Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 772 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
11:42, 16 октября 2010

Мұхамеджан Тазабеков: ДІН ИСЛАМ – ДІҢГЕГІМ

Сара жол сап берген соң Сақ бабамыз,

Байыппен болашаққа аттанамыз

Пайғамбардың үмбеті болғаннан соң,

Пайымдаулар парағын ақтарамыз.

Қазақты жою үшін не істемеген,

Оны ойласақ жылауға шақ қалармыз.

Горбачевқа дейінгі тарихыңда,

Тар жол, тайғақ қалды ма баспаған біз,

Ату, асу, айдалу, ашаршылық-

Құдай сақтап біз аман қап қалғанбыз.

Ақиқаттың атасы арам өліп,

Мәскеудің айтқанынан аспағанбыз.

Лениннің беті ашық жатқанымен,

Шындықты көрге көміп тастағанбыз.

Тарихта қай тұнбадан былғанбадық,

Мысалды отырғам жоқ тыңнан алып.

Орысша оқымаса өспейді деп,

Баланың тәрбиесін бұрмаладық.

Ресейлік «Алланың» әнін сүйіп,

Ал, Алланың Құранын тыңдамадық.

Еуропаға ес-түссіз еліктеумен,

Ақиқаттың ақ жүзін тырналадық.

«Құдай жоқ» деп құтырған пенделердің,

Қолын алып, төсіне гүл қададық.

Хақ дінді қайтып Алла бермегенде,

Судай боп сіңер едік құмға барып.

Дін-Ислам болсын бізге неге бөтен,

Тектілердің тарихы терең екен.

Кешегі Күлтегін мен Тоныкөктер,

Жаратқанға сыйынып келген екен.

Өлу үшін туғанбыз бәріміз де,

Тағдырды Тәңір жасар деген екен.

«Ата даңқын көтерген Тәңірім» деп,

Болыпты сеніміне өте бекем.

Сом алтындай сол арыс бабалардың,

Ұрпағы ұсақталып кетер ме екен?

Алшақтап ақиқаттың ақ жолынан,

Жасқаншақ боп жүргені неден екен?

Туыңды түсірмесін Тәңір қолдан,

Тарихқа көз салайық сағымданған.

Қараханид дәуірінде хақ Ислам,

Мемлекеттік дін болып қабылданған.

Сол иманды кезеңде кең даламыз,

Күркіреп тұрды емес пе дарындардан.

Фараби, Баласағұн, Қашқарилар,

Құраннан қуат алып тамырланған.

Ибн Сина, Бируни, Бұхарилер -

Шариғаттан нәр алып ғалым болған.

Ғылымының негізін діннен тауып,

Сақтаныпты сан тарау ағымдардан.

Бейбарыс бекер намаз оқымапты,

Көне Мысыр елінде әмір болған.

Самарқанды салдырған Жалаңтөс те,

Намаз үсті қаза боп дамылданған.

Бабалардың барлығы да шариғатпен,

Жұртты бастап жолынан жаңылмаған.

Солардың ұрпағы ек – деп мақтанамыз,

Парыз бен сүннетің жоқ орындалған.

Біздің азаттығымыз сол ерлердің,

Тілегі шығар бәлкім қабыл болған.

Кешегі Махамбеттер белес еді,

Ақиқаттың мұз жарған кемесі еді.

Алланың Өзі, сөзі рас деген,

Абай да үлкен сенім егесі еді.

Дін Исламды діңгегім деп білмесе,

Қара сөз жазып қайғы жемес еді.

Алтынсарин сыйынып бір Аллаға,

Кел балалар оқылық демес еді.

Ал Шәкәрім құрбан боп Құдай үшін,

Кітап боп қалған артта берешегі.

Исламға таң қалған Толстой мен,

Талай мәрте хат жазып кеңеседі.

Жамбыл да Кремльде намаз оқып,

Ысқырған Сталинмен егеседі.

Жұмысын «инша Алласыз» бастамаған,

Әлкей Марғұлан ғалымның төресі еді.

Жұма намаз оқыған Қонаев та,

Дін дегенде езілген емешегі.

Дін – ғылымның атасы деп жырлаған,

Мұқағали ақылсыз емес еді.

Солардың да барлығын толғандырған,

Соңындағы ұрпақтың келешегі.

Тарихтан алар болсақ тағылымды,

Қашан да Құдай деген ел өседі.

Ата діннен ақиқат тапсақ қана,

Терезе өзге жұртпен теңеседі.

Алланың хақ жолымен жүрсе ғана,

Халықтың айдарынан жел еседі.

Желісін ғасырларда жел үзбеген,

Тарих пен тағылымды егіз көрем.

Кешегі Кенесары тұлпарына,

Доңыздың басқан шөбін жегізбеген.

Тектілік үлгісіндей Зере әжеміз,

Құнанбайды дәретсіз емізбеген.

Атаның бойындағы тазалықтан,

Абай туды тектілік негізбенен.

Азғындап жүрген жандар аз ба бүгін,

Торқа киіп, мінсе де семіз дөнен.

Былғанған бұлақтар кеп құйғанменен,

Кінә артпаймын халықтай теңізге мен.

Осынау аурудан айықса деп,

Пайғамбардың баршасы ем іздеген.

