртып, содан кешігіңкіреп жетті. Топайкөк тұлпар бізді тау етегіндегі орманды аралатып, еңіске алып түсті.
Үшбастөбе қалажұртында архелогтардың қазба жұмыстары
Өгем өзені жағасындағы Үшбастөбе көне қалажұртына соқтық. Тарихи орын үстін шөп басып кетіпті. Археолог А.Подушкиннің айтуынша, бұл қалажұрттың екі мың жылдық тарихы бар. Тіпті бұл орында қазба жұмыстары жүргізілген былтырғы жылы монеталар табылып, б.з.д. 2-ші мыңжылдықтардағы көне Қаңлы мемлекетінің жазғы астана қызметін атқарған қала орны деп те әспеттелген болатын. (Тікелей сілтеме http://tvk-uko.kz/2017/08/30/arheologi-yuko-nashli-2000-letnyuyu-monetu/)
Үшбастөбеден Өгем өзеніне қарағандағы көрініс
Үшбастөбеден кейін Өгем өзеніне шомылдық. Өгем аңғарына келетін саяхатшыларды осылай шығарып салу салты бар екен. Жолбасымыз – Шадияр сөйдеді. Өгемнің салқын тұнық суынан сергіп алдық.
Өгем өзені
Күн де ұясына батып барады. Ендігі мақсат – Қырыққыз асуынан ырғып шықсақ, арғы жағынан Тесіктөбе мен Жігерген көрініп қалар. Осымен саяхатымыз аяқталды. Енді мекендерімізге тарқасамыз.
Күн де Қазығұрттан асып ұясына батып барады
Бүгінгі күн босқа өтпеді. Қазығұрттың бір інжу-маржанын интернет әлеміне таратып, жұртқа танытатын болдық. Саяхатқа қатысушыларға, әм жол бастаған жігіттерге мың алғыс! Тамаша саяхат болды.
ПыСы: Гугл картаның скриніндегі километрлік есепке сене бермеңіз. Өйткені, бұл гугл картаның таулы рельефті ескеру фунциясы жоқ. Тегіс жазықтық ретінде есептеп тұр.
Сейдалы Дүйсебайұлы

Оцените пост

1

Комментарии

Чтобы написать комментарий нужно войти в систему