Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 772 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
11:45, 15 октября 2010

"Қазақстан" Ұлттық арнасының Павлодар облыстық филиалының тарихы

Қазақ телевизиясы тамырын тереңге жайған үгітшілік, насихатшылық, қоғамдық пікір қалыптастырушы ақпарат құралы ретінде танылды. «Қазақстан» Ұлттық арнасының Павлодар облыстық филиалы да бүгінде телеарна пен көрерменді байланыстыратын алтын көпірге айналды. Осындай дәнекерлік ролді атқарып отырған облыстық теледидардың тарихына көз жүгіртсек.

Павлодар облыстық теледидарының «туған күні» - 1965 жылдың 7 қарашасы. Осы күні павлодарлықтар тұңғыш телехабарды тамашалады. Алғашқы дикторлар – Нағима Байділова мен Болатхан Сейтқалиев еді. Күні бүгінге дейін олардың дидарлары аға ұрпақтың көңілінде жатталып қалыпты.

Әуел бастан техникалық жабдықтардың бәрі 100 шаршы метрлік павильонда орналасты. Сол кездегі телерадиохабар тарату комитетінің төрағасы Хамза Тоқпанов бастаған ұйым  бел шеше еңбек етті. Студия құру, хабар жүргізу, мамандарды топтастыру заман талабынан туындаған болатын. Бұл жауапкершілікті  теледидар ұжымы сол кезде түсінді. Арнайы білімі бар мамандар жетіспесе де, телеарна қызметкерлерінің ішінде ісіне ғашық романтиктер көп еді. Өндірісі өркен жая бастаған өлкенің тыныс-тіршілігін жеткізуде талпыныс сәтті болды. Мұны байырғы көрермендеріміз растайды.

1979 жылы Павлодар облыстық студиясы Қазақ ССР-де бірінші болып, түрлі-түсті телехабар бере бастайды. 2000-жылдан бастап облыстық телевидение осы заманғы техникалық мүмкіндікке қол жеткізді. Теледидардың компьютерлендірілуі телеөнімдердің сапасын арттырды. Осылайша телетарихтың жаңа беті жазылды. Сол жылдары Қазақ теледидарында абыройлы қызмет атқарған ардагер-тележурналистер өткен күндерді қимастықпен еске алады.

Бүгінде «Қазақстан-Павлодар» телеарнасы тәулігіне 14 сағат хабар таратады. Білікті кадрлардың еңбек етуімен ай сайын 40-қа жуық бағдарлама әзірленіп көрерменге ұсынылады. Олардың қатарында ақпараттық-сараптамалық «Жаңалықтар», «Новости», «Уақыт керуен», «День за днем» хабарлары. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, проблемалары мен жетістіктері сарапталатын бұл хабарларда түйінді ой, тұщымды пікір айтылады. Әр дүйсенбі күні «Дидарласу» хабарында ел өміріндегі елеулі өзгерістер, әлеуметтік-экономикалық саладағы жұмыстар талқыланады. Журналистер мен режиссерлер, операторлар мен бейнеинженерлер әр күні жаңалыққа толы қазіргі зымыран уақыттың үрдісіне ілесіп отыр. Ұжымның  шығармашылық тобы  заман  талабына  сәйкес  телекөрермен  көңілінен шығар хабарларды  дайындауда  өзіндік  үрдісі бар. Әр  күзде  басталатын  телевизиялық  жаңа маусымға  филиал  ұжымы  таралым  кестесін  жаңартып, эфирге берілетін  телеөнімдердің  әсерлі  болуына мән береді. Кейбір  хабарлар жаңа форматта  телекөрермендерге жол тартады.

Бүгінгі таңда 43 жылдық тарихы бар облыстық теледидардың техникалық базасы мықты. Демек, Кереку өңірінің телекөрермендеріне сапалы телеөнімдер беруге әлеуеті жетіп жатыр деуге негіз бар. Тамашалар хабарларыңыз мазмұнды, өмірлеріңіз жарқын болғай, ағайын!

Тағдырдың қиыстыруымен 1961 жылы осы елге Хамза Тоқпанов келеді. Тәжірибелі қызметкер телерадиохабар тарату комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалады. Омбы педучилищесін бітірісімен 19 жасында соғысқа өзі сұранып аттанған ағамыздың бұл-екінші ерлігі болатын. Беймәлім әлем телевизиямен ағамыз ұжыммен бірге таныса бастайды.

Алғашқы бес жыл телевизия кинопленкамен жұмыс жасайды.  Оның өзі тапшы. Белгілі бір мөлшерде ғана берілетін. Үнемдеу қажет. Бұл қиындықтан телевизия 1971 жылы құтылды. Бейнедыбысжазу аппараты Қазақстанда алғаш болып Павлодар студиясына пайдалануға беріледі. Телевизия күш пен қарқын ала бастады. Арада үш жыл өткен соң облыстың алыс аудандары теледидар көру мүмкіндігіне ие болады.

Бұл – Павлодар телевидениесінің алғашқы студиясы. Мұнда күн сайын театрландырылған спектакль, көркемөнерпаздар ұжымының концерттері тікелей эфирде өтетін. Омбы, Мәскеу қаласынан келетін симфониялық, камералық оркестрлердің концерттері де осы жерден таратылған. Бар-жоғы 100 шаршы метр ғана болатын мына кішкентай студия осының бәрін қалай көтергеніне таң қаласың? Қазір мұндағы қараңғылық қойнына тарихты құшақтап жатыр.

 

0
583
0