Адамның таза болса ой дәптері,

Ақылға ақиқат дін қонбақ тегі.

Елбасымыз Айт күні намазға кеп,

Тұрғанда ел көңілі толмап па еді.

Кешегі Қонаев та Жұманы оқып,

Шариғатты білген ғой бойлап тегі.

Тек Құдайдан қорыққан текті атамыз,

Мәскеудің сан қаулысын жоймап па еді.

Дүние жиып, нәпсіге ермеген соң,

Қырық жыл елге басшы болмап па еді.

Өліктерді өртейтін Алматыда,

Крематорий салдырмай  қоймап па еді.

Сол Алматы бұл күнде тәнін сатқан,

Тірі өлікке толар деп ойлап па еді?

Қазағым кейде рас Құлагерсің,

Құлагер қашанғы енді құлап өлсін.

Жарнамаға алданған жастарымыз,

Көңіліне қайдан иман-шуақ енсін.

Патшаға шындықты айтар ақсақал жоқ,

Оған да халқым өзің куәгерсің.

Шал басымен қыз іздеп, шарап ішсе,

Аузында қайдан оның дуа болсын?

Өзгелер көп жүргізер үстемді елге,

Аллаға ғибадат аз істелгенде.

Бұл қазаққа Ислам, имам керек,

Кісі өлгенде немесе түс көргенде.

Неге ілім, білімге талпынбайды,

Бәрін біліп туғандай іштен пенде.

Ертең бірақ өкініп қаламыз-ау,

Қарттық келіп қасыңа түстенгенде,

Ажардан – нұр, базардан – құның кетіп,

Ажалдан адуынды күш келгенде.

Ештеңе тіліп айтпас тіл секілді,

Жырлайық, туған елім, бір шетіңді,

Отан сүю ол дағы иманнан деп,

Айтқаны бабалардың шын секілді.

Соқыр ішектей шошайып жүргендер көп,

Сәлем берсең шалқаяр пір секілді.

Халықтың көңілі кейде мұң шертіп тұр,

Қобызға қолдан таққан қыл секілді.

Ұлттық рухын жоғалтқан ұлдарың көп,

Қылышына тар келген қын секілді.

Тамырын тарата алмас қыздарың бар,

Шелекке отырғызған гүл секілді.

«Құдайсыз» ұрпақты да өсірдік-ау,

Құмырадан шығарған жын секілді.

Ұлтымыз тусын десең асылды өткір,

Жұртыңның көзіндегі жасын кептір.

Тентегін ақсақалы тия-тұғын,

Ілгері заман өтті-ау жасын боп бір.

Бұл күндері мешітке кіргендерден,

Түрмеге баратындар басым боп тұр.

Ой өрісі шектелген жарнамамен,

Ойсыздар мақсатыңа масыл боп тұр.

Бұл өзі азаттықты алып келіп,

Қазақтықты жоғалтқан ғасыр боп тұр.

Жүрміз-ау жүзді білмей, бірді біліп,

Қазақтан шығып жатыр түрлі қылық.

Дискотека жастардың мешітіндей,

Бимен зікір салады шын бүгіліп.

Поп жұлдыздар артық тұр азаншыдан,

Әніне тәу етеді құлдық ұрып.

Хажыға баратындай қуанады,

Жарығын жаққан кезде түнгі клуб.

Сыра тасып сыйлайды бірін-бірі,

Дәрет алған адамдай зыр жүгіріп.

Қаймағы бұзылмаған қайран жастар,

Қайда кетіп барады мың құбылып?

Қыздарға дейді қырық үйден тыйым,

Бұл күнде ол болуы мүлде қиын.

Әке мен шешеден де әсерлірек,

Тәрбиелеп жатқанда видео-фильм.

Батыстан келген дертті білгендейсің,

Білген соң, оған көңіл шын бөлгейсің.

Жалаңаштық жан-жақты жаулап алды,

Кең көйлек киген қызды бір көрмейсің.

Алматыны аралап жүре қалсаң,

Көшеде емес, пляжда жүргендейсің.

Шеттерінен жастарды шешіндірген,

Шетелдің модасына кіргендейсің.

Әбүйірін жаппаса әлгі жастар,

Ертең елім ұялып, шын терлейсің.

Еркелердің етегін ұзартпасаң,

Ертең елім түзетіп үлгермейсің.

Қоғамда құбылыс көп бой ықтырар,

Саналылар сабақ ап ой ұқтырар.

Қыздардың да жайынан сөз қозғадық,

Құшағын нәпсісіне жайып тұрар.

Құндақтан құрсақ қамын ойласа екен,

Бас мүжіп, бата берген байыптылар.

Алашым қалай ғана азып-тозбас,

Болашағым боп тұрса кәйіп құмар.

Әдемі қыз әдебі болмаса егер,

Әсіре қызыл жігітке лайық тұрар.

Алдын егер алмасақ бұл аурудың,

Ертең емі табылмас айықтырар.

Ұятсыз қыз иодсыз тұз секілді,

Ұлтыңның ұлылығын жойып тынар.

Келсе де кісілікке кезек мейлі,

Үлкендер үлгіліні сөз етпейді.

Қария жасындағы қасқабастар,

Жастардың қамын ойлап мәз етпейді.

Демограф ғалымдар зинақорды,

Заңдастыру қажет деп өжектейді.

Желіккен жезөкшеге жәрдем беріп,

Қызойнақ үйін ашу қажет дейді.

Атасақал аузына біткен кезде,

Күнәһарды қолпаштап безектейді.

Телі менен тентекті тыймақ түгіл,

Тексізден түсер пұлды есептейді.

Европаға есі кетіп еліктердей,

Шалағай шалдарға осы не жетпейді?

Қылышқа алтын сапты қын қылардай,

Таппассыз қызды балдай, ұлды нардай.

Төсегінде адалдық сақталмаса,

Текті ұрпақты туғызар кім қырандай?

Кырық үйден тыйымың болмаған соң,

Қыздарға отырмыз ғой дым қыла алмай.

Қодар менен Қамқаны құрбан қылған,

Ұлылардан қап кеткен үлгің қандай?

Жезөкшенің желкесін қиятұғын,

Жетпей тұр біздерге де бір Құнанбай.

Кешегі Құнанбайлар бұрқасындай,

Салмақты болған екен кір тасындай.

Арсызға қатаң, қатты болғанменен,

Халқына болған құстың ұлпасындай.

Қазыналы қарттарым бар ма қазір,

Қасиеті сақталған құлпы ашылмай?

Ақсақалдық өнегесі болса егер де,

Қалмас еді қыз қысылмай, ұлл тосылмай.

Ермегі елге бөліп, жерге бөліп,

Жүзшілдігін және де жүр жасырмай.

Сауап емес, іздегені сауна болып,

Алла емес, арақ-шарап шын досындай.

Балық өстіп басынан шіріп жатса,

Қала ма ұлт басылмай, жұрт жасымай?

Үлкенге үлгі, кішіге демеу болар,

Бүгінгі кей қарияның сиқы осындай.

Келсе де бұл қазаққа сырттан қайғы,

Сығылса да желкеден жүкті алмайды.

Алдын алып көрмеппіз аурудың,

Дертің де дер кезінде құнтталмайды.

Есіріп, есі кеткен жас буындар,

Ертең ұлық болғанда ұлтты алдайды.

Жастарында тәрбие-тәлім болмай,

Жұлдызы жанып тұрған жұрт болмайды.

Ағаштың да діңгегін ақтап тұрса,

Өріктің өзегінде құрт болмайды.

Азуын Америка білегелі,

Несіне біздің қазақ шіренеді.

Санаңды оқ шығармай жаулау үшін,

Киносы мен виносын жібереді.

Сәби жұрттың сәулесін өшірем деп,

Голивудтың бұлттары түнереді.

Ұрпақты уландырып жатқандығын,

Ұлтжанды ерлер болса білер еді.

Егемендік ап тұрып елің азса,

Алдың жар, артың құзға тіреледі.

Ал, сонда құрбан болған бабалардың,

Құдайдан осы ма еді тілегені?

Бұл күні қай жағдаймен мақтанайық,

Тегіңді тоздырудан сақтанайық.

Түбім – түрік, ал дінім – хақ Ислам,

Ахиретке мүмін боп аттанайық.

Харам менен халалды ажыратпай,

Қай тірлікпен біз бүгін шаттанайық.

Бұрынғының ұраны – «Аллаћу акбар!»,

Бүгінгінің ұраны – «Ап қояйық!».

Біз қазақ бұл күндері кіммен доспыз,

Адасып, айдалада жүрген көшпіз.

Арабтың тіліндегі дінмен емес,

Арақтың түбіндегі жынмен доспыз.

Имансыз бұл қоғамда не істемей жүр,

Ақша, пара… қалғанын көзге ілмей жүр.

Пайдасы өз басынан аспайтындар,

Халықтың көз жасынан сескенбей жүр.

Бесік жырын естімеген белсенділер,

Бес күндік екеніне дес бермей жүр.

Құранды сыйға тартса алмайтындар,

Құдайдың бар екенін ескермей жүр.

Ислам – дін емес қой қорек қылмас,

Қазақтан ол ешқашан бөлек тұрмас.

Құдайды ойлап көрмеген құрметсіздер,

Оны ойлап өз халқына себеп қылмас.

Қазанның қайнағанын аңдитындар,

Азанның Айдағы әнін керек қылмас.

Қазаққа иман, иба қайтып келер,

Табансыз емес елім тайқып берер.

Иманды елге жұртымыз айналар ма?

Шіреніп жүрген кезде шалқып нелер.

Құдайдан қорықпайтын болды көп ел,

Жаратса да құлым деп артық көрер.

Алла діні ұстаның заты емес қой,

Ұнамаса Өзіне қайтып берер.

Арнайы аттандырған мыстан елдер,

Көбейді мысық тілеу миссионерлер.

Ата дінін айырбастап кетіп жатыр,

Тағдырдың тауқыметі қысқан «ерлер».

Өмірде аз болған соң иманды шақ,

Қазағым қай кезде де қиналғыш-ақ.

Исламға иіс алмас болса дағы,

Иегова, кришнаитқа иланғыш-ақ.

Сенімге селкеу түсіп жаңылған көп,

Исаны Құдай көрген Иван құсап.

Өзге дінге көбейсе өтушілер,

Сол болар тамырыңды қиған пышақ.

Бір-бірімізбен жатпайық қырылысып,

Екі дінге бөлінген Ливан құсап.

Жетпіс жыл кәпір сені тілге бөлді,

Тәуелсіз бола қап ең, дінге бөлді.

Діңгегіңнің түбін кеп қазып жатыр,

Шайқалмай қалса жақсы іргең енді.

Уранмен қатар шыққан у секілді,

Мың пәле азаттықпен бірге келді.

Хан Кенедей жанашыр ерлер қайда,

Ел үшін бәсеңдетер дүрбелеңді.

Білсе де миссионерден сорлайтынын,

Заңың жоқ өз құқыңды қорғайтұғын.

Демократия дегенін істей берсе,

Көріп тұрмыз көп елдің оңбайтынын.

Жүз сенімде әрқайсысы жүрсе егер де,

Айта алмаймыз бір бағытты қолдайтынын.

Әуелі бізге мықты заңың керек,

Бапты көріп тұрғам жоқ ондай бүгін.

Дүниедегі соғыстар дәлелдеуде,

Дінге салғырт қарауға болмайтынын.

Ұлтымның жағдайынан ұғынғаным,

Көп көрдім көкелердің құбылғанын.

Бір ағам үш парламент құрсақ дейді,

Үш жүзге бөліп елдің буындарын.

Зиялылар ішіндегі зияндылар,

Топ-топқа бөлген елдің руларын.

Бас-басына би болған қиқымдар деп,

Абай бекер айтпапты-ау мұның бәрін.

Бұлжымас заңдылық бар бұл ғаламда,

Алладан аян болған күллі адамға.

Үш бұрыштың сезініп қатаңдығын,

Үш жүзім табиғаттан үлгі алар ма?

Өзінің мақсатына жету үшін,

Үш бұрыш боп ұшады тырналар да.

Көсемінің көлденең жолын кеспес,

Түссе де тұманды күн шырғалаңға.

Тәртіп бұзбас сол құстың тектілігін,

Берсе екен біздердегі тұлғаларға.

Тым болмаса, тырнадай ынтымақпен.

Тірлік етер қазаққа күн болар ма?

Таң қалам талғамы зор тарландарға,

Таң қалам заманы озық заңғарларға.

Шау қарға, ұзақ қарға, құзғын болып,

Үш жүзге бөлінеді қарғалар да.

Бір-бірінің көзін бірақ шұқымайды,

Жағаласып қонса да жардан жарға.

Қарға екеш, қарғалардың ынтымағын,

Қазаққа нәсіп қылса арман бар ма?

Ұрылардың ұсағы түрмеде жүр,

Ұрылардың үлкені мінбеде жүр.

Байланысып шекпенді шенеунікпен,

Кісі өлтірген бұл күні кірме де жүр.

Ауыз айтып жүргенмен ақыл сенбес,

Ібілістің үлкені іргеде жүр.

Сүйгендей айым – асқар, күнім – шыңды,

Еріген май боп елге үнім сіңді.

Құранды оқып, Хадисті тоқығалы,

Ой өсіп, санам сергіп, тілім сынды.

Заңды ұрпағы болар-ек заңғарлардың,

Заман жайлы шерте алсақ бүгін сырды.

Біздің дәуір – қорабы темекінің,

Жылтырменен ораған күлімсіңді.

Ұрпақты улап келген жиырма ғасыр,

Жанып біткен жиырма тал шылым сынды.

Жаратқанға сенбейтін жамағат көп,

Жүргенменен дені сау, саламат боп.

Бүгінгінің байына қарап тұрсаң,

Қалтасы бар, түбінде қанағат жоқ.

Бүгінгі кедейлерге қарап тұрсаң,

Қайраты бар, қолында қаражат жоқ.

Тәнін сатқан тәлімсіз ұрпағың бар,

Жүзінде иман, жүректе махаббат жоқ.

Діні – пәс, діңгегі бос қариялар бар,

Аузында – Алла, артында аманат жоқ.

Жиырмасыншы ғасыр да аяқталды-ау,

Кедей – кердең, байында шарапат жоқ.

Қысылсақ қиядан жол табатынбыз,

Тәрбиені жиі еске алатынбыз.

Ал, бүгінде кісілік кісенделіп,

Қасиеттің кестік-ау қанатын біз.

Еліктеуге келгенде есерлерге,

Өзгелерден оқ бойы дара тұрмыз.

Бұл адамдар маймылдан шыққан жоқ деп,

Кейде рас, кісі боп қалатынбыз.

Адамдықтан азғындап, азып-тозып,

Біздер қайта, маймыл боп баратырмыз.

Жалқаулық Жаратқанға ұнамайды,

Қамсыз қазақ қартайтқан бұл Абайды.

Балақ түріп, қарекет қылғандардың,

Бақыт кеп есігінен сығалайды.

Еріншектің етігі көлеңкеде,

Соқасы күн астында тұралайды.

Көршіңіз байып жатса қуаныңыз,

Қуанғаннан намысың құламайды.

Өйткені сізге бөліп бермесе де,

Қол жайып ештеңкеңді сұрамайды.

Көбейіп күнә менен күпіріміз,

Азайды тәубе менен шүкіріміз.

Ертеңгі нанды қалай табамыз деп,

Күрт кеміп бара жатыр күтіміміз.

Сыртқа жүнді қампайтып көрсеткенмен,

Рухани жағынан жұпынымыз.

Барыс болам деп жатыр бастаушылар,

Бақытты болуға біз құқылымыз.

Басшыларға бағыну – басты міндет,

Алладан алған біздің үкіміміз.

Азғындықтан халықты құтқармайды,

Азайса егер ар, ұят, қытығымыз.

Намысқа тырыспасақ түк өнбейді,

Барысқа ұқсаса да бітіміміз.

Тірліктің мәні бар ма, сәні бар ма,

Іште өлсе иман менен пікіріміз.

Өмірде өшу – оңай, өсу – қиын,

Аллаға айтылмаса зікіріміз.

Тауда жүріп таусылған Барыс құсап,

Кеміп кетіп жүрмесін тұқымымыз.

Тәуелсіз ел болған соң көш үлкейді,

Ел болды деп кім бірақ есіркейді.

Жылқы мінез қазағым қамсыз болсаң,

Қорқаулар қоң етіңді кесіп жейді.

Басқа қандай қателік жіберсең де,

Жастар барда отыңды өшірмейді.

Ал, енді азаттықтан айырылсаң,

Келе жатқан еш ұрпақ кешірмейді.

Өзгелер көп жүргізер үстемді елге,

Аллаға ғибадат аз істелген де.

Жігітті жастық шақта еркі жеңер -

Сеніммен ұсталмаса сертің егер.

Аллаға – құл, адамға – ұл болу ғой,

Намазға кеп түйіссе тең тізелер.

Ақын намаз оқыса Хақты танып,

Алдымен аузындағы сөз түзелер.

Он күнәнің тоғызы тілден екен,

Сөз түзелсе, ин ша Алла, ел түзелер.

Әріден түсінейік әрбір жайды,

Ешкім келіп шамыңды жандырмайды.

Аузыңа әкеп ақ майды салмаса да,

Өкімет өзегіңді талдырмайды.

Пейілің мен ниетің тарылмасын,

Сабырлы адам ашуға алдырмайды.

Адамдарға ауызды берген Құдай,

Нәсіпсіз, нәпақасыз қалдырмайды.

Адалдың аспанында бұлт болмайды,

Арамның ауласына құт қонбайды.

Жүрегінде иманы жоқ адамның,

Жүрген кезде табаны нық болмайды.

Аллада адамдарды алалау жоқ,

Сауап қылсаң күнәңнән түк қалмайды.

Бара алсаң адалдықтың ақ жолымен,

Пейіштің есігінде құлып болмайды.

Қай  қазақ өз иманын тірнектемес,

Қай мұсылман өз дінін құрметтемес.

Шапаның қырық жамау болса дағы,

Ағайын иманыңды кірлетпе еш.

Адамдар пейіш баққа бару үшін,

Меккеде өмір сүруі міндетті емес.

Біз қазақ бұлтты күні бұқпағанбыз,

Ескілердің есті ойын құптағанбыз.

Қазақтың кегі кетіп көршісіне,

Азаптың уын талай ұрттағанбыз.

Астанасын орнықты қыламын деп,

Аспан астын билеген түп бабамыз.

Бел шешпей ұрпағының ертеңі үшін,

Уық шаншып, үй тіккен жүкті анамыз.

Солардың масағындай болып жүріп,

Масайрап неге біздер мұрт қағамыз?

Астананың тұрғындары арлы екен деп,

Әр қиырға таратсын жұрттар аңыз.

Құбылаға иіліп тұрса  шіркін,

Құмырадай жұтынған құт қаламыз.

Батыстың есігінен сығаламай,

Шығыстың бесігінен шықса нағыз.

Сонда ғана сабыры сары алтындай,

Тамыры таралғыдай ұлт боламыз.

Барлығын көрсетіп тұр тарих тарлан,

Атамыз Алла деген халық болған.

Иманы күшті кезде ер бабалар,

Осынау ен даланы алып қалған.

Өйткені, иман барда ынтымақ бар,

Екені тәжірибеде анықталған.

Иманы әлсіз кезде талай жерлер,

Көршілерге көз болып қалып қалған.

Берекесін беретін Алла ғана,

Байлығың болғанменен ағып-тамған.

Алланың әмірімен іс қылайық,

Жақсылық күтер болсақ жарық таңнан.

Ынтымақ иман болса, көш өрлемек,

Дертіңді шын жанашыр, дос емдемек.

Тәуелсіздік баянды болу үшін,

Тосқауыл қою керек кеселге көп.

Біздің елге сайраған тілі емес,

Жүректері сөйлейтін шешен керек.

Жүз жылдығын ойлайтын жұртымыздың,

Жүрегі ақ, жүзі нұрлы көсем керек.

Құлықсыз қыз, ырықсыз ұлдың бүгін,

Кеудедегі намысын көсеу керек.

Жасық болмай жастар да ойлай жүрсін,

Ұлтымыздың рухы есен бе деп?

Сонда ғана Құдайдан тілеп жүрген,

Құт-береке дариды осы елге кеп.

Қазақтың жолы талай иректелді,

Идеология терідей илеп келді.

Ауылдағы ел енжар деп кінә артпаймын,

Себебі, оны саясат сүйреткен-ді.

Жетпіс жыл жаншығандар жалпы жұртты,

Өзінше ойланбауға үйреткен-ді.

Қиын ғой көлге бірден көндіктіру,

Қолдан жем жеп үйренген үйректерді.

Бел берсін қайыспайтын қайран нарға,

Өмір деген бітіспес майдан барда.

Атандардың өркеші жығылған соң,

Тайлақтарда шама жоқ тайраңдарға.

Ауылдан үдере жұрт көшкені рас,

Не таппақ ен далаға байланғанда,

Меккеде жағдай болмай, қыспақ көріп,

Мәдинаға көшіпті Пайғамбар да.

Пайда тауып ауылда жатпаған соң,

Пайғамбардан асырар айлаң бар ма?

Көбейсін еңсеңді елің көтерген ұл,

Қайтемін уайым қып бекерге құр.

Нұрлы жолға халықты салсам деген,

Нұрағамның ниеті көкейде жүр.

Шекесіне шертіп-ақ сайлап алған,

Шенеуніктер шыр бітіп шетелде жүр.

Аяғы сау, басы аман кейбіреулер,

Кең кебісін кие алмай бекерге жүр.

Кешегі ғұмырлы Ғұн, Сақ бабамның,

Қасиетін қазақтай сақтаған кім?

Күлтегіннің жырларын тастан оқып,

Тоныкөктің толғауын жаттағанмын.

Айдаһар мен арыстан арасынан,

Ұлан ғайыр даланы сатпаған кім?

Одақтың ошағының шоғын басып,

Желтоқсанда табанға таптаған кім?

Бабалардың еске алып батырлығын,

Мына күн перзенттік сыр ақтарар күн.

Дарқандығы даламның қанға сіңіп,

Қазақ болып туғаныма мақтанамын.

Заманды жеңе алмаспын зарлап айтып,

Қарқылдан құтылмаспыз қарғаны атып.

Байқайық баста тұрған бағымызды,

Балағың жүрмесе де балға батып.

Намыс барда нарықтан өткен абзал,

Қыс секілді келгенмен қар боратып.

Ширайды шымырланып, шынығады,

Қыранның жұмыртқасы қарда жатып.

Қиналып бұл қазақтың ұрпағы сәл,

Қияға жете алмай жүр сұңқар ұшар.

Уақытпен санасқандай жағдайың бар,

Бақытпен бір-ақ күнде кім табысар?

Аумағы үлкен халықтың жай-жапсары,

Ауа-райы емес қой күрт ауысар.

Не келіп, не кетпеген басымызға?

Теңізде бір тартылып, бір тоғысар.

Өзіміз қазақ едік ат төбелі,

Аз халықтың көбейді әттегені.

Жібек жолмен бұл күнде жібек емес,

Арақ-шарап, есірткі ап келеді.

Басым боп жүр батыстың даңғазасы,

Оқылмай тұр ойлының тәтті өлеңі.

Халқымызды нарықтың наркескені,

Бай, кедей деп екіге қақ бөледі.

Себебі мәдениетке тұмылдырық,

Әдебиетке ауыздық сап келеді.

Жақсы көру сезімі адамдардың,

Қалталардың түбінде қап келеді.

Алаңсыз күндер, аға, қашан туар,

Айдынға шығарғандай ақ кемені?

Қарау ой түссе егер де харамдарға,

Қазаққа қорған болар қамал бар ма?

Патша жайлы артық-кем сөз болғанмен,

Біреу келіп сүйремес шанаңды алға.

Барыс деген сөз қайдан басталды екен?

Ұран болып бүгінгі адамдарға.

Мүмкін біз барыстан да ары өтерміз,

Нұрсұлтандай арыстан ағам барда.

Бабалар иманымен үлгілі еді,

Ақыретке иланға шын жүрегі.

Бодан болып жүруші ек босап шықтық,

Тәңір жазса бізге енді күн күледі.

Қан шығармай азаттық алған ерлер,

Аман болса бәріне үлгереді.

Аздаған қиындығы болмаса егер,

Азаттықтың қадірін кім біледі?

Ленин ілімімен орап көрді,

Сталин тіліп түсер болат болды.

Жүгерідей сап-сары Хрущевтың,

Серті – балға, семсері – орақ болды.

Брежнев жарықтықтың жағы түсіп,

Жамандық көрмей кеткен сол-ақ болды.

Андропов, Черненконың өмірлері,

Шиті мылтық дауысындай шолақ болды.

Қонаевты қорлаған Горбачевтың,

Өзі қасқа, сөзі сұлу торы ат болды.

Желтоқсанда қазаққа жер тістеткен,

Колбин де ел намысын тонап көрді.

Қайратты көйлегіне қылқындырып,

Озбырлығын өткізген Одақ болды.

Ұлттарды ұлтарақ қып басқан қоғам,

Жер бетінде жетпіс жыл қонақ болды.

Қызыл қанға боялған империя,

Қызыл туға оранып опат болды.

Батпандай жатпаса да бағың асып,

Алладан деп жүрміз ғой таңғы нәсіп.

Кіндігін тіспен қиған жанкештідей,

Азаттық алған ел ек қаны тасып.

Шілдеде қайың сауған жолаушыдай,

Қарапайым халық жүр арып-ашып.

Уәзірлердің уәдесін естіп-естіп,

Рухы өліп қалмаса екен, жаны жасып.

Қазақ бүгін жүр өстіп қалбалақтап,

Табанына қойғандай тары шашып.

Қазаққа жайғанменен арман құшақ,

Аяғын талай кесел алған тұсап.

Қарапайым ел жүдеп бара жатыр,

Шыдамның да шынжыры әбден қышап.

Айдалада ыңырсып ауыл жатыр,

Тасқа тайып жығылған тарлан құсап.

Аңшылар тілерсегін қиып кеткен,

Апанның түбіндегі арлан құсап.

Тарихта талай сырға бөккен далам,

Алла үшін қанын, жасын төккен бабам.

Ауыл деген қазақтың түп қазығы,

Кіндігінен үзіліп кеткен жаман.

Мұртымыздан сорғалап ағылған май,

Ұртымызды айналып өткен заман.

Бабамыз жыр жамылып, күй жастанған,

Болса да өкпе өлімге қимас болған.

Қан тезектің алдында қатуланып,

Сүйінбай қылыш тілмен қиғаштаған.

Махамбеттер айтқан ғой елдің жайын,

Маңдайдан малы кетіп, иті ақсаған.

Бас кеспек болса дағы тіл кеспек жоқ,

Ақынның тіліне не ұйқаспаған?

Ақ ордада ақиқат айтқан Түбек,

Сүйінбай, Махамбеттен мирас қалған.

Бұл күнде қараң да бір, төрең де бір,

Қаймана жұрт төрге озбай, төменде жүр.

Сыбағасын бөліскен ел үстінен,

Сыбайластық дерт болып денеңде жүр.

«Елден шыққан жуандар» елді ұмытар,

Жұрт аузынан жырып алсақ деген де жүр.

Шабақ ұстап шалқайған заңды орындар,

Шортанға тісі батпай елеңдеп жүр.

Ауызы жаялықтай жайын болса,

Ау тастаса жетпейтін тереңде жүр.

Жерлесі мен қандасын желден қорғап,

Әр мықты кеуде тұстан кемелдеп жүр.

Қырқысқан қазақтарды қызық көріп,

Қарға, құзғын қалықтап төбеңде жүр.

Халықтың ахуалы мүшкіл қандай,

Үміті бір күн жанған, үш күн жанбай.

Елден шыққан жуандар елді ұмытар,

Бойларында намыстан ұшқын болмай.

Коррупция жайлы патша айтқанменен,

Коррупистер жоқ оған пысқырғандай.

Өкіметтің айбыны болса шіркін,

Айдаһар алты қырдан ысқырғандай.

Жемқорлардың қанатын қырқар еді,

Қаршыға кеп қамыстан құс қуғандай.

Жегенін желкесінен шығарар еді,

Жіліктің жігін ашып құстырғандай.

Сөйлесек образбен ой құрап бір,

Ана тілі аспанынан ай құлап тұр.

Әкесі жамбас жеген жақсылардың,

Балалары үшін баю бәйге боп тұр.

Қазақша білмейтұғын қазақтарға,

Өзге тілдің өрісі жайлы боп тұр.

Олардың білмегені ештеме емес,

Білгісі келмейтіні қайғы боп тұр.

Ашылмай жатса кейде аз мұрамыз,

Бірімізді-біріміз жазғырамыз.

Көре алмай көш бастаған көсемдерді,

Іңірдегі шайтандай азғырамыз.

Өз табанын жалаған аю құсап,

Өзімізді өзіміз аздырамыз.

Бүйте берсек, бүйректей бөлшектеніп,

Бірлік құрмай біз кімді мәз қыламыз?

Ғасырлап адамға адам зорлықты сап,

Өзгенің қолындағы болдық пышақ.

Қазаққа қашан көрсең тыныштық жок,

Асау атқа байланған торсық құсап.

Ел болып есімізді жия алмадық,

Тұмсыққа соққы тиген борсық құсап.

Енді-енді ойдан-қырдан бас құрадық,

Бір тамшыдан жиылғап көлшік құсап.

Бізге де бір күн туар балпаң басып,

Жүретін балға тойған қонжық құсап.

Москва мақсат  қойып алға бөтен,

Есеппен Есілді алу арманы екен.

Жеріме тың игерем деп келгендер,

Елімді шын игеріп алған екен.

Жергілікті халықтың желкесіне,

Атеистер аяғын салған екен.

Астана кеп ақ туын тікпегенде,

Астапыр Алланы айтуым қалған екен.

Біз деген мақсаттымыз, мұраттымыз,

Кеудеге кептеледі сұрақ тығыз.

Шетелдік жарнамалар шектен шықты,

Бітеп алып жүрмейік бұлақты біз.

Өзге келсе өзеуреп қарсы алатын,

Талғамсыз тұрмыс салтқа тұрақтымыз.

Ағылшын тілін ардақ тұтқанменен,

Ана тілдің алдында ұяттымыз.

Үйреніп аламыз деп жүрген кезде,

Иленіп бара жатқан сияқтымыз.

Ақылды ер ел-жұртының сырын білер,

Әр сөзіне халықты жүгіндірер.

Ұлы Абай өз қазағын сынады рас,

Көріністі көрген соң түңілдірер.

Халыққа қатты айтамын деген ақын,

Абайдай аят-хадис жүгін білер.

Мектептегі оқуы нашар ұлын,

Медресеге береді бүгінгілер.

Қазақтың молдалығы қайдан оңсын,

Діннен қашса ақылды, білімділер?

Дүние дін болмаса, қап-қара түн,

Жүрекке жылу бермес жаққан отын.

Атам қазақ әуелден мұсылман боп,

Дін-Ислам жолынан хақ табатын.

Тақия төбелерде бұл күндері,

Тақуа бабалар көп мақтанатын.

Сүйекке басып жатыр батыс таңба,

Жарнама жауып жатыр АҚШ-тан да.

Ұмытып ұлтымыздың ұлылығын,

Ұлықтар да ұқсайды шатысқанға.

Сұрқия саясатқа сүрлеу сап жүр,

Жарайтын азаматтар ат ұстарға.

Үйде отырып ұлдарың ұрандайды,

Видикте боевиктер атысқанда.

Алыстан дінімізді діңкелеткен,

АҚШ-тан асқан шіркін тақыс бар ма?

Иініміз түсіп бір иілеміз,

Инвестиция сап біраз қатысқанға.

Қоғадай жапырылдық баксы барға,

О, қалай, біздерде осы намыс бар ма?

Бүгінгі Ақ Ордаңды Астана дер,

Астана, өз халқыңды басқара бер.

Қазақтан шыққан кезде қасқа нелер,

Болмасын Америка босқа бедел.

Батыстың батпағына бату оңай,

Сырт елден сақтанбаса жастар егер.

Құдай-ау, өнегесін кімге үйретпек,

Вьетнамға бомбасын тастаған ел.

Хиросима, Нагасаки қалаларын,

Атомның уыменен ластаған ел.

Бір кезде үндістерді қырып салып,

Ізгілік, кісіліктен ақсаған ел.

АҚШ-тан үлгі алуды тоқтатпасақ,

Үндістердің тағдыры басқа келер.

Азаттық жайлы айтамыз көпке нені,

Орасан бастан тарих өткен еді.

Торғайдай торға ұстап шырылдатқан,

Отаршылдар не деген өктем еді?

Алла деген сенімнен ажыратып,

Құлдықтың қамытына жеккен еді.

Қазақтың қаймақтарын сыпырып ап,

Бабамның қанын талай төккен еді.

Сөйтсе де жер бетінен жойылмаған,

Қазақ неткен қайыспас текті ел еді.

Жайқалып өсіп-өніп келе жатыр,

Ұрпақтары дүркіреп көктеп енді.

Бәрі бар болып тұрған қазағыма,

Тәуелсіздік еді тек жетпегені.

Жүрміз-ау төл тарихты жете білмей,

Жетпеппіз жетістікке жеке жүрмей.

Көзімен Ресейдің қараймыз деп,

Сөзімен кетіп қаппыз жетегінде.

Қай кезде аңсамап ек азаттықты,

Қай кезде қазақ қалды көтерілмей?

Сол кездері жаншылып аяусыз боп,

Жыртылғанбыз кедейдің етегіндей.

Тәуелсіздік сондықтан қымбат бізге,

Құнарлы қызылшаның шекеріндей.

Тәуелсіздік қазақтың қаны менен,

Көл боп аққан көз жасының өтеуіндей.

Ресей келіп еді аспандатпай,

Жетпіс жыл келіп едік жасқаншақтай.

Өз жеріңде өзің өгей болып едің,

Қамысқа кеп тығылған қасқалдақтай.

Базарыңды өзбек пен кәріс билеп,

Қайқайып тұрушы еді бас бармақтай.

Жүндес халық кеудесін керген кезде,

Үркуші едік қасқырдан қашқан лақтай.

Ұлттық рух дегенді сезінбеуші ек,

Келіп ек судай сіңбей, тастай батпай.

Сол үрейлі күндерге нүкте қойған,

Желтоқсан ерлері ғой тас қайрақтай.

Тәуелсіздік көтерді рухыңды,

Бақытқа бастайтұғын баспалдақтай.

Жарқырап шыға келдік он-ақ жылда,

Жабағысын тастаған жас тайлақтай.

Тарихта бабалар бар таймас табан,

Мансап үшін жақынға жақ ашпаған.

Бір кезде Бұрындық хан боп тұрғанда,

Қасым хан сұлтан еді жан аспаған.

Жұртының жұдырықтай бірлігі үшін,

Тектен тек таққа ұмтылып таласпаған.

Қайта ханға болысып айналасын,

Алаяқ, аярлардан аластаған.

Әбілмәмбет хан болып тұрған кезде,

Абылай сұлтан еді ел бастаған.

Елінің ертеңі үшін о кісі де,

Билік қуып ақ жолдан адаспаған.

Патшаны қашан тақтан тайдырам деп,

Бостан-бос бас ауыртып, бал ашпаған.

Ал, бүгін Нұрағамыз тағында отыр,

Жайлауына айналып жаңа Астанам.

Қолдау түгіл, қорлауға баратындай,

Төңірегінде кісі көп жараспаған.

Бабалардан жақсы үлгі алмаған соң,

Жандардан не күтесің санаспаған?

Бірігіп келсе шіркін қуанар ек,

Тіріліп келетіндей Алаш бабам.

0
10422
